"Папаларың келеді деп жүрмін". Қаңтарда атылған малшы жігіт отбасының өмірі

Марқұм Ерназар Қырықбаевтың балалары.

Талдықорған тұрғыны Ботагөз Көптілеуова 26 жасында бес баламен жесір қалды. Малшы күйеуі Ерназар Қырықбаевты Қаңтар оқиғасы кезінде әскери бөлім жанынан өтіп бара жатқанда атып тастаған. Марқұмның адвокаты істің "адам өлтіру" бабымен тергелуіне қол жеткізе алмады.

СОҢҒЫ ӘҢГІМЕ

Ботагөз жеті айлық Жанеркені ұстап, кереуеттің шетінде отыр. Егіз туған қыздардың екіншісі – Назерке жанында ұйықтап жатыр.

Тағы үш бала шешесін айналсоқтап ойнап жүр. Шулаған балалар Азаттық тілшілерінің камерасын жиі жауып қалады.

Ерназар мен Ботагөз ерте үйленген. Екеуі әуелі Жетісу облысы Сарқан ауылында – күйеуінің шешесінің қолында тұрған. 2013 жылы Ерназардың анасы қайтыс болған соң қалаға көшіп келіп, пәтер жалдап тұра бастайды.

2014 жылы – тұңғыш қызы Қарақат, 2015 жылы – ұлы Нұрәлі, 2019 жылы Әлинұр туады. "Ерназар балажан еді" дейді Ботагөз.

Талдықорғанда атылған малшы Ерназар Қырықбаевтың жесірі Ботагөз Көптілеуова.

Әйел аспаздың оқуын оқыған. Ерназардың мамандығы – дәнекерлеуші. Бірақ бұл салада жұмыс істемеген. Ерназар отбасын қара жұмыспен асырап келген.

Кейінгі уақытта Ерназар қала шетіндегі шаруашылықта жұмыс істеп жүрген. Жылқы бағады, малдың жем-шөбін салады, кейде трактор да айдайды. Бес күн қожалықта қонып, сенбі-жексенбі үйіне келеді.

6 қаңтар күні бейсенбі болатын. Ерназар әдеттегідей жұмысында жүрген.

Бұл күні Талдықорғандағы дүрбелең басылғанымен, жағдай әлі тұрақтамаған. Бір күн бұрын мыңдаған адам билікке қарсы наразылыққа шығып, ашулы жұрт әкімдік алдындағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатқан.

Ерназар таңертеңгі сағат тоғыздан асқанда Ботагөзге хабарласып, үйдің жағдайын біліп, бір сағаттай тұңғышы Қарақатпен сөйлеседі. Түскі 12:00 шамасында тағы хабарласады. Ерназар "Қызыммен сөйлескім келіп тұр" деген. Қарақат екеуі сағат бірге дейін сөйлеседі. Бұдан соң "малды қайтарып келейін" деп, қызымен қоштасқан.

Бұл Ерназардың үйдергілермен соңғы рет сөйлесуі еді.

МАЛШЫЛАР ЖОЛЫ

Ерназар жұмыс істейтін шаруашылық Талдықорғаннан бес шақырымдай жерде тұр. Қарсы бетінде – әуежай. Ал қожалық иелік ететін 300 гектар жер № 18404 әскери бөліммен шектеседі.

Аумағына темір қоршау қойылып, өткір сым ілінген әскери бөлім қожалықтағы жұмысшылар мен жылқы өтетін жолдан 150 метрдей жерде тұр. Қожалық иесінің айтуынша, бұл маңда шаруашылық барын әскери бөлімдегілер "өте жақсы біледі".

Азаттық тілшісі адвокат Қадыр Берденмен Ерназар мал айдаған жолмен жүріп қайтты.

Талдықорғанда малшы Ерназар Қырықбаев атылған жол. Сол жақтағы ағаш арасында тұрған мекеме – № 18404 әскери бөлім.

