"Тауар қымбат, алушы аз". Карантиннен соң қайта ашылған Алматы базарының жағдайы

Базарда бәліш пісіріп сатып тұрған адамдар. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Алматының ел арасында "барахолка" атанып кеткен базары маусым айынан бастап қайта ашылды. Саудагерлер қымбаттап кеткен тауарды сатып алушы азайғанын айтады. Азаттық тілшісі екі ай карантиндегі мәжбүрлі үзілістен соң қайтадан жұмысқа кіріскен базарды аралап, ондағы адамдардың жағдайымен танысып қайтты.

Алматыдағы бірнеше базар бойлай орналасқан солтүстік айналма жолы қазір көлікке толы. Жолда іркес-тіркес кептелген машинаға қарап, бұл көшенің екі ай бойы қаңырап тұрғанын елестету қиын.

Карантин мен сақтық шаралары базар өмірін де өзгерткен. Сауда орнына бұрынғыдай қалаған жерден кіре алмайсыз. Қолына дене қызуын өлшейтін құрал ұстаған формадағы күзетші антисептик бүркіп тұрған өткелді нұсқайды. Кірген жолыңмен шыға да алмайсың: бір қатар – шығатын, келесісі – кіретін жол.

"Кенжехан" базарына келушілер кіреберістегі антисептик бүркіп тұрған орыннан өткен соң, күзетші арнайы құралмен олардың дене қызуын тексереді. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Базар ішінде баяғыдай еркін жүру жоқ. Жерге сары бояумен қай бағытқа қарай жүру керегін көрсететін белгі салынған. Бағыттан "тайып кетсең", күзетші ескерту жасап, артқа қайтарады.

"ТАУАР ДА, АЛАТЫН АҚША ДА ЖОҚ"

Сағат таңертеңгі 10.00-ден асты.

Барахолканың шетінде орналасқан ірі сауда орындарының бірі – "Кенжехан" базарының сатушылары жұмысын бастап кеткен. Контейнерін ашып, тауарын есігіне дейін іліп тастаған.

Кейбірі базар әкімшілігі жапсырған "Опечатано" (мөрленген) деген жазуы бар қағазды жұлып, есікке салынған құлыпты енді ашып жатыр. Әр контейнерде "Маскасыз кіруге болмайды" деген ескерту бар.

Базарда жүрген адам аз – мен кірген қатардан қай контейнер ашық, қайсысы әлі жабық тұрғаны анық көрінеді.

"Кенжехан" базарында сатып алушы аз екені байқалады. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Сапасы күмән туғызатын арзанқол киім-кешектің жағымсыз иісі шығып тұратын базардан коронавирус карантиніне байланысты ұзақ үзілістен соң ондай иіс кеткендей. Толастамайтын көлік кептелісі мен ыңғайлы жағдай жоғына қарамастан, күн сайын мұнда мыңдаған тұрғын ағылатын. Тағы мыңдаған адам – сатушы, жүкші, аспаз, шаштараз және басқалар нәпақасын осы базардан табады.

Сөреге жайылған балалар киімін реттеп жүрген әйел сөйлесуге құлық танытпады, атын айтқысы да келмеді. Контейнерінің алдына су шашып жүрген кісіні нұсқап, "Айнұр жақсы сөйлейді, содан сұрашы" деді.

Айнұр базар ішіндегі жағдайды енді баяндай бергені сол еді, әлгі сатушы да жақындап, кейінгі екі айда не өзгергенін екеуі кезектесе әңгімелей бастады.

- Шекара жабық. Тауар жоқ. Оның үстіне қымбаттап кеткен.

- Қалған-құтқанды сатып жатырмыз.

- Соның өзі қымбат!

- Қоймада жаздық тауар жоқ.

Сатушы Айгүл жұмыс жоқта қатты тарыққанын айтып шағынды.

- Екі ай жұмыссыз жаттық. Пәтердің ақшасын беру керек. Әлі төлемедім. Қарызбын. Базар енді ашылды ғой, енді жұмыс істеп береміз. Бірлі-екілі адам келеді. Қазір бәрінде ақша жоқ қой. Аренда ақысын қалай төлейтінімізді білмейміз.

