"Қылмыс құрамы жоқ". Қаңтарда Атырауда оққа ұшқан жігіттің туыстары шындыққа жетуден күдер үзгенін айтады

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Атырауда полиция оғынан қаза тапқан Алмаз Берекенов. Отбасы архивіндегі фото.

Атырауда Қаңтар оқиғасы кезінде басынан тиген оқтан қаза тапқан Алмаз Берекеновтің отбасына бір топ полицей кешірім сұрап барды. Олардың арасында Алмазға "оқ атқан" делінген полицей де болды дейді марқұмның туыстары. Тергеу органы 35 жастағы жігіттің қазасынан соң қозғалған істі "қылмыс құрамы жоқ" және "полицей оқ атып қорғанған" деп тоқтатқан.

Атырауда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Алмаз Берекеновтің туысы Жаннат Берекенованың (марқұмның әкесінің қарындасы) үйіне 30 маусым кешкі жетілер шамасында бір топ полицей кешірім сұрап келді. Жаннат "Алмаз әке-шешемнің үйінде өсті, сол үйде тұрды, сүйегі де сол үйден шыққан" деп полицейлерді қала маңындағы Тасқала ауылындағы қара шаңыраққа ертіп апарған.

Жаннат Алмаздың "полиция оғынан қаза тапқанын" өткен айда қолына тиген тергеушінің қаулысынан оқыған. Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс оны жүргізген тергеушінің "қылмыс құрамы жоқ" деген шешіммен 29 сәуірде тоқтағанын Жаннат Берекенова 23 маусымда бір-ақ білген. Тергеушінің шығарған қаулысын марқұмның жақындары тек сол күні алған. Құжатта Алмаз Берекеновке "оқ атқан" полицейдің тергеуге күдікті емес, куәгер ретінде қатысып, одан жауап алынғаны жазылған.

Отбасындағы екі қыздың ортасында жалғыз өскен Алмаз Тасқаладағы шаңырақта әкесінің бауыры Болат Берекеновтің үй-ішімен бірге тұрған. Жігіттің әкесі ерте қайтыс болған, ал анасының қазір басқа отбасы бар.

Жаннат Берекенованың айтуынша, Тасқаладағы үйге кешірім сұрауға барған полицейлердің бірнешеуі сыртта қалып, төртеуі үйге кірген. Олардың арасында облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әділхан Байдосов, полиция ардагерлері Ғафур Шапатов пен Дүйсенбек Ғайсин және Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты істі тергеу материалында "оқ атқан" деп көрсетілген полиция қызметкері Н. (тергеу қаулысында бүркеншік есіммен көрсетілгендіктен Азаттық оның аты-жөнін жариялай алмайды) болған. Жаннат Берекенова үйге кешірім сұрап келген полицейлердің барлығының аты-жөнін жазып алғанын айтады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Атырауда полиция оғынан қаза тапқан Алмаз Берекенов. Отбасы архивіндегі фото.

"АЛМАЗҒА ОҚ АТҚАН ДЕГЕН ПОЛИЦЕЙ КӨП ОТЫРА АЛМАДЫ"

Жаннат Берекенованың сөзінше, келгендердің ішінен бірінші болып сөйлеген Ғафур Шапатов қаралы отбасына "полиция ардагерлері атынан" көңіл айтқан.

– "Адам шыр етіп дүниеге келгенде Алла тағдырын маңдайына жазады. Бұл – тағдыр, ініңіздің дәм-тұзы сол жерде таусылған болар" деді Шапатов. "Сонда алты ай бойы қайда болдыңыздар? Осыған дейін неге кешірім сұрамадыңыздар?" дедім. Шапатов сонда "Кешірімнің ерте-кеші жоқ, айналайын. Қаралы хабарды бүгін ғана естіп отырмыз. Ертерек білсек, бұдан бұрын келер едік" деді.

Содан соң департамент өкілі Байдосов "рұқсат етілмеген митингіде арандатушылар болған, солардың кесірінен қақтығыста қаңғыған оқ ініңізге абайсызда тиген. Қызмет бабында болған оқиға ғой, оқты әдейілеп атқан жоқ. Сіз де түсініңіз" деп жауап берді, – дейді марқұмның әпкесі.

Ол полицейлерден "5 қаңтарда оқ атуға бұйрық болды ма?" деп сұраған.

– Мен тергеу басталғалы осы сұраққа жауап ала алмаған едім. Бұл жолғы сұрағыма Байдосов "біз қоғамдық тәртіпті сақтауға міндеттіміз. Жаппай тәртіпсіздік кезінде арандатушылық болған. Халық соларға еріп кетті, 70 шақты полиция жараланды. Сол себепті полиция жеке басына қауіп төнген соң тәртіпсіздік кезінде қару қолдануға құқылы" деп жауап берді, – дейді марқұмның туысы.

Жаннат Берекенова 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Атырауда полиция оғынан қаза тапқан немере інісі Алмаз Берекеновтың суретін ұстап отыр. Тасқала ауылы, Атырау, 4 шілде 2022 жыл.

Жаннат Берекенованың сөзінше, полицейлер шетте отырған жастау жігітті "5 қаңтарда қызметте жүріп қорғану үшін қару қолданып, Алмазға оқыста оқ атып алған" деп таныстырған. Марқұмның жақыны тергеу қаулысында "оқ атты" деп көрсетілген жігітке "көкейде жүрген сұрақтарын" қойғанын, бірақ мардымды жауап ала алмағанын айтады.

– Әуелі "Айналаңызда ағайын-тума, дос-жараныңыз жоқ па, немесе жұмыстарыңызда ұйымдастыру бөлімі жоқ па? Осы уақытқа дейін неге кешірім сұрап келмедіңіздер?" деп сұрадым. Кейін "оқ атқанда ойланбадыңыз ба?" деп те сұрадық. Ол жауап қатпастан үнсіз отырды. Тек бір рет қана "Атырау облысының тумасы емеспін, бұл жерде туған-туысым жоқ" деп жауап берді. Біраз әңгімеден соң ол жігіт отыра алмады ма, әлде біреу ұялы телефонына хабарласты ма, рұқсат сұрап сыртқа шығып кетті. Сол шыққаннан қайта оралмады. Осы әңгімеден соң полицейлер Алла разылығы үшін кешірім сұрап, пісірген жеті шелпегімізден ауыз тиіп, басын иіп, шығып кетті, – дейді Жаннат Берекенова.

Азаттық тілшісі тергеу қаулысында "оқ атты" деп көрсетілген полиция қызметкерімен байланысуға бірнеше рет талпынды. Бірақ Атырау облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Асхат Иманбаев "ол құпия қызметте жұмыс істейді, оның мәліметтерін, телефон нөмерін беруге болмайды" деп жауап берді.

Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған істі жүргізген аға тергеуші Дәурен Айдосынов Азаттыққа "полицейлер өз өмірін қорғау үшін қару қолданған, бұл заңды әрекет деп танылды" деді. Тергеуші қол қойған қаулыда "әкімдік алдына келгендер полицейлердің бірнеше рет жасаған ескертуіне қарамастан тас лақтырып, агрессия танытуды қоймаған соң" полицейлердің "өздерін қорғау үшін қару қолданғаны" жазылған.

"БАРЫНША ТЫРЫСТЫҢЫЗ, ЕШТЕҢЕНІ ДӘЛЕЛДЕЙ АЛМАЙМЫЗ"

Жаннат Берекенова полицейлер үйге кешірім сұрап келіп кеткен соң отбасымен, ағайын-туыспен, ауылдың үлкендермен, Алмаздың бірге туған әпкесі және қарындасымен, имаммен ақылдасқанын айтады.

