"Бізге жұмыс керек!" Астанаға келген жаңаөзендік мұнайшылардың билікке талабы

Жаңаөзеннен Астанаға келіп, тұрақты жұмыс беруді талап еткен мұнайшылар энергетика министрлігі кеңсесінің алдында жатыр. 11 сәуір, 2023 жыл.

Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмесе, министрлік алдынан кетпейміз дейді.

Жаңаөзендегі "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуірде Астанаға келген.

10 сәуірде наразылармен кездесуге министрлік өкілдерінен ешкім ықылас білдірмеді.

"Өзенмұнайгазға" еншілес "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген 100-ден астам мұнайшы 1 сәуірден бастап табыссыз қалғанын айтып, тұрақты жұмыс талап етіп келеді. Олар алдымен Жаңаөзен әкімдігіне және "Өзенмұнайгаз" компаниясына барып, бірнеше күн наразылық білдірген. Кейін мәселе шешілмеген соң, 80-нен астам жұмысшы пойызбен Астанаға жолға шыққанын хабарлаған.

10 сәуірде наразылар энергетика министрлігі кеңсесінің алдында түнеп шықты.

Жаңаөзеннен келген жұмыссыз мұнайшылар энергетика министрлігі ғимаратының алдында жатыр. 11 сәуір, 2023 жыл.

Жаңаөзендік жұмыссыз мұнайшыларды сыртынан бақылап, энергетика министрлігі кеңсесінің қасында тұрған полиция қызметкерлері.

Биыл сәуірде "Өзенмұнайгаз" компаниясы тендер жариялап, бұл тендерді "Кезби" серіктестігі жеңіп алды. Ал "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниялары арасындағы келісімшарт тоқтаған. Осыдан соң Жаңаөзенде 100-ден астам адам жұмыссыз қалған.

Жаңаөзеннен келген жұмыссыз мұнайшылар энергетика министрлігі кеңсесінің алдында жатыр. 11 сәуір, 2023 жыл.

Қазақстанның батысында мұнайшылар жұмыс беруді, жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "бұл ұйымдасқан пикет" деп есептейді.

– Адамдар көрпе-төсек пен шатыр алып келген. Олардың негізгі мақсаты – өзіне назар аударту. Жергілікті әкімдік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясы не істегенін білмейсіздер ғой. Оларға балама жұмыс ұсынған. Біз өз мүддесі үшін осы азаматтарды пайдаланып, тендер конкурсының заңды нәтижесіне қарсы шыққан жеке компания басшылары емес, қарапайым адамдар туралы айтып отырмыз. Ал қарапайым азаматтар мүддесін біз мейлінше қорғадық. [Наразыларға] алдыңғысынан кем түспейтін ұсыныс айтылды. Бірақ көбі одан бас тартты. Ақыры энергетика министрлігі алдына пикетке шығу туралы шешімге келген. Келіссөз болады, – деді министр 11 сәуірде үкімет отырысынан соң журналистерге.

11 сәуірде жаңаөзендік мұнайшылар "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен кездескенімен, екі жақ нақты бір келісімге келе алмады.

– "ҚазМұнайГаз" өкілі бізден тендерде жеңген "Кезби" және Ai-Bis компанияларына баруды сұрады. Біз оған қарсымыз, бұл ұсынысқа ешкім келіспеді. Себебі "Кезби" мен Ai-Bis екі айдан соң бізге түрлі талап қоюы мүмкін, – деді наразылардың бірі Жолмұрат Лұқпан.

Бұған дейін де "ҚазМұнайГаз" наразыларға "Кезби" мен Ai-Bis компанияларына ауысуды ұсынып, жалақы сақталатынын айтқан. Бірақ Астанаға келген наразылар "Кезби" мен Ai-Bis жақсы жалақы беретініне сенбейді.

– Бізге әлеуметтік пакеті бар тұрақты жұмыс орны керек, себебі тоғыз айдан кейін тағы тендер ойнатылады. Тоғыз айдан соң тағы басқа мекемеге ауыс дейді, біз анда-мында ауысқымыз келмейді, бізге тұрақты жұмыс істейтін орын керек, – деді наразылардың бірі Азаттыққа.

Тұрақты жұмыс беруді талап еткен жаңаөзендік мұнайшылар энергетика министрлігінің алдында тұр. Астана, 11 сәуір, 2023 жыл.

Бұған дейін батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.

Жаңаөзеннен Астанаға келген ондаған адам жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп, энергетика министрлігінің алдында түнеді. "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнындағы жұмысынан таяуда қысқарған адамдар үкіметтен тұрақты жұмыс беруді талап етеді.