"Бізді адам құрлы көрмейді". Қазақстандық шахтердің ауыр еңбегі мен өмірі, кеншілерді құтқарушының әңгімесі

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Қазан айының аяғында Қарағандыдағы Костенко атындағы кеніште болған жарылыстан 46 адам қаза тауып, 18 адам жараланды. Кейінгі 30 жылда аймақтағы шахталарда 200-ден астам қазаға ұшыраған. Соған қарамастан олардың мыңдаған әріптесі осы саладағы түрлі қызметте жұмыс істеп жатыр. Қауіп-қатерге бас тігіп, жер астына түсуге мәжбүр. Оның бір ғана себебі бар: басқа шарасы жоқ. Азаттық кеншілер мен тау-кен құтқарушыларының әңгімесін жазып алды.

Жандос Сәдуақасов, 34 жаста, Ақтас ауылының кеншісі

– Шахтаға ақша үшін бардым, өйткені ақша жеткізер емес. Ол кезде маңайымдағы кеншілердің бәрі ауқатты өмір сүріп жатқандай көрінетін.

Екі бірдей жоғары білімім бар, біреуі заңгердің, екіншісі экономистің дипломы. Бірақ тамыр-танысың болмаса, бұл мамандықтармен жақсы жерге қызметке тұра алмайсың, оны жұрттың бәрі біледі. Шахтаға дейін Саран қаласының кәсіпкерлік бөлімінде маман болып жұмыс істедім. Бірақ олардың жүйесіне үйрене алмай, кетіп қалдым. Содан кейін әскери бөлімде шарт бойынша істедім. Басқа да жұмыстарды көрдім, тек жалақысы аз болғандықтан кетіп қалдым. Содан соң жергілікті оқу ғимаратының қазандығында пеш жағушы болдым.

Шахтер Жандос Сәдуақасов

Өзіңіз ойлаңыз: отбасың бар, балалар өмірге келеді, ал ақша түкке жетпейді. Кейде тіпті қазандықтағы жұмысымнан шығып, кешке қарай аз да болса ақша табу үшін автобус жуатынмын. Сонда да ақша жетпейтін.

Сондағы бір оқытушы бұрын шахтер болған екен. Ол маған кеніште жұмыс істеу үшін курстан өт деп кеңес берді. Бірақ ол кезде оқитын да ақша болмаған. Кейін әйелім босанып, жөргекақы алды. Сосын маған осыдан 60 мың теңгені оқуыңа бөлейік деді. Ақшаны жұмсауға қатты ұялдым, себебі ол "балалардың" несібе ақшасы ғой. Дегенмен тәуекелге бел будық. Жарты жыл жерасты электр слесарінің оқуын оқыдым. Әрине, қорқыныш болды, өйткені шахтада жұмыс істеу қауіпті ғой. Оның үстіне, оған жұмысқа кіру де оңай емес. Кезегімді күттім. 2018 жылы Ақтас ауылындағы Күзембаев атындағы шахтаға жұмысқа тұрдым.

Таңғы бесте тұрамын. Үйім жақын жерде. Алтыдағы жұмысқа үлгеру үшін төртте тұратындар да бар. Ауысымнан кейін арнайы киіміңді сол шахтаға қалдырып кетесің. Олар жуып қояды, таңертең тазасын киесің. Бірақ бұл қызметті бәрі бірдей пайдаланбайды.

Жерасты электр слесарі – әмбебап жұмысшы. Мен тау жынысын сорып шығаратын тік ұңғыда жұмыс істеймін. Оның түбі тереңге кетіп жатыр, сондықтан биікте үнемі сақтандыру белдігімен жүремін. Иә, қауіпті. Шахтаның кез келген жерінде қатер бар. Бірақ бәрінен бұрын үңгушілердің жұмысы қауіпті.

Көп нәрсе шахта директорына байланысты. Біздің басшыны жігіттер құрметтейді. Мұндай қауіпті жұмыста ұжымның көңіл-күйін көтеріп, қолдап тұру өте маңызды. Ол өте жақсы адам. Біз де бір-бірімізге көмектесеміз.