– Ауыл имамы "жүрегіңді тыңда, бірақ Алладан үлкен емессің ғой, кешірім берген жөн болар" дегендей кеңес айтып, сан-саққа жүгірген ойымды бір тоқтамға келтірді. Күйеуім де бұрын полицияда көп жыл қызмет еткендіктен жүйені жақсы түсінетінін айтып, "қазір шындық өлген заман. Сот процессінің шегіне жетем дегенше, өз денсаулығыңды да құртасың, сондықтан істі тоқтатуға келісіміңді бер" деді. Алмаздың әпкесі мен қарындасы "апа, сізге өкпеміз жоқ, Алмаздың жоғын жоқтап, өліміне кінәлі адамды табуын сұрап, істің әділ тергелуін талап етіп келдіңіз, қолдан келгенін жасадыңыз, енді тоқтатайық, қабірін қазамыз деп жүрер, біз ештеңені дәлелдей алмаймыз" деп ой-пікірін айтты. Нақты шешімге келуге ұлымның да сөзі түрткі болды. Ол "тергеу бойынша құжат жинаған сайын жасыңыз кеміп бара жатыр, басқаға керек болмасаңыз да, бізге керексіз" деген соң келісім беруге көндім, – дейді марқұмның жоқтаушысы Жаннат Берекенова.

Қаңтар оқиғасында Атырауда полиция оғынан қаза тапқан Алмаз Берекенов. Отбасы архивіндегі фото.

"ӘКІМДІКТІҢ АРТЫНДА БАСЫНА ТИГЕН ОҚТАН ҚАЗА БОЛҒАН"

Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс оны жүргізген тергеушінің "қылмыс құрамы жоқ" деген шешіммен 29 сәуірде тоқтағанын Жаннат Берекенова 23 маусымда бір-ақ естіген. Тергеушінің шығарған қаулысын марқұмның жақындары тек сол күні алған.

Жаннат Берекенованың қолына 23 маусымда тиген тергеу қаулысында іс "қылмыстық құқық бұзу болмағандықтан" тоқтағаны жазылған. Тергеуші қол қойған құжатта Алмаз Берекеновке оқ тигені, оған оқ атқан полицей іс бойынша күдікті емес, куәгер ретінде жауапталғаны жазылған.

Алмаз Атырауда IT саласында қызмет көрсететін жеке компанияда жетекші инженер болып жұмыс істеген. Жақындарының айтуынша, 5 қаңтарда ол таңертең әдеттегідей жұмысына кеткен, бірақ қалада интернет байланысы нашарлаған соң, басшылығы қызметкерлерді жұмыстан ерте қайтарған.

Жаннат Берекенованың Атыраудағы наразылыққа куә болған адамдардан естігені және тергеу қаулысынан танысқан дерек бойынша, Алмаз жұмыстан шығып, түс мезгілінде Исатай мен Махамбет алаңына жақын орталық мешітке намазға бармақшы болған. Алаңда жиналған қарақұрым халықты көріп, солардың қатарына қосылған.

Исатай мен Махамбет алаңында 4 қаңтардан бері жалғасып жатқан жаппай митингіге жиналған жұрт 5 қаңтарда түскі сағат екіден кете облыс әкімдігіне қарай ағылған. Сол жерде бейбіт митинг жаппай тәртіпсіздік пен демонстранттардың полициямен қақтығысына ұласып, сағат төрттен кейін қалада интернет толық ажыратылған. Алмаз бұл кезде басқа адамдармен бірге облыс әкімдігі ғимаратының артқы жағында болған. Сағат төрттен кейін ол сол жерде басына оқ тиіп қаза табады.

Сарапшы В.А.Котов қол қойған сот-медицина сараптамасы қорытындысында Калашников автоматынан атылған оқ Алмаз Берекеновтың сол жақ шекесінен кіріп, оң жақ самайынан шыққаны, 35 жастағы жігіт тіл тартпай кеткені жазылған.

