Кремль Тоқаевты қалай қарсы алды?

Саясаттанушы Әзімбай Ғали (оң жақта) және жүргізуші Қасым Аманжол. Алматы, 4 сәуір 2019 жыл.

AzattyqLIVE тікелей эфирінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары және сапар барысында көтерілген мәселелер талқыланды. Хабарға Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, демограф, саясаттанушы Әзімбай Ғали қатысты.

Тікелей эфирді көріңіз:

Сәуірдің 3-і күні Ресейге ресми сапармен барған Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеудегі "Внуково-2" әуежайында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин мен министрліктің хаттама департаментінің басшысы Игорь Богдашев күтіп алды. Бұл – наурыз айында Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен өкілетін тоқтатқан соң уақытша президент болып тағайындалған Тоқаевтың шетелге алғаш сапар шегуі.

Мәскеудегі "Внуково" әуежайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолын кеудесіне қойып, әнұран тыңдап тұр. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Тоқаев сапары барысында Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Назарбаев сәлемін жеткізіп, "қысқа уақытта осындай кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс" айтқан. Кездесу барысында Тоқаев пен Путин екі елдің ортақ тарихын қаралауды құптамайтыны жайлы бірлескен мәлімдеме жасады.

Келіссөзден соң өткен баспасөз жиынында Путин Тоқаев екеуі "бейбіт атом саласындағы серіктестік" жайлы талқылағанын айтты. Оның сөзінше, "уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді". "Әріптестіктің жаңа формасына өтуді" ұсынған Путин "Қазақстанда Ресей технологиясымен атом электр станциясын (АЭС) салу" жайлы айтты.

Ақорданың мәліметіне сәйкес, сәуірдің 3-і күні Тоқаев пен Путин жоғарыда көрсетілген мәселелермен қатар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты серіктестік мәселелері мен аумақтық және халықаралық өзекті тақырыптарды талқылаған.

Видео: Тоқаев пен Путиннің кездесуі. (3 сәуір 2019 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Тоқаев Ресеймен “мінсіз қарым-қатынасты” сақтағысы келеді