"Терроризмді насихаттағаны" үшін сотталған әйелдің түрмеден оралуы

Сотталғанға дейін Жанна Өмірова үйіне жапсарлас салынған бөлмені сауда орны ретінде пайдаланған. Қапшағай қаласы, Алматы облысы, 22 тамыз 2019 жыл.

"Терроризмді насихаттап", "діни алауыздықты қоздырғаны" үшін түрмеге қамалған бұрынғы тұтқын экстремизмге қатысы жоғын, бұрынғы діни көзқарасы өзгермегенін айтады. Ол Азаттық тілшісіне колонияда басынан өткені, өз-өзіне қол салмақшы болғаны, әкелері түрмеде отырған балаларымен кездесуден кейін құрған жоспары жайлы баяндап берді.

Түрме жазасы, салы суға кетіп, колонияда суицид жасауға талпыну, қамаудағы қиындықтар… Жақында жазасы жеңілдеп, сот әлі өтелмеген мерзімін түрме жазасынан бостандығын шектеу шарасына ауыстырған 37 жастағы Жанна Өмірова ендігі өмірі басқаша боларына үміттенеді.

Әлеуметтік желідегі парақшасына мемлекеттік сараптама мен сот "радикалды идея" деп таныған уағыз мәтінін жариялаған бұрынғы полиция қызметкерінің болашаққа құрған жоспары көп. Түрмеде өткен екі жарм жылдан соң, ол Қапшағай қаласында тұратын анасы мен екі баласына оралған. Қазір Жаннаның балалары әкесіз өсіп жатыр. Өмірованың күйеуі 2004 жылы терроризм үшін айыпталып, 25 жылға бас бостандығынан айырылған.

Түрмеден бостандыққа шыққан Жанна Өмірова. Алматы, 22 тамыз 2019 жыл.

ТҮРМЕДЕГІ ӨМІР

Азаттық тілшісі Жанна Өміровамен Алматыдағы халал дәмханалардың бірінде кездесті. Өмірова кездесуден бұрын жақын маңдағы мешіттердің бірінде намаз оқып келгенін айтты. Көңіл-күйі көтеріңкі Жаннаның ашық жүзінен қуаныш табы сезіледі. Үстіне мұсылмандардың дәстүрлі қара көйлегін киіп, басына иығын жауып тұратын ашық түсті үлкен орамал таққан.

Азаттық тілшісінің "Қапшағайдан Алматыға келу бостандықты шектеу режимін бұзбай ма?" деген сұрағына Өмірова әзірге ешқандай құжат күшіне енбегенін айтып, жауап берді. Ол кезде Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінен құжаттар келіп түспегендіктен, пробация қызметі Өмірованы әлі есепке алмаған болатын. Жанна колонияда өткен жүздеген күн ешқашан бітпестей көрінгенін айтады.

Тұтқын Жанна Өмірова мен оның адвокаты Айман Омарова сотта тұр. Өтеген батыр ауылы, Іле ауданы, Алматы облысы, 21 желтоқсан 2018 жыл.

2017 жылы Жауғаштыға жаңа келгенде, Жаннадан діни сенімі үшін тағатын орамалын шешуді талап еткен. Түрме әкімшілігі басын бүркемелеп жүргеніне қарсы болмас үшін, Өмірова шашын тақырлатып алып тастаған.

Жазасын жеңілдетуді сұрап, құжат тапсыратын уақыты таяғанда, осы мүмкіндігін пайдаланған Жанна әжесінің қолында қалған балаларына тезірек оралуды армандаған. Бірақ Іле аудандық соты өткен жылдың желтоқсан айында Өмірованың өтінішін қанағаттандырмаған.

Жанна Өмірованың анасы Күләш Өмірова. Қапшағай қаласы, Алматы облысы. 22 тамыз 2019 жыл.

Жанна бұл жаңалықтан кейін салы суға кеткенін айтады. Тұтқын "қоштасу хатын" жазып, онда өзінің өліміне қылмыстық-атқару жүйесі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірнеше қызметкерінкінәлауды сұраған. Азаттық редакциясына хабарласып, хат мәтінін оқыған соң, Өмірова уыстап дәрі ішкен. Оны колонияның медициналық-санитарлық бөліміне жетізген. Түрме әкімшілігі бұл оқиғаны суицид жасауға талпыныс деп танудан бас тартып, мұны тұтқынға ешқандай қысым көрсетілмейтінімен түсіндірген.

Жанна Өмірова бітпестей боп көрінген бостандық үшін күрестен қажып, осындай әрекетке барғанын айтады.Суицидтен кейін Жаннамен психолог жұмыс істеген.Өзінің айтуынша, Өмірова психологтың көмегімен уақытша қиындықтарға мойымай, сабыр сақтауға үйренген.

- Жұмысқа беріліп істедім. Бұрын "экстремист" жұмыс істемеуі керек деп, рұқсат бермейтін. Сондағы істейтініміз "қара жұмыс" еді, - дейді Жанна Өмірова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "ЛА-155/4 түрмесінен хабарласып тұрмын..."

Жаннаның мерзімінен бұрын қамаудан босатуды сұрап жазған өтінішін алғашында қанағаттандырмаған Іле аудандық соты жеті жарым айдан кейін Өмірованың жазасын жеңілдетуге келіскен. Жарты айдан кейін өтелмеген жазаны бостандығын шектеуге ауыстыру туралы сот шешімі күшіне енгенде, Өмірова түрмеден шыққан.

Бостандыққа шыққан Жанна Өмірова әйелдер түрмесінің (ЛА-155/4 мекемесі) алдында өзін қарсы алған анасы Күләш Өміровамен бірге тұр. Жауғашты ауылы, Алматы облысы. 19 тамыз 2019 жыл.

ҮЙГЕ ОРАЛУ ЖӘНЕ БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР

Жанна Өмірова Азаттыққа түрмеден шыққаннан кейін түскен суреттерін берді. Бір суретте Жанна қос ұлы – 14 жастағы Әділ мен сегіз жастағы Ахматпен бірге түскен. Үлкен ұлы Талдықорғандағы спорт мектебінде оқиды, бокстан спорт шеберінің кандидаты. Биыл Қазақстанда жасөспірімдер арасында өткен чемпионатта финалда бақ сынаған. Кенже ұлы жаңа оқу жылында Қапшағайдағы мектептің үшінші сыныбына барады. Жанна түрмеде болғанда, балаларға қараған 66 жастағы Күләш Өміроваға ұлдары мен туыстары көмектескен.

Жанна Өмірова ұлдары Әділ және Ахматпен бірге.

Жанна Өмірова 2004 жылдан бері түрмеде отырған күйеуі Жакшибек Бимурзаевпен кездескісі келеді. Ол сот шешімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айтуынша "Әл-Каида" халықаралық террористік ұйымына кіретін топқа мүше болғаны үшін айыпты деп танылған. Қазір Бимурзаев Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеде (АК-159/7 мекемесі) отыр. Өмірова күйеуі жаза мерзімінің үштен екісін өтегенде (2020 жылы) мерзімінен бұрын босап шығады деп үміттенеді.

Тағы бір суретте Жанна Өмірова тұтқындалғанға дейін жеке кәсіпкер ретінде пайдаланып, телефон мен басқа да гаджеттер сатқан орында тұр. Өмірова ішкі істер органдарындағы жұмысын тастап, жеке кәсібін ашқанға дейін Алматы облыстық полиция департаментінің Талдықорған қаласындағы қаржы басқармасының инспекторы болған. Өзінің айтуынша, Жанна телефон құрылымын жақсы біледі. Микроскоп пен басқа да заманауи құрылғыларды пайдаланып, телефон микросхемасын жөндей алады. Жанна жақында жеке кәсібін қайта жандандыруды жоспарлап отыр.

Өмірованың атына заманауи гаджеттерді жөндеуге үйрететін шағын кәсіпорын да тіркелген. Ол бұл кәсіпорын орналасқан жерді Алматыдан жалға алып келген. Өмірова оқыту курстарының да жұмысын қайта бастағысы келеді. Түрмеге жабылғанға дейін Жанна шағын кәсібінің арқасында отбасын қиындықсыз асыраған.

"ЖҮЗІ АШЫҚ"

Жанна Өмірова өзін сенімі үшін соттағанын айтады. Өмірова өзін сүннет бағытын ұстанушы деп санағанымен, сарапшы оны исламдағы "мұсылман бауырлар" ағымына кіреді деген қорытындыға келген. Сот шешімінде Жаннаның қандай да бір тыйым салынған діни ағымға қатысы бары айтылмаған. Жанна "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі парақшасынан Кавказдағы қарулы исламшыл астыртын ұйымына қарсы Ресейде өткен арнаулы операция кезінде өлтірілген Саид Бурятскийдің аудиожазбасы табылғаннан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өмірова сотта аудиожазбаны парақшасына ғана бөліскенін, оны ешкімге таратып, насихаттамағанын айтқан.

Жанна Өмірова өзіне сот үкімі шыққан күні. Алматы, 14 маусым 2017 жыл.

Азаттық тілшісі 2017 жылы жазда Жанна Өмірованың ісі бойынша сот процесінде Жаннаның прокурордың айыптауларын жоққа шығарып, сотқа шақырылған теологпен пікір таластырғанына куә болған. Кейде бұл таласқа Өміроваға дінді интернеттен үйренбей, мешітке баруға кеңес берген сот араласып отырған. Бір сот отырысында Өміроваға судья: "Қазақстанға көңілдерің толмаса, мұсылман елдері бар" деген.

Жанна Өмірованың ісі бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті (осыған ұқсас қылмыстық істерді көбіне солар қарайды) зерттеу жүргізген. Соңғы бірнеше жылда терроризмді насихаттау бабы бойынша айыпталған ондаған қазақстандық түрмеге жабылған.

Биыл сәуір айында жарияланған АҚШ-тың халықаралық діни еркіндік бойынша комиссиясы жариялаған баяндамасында Қазақстан дін еркіндігіне қатысты "жүйелі, тұрақты заңбұзушылықтары бар" елдер қатарынан табылған. Баяндамада мемлекет исламның "дәстүрлі" сүннет бағытын, оның ішінде ханафи мазхабын ұстанатыны және одан бөлек ислам ағымдарына күдікпен қарайтыны жазылған.

"Менің" бабым бойынша жазасын өтеп жатқан радикалды және агрессивті адамдарды көрдім. Олардың діни көзқарасын өзгертуге көмектестім.

Жанна Өмірова Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде "терроризмді насихаттау" және "діни алауыздық туғызу" баптары бойынша жазасын өтеп жатқан басқа да тұтқындарды көргенін айтады.

- "Менің" бабым бойынша жазасын өтеп жатқан радикалды және агрессивті адамдарды көрдім. Олардың діни көзқарасын өзгертуге көмектестім. Бірде түрмеде сауалнама жүргізді. Біз шығарма жаздық. Менікіндей бап бойынша сотталған басқа әйелдердің діни көзқарастарын өзгертуге "еркін" теологтар мен психологтар емес, менің көмектескенімді жазғанын білген жоқпын. Менің өтінішімді қараған кезде осы жайт та ескерілген шығар деп ойлаймын.

Қамаудан босап шыққан Жанна Өмірова болашақта Алматыдағы университеттердің біріне оқуға түсіп, теологиялық білім алғысы келеді. Ондай білімі алдағы уақытта заңға байланысты қайшылықты жағдайларда көмектеседі деп сенеді. Өмірова соңғы екі жылда көп өзгеріс болғанымен, бұрынғы діни сенімінде қалғанын, өз ұстанымы экстремистік сипатта деп ойламайтынын айтады. Ол никабтан (әйелдің денесі мен бет-жүзін тұтас жауып, көзіне ғана саңылау қалдыратын киім) бас тартқанын, енді "бетін ашық ұстап жүретінін" айтады.