- Тауар ала алдыңыз ба? – деп сұрадым.

- Бүгін тауар алуға барғанбыз. Қымбат бәрі. Бір затқа 300-500 теңге қосқан. Тауар да, таңдау да жоқ.

Шаң басқан аяқ киім. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Киім сататын қатар басында отырған Мәриям – орта жастан асқан әйел. Қазіргі ахуалы жайлы қысқа қайырды:

- Сатып отырғаным – қалып қойған тауарлар. Алатын тауар да, алуға ақша да жоқ. Екі күннен бері адам келмеді. Екі ай бойы Алланың бергенін жеп жаттық. Жәрдемақы еміме ғана жетті. Болды.

Мәриям айтқан жәрдемақыны Қазақстан үкіметі коронавирус індетіне байланысты наурыздың 16-сынан мамырдың 11-іне дейін жалғасқан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға тағайындаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 42500 теңге (шамамен 100 доллар) жәрдемақыны алуға 8 миллион өтініш түскен. 4,5 миллион адамға, яғни халықтың төрттен біріне жәрдемақы тиген.

Сатушыларға жақындағанда күліп қарсы алғанымен, журналист екенімді білген соң басын шайқап, әңгімеден қашқақтайды.

Қалың бас киімдерін іліп жатқан Сәбина. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Контейнерінің есігіне қалың бас киімдерді іліп жүрген Сәбина жаздық тауары болмаса да, қолда барын өткізу үшін амалсыз жұмысқа шыққанын айтады.

- Мыналар көктемнен қалған заттар ғой. Сату керек қой енді. Ақшаны шығару керек. Барлық саудагердің жағдайы – осы.

"ҚАТТЫ ҚИНАЛДЫҚ"

Тағы бір контейнер ішінде маскасын иегіне түсіріп алған әйел сатушы заттарын реттеп жүр. Тар контейнерінің түбіне дейін екі қатар әйелдер киімі - кейбірі мыжылған қалпы ілінген. Соған қарап олардың ұзақ уақыт бүктеулі жатқанын аңғаруға болады.

Сатушы ала дорба ішіне әлденені нығыздап салып, сыртын байлап жатыр.

- Қыстық тауардың бәрін жинап жатырмыз. Жинамағанда қайтеміз? Кім алады оны? Сақтап қойып, қыста сатамыз.

Кейбір сатушы күн ыстығына қарамастан қыстық бас киім сатып тұр. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Елуге таяған әйел атын айтудан бас тартты. Әңгімелесуге де ықыласты болмады. Карантиндегі екі айда қалай күн көргенін сұрағанымда ашулана жауап қатты:

- Жұмыссыз қиналып, үйде отырдық. 42500 теңгені де бермеді бізге! Түспеді маған.

- Қалай күн көрдіңіздер?

- Күйеуім жұмыс істеді. Жалғыз соның айлығына қарап қалдық.

- Қысылып қалдыңыздар ма?

- Әрине! Қатты қиналдық.

- Тауарыңыз аз сияқты ғой?

- Не істейміз енді?! Тауар алуға ақша таппай отырмыз. Бұйырғанын көреміз. Басқа амал жоқ...

Жабық тұрған контейнерлер. Көршілері мұндағы екі адамның сауда орнын жалдау ақысын төлей алмай, кетіп қалғанын айтты. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Оған қарама қарсы тұрған екі контейнер әлі ашылмаған.

- Қарсы беттегі кісілер қайда? – деп сұрадым.

- Олар жабылып қалды. Жауып жатыр. Ақша жоқ. Қайтеді енді. Біз де бірдемесі болар деп отырмыз... Сау болыңыз!

"АМАЛДАУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫРМЫЗ..."

Базардың құрылыс заттарын сататын жағында да бірлі-екілі жүк көлігі жүргені болмаса, адам қарасы аз. Есік сататын сырт жақтағы контейнер алдында екі кісі – зейнет жасындағы әйел мен орта жастан асқан ер адам тұр.

- Енді ашылдық қой. Кеше адам жақсы келген. Бүгін аз. Бір айдан соң сезіледі ғой бәрі.

- Киім сататындардың кейбірі затын арзанға өткізіп, контейнерін тапсырып жатыр екен. Сіздер жақта сондай адамдар бар ма? – деп сұрадым.

- Бізден екі ай аренда ақысын алған жоқ. Кім қашады? Ешкім қашпайды ғой. Сол қалпы отыр.

- Екеуіңіз бір үйденсіздер ме?

- Иә, – деді әйел.

- Карантин кезінде не істедіңіздер?

- Жұмыссыз отырдық. Бергенін алдық. Үнемдеп жұмсадық. Картоп болды үйде.

Базарда есік сатып тұрған адамдар. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Ішкі қатарларда да адамнан сатушы көп. Пластик терезе мен темір-терсек сататын екі контейнер арасындағы үстелде егде жастағы екі ер адам нард ойнап отыр.

- Сауда қалай боп жатыр? – деп сұрадым.

- Мынадай боп жатыр, – деп нардты нұсқап, қарқылдап күлді.

Айналадағы сатушылар да күлді.

Линолеум сататын контейнер алдында маска таққан ер адам отыр. Контейнер өзінікі емес – 47 жастағы Әбдірахман "сатушы ғана". Ол "сауда жоғын" тауар аздығынан көреді.

- Кеше ғана барлық тауардың бағасын көтеріп тастады. 50-70 теңге қосты. "Тауар келеді. Баға тағы өседі" деп жатыр. Не үшін өсіретінін білмеймін.

- Кім өсіреді сонда?

- Делдалдар ғой. Бізге тауар Ресейден келеді, Самарадан. Шекараны жауып тастады ғой. Соған байланысты шығар. Олар долларға қарайды.

- Бірақ доллар бағамы түсіп жатыр ғой?

- Иә, мұнайдың бағасы да түсті. Біз ештеңе істей алмаймыз. Қандай баға айтса, соны қоямыз.

Әбдірахман – екі баланың әкесі. Алматыда пәтер жалдап тұрады. Жүзінен мұң байқалады.

- Өмір оңай емес қой. Оңай емес...

- Жұмыс жоқта отбасыңызды қалай асырадыңыз?

- Жәрдемақы алдым.

- Жетті ме?

- Жоқ, әрине. Жеткізіп бақтық. Пәтер иесі бірінші айда алған жоқ. Екінші айда "120 мыңның орнына 80 мың теңге бере салыңдар" деп жеңілдік жасады. Соған да рақмет. Қиын ғой өмір... Амалдау керек. Тырысып жатырмыз...

Жүкші жігіт тасымал қызметімен айналысатын Ерланның көлігіне зат тиеп жатыр. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Құрылыс заттары қоймасының жанында жүкші жас жігіт "Волга" маркалы ескі жеңіл көліктің төбесіне бірнеше қап цемент артып жатыр. Көлік иесі – 45 жастағы Ерлан. Базардан сатып алған затты көлікпен жеткізіп беріп, ақша табатын Ерлан карантин кезінде қарызға батып, қатты қиналғанын айтады.

- Қазір көкөніс сатып алсаң, бұрынғы 3 мың теңгенің орнына 6 мың теңге төлейсің. Екі есе қымбаттаған! Қалай күн көруіміз керек екенін?.. Жәрдемақысын да жарытып бермеді. Алаламай, бүкіл елге беруі керек еді. Айналдырған 18-ақ миллион қазақпыз. Көп сұрап жатқан жоқпыз. 100-ақ доллар ғой! Бір рет берді. Әйелімді жұмыс орны ақысыз еңбек демалысына жіберді. Бірақ оған жәрдемақы түскен де жоқ. "Сіз ала алмайсыз" деп келді.

Ерлан "Алматыда карантин күшейіп, кей орындар қайта жабылуы мүмкін" деген сыбыс естігенін айтады. Бұл хабарды маусымның 3-інде Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин растап, карантин ережесі қатаңдауы мүмкін екенін ескерткен. Бекшин "кейбір нысан бірнеше қайтара ескертуге қарамастан карантин ережесін сақтамай отырғанын" айтып, "оларды қайта жабуға тура келеді" деді. Жүргізуші Ерлан "базарды жабуға болмайды" дейді.