– Сол жағыңыздағы талдың арасында тұрған – әскери бөлім, – дейді адвокат көлік ішінде қолын созып. – Мына біз кетіп бара жатқан жол – кәдімгі жол. Айналаның бәрі – жайылым жер. Бұл жол мал қарауға, мал айдап өтуге жасалған. Жолдың әскери бөлімге, әскери бөлімнің бұл жолға ешқандай қатысы жоқ. Ерназар атқа мініп, түскі асын ішіп болған соң осы жолмен жылқы айдап келуге бара жатқан.

Елде бұл кезде аласапыран боп жатқан еді. Ірі қалаларда интернет бұғатталып, байланыс нашарлады. Мемлекеттік телеарналар Қазақстанға шетелде дайындықтан өткен мыңдаған бандит келгені, әскери қызметкерлердің басы кесіліп, ұрлық пен зорлау жайлағаны туралы қорқынышты хабар таратып жатты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматының іргесінде содырлар мен қарулы күштер сарбаздары арасында кескілескен ұрыс жүріп жатқанын айтты. Ешқандай айқас болмағаны, шетелден террористер келмегені кейін белгілі болғанымен, дүрбелең тұсында бұл хабардан жұрттың көбі үрейленіп қалды.

Талдықорғандағы әскери бөлім де билік мәлімдемелерінен сескеніп қалды. Сол күндері қала шетіндегі әскери бөлімге ешкім таяп бармаған, шабуыл да жасалмаған. Бірақ қаладағы оқиғадан соң басшылық бөлім қауіпсіздігін күшейтеді. Жеке құрамға қару таратып, қоршауға айнала күзет қояды.

Сағат 14:00 шамасында әскери бөлімнен жүз метрдей жерде кетіп бара жатқан салт атты қарусыз адамға – Ерназар Қырықбаевқа 15 оқ атылады. Малшыға оның бесеуі тиген.

Талдықорғанда атылған малшы Ерназар Қырықбаевтың жұмыс істейтін шаруашылық маңы.

Оқ атылғанын естіген әскери бөлімдегі медициналық қызмет жұмысшылары Ерназарды бөлімге көтеріп апарып, жедел жәрдемге салып жібереді. Малшы мінген жылқы да оқ тиіп өліп, жол бойында қалған.

Сағат 16:00 шамасында Ботагөзге ауруханадан хабарласады.

– "Күйеуіңіз ауыр халде" деді. Ұшып барып едім, дәлізде бір сағат күттіріп қойды, – дейді Ботагөз. – Сөйтсем әлдеқашан қайтыс болып кеткен екен. Аяғым ауыр болған соң бірден айта алмапты.

Ерназардың сүйегін сарбаздар сол күні мәйітханаға жіберген. Ботагөзге марқұм күйеуін бір аптадан соң ғана береді.

ОҚТАРДЫҢ ШЕШІЛМЕГЕН ЖҰМБАҒЫ

Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан адам деп әскери бөлімнің 21 жастағы қызметкері Марк Злуняев аталды. 20 қазанда Алматы гарнизоны әскери сотында Злуняевтің үстінен "билік өкілетін асыра пайдалану" бабымен қозғалған қылмыстық іс қарала бастады.

Сот кезінде Ерназардың қазасынан соң әскери бөлім өз ішінде қызметтік тексеру жүргізгені белгілі болды. Келісім шарт бойынша қызмет атқаратын Злуняев малшы оққа ұшқаннан кейін де қару ұстап, бөлім күзетуді жалғастыра берген.

Сотталушы Злуняев сот отырысының бірінде Ерназар "әскери бөлімге қарай шауып келе жатқанын", "тоқта" деген ескертуді тыңдамағанын айтқан. "Атын ғана атсам, өзі әрмен қарай жүгіре берер еді. Маған оны тоқтату керек болғандықтан өзін де аттым" деді.

Марқұм Ерназар Қырықбаев.

Ерназар қаза болған маңда 11 қарашада өткен көшпелі сот отырысында судья Ержан Абдуллин күдікті Злуняевтің "Қырықбаев бөлімшеге атпен шауып келе жатты" деген уәжін нақтылап, бірнеше қайтара сұрақ қойды.

– Сіздің айтуыңыз бойынша, Қырықбаев сізге қарай шауып келе жатқан. Постыда тұрған жеріңізге қараңыз. Әне, бір солдат қарап тұр, – деді судья Абдуллин әскери бөлімді нұсқап. – Қырықбаев бөлімге қалай шауып келе жатты?

– Ана жерден шыға келді, – дейді Злуняев әскери бөлімге қарсы тұрған қырды көрсетіп.

– Ал оқтардың Қырықбаевқа да, жылқыға да сол жақ бүйірінен тигенін қалай түсіндіресіз?

– Білмеймін.

– Ол сізге қарай шауып келе жатса… Оның үстіне сіз мерген екенсіз. 100 метр жерден тигізіпсіз. Жәбірленуші сізге шауып келе жатса, логика бойынша, оқтар жылқының басына не төсіне, жәбірленушінің кеудесіне тиюі керек еді ғой. Қырықбаевтың да, жылқының да денесіне оқ сол жақтан тигенін қалай түсіндіресіз?

– Оны атып жатқанымда ештеңе байқалмады, – дейді күдікті Злуняев. – Тиіп жатыр ма, тиіп жатқан жоқ па – көрінбеді. Жай құлап қалды.

Марқұм малшы Ерназар Қырықбаев мінген жылқы жол жиегінде өліп жатыр.

Сот кезінде әскери бөлім басшылары Злуяневтің әрекеті дұрыс болғанын, егер сотталушының орнында болса, өздері де солай істерін айтты.

16 қарашада сот үкімі шығып, Злуняев «билік өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен алты жылға сотталып, қамауға алынды. Екі тараптың да адвокаттары үкіммен келіспейді.

– Жынданып кеткен біреу болмаса, жалаң қолмен өзінен-өзі бөлімге кім шабады? – дейді адвокат Берден. – Осының бәрін ескеріп, сотқа өтініш хат түсірдім. "Билігін асыра пайдалану" емес, "адам өлтіру" бабын қолдануға тиіспіз" дедім. Қанағаттандырмады. Қасақана адам өлтіріп отыр. Жай ғана атып отырған жоқ. 15 оқ атқан! Істі қайта қарау туралы тағы арыз түсіремін.

Үкім шықпастан бұрын сотталушы Злуняев марқұмның әйелі Ботагөзге көңіл айтты.

– Біреуді өлтіремін, бір үйді асыраушыдан айырамын деген ойым болмады, – деді Злуняев. – Мен бар болғаны постыда тұрып, тапсырманы орындадым. Бұйрықты орындадым.

ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР

Марк Злуняев – кемінде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейінгі бір жыл ішінде адам өлімі бойынша сотталған жалғыз жауынгер.

– Бірақ әскери бөлімде оқ атуға бұйрық берген адамдар жауапқа тартылмады. Олар да жазалануы керек еді, – дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. – Қырықбаевтың ісі – кім атқанын, қалай атқанын анықтау үшін емес, таза саяси мақсатпен қозғалған іс. Халықаралық ұйымдар сынына қалған Астана ертең ең болмаса бір мысал келтіріп отыру үшін Қырықбаевтың ісі бойынша бір әскери адамды соттап қойды.

20 желтоқсанда халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің Қаңтар оқиғасы кезінде жапа шеккендер ісін тергеу барысын сынға алған.

Қаңтар құрбандарын еске алу бойынша Алматыдағы қаралы жиыннан көрініс. 13 ақпан 2022 жыл.

Ұйымның Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн "Қазірге дейін қаңтардағы наразылыққа қатысқан мыңнан аса адам сотталды. Ал Талдықорған шетінде өлтірілген 24 жастағы бейбіт азамат Ерназар Қырықбаевтың ісі бойынша тек бір адам – шартпен істейтін әскери қызметкер сотталды" дейді.