Тергеу қаулысында марқұм Алмаз Берекеновке жасалған сот-медициналық сараптама қорытындысынан үзінді келтірілген. Онда жігіттің "басынан оқ тиіп, әкімдік ғимараты артында қаза болғаны" жазылған. Марқұмның сүйегін туысы Болат Берекенов 6 қаңтарда мәйітханадан алған.

Жаннат Берекенова Алмаздың бұрын-соңды митингілерге қатыспағанын айтады. "Алмаз намаз оқитын, бірақ радикалды діни ағымды ұстанған жоқ. Ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын. Гитара шертіп, ән айтқанды ұнатытын" дейді ол.

Алмаз 9-сыныптан кейін Атыраудағы көлік және коммуникация колледжінде электронды есептеу машиналарының операторы мамандығы бойынша оқыған. Кейін Мәскеу университетінің Атыраудағы филиалында осы мамандық бойынша жоғарғы білім алған. Одан соң Оралдағы Қазақ инженерлік-технологиялық университетіне автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша оқуға түскен жігіт биыл диплом аламын деп жүрген. Жақындарының сөзінше, Алмаздың отбасын құрсам деген ойы болған.

Жаннат Берекенова Алмаздың мезгілсіз қазасынан кейін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылғанын, қабырғасын қайыстырған уайым-қайғыдан қатты есеңгіреп қалғанын айтады.

– Түнде шоқиып отырамын. Бастапқыда есім ауып кете жаздағанда, балам мешітке барып, "анаммен сөйлесіңізші, ұйқы көрмейді, біртүрлі" деп имамға айтыпты. Имам дем салып, біраз нәрсе жасады. Қатты күйзелген адам жынданып кете жаздайды екен. Мешітке барып, жеті күндей дұға оқыттым. Ұйқым тынышталғандай болды, бірақ әлі күнге дейін сағат түнгі 11-де жатып, екі сағаттай көз шырымын алған соң оянып кетемін де, қайтып ұйықтай алмаймын... Шындық жоқ екеніне көзім жетті. Қазір кімнің қолында билік бар, сол жеңіп тұр ғой. Бір Аллаға тапсырдым, – дейді ол.

Алмаздың қазасынан кейін екі ай өткенде Жаннатың үйіндегі келіні босанып, дүниеге келген ұлдың есімін Алмаз деп қойыпты.

– Балаға Алмаз деп ат қою ұлым мен келінімнің бастамасы болды. Алмаз 24 жастағы ұлым Нұржан өзінен бірнеше жас үлкен болса да туған бауырындай сыйлайтын, жақсы көретін. 24 жастағы ұлым Нұржан Алмаз өзінен бірнеше жас үлкен болса да туған бауырындай сыйлайтын, жақсы көретін. Алмаз да оны үнемі қасынан тастамайтын, бірге қыдырып жүретін еді, – деп аяқтады әңгімесін Жаннат.

Жаннат Берекенова немере інісі Алмаз Берекенов қапияда қаза болғаннан кейін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылғанын айтады. Атырау, 4 шілде 2022 жыл.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласты. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңында наразылық білдіріп жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған.

Билік 5 қаңтарға дейінгі жағдайды наразылық деп атап, 5 қаңтардан кейінгі оқиғаны "бандиттердің ісі" әрі "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деді.

Қаңтар оқиғасында Қазақстанда, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан. Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар қырғыны бойынша бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Билік тергеу құпиясына сілтеп, Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың тізімін әлі жариялаған жоқ, "мемлекеттік төңкерісті" кімдер жасамақ болғанын да айтпады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сергей Шутов: Тергеуде ұрып-соққанда өзімді Окрестинаға түскендей сезіндім"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау«Папоу, мені атып тастады». Қызылордалық 25 жастағы жігіттің қазасы"Қарусыз жұртқа оқ атты". 6 қаңтарда Шымкент әкімдігі жанында не болды?"Жазықсыз жандарды атып тастады". 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда не болды?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қанды қаңтар құрбандары