- Қайта жапса, халық шыдай алмайды енді. Қиын болады ғой. Бала-шағасын қалай асырайды?..

"БІЗДІ ЖҰМЫСҚА КІМ АЛАДЫ?"

"Кенжеханға" жапсарлас жатқан "Қазына" базарында азық-түлік қатары әлі ашылмаған. Бес-алты саудагер контейнерінің бір есігін ашып, іште қалған тауарын сұрыптап жүр. Бірақ сауда жасап жатқан жоқ. Олар базар әкімшілігі "Алматы әкімдігінен комиссия келіп тексереді де, рұқсат беретін-бермейтінін айтады" деген соң келген.

Бұған дейін базарда сүт өнімдерін сатып келген Гүлбаршын апай екі ай жабық тұрғанда бұзылып кеткен тауарын лақтырып тастауға обалсынады:

- Бір-екі күнге жапқандай қылды ғой. Бұлай боларын білгенде барлық тауарымызды, тамағымызды алып шығып кететін едік. Алматы облысындағы Көкөзек ауылында тұрамын. Заттарымды алайын деп, постқа үш келдім – кіргізген жоқ. Бәрі іріп-шіріген. Наурыз мейрамына деп тауар алып қойған едік. Тоңазытқышта тұрған 30-40 келі қатық та, ірімшік те – бәрі шіріген.

Азық-түлік қатары әлі ашылмаған "Қазына" базарының саудагерлері. Сол жақтағы – сүт-айран сататын Гүлбаршын. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Басқа саудагерлер де Гүлбаршын апайдың қасына жинала бастады. Олар да тауарының жарамай қалғанына налыды.

- Кәмпиттеріміз жарамай қалған. Шоколад ағарған соң ешкім алмайды.

- Ал жаңа тауар алуға ақша жоқ. Делдалдардың бәрін қайтарып жатырмыз.

- Олар тауарды қымбаттатқан ба? – деп сұрадым.

- Масқара қымбаттатқан. Бұрын 180-200 теңгеге сатқан айранды қазір 250-300 теңге деп тұр. 8700 теңгенің ұны қазір 9500 тұрады. Мына асхананың бәрі затты қарызға алып істеп отыр...

Гүлбаршын апай ашуланып ұзақ сөйледі.

- Шынымызды айтсақ, нан таппай қалдық. Соңғы күні қатты қиналдық. Тиын санап кеттік. Ақшаң жоқ екенін кішкентай бала түсінбейді ғой. Елдің баласы балмұздақ жеген соң, оның да алғысы келеді. Дүкенге қарызға кіріп кеттім. Соны жабу үшін жұмысты бастау керек. Енем – зейнеткер. Оның алатыны дәрісіне де жетпейді. Үкіметтің тегін беретіні – түкке жарамсыз дәрілер. Нағыз керегін өзіміз сатып аламыз. Қиын. Кімнен сұрасаң, бәрінің айтатыны – сол. Ақша жоқ. Кетерде 100 келі ұн көтеріп кеткем қайта, сол жақсы болды...

- Әкете алдыңыз ба? – деп басқа саудагерлер таңырқады.

- Иә. Сол алып шықты. Біресе бәліш, біресе басқасын істеп бересің. Үйде 4-5 немерем бар. Не істейсің басқа?..

Саудагерлер "жалдау ақысын төлей алмайтынын айтып, жауып кетті" деп жабық тұрған бірнеше контейнерді нұсқады. Кейбірінің сыртына "Сатылады" деп жазылыпты, телефон нөмірі көрсетілген.

Базарда жабық тұрған сауда орындары (контейнерлер). Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Тұрмыста тұтынатын химия заттарын сатумен айналысатын 49 жастағы Талғат басында үш кредиті барын айтады. Ол өзі сауда жасайтын қатардағы контейнерлерді ашуға биліктің әлі рұқсат етпей отырғанына наразы.

- Табыссыз отырғаныма бүгін – 78 күн!

- Жұмыс іздедіңіз бе?

- Көшеге дезинфекция жасауға жалданбақшы болдым. Танысым екі телефон нөмірін берді. Бірақ телефон соққанымда өшіріп тастады. Содан кейін алған жоқ.