Тамыз аяғында Қазақстан Бас прокуратурасы марқұмдар тізімін жариялап, азаматтар қазасы бойынша 200-ден аса қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Істер көбіне "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабымен тергеліп жатыр. Оқиғадан бергі бір жыл ішінде бұл істің кейбірі тоқтап, кейбірін тергеу жылжымай қойды.

Наурыз, сәуір, маусым айларында Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында оққа ұшқан 59 адамның қазасы бойынша қозғалған істерді тергеу тоқтатылды. Бас прокуратура азаматтарға оқ атқан құқық қорғау органы қызметкерлерінің әрекетінен "қылмыс құрамын таппаған". Есесіне билік Тараз бен Қызылордада опат болған марқұмдарды "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп соттағалы жатыр. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 238 адамның 67-cі "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен күдікке ілінген.

Human Rights Watch жазуынша, Қазақстан билігінің құқық қорғау органдарының әрекетіне көз жұмып, наразылыққа қатысушыларды ғана жазалауы алғаш емес. "Мұндай үрдіс 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығынан соң да, 2016 жылы мамырда өткен [жер митингілерінен кейін] де болды" дейді ұйым.

27 желтоқсанда Азаттық тілшісі Бас прокуратурадағы арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтан "Неге полиция мен әскери қызметкерлер үстінен "адам өлтіру" бабымен бірде-бір іс қозғалмады?" деп сұрады.

– Әскери адам болған соң қоғамдық қауіпсіздік қорғау мақсатында оның қару қолдану құқығы пайда болады, – деп жауап берді Бас прокуратура өкілі.

"АЛЫСТА ЖҮР" ДЕЙМІН"

Ботагөз көзі жасаураса да, Азаттық тілшілерімен ұстамды сөйлесіп отыр. Ұяң келіншек сұрақтарға қысқа жауап қайырады.

Ерназар қаза болғалы шиеттей бес бала Ботагөздің мойнында. Күзде жүрегі мен бүйрегі ауырып, бір ай ауруханада жатқан. Бүйрегінен тас алып, стент қойған. Қазір балаларға шешесі қарасып жүр.

Ботагөзге күйеуі өлгелі 35 мың теңге атаулы әлеуметтік жәрдем түседі. Көп балалы әйел ретінде алатыны – 60 мың теңге. Бес бала мен өзі осы ақшаға жан бағып отыр.

Қазір отбасы Талдықорғандағы үш бөлмелі жер үйде тұрады. Белгісіз демеушілер жазда отбасына баспана алып берген. Күн жылы кезде сатып алған үйде сыз барын байқамапты. Ботагөз де, балалар да күрк-күрк жөтеледі.

Талдықорғанда атылған малшы Ерназар Қырықбаевтың сұхбат беріп жатып көңілі босаған жесірі Ботагөзді балалары жұбатып отыр.

Әйел балаларға әкесінің қазасын әлі естірпеген.

– Үлкендері сұрайды папасын. "Жұмыста жүр. Алыс жақта жүр. Алла бұйырса, келеді" деймін. Абайлап айтып көргем. Үлкен қызым бақырып жылады, – дейді Ботагөз. – Сосын алдап, қайта жұбатып алдым. Қарақатқа сыныптастары "Сені папаң алып кетпейді", "Папаң өліп қалған сенің" деп тиіседі екен. Сабаққа екі айдан бері бармай жүр.

Ерназар "үй алуды, балаларды оқытып, азамат қылуды" армандайтын. Ботагөздің ендігі өмірі туралы "нақты жоспары жоқ". Бар ойы – балаларды жеткізу.

Ол күйеуін атқан адамға кесілген сот үкімімен келіседі. Бірақ әскери қызметкердің "міндетімді орындадым" деген сөзіне налиды.

– Міндетім екен деп атып тастауға болмайды ғой. Жануар емес қой. Мал емес қой далада жүрген…

Көңілі босаған Ботагөздің әңгімесін аяқтауға шамасы келмеді. Ентігіп ұзақ жылаған анасына балалар таңырқай қарап, құшақтап жұбата бастады.