Құрал-сайманымызды арқалап, кенішті бойлай бірнеше шақырым жаяу жүреміз. Бізге фитнеске барудың қажеті де жоқ: үнемі жүгіресің, терлейсің, әбден шынығып шығасың.

Басқаларды білмеймін, өзім жалақыма көңілім толады. Өйткені басқа жұмыстармен салыстырамын. Он шақты жерде жұмыс істедім, мұндай жалақыны ешкім берген жоқ. Отбасыма жетеді: 400 мың теңгеге жуық табысым бар, оған қоса әйелім де жұмыс істейді. Еңбекпен келген нан тәтті демекші, адал ақша тауып жүрміз. Шахтада 33 күн демалысқа ақы төленеді. Жергілікті санаторийлерде демалуға, емделуге болады. Балаларды лагерьге де тегін жібереміз.

Шахтаға жұмысқа тұрғанға дейін өз үйім болмаған, ауылда үй жалдап тұрдым. Әйелім жүкті еді. Екінші жылы ипотекаға пәтер алдым, кейін ескілеу көлік сатып алдым. Яғни, аяққа тұра бастадым. Одан соң ақырындап мешіт салуға ақша жинауға көштім. Қазір оның құрылысы аяқталды. Ол – арманым еді. Халық та көмектесті. Ипотекамды да жаптым. Отбасымыз үлкейіп, көлігімді жаңарттым (Жандос Сәдуақасовтың үш баласы бар – ред.) Жиһаз сатып алдым. Басқа несиелерім жоқ емес, әрине.

Шахтада жасы келіп қалған кеншілер көп, жастар аз. 63 жасқа дейін жұмыс істеу қиын, оныңыз не, 50 жастан кейін қиындай бастайды. 63 жасқа дейін әкімдікте немесе журналист болып жұмыс істеуге болатын шығар, бірақ жер астында мүмкін емес. Шахтерлерге зейнетке шығуға ең қолайлысы – 50 жас. Қан қысымы, жүрек соғысы, көздің қарашығы – бәрі жер астына түсерде тексеріледі. 60 жастан асқан шахтерге мұндай тексерістен өту қиын. Өмір бойы шахтада жұмыс істейтіндерге жаным ашиды.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Кейінгі жылдарда қоғамдық жұмыстармен де айналыстым, биыл ең болмағанда ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қол ұшын созайын деп, депутаттыққа үміткер болдым. Бірақ жолым болмады. Бюллетендерді санап, дауыс беру қорытындысын жоққа шығаруға тырысқанымызда жұмысқа әкімдіктен, прокуратурадан қоңырау шалыпты. Жұмыс орнымнан айырылып қалам ба деп қорықтым. Құдайға шүкір, бастықтарым жақсы. Сөйтіп, қоғамдық жұмыспен қош айтыстым. Енді балық аулауға көңілім ауып жүр.

Костенкодағы қайғылы оқиға қабырғамызды қайыстырды. 46 бауырымыз қаза тапты. Таңертең балалар ұйықтап жатқанда жұмысқа кетіп бара жатып ойлап қоямын: осы кеткеннен қайтіп келмесем не болады? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Алмас, 23 жаста, Шахтинск қаласының шахтері:

– Осыдан бес жыл бұрын шахтаға жұмысқа кірдім. Бала күнімнен осы кенші болуды армандайтынмын. Осында жұмыс істек – нағыз ерліктің белгісі.

Оқыдым, шахтаға жұмысқа тұрдым. Өмірімдегі алғашқы маңызды қызметім. Атам да шахтер болған, кенжарда жұмыс істеді, оттың ортасында жүрді. Кейін әжеме: "ол жерде жарылғыш бөшке бар, жұмыстан кетемін", – деп, шығып кеткен.

Шахтаға жұмысқа неліктен құлшына бардым? Себебі сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың (елдің бұрынғы президенті – ред.) техникалық мамандықтарды дамыту керек деген жолдауы шыққан еді. Сонда мен шынымен қазір жұмысшы мамандықтары аз деп ойлағаным бар. Бірақ кейін Қазақстанда мансап жолында ілгерілеу үшін жүйенің бір бөлшегі болып, