Көктем туды, жер-дүниені жаңартып...

Алматының ішінде де, сыртында да өрік гүлдеп тұр. Алматылықтар кейде оны "қазақ сакурасы" деп те атайды. Алыстан мұнартып тұрған – Үлкен Алматы шыңы.

Гүлдеп тұрған ағаштың жанынан түсірілген суретте басына "тәж" таққан "Қазақстан" қонақүйі алыстан көрінеді.

Ал қала көшесінде өрік өте сирек көзге түседі. Суреттегі гүл атқан жеміс ағашы жұрт "алтын квадрат" атап кеткен қаланың орталық бөлігінде өсіп тұр.

Сәуірде қалада гүл егу басталады. Ең әуелі алаңдарда қызғалдақ пен сарғалдақ пайда болады.

Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының алдында гүлдеп тұрған магнолия.

Көктөбенің етегіндегі саяжайда қаңырап тұрған ескі үй.

Көктөбеге шықсаңыз, Алматы алақандағыдай болып көрінеді.

Өрік ағашының қасында тұрып түсірген фотода әл-Хамид мешітінің күмбезі мен мұнарасы алыстан байқалады.

Алатау етегінде өсіп тұрған жабайы сарғалдақтың бұл түрі Қызыл кітапқа енгізілген.

Алматы маңында көгалда жайылып жүрген жылқы.

Жер бетінен қар кетісімен сарышұнақ қысқы ұйқыдан оянып, ін қазып, төлдеп, қорек жинап, тынымсыз тірлігіне кіріседі.

Өзіме тесіле қарап, қаққан қазықтай қалшиып тұрған мына сарышұнақты екі-үш метрдей жақындап барып суретке түсіріп алдым.

Жемтік іздеп ұшып жүрген жас аққұйрықты субүркіт. Оның жасын ажырату қиын емес: жас құстың қауырсыны қарақошқыл болады, тек бес жасқа қарай түсі өзгереді. Сулы жерді мекендейтін жыртқыш құс балық пен кеміргіштерді қорек қылады. Сарышұнақты да аулап жейді.

Жағасында қамыс өсіп тұрған көлдің үстінен ұшып бара жатқан ақтырна.

Ақтырна да аққұйрықты субүркіт сияқты суға жақын жерге ұя салады. Кейде Алматының маңындағы суы қатпайтын көлдерді қыстап шығады.

Жер-дүниеге жылу әкелген көктем туысымен Алатау баурайындағы түтін тұмшалаған ең ірі қала сұрғылт түстен арылып, ағаштар бүршік жарып, гүл атқан алқап түрленіп, табиғат әсем кейіпке енді. Азаттық тілшісі Алматы мен қала маңынан түсірген суреттерді тамашалаңыз.