"Есіл еңбек зая кетіп жатыр". Түркістандық диқандар мақта бағасының төмендігіне наразы

Мақта қабылдайтын орындағы қырманда жұмыс істеп жүрген адамдар. Түркістан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

Түркістан облысында Мақтаарал, Жетісай аудандарында мақташылар "субсидия аз, мақта бағасы төмен" деп шағымданады. Үкімет бірінші және екінші сортты мақтаның келісін 130 теңге деп белгіледі. Диқандар мұндай баға мақтаға кеткен шығынды жабуға ғана жетеді деп санайды. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

"КЕЛІСІН 130 ТЕҢГЕДЕН САТСАҚ, КЕТКЕН ШЫҒЫНДЫ ҒАНА ЖАБАДЫ"

Түркістан облысы Жетісай ауданы Құрбан ата ауылының тұрғыны Батыр Айтжанов биыл 10 гектар жерге мақта еккен. Сөзінше, жерді жырту, суару, мақта егу, дәрі себу, оны өсіру, арамшөптен тазалауға бір миллион теңге шамасында ақша жұмсаған. Ақшаны қорасындағы малын сатып, қарыз алып тапқан. Ол биыл пайда аз деп қапалы.

– 2003 жылы мақта қабылдау орындары бір келі мақтаны 103 теңгеге сатып алған. 17 жыл өтті. Қазір бір келі мақтаның бағасы 130 теңгеден аспайтынын естідік. 17 жыл бұрын бір қап ұнның бағасы мың теңге еді. Қазір он мың теңге. Бір келі еттің бағасы 400 теңге болатын. Қазір 2200 теңге. Бір гектар жерді жырту төрт мың теңге еді. Қазір 17 мың теңге. Енді салыстыра беріңіз. Диқанның есіл еңбегі зая кетіп жатыр, – дейді ол наразы кейіппен.

Your browser doesn’t support HTML5

Мақташылар шығынға батқанын айтады

Құрбан ата ауылының жүзден аса отбасының 90 пайызы мақта егіп, күн көреді. Ауыл маңындағы жолдың екі жағының барлығы дерлік мақта алқабы. Бірі дәрі сеуіп мақта жапырағын қуратып, комбайнмен теруге дайындап жатыр. Бірі мақтаны кеш еккен, жап-жасыл, ашылған мақтадан ашылмаған көсегі көп. Кейбір мақташылардың мақтасын терімшілер жинап жүр. Бәрі күн суытпай, мақтаны жауынның астында қалдырмаудың қамымен жүр.

– Жақсы дегенде әр гектардан шамамен 17 центнерден, яғни 1,7 тонна мақта жинаймыз деп отырмыз. Оның келісін 130 теңгеден өткізсек, кеткен шығынды ғана жабады. Бұл біздің күнкөрісіміз ғой. Ауыл тұрғындарының негізгі табысы – мақта. Басқа кіріс жоқ, – дейді ол.

"МАҚТА ЖИНАЙТЫН ТЕРІМШІ ЖОҚ"

Комбайн мақта жинап жатқан алқаптың басында тұрған Құрбан ата ауылының тұрғыны Самат Ахметов биыл 20 гектар жерге мақта еккен. Ол мақтасы бітік шыққан диқандар гектарына 50 мың теңге төлеп, комбайнмен жинап жатқанын айтады. Комбайнның өзіне апталап кезекке тұрады. Мақтасын құрт жеп, өнімі аз болған адамдар терімші жалдап, қолмен тергізуге мәжбүр. Жылда Өзбекстаннан келетін терімшілер биыл жоқ. Карантин кесірінен шекарадан өте алмай жатыр. Кей мақта егушілер терімші іздеп сабылып жүр.

Мақта теріп жүрген адамдар. Түркістан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

– Бір адам жақсы дегенде күніне 80-100 келі мақта тереді. [Терімшіге] әр келі мақта үшін 30 теңге төленіп жатыр. Одан артық төлеу мүмкін емес. Өйткені мақтаның зауыттағы бағасы арзан. Таң атқаннан кеш батқанға дейін 2500-3000 теңге үшін мақта жинайтын адам аз, – дейді ол.

Таң атқаннан кеш батқанға дейін 2500-3000 теңге үшін мақта жинайтын адам аз.

Екі гектар жерді жалға алып, мақта егіп, оны терімшілерге жинатып жүрген Құрбан ата ауылының тұрғыны Ержан Садуллаевтың пікірінше, егер бір келі мақтаны 160-180 теңгеге сатып алатын болса мақташы күнін көреді. Одан арзан болса мақта өндіруге кеткен шығынды ғана жабады не дихан шығынға батады.

– 2018 жылы мақтаның келісін 180 теңгеден өткіздік. Пайда болды. Биыл мақта өте арзан. Пайда жоқтың қасы, – дейді ол.

Мақта терімі. Түркістан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

Ержан Садуллаев та мақта тергізу үшін терімші таппай қиналған. Ауылдан терімші шықпаған соң көрші ауылдарда тұратын ағайын-туысын жинауға мәжбүр болыпты.

Ол жерді жалға алатын болған соң субсидияға ілікпейтінін айтады. Жалға алушылар мақта өткізгенде жер иесінің патентін пайдаланады. Ереже бойынша, мемлекет берген субсидияны жерді жалға алған адам емес, жер иесі ала алады. Мысалы, 2019 жылы бір тонна мақта үшін 12 мың теңге субсидия берілген. Ержанның сөзінше, жерді жалға алған адам тек мақтадан түскен пайдамен күнелтеді.

Мақта теріп жүрген адамдар. Түркістан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

Мақтаарал мен Жетісай аудандарында жүзден аса мақта қабылдау пункті бар. Ондағы мақта қырманында екі түрлі мақта жиналып жатыр. Бірінде – қолмен терілген, екіншісінде – комбайн терген мақта. Жиналғанына қарай (қоқыс, дымқылдығы тексеріледі – ред.) қолмен терілген мақтаның әр тоннасынан 60-70 келі, комбайнмен жиналған мақтаның тоннасынан 80-90 келісі "жарамсыз" деп шегеріледі. Шикізат қабылдайтын пунктер жұмысын бастап кеткен. Мақта қабылдаушылар мақта құнын Ливерпуль биржасы белгілейтінін айтады.

– Биыл мақтаның тоннасына 120-130 мың теңге береміз деп отырмыз. Қазірге шаруаларға алдын ала төлем ретінде 60 мың теңге беріп жатырмыз. Мақта бағасы Ливерпуль биржасынан бір ай көлемінде белгілі болып қалуы мүмкін, – дейді "Мырзакент" мақта өңдеу зауытының Интернационал мақта қабылдау бөлімінің басшысы Хазират Хайдаров.

Мақта терімінде жұмыс істеп жүрген адамдар. Түркістан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

"МЕМЛЕКЕТ МАҚТА БАҒАСЫНА АРАЛАСА АЛМАЙДЫ"

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мақта егушілердің шағымымен таныс. Басқарманың бөлім басшысы Әлібек Плавовтың айтуынша, биыл аймақта 126 мыңға жуық гектар жерге мақта егілген. 17 зауыт мақта қабылдап жатыр. Арнайы зерттеу нәтижесіне сай, бір гектар жерге мақта егуге орташа есеппен 240 мың теңге ақша жұмсалады.

– 2019 жылы Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында бір келі мақта 130 теңге, Кентау, Түркістан қаласы және Ордабасы ауданында 150 теңге болды. Мемлекет баға мәселесіне араласа алмайды. Өйткені нарық еркіндігі бар, – дейді бөлім басшысы.

Мақта терімі. Түркістан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

Әкімдіктің мәліметінше, Түркістан облысында ауыл шаруашылық өнімін өндіретін 71 мыңға жуық диқанның 25 мыңнан астамы мақта егеді.

Ауыл шаруашылық басқармасының дерегінше, "2019 жылы жердің иесі саналатын 7700 шаруаның өндірген әр тонна мақтасына 12 мың теңге субсидия берілген. Ал 2020 жылы ақшалай субсидия тоқтаған, керісінше мақта тұқымы, тыңайтқыш сияқты қажетті заттарға субсидия бөлінген. Мемлекет орташа есеппен жер иелеріне мақта шығынының 20 пайызын өтеп берген".

Бұл субсидияның көбі жер иелеріне берілген. Ал Мақтаарал мен Жетісай ауданында жерді жалға алған мақташылар субсидиясыз қалып жүр.

Мақта алқабы. Түрікстан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

2019 жылы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев "бір келі мақта 150 теңгеден сатып алынады" дегенімен, Жетісай және Мақтаарал ауданында мақта бағасы 130 теңгеден аспаған.

Жергілікті әкімдіктің мақта бағасын өсіруді шеше алмайтынына көзі жеткен диқандар мәселе үкімет деңгейінде қаралса дейді. Олар биліктің әлі күнге диқанның жағдайын ойлап, мақтаны тікелей экспорттауына жағдай жасамағанына қынжылады және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарапайым диқанның сөзін тыңдауға, баға мәселесін шешіп беруге шақырды.

Мақта терімі. Түрікстан облысы, 29 қыркүйек 2020 жыл.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы мақта бағасына коронавирус пандемиясына әсер еткенін айтады.

– Қазақстанның мақта саласы негізінен экспортқа шығаруға бағытталғандықтан, баға сыртқы нарықтағы сұранысқа байланысты қалыптасады. Биыл Қазақстанның мақта нарығында шетелдік компаниялардың белсенділігіне Еуропада коронавирус індетінің екінші толқыны басталып, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделі болуы әсер етті, – деп түсіндірді министрлік.