- Бізді кім алады жұмысқа? – деп басқа бір сатушы да жұмыс іздегенін айтты.

- Бала-шағаңды, жасыңды сұрайды. Бес балам бар десең, тыңдамайды да, – деді Талғат.

- Қазір жұмыс та жоқ қой. Еш жер алмайды...

"Қазына" базарының әкімшілігі "билік айтқан талаптарды орындадық, енді ашылуымыз керек" дейді.

- Ондаған сатушы базардың ашылуын күтіп отыр. Күніне 100-150 рет хабарласады. Өзімді жеп қоя жаздап жатыр, – дейді "Қазына" базары директорының орынбасары Қанат Төкеев.

Бірақ базардың киім сататын жағы жұмыс істеп тұр. Ондағы сатушылар "азық-түлік сататындар тауар мен қызмет сапасын, қауіпсіздігін бақылау департаментіне бағынатынын, ал киім-кешек сататындардың "өз ережесі барын" айтады.

Маусымның 4-інде базар әкімшілігі азық-түлік сататын қатардың да ашылғанын хабарлады.

"НАНЫН ОСЫ БАЗАРДАН ТАБАТЫН"

"Арлан" базарының кіреберісінде кілем, перде және өзге бұйымдар сатылады. Мұндағы көрініс басқа базарға қарағанда өзгеше – адам қарасы көп.

Бірақ тойға қажет заттар – мата, орамал, көрпе-төсек пен түрлі кәдесый сататын төменгі қатарларда сатып алушы жоқтың қасы.

Айнала шапан ілінген кең контейнер ішіндегі әйел сұхбат беруге келіскенімен, атын атағысы келмеді.

Базарда сатылып жатқан шапандар. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Базар ішіндегі ахуалды енді баяндай бергенде, осында келген жас қыз бен егде әйел әлдебір заттың бағасын сұрады. "Түсіріп берші" деді. Сатушы тез келісті. Сатушы оның алған затын пакетке салып беріп жатқанда әлгі әйел рақметін айтып, тілегін жаудырды.

Екеуі кеткен соң сатушы әңгімесін қайта жалғастырды:

- Қатты түсіріп беріп жатырмыз! Долларға қараңыз. Қазіргісі кішкене түскені ғой. Біз әкелетін заттың бәрі қымбаттап тұр. Бір зат екі мың теңгеге қымбаттады. Өтпей жатыр... Саудамыз жүруі үшін барлық жер ашылуы керек...

Сатушы карантин кезінде үкіметтен жәрдемақы алғанын айтады. 42500 теңге күнкөрісіне жеткен-жетпегенін сұрағанымда күліп жіберді.

- Қалай жеткізгенді айта алмаймын... Балаларым бар. Үшеу. Үлкенім университетте оқиды. Оның оқуының ақшасын төлеген жоқпын. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Ол да бар. Оның ақшасына жеңілдік жасаған жоқ...

"Арлан" базарында ашылмаған контейнер жиі ұшырасады.

- Мына кісілер де контейнерін өткізіп кеткен бе? – деп сатушының бірінен сұрадым.

- Жоқ, ол қырғыздардікі ғой. Шекарадан өте алмай жүр.

Пандемияға байланысты шекара жабылғанда Қырғызстанға қайтпай, осында қалып қойған қырғыз азаматтары "елге қайтқандар енді Қазақстанға кіре алмай отыр" дейді.

Көрпе-төсек сатылатын жерде әңгімелесіп отырған үш-төрт қырғыз азаматы карантин кезінде ауылына қайтпағанын, базар ашылғанда бірден жұмыс бастап кеткенін айтты.

- Әйелім – Қазақстан азаматы. Балаларымыз осында оқиды. Ал қайтып кеткен қырғыздар енді бері өте алмай жатыр.

- Ондағылар қалай күн көріп жатыр?

- Білмейміз. Бәрі нанын осы базардан табатын. Туыстары жәрдемдесіп жатқан шығар. "Қашан ашылады екен?" деп сұрайды. Ештеңе белгісіз.

- Шекарадан бері өте алмай жүргендер көп пе?

- Жабық тұрған контейнердің шамамен бәрі – қырғыздардікі.

- Мына жігіттің әйелі Қырғызстанға кеткен. Екі айдан бері өте алмай жатыр. Әйелін айтсаң, жылап жіберейін деп тұр. Ха-ха-ха!

"ШӨБЕРЕМДІ ДЕ АСЫРАЙМЫН"

Базардағы қатарлар басын бойлай бірнеше асхана, ұялы телефон жөндейтін орын мен ломбард ашылған. Шаштараз ішінде үш кісі әңгімелесіп отыр. Адам жоқ.

- Жұмыс қалай болып жатыр? – деп сұрадым.

- Клиент жоқ. Біз сияқты ақшасы жоқ шығар олардың да.

- Аренда төлейсіз бе?

- Иә, төлейміз.

- Енді оны қалай жаппақсыз?

- Білмейміз соны. Кредитімізді үш айға ысырып қойдық.

Әңгімеге үшінші шаштараз араласты.

- Кредитті ысырғаны үшін банктер ақша қосып жатыр екен ғой.

- Көп пе еді кредитіңіз?

- Енді қазір жұмыссыз адамға 50 мың теңге де оңай емес қой...

Әріректегі кішкентай дүңгіршек ішінде екі әйел ас әзірлеп тұр. Бірі ашыған қамырға сосиска салады. Екіншісі соны майға қуырады.

- Фатима, 62-демін, – деді бірі.

- Атым – Бақтыгүл, 48-демін, – деді екіншісі.

Фатима базарда бәліш пісіріп сатады. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Екеуінің жұмысқа шыққанына екінші күн. Фатима бәліш аз өтіп жатқанын айтып қынжылды. Екі ай не істегенін Бақтыгүл жұмыс істей жүріп баяндады:

- Екі ай үйде жаттық. Бір күн аш, бір күн тоқ. Біз күнделікті тамағымызды осы жерден аламыз ғой. Екі мың, екі жарым мың, үш мың теңге... Сонымен күн көреміз. Күнкөріс қиындап кетті. Пәтер ақысын үйтіп-бүйтіп төледік. Иесі бірде "шығарып жіберемін" дейді, бірде басқаша сөйлейді. Әзер шықтық қой карантиннен, міне. Енді жұмыстың түрі – мынау.

Фатима мен Бақтыгүл базар ашылған күні-ақ жұмысқа кіріскен. Екі айда жағдай қалай өзгергенін екеуі кезек-кезек әңгімелей бастады:

- Тамақ болсын деп жұмысқа шығып кеттік қой. Бала-шаға бар. Аштан өлеміз бе енді...

- Немерелерім оқып жатыр. Соның оқуын төлеймін... Пәтер ақысын төлеймін. Екі кредитім де бар.

- Алтынымның бәрі ломбардта жатыр. Процентін төлеп қойдым. Бірақ ала алмай жүрмін әлі... Солай жағдай. Мәз емес.

- 42500 теңге алмадыңыздар ма? – деп сөзін бөлдім.

- Берген жоқ.

- Маған да тимеді. Зейнеткермін ғой. Бермейді екен.

- Кафе ашық кезде қызым даяшы болып істейтін. Қазір жұмыс жоқ. Ол жәрдемақыны бір ай ғана алды. Төрт балам бар. Біреуі – студент. Пәтерге айына 100 мың теңге төлейміз.

- Менің төрт немерем, бір шөберем бар. Үлкен немерем оқып жүргенде күйеуге шығып, нәрестелі болған. Қыз-ұлды өсірдім, қазір немерелерімді бағып жатырмын. Білмеймін, енді шөберені де бағатын шығармын, аман болсам...

- Сізге қазір демалуға болмайды ғой!.. – деп Бақтыгүл күліп, Фатима әжейді қолпаштап қойды.

Сағат 14.30. Күн ысыды, базар іші де қапырық.

Базар маңындағы аялдамада автобус күтіп тұрған адамдар. Алматы, 3 маусым 2020 жыл.

Әншейінде аялдамада иін тіресе тұратын адам жоқ. Зат көтерген он шақты кісі ғана автобус күтіп тұр.

Базардағы қайнаған өмір әне-міне басталатындай...