"Бауырым, бұл хайуан іспетті адам". Билікшіл ұйымның зорлық-зомбылыққа қарсы митингісі қалай өтті?

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Алматыда биліктің рұқсатымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өтті. «Жануарлар әлеміне жоқ де» деген атпен өткен бейбіт шараны «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы ұйымдастырды. Акцияға 300-ге жуық адам жиналды. Олар тұрмыстық зорлыққа қарсы екенін білдіріп, арнайы заңды қатаңдатпас бұрын, сананы өзгерту керек деген ой айтты. Азаттық тілшісі Петр Троценко митингіге барып, фоторепортаж жасап қайтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

«Жаңа адамдар» — Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтын билікшіл жастар қозғалысы. Бұл ұйым туралы былтыр қарашада белгілі болды. Ол кезде қозғалыс белсенділері Тоқаевпен кездескен. Президент жастар азаматтық белсенділігі арқылы мемлекетке пайда әкелетінін, болашақта қозғалыс мүшелері арасынан депутат, министр, тіпті президент шығуы мүмкін екенін айтты.

«Жануарлар әлеміне жоқ де» атты митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Әлеуметтік желіде тараған митинг туралы хабарландыру әйел құқығын қорғап, отбасылық-тұрмыстық зорлық туралы заңды қатаңдатуды талап етіп жүрген үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сынға ұшырады. Қазақстандық «Феминита» феминистік бастамасы Instagram парақшасында Қазақстанда жануарларды жаппай өлтіру мәселесі өзекті екенін ескертіп, «Жануарлар әлеміне жоқ де» ұранын қолдамайтынын, шараны ұйымдастыру процесіне күмәнмен қарайтынын жазды.

— Агрессивті коммуникация, вижуал мен жастарды жедел жинау (бір қызығы, астаналық ұйым Алматыда митинг өткізіп жатыр) Ерлан Қарин немесе Тоқаевтың айналасындағы шенеуніктер ұйымдастырған кезекті мемлекеттік жобаға ұқсайды, — делінген «Феминита» жазбасында.

"Жануарлар әлеміне жоқ де" митингісі. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Зорлыққа қарсы митинг адам көп жүретін орталықтан алыс, «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы шағын гүлзарда өтті. Бір кездері совет дәуірінен қалған ескерткіштерді осы алаңға әкеліп қойған.

Митинг өтіп жатқан аумақта тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Митинг өтетін алаңның айналасына қоршау орнатылған. Оның ар жағында полиция қызметкерлері тұр. Айналада күш құрылымдарының өкілі көп, көп қабатты үйдің артына үш автозак әкелінген. Әр жерден форма киген кісілер көрінеді. Наразылар арасында да азаматтық киімдегі қызметкерлер жүрді.

Митинг өткен аумақта телефонына қарап отырған жігіт. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Алаңның айналасына сот залында күдікті отыратын темір тор қойылған. Тор ішінде адамдар емес, манекендер отыр: неге екені белгісіз, көбі — әйелдер.

"Жануарлар әлеміне жоқ де" атты митинг кезінде қойылған инсталляция . Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Ұйымдастырушылар бұл инсталляцияны «митинг соңында қатысушылар манекендерге тұрмыстағы зорлық бойынша қылмыс түрлері жазылған плакат іліп, жануарлар маскасын кигізеді» деп түсіндірді.

Совет қайраткері Михаил Калининнің ескертіші. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

«Жаңа адамдар» Сталин дәуіріндегі советтік партия қайраткері Михаил Калинин ескерткішінің артына сахна орнатқан. Гүлзарға кіреберісте митинг қатысушыларына орамал мен антропоморфты жануарлар (ұйымдастырушылар тұрмыстағы зорлыққа бейім қылмыскерлерді осындай аңдарға теңесе керек) бейнеленген транспаранттар таратты. Кейбірінің қолында қызыл бояу жағылған жұмсақ ойыншықтар болды.

Күш көрсетуге қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Көзім рептилоидқа ұқсас жануар бейнеленген транспарантқа түсті.

«Бауырым, бұл жануар образындағы адам», — деді транспарантты басына көтеріп тұрған жігіт. Көбінің қолында қолдан жасалған түрлі плакаттар болды. Жазуы әртүрлі болғанымен, бәрінің мағынасы —бір: зорлық — жаман, кез келген адам құрметке лайық.

Күш көрсетуге қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

«Жаңа адамдар» қозғалысының белсендісі, митинг ұйымдастырушыларының бірі Әлихан Сәрсенов шараның мақсатын жеткізуге тырысты.

— Тұрмыстағы зорлық туралы заңды қатаңдатсын деп тікелей айтпаймыз. Өйткені одан пайда жоқ. Жаза 5-10 жылға қатаңдағаннан адамдардың санасы өзгермейді. Сананы өзгертуіміз керек. Зорлық жасау дұрыс емес, мен ондайға бармаймын дегенді бәрі айтады. Феминистер бізді әйелдерді қорғап жатқан жоқсыңдар деп айыптады. Олар қателеседі. Иә, елімізде әйелдер көбірек зардап шегетінін түсінеміз, бірақ әйелдер ғана жапа шекпейді. Қазақстанда балалар да, ересектер де, мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Олар да зорлық объектісіне айналуы мүмкін. Біз бәрін қорғаймыз. Бұл — ортақ мақсат және қоғам болып бірігіп шешуді қажет ететін ортақ мәселе, — деді ол.

KazFem феминистік бастамасының белсенділері Вероника Фонова мен Карина Антонникова митингіге қатыса алмады. Оқиғаға куә болған әріптестерінің айтуынша, полиция белсенділерді қоршаудан өткізбей қойған. Полицияға олардың митинг тақырыбына қатысы жоқ плакат ұстап келгені ұнамаған.

Митингіге қатысушылар автозактың жанынан өтіп барады. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Митинг қатысушыларының көбі қызғылт түсті күртеше киіп, орамалмен, медициналық маскамен, күннен қорғайтын көзілдірікпен жүздерін жасыруға тырысты. Олар журналистермен сөйлескісі келмеді.

«Тісім ауырып тұр, сөйлей алмаймын. Күлгін түсті киімдегі адамдарды көрдіңіз бе? Соларға барыңызшы», — деді жүзін көзіне дейін орамалмен жауып алған жігіт.

Дәл осылай пікір беруден қашқақтаған адам аз болмады.

Күш көрсетуге қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

— Астанадан келдім, өйткені азаматтарымызды, елімізді қорғағымыз келеді. Зорлыққа қарсымыз! Еліміз жақсы жаққа қарай өзгерсе дейміз, бірақ ешкім ештеңе істемейді. Қол қусырып отырғымыз келмеді. Заңдар бірінен соң бірі қабылданады, бірақ оны ешкім сақтамайды. Заң қатаңдағанын қаламаймыз, бар заңды бұзбайық, — деді өзін Алина деп таныстырған бойжеткен.

Астанадан «Жаңа адамдар» белсенділері бір делегация болып келген. Ұйымдастырушылар астанадан жалпы қанша адам келгенін айтпады, бірақ Азаттық сөйлескен 30 шақты адамның бәрі Алматыға митинг үшін арнайы келгенін айтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Сахнаға «Жаңа адамдар» көшбасшысы Әсел Баденова көтерілді. Ол қайта-қайта қолындағы қағазға қарап, сөйлеп шықты:

— Бүгін бұл алаңға «жануарлар әлеміне» жоқ деу үшін жиналдық! Президент заңдармен, ережелермен өмір сүруіміз керек дейді. Бірақ заңға бағынғысы келмейтін адамдар бар. Олар инстинктеріне сүйеніп, эмоциямен өмір сүргісі келеді. «Жоқ» деген сөзді түсінбейді. Қарсылық естісе, ұрып жіберуге дайын тұрады. Бүгін осы алаңда өзімізге, жақындарымызға жануар сияқты жабайы қарым-қатынас жасалғанын қаламаймыз деп айтуға келдік. «Жаңа адамдар» бүгіннен бастап зорлыққа қарсы азаматтық науқандар сериясын бастайды. Бізге қосылуға ниеттілер болса, кампусқа келіп, акцияларымызға қатыса аласыздар. Бүгіннен бастап зорлыққа қарсы акциялар өткізіп, бейнероликтер түсіріп, сұхбаттар жазып, зорлыққа себеп болып отырған мәселелер туралы сөйлесеміз, — деді Баденова.

«Жаңа адамдар» ұйымының жетекшісі Әсел Баденова. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Кейін тұрмыстағы зорлық салдарынан қаза тапқан адамдарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Зорлыққа қарсы плакаттар арасында А4 форматындағы «Ит — жақсы, режимнің төбеттері — жаман» деген жазуы бар парақша ерекшеленіп тұрды. Бұл парақшаны Қазақстандағы KazLeft солшыл қозғалысының белсенділері алып келген.

— Митинг немесе басқа да акциялар кезінде ұсталғандар да тергеу изоляторындағы азаптауға, наразылық кезінде оқ атуға жоқ деуге құқылы. Біздің ұранымыз сол туралы. Плакатымыз бүгінгі митинг тақырыбына сай келеді деп ойлаймыз, — деді өзін Ілияс деп атаған жас жігіт. Оларға плакат мазмұнына қатысты ескерту жасалған, бірақ оны ешкім тартып алмаған.

Айтбек Амангелді (сол жақта) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Митингіде қарашада қаза болған Салтанат Нүкенованың туған ағасы Айтбек Амангелдіге де микрофон тиді.

— Кейінгі екі аптада өміріміз түбегейлі өзгерді. Қаншама қорқыныш, қайғы көрдім. Тұрмыстағы зорлықтан бастап құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне дейін қандай сұмдықтың ішінде өмір сүріп жатқанымызды ешқашан ұмытпаймын. Бұл әлемді кім құрды, заңдарды кім жазды? Заңды жазған адамдар үмітімізді ақтамады. Жаңа заңды, әсіресе, тұрмыстағы зорлыққа қатысты нормаларды қоғам бақылауына алу керек, — деді Айтбек Амангелді.

Ол шоттары бұғатталып, қорға қаржылай көмек көрсеткен демеушілері полиция қысымына ұшыраған #НеМолчи.kz ұйымына қолдау білдірді. Ұйымдастырушылар Амангелді мұндай мәселе көтереді деп күтпегендей көрінді. Бірақ оның сөзін ешкім бөлген жоқ.

— Қанша адам бас көтеріп, сөйлей бастаған шақта зорлық құрбандарына бәрінен артық көмектесіп келе жатқан қордың шотын бұғаттап, негізсіз, дәлелсіз қысым көрсетіп, үй-үйді аралап, арыз жазуға мәжбүрлеп жатыр. Маған бірнеше адам жазды. Олардың үйіне тергеушілер келіп, қорға қарсы арыз жазуды сұраған. Қор жабылса, мыңдаған қыз-келіншек қолдаусыз қалады. Бір жылдан кейін Салтанаттың басына барғанда бір өзгеріс болды, бір-бірімізге мейірімдірек бола бастадық деп айтқым келеді, — деді ол.

Күш көрсетуге қарсы митинг. Алматы, 26 қараша 2023 жыл.

Акцияның соңында қатысушылар торға кіріп, манекендерге жыртқыш аңдардың маскасын кигізіп, платмасс ойыншық үстіне плакаттар ілді. Осыдан кейін жүргізуші митинг аяқталғанын хабарлап, қатысушылардан тарауды сұрады.