Ресейдің жаңа ядролық құралдары: аңыз әлде ақиқат?

Ресейдің "Сармат" баллистикалық зымыраны

2018 жылы наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин ядролық қарудың алты түрін таныстырып, "әлемде бұларға тең келетін ештеңе жоқ" деді. АҚШ та, Ресей де биыл ақпанда 1987 жылғы орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығатындарын мәлімдегендіктен ядролық қару жасаудың жаңа кезеңі басталып келе жатқан сыңайлы. Путин әлемде Ресейдің жаңа зымырандарындай зымыран жоқ дейді. Мұнысы рас па?

"АВАНГАРД"

Авангард - дыбыстан жылдам сырғымалы құрал құрлықаралық зымыранмен жөнелтуге лайықталған. Ұшырылған соң ол атмосфераның үстіңгі қабатында қалықтап, 20 махқа дейінгі жылдамдықпен (бұл дыбыс жылдамдығынан 20 есе шапшаң) жүйткиді. Ол ядролық немесе басқа да жүкті тасымалдай алады.

"Авангардтың" нысанаға қарай бет алуы. Компьютерлік графика

АҚШ-та зымыранға қарсы қорғаныс құралдарын орнату ісіне қоғам назарын аударумен айналысатын үкіметтік емес ұйым - "Ядролық зымыраннан қорғаныс альянсының" (MDAA) айтуынша, маневр жасау мүмкіндігі мен әмбебаптығына байланысты бұл құралды “стратегиялық тұрғыда бағалы” қаруға жатқызуға болады.

Ресейдің ядролық арсеналын зерттеумен айналысатын Мәскеуде орналасқан үкіметтік емес ұйым - “Ресейдің ядролық қуаты” жобасының директоры Павел Подвигтің айтуынша, “Авангардты” “сәтті шыққан жоба деп санауға болады және ол келесі жылы қолданыла бастауы мүмкін деген болжам бар”.

ДЫБЫСТАН ЖЫЛДАМ Х-47M2 “КИНЖАЛ” (ҚАНЖАР) ЗЫМЫРАНЫ​

Жаңа "Кинжал" зымыранын тасыған ресейлік MiG-31 әскери ұшағы

“Кинжал” қазірдің өзінде әскери арсеналда пайдаланылып жүр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, 10 MiG-31 тікұшағы осы зымыранды тасу үшін қайта жабдықталған. MDAA дерегінше, зымыран ұшырылғаннан бірнеше секунд өткен соң дыбыс жылдамдығымен жүйткіп, ұшудың кез келген кезеңінде маневр жасай алады. Бұл рас болса, онда ол АҚШ-тың қазір бар әуе және зымыраннан қорғаныс жүйесінің барлығынан асып түседі.

RS-28 “САРМАТ” ҚҰРЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛЛИСТИКАЛЫҚ ЗЫМЫРАНЫ​

Ресейдің жаңа "Сармат" баллистикалық зымыраны. Ресей, шілде айы 2018 жыл

Аса ірі RS-28 құрлықаралық баллистикалық зымыраны әлі дайындалып жатыр. Ресейдің стратегиялық ядролық күштері “Сарматты” бірнеше рет жеңіл сынақтан өткізген. Мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, биыл оны ұшыру сынағынан өткізу жоспарланған. MDAA-ның айтуынша, RS-28 – “АҚШ-тың әлеуетімен тең келетін, тіпті одан асып түсетін құрал, ол Ресейдің ядролық супердержава рөлін нығайтуға мүмкіндік береді”. Ал Подвигтің айтуынша, бұл зымыран “дәстүрлі”, яғни тексеруден өткен ескі технологияларға сүйенеді.

9M730 “БУРЕВЕСТНИК” ЯДРОЛЫҚ ҚАНАТТЫ ЗЫМЫРАНЫ

"Буревестник" зымыранының құрастырылу сәті. Ресей қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған видеодан скриншот

Бұл қару туралы ақпарат аз. Ресми ақпарат құралдары “Буревестниктің” құрастырылып жатқанын хабарлаған. АҚШ-тың ядролық барлау мәліметтеріне қарағанда, осы күнге дейін белгілі болған 13 сынақтың біреуі ғана біршама сәтті болған.

The Diplomat газетіне сұхбат берген АҚШ-тың үкімет өкілінің пікірінше, қаңтардың 29-ындағы соңғы сынақ жартылай сәтті болған. Инжернерлік тұрғыда қиын болғандықтан әрі қауіпсіздік мәселесіне байланысты осы күнге дейін бірде-бір ел ядролық реакторы бар қанатты зымыранды қолданысқа енгізген жоқ. Павел Подвигтің айтуынша, бұл – шынымен революциялық қару болуы мүмкін, дегенмен ол бұл үмітті ақтай ма, жоқ па, бұл жөнінде бірдеңе айту ертерек.

“ПОСЕЙДОН” СУАСТЫ ДРОНЫ

Сынақтан өтіп жатқан "Посейдон" суасты дроны

Путин ақпанның 2-сінде “Ресейдің жаңа суасты қаруы теңіздегі сынақтың маңызды кезеңін сәтті аяқтады” деп мәлімдеді. АҚШ қорғаныс департаменті жасаған "Американың 2018 жылғы ядролық саясатына шолуға" сенсек, “Посейдон” – “ядролық қаруы бар, ядролық отынмен жүретін, жаңа құрлықаралық теңізасты торпедосы”.

Ресей қорғаныс индустриясындағы дереккөздер осы жылдың басында ТАСС-қа берген сұхбатында қару жүйесі іске жарамды деп танылып, қолдану сынақтарынан өткен соң Ресей әскери-теңіз күштері “Посейдон” сырттан басқарылатын суасты көлігінің 30 данасын пайдалана бастайды дегенді айтқан. Павел Подвигтің айтуынша, “Посейдон” – “Ресей қорғаныс саласының жеңісі” деп қорытынды жасау әлі ерте.

“ПЕРЕСВЕТ” ЛАЗЕРЛІК ШАБУЫЛДАУ ЖҮЙЕСІ

"Пересвет" лазерлік шабуылдау жүйесі

Энергетикалық қуаты күшті “Пересвет” лазерлік қаруы 2018 жылы желтоқсанның 1-і күні пайдалануға жарамды деп жарияланды. Мәскеу бұл қаруға қатысты мәліметтерді жарыққа шығару әлі ерте деп отырғандықтан, оның детальдары туралы ақпарат өте аз, тіпті оның қуат-күші, қандай мақсатқа қолданылатыны белгісіз. Қолда бар суреттерге қарасақ, оның АҚШ әскери-теңіз күштерінің USS Ponce әскери кемесімен 2017 жылы теңізге шыққан “Лазерлік қару жүйесіне” ұқсастығы байқалады.

Popular Mechanics ғылыми-көпшілік журналының пікірінше, қуаты төмен лазер кішкентай дрондар мен электро-оптикалық құралдарды (соның ішінде адамның көз алмасын) күйдіріп жіберуге қауқарлы. Басылымның жазуынша, қуаты күштірек лазер “үлкенірек дрондар мен ұшқышы бар шағын ұшақтарға қауіп төндіре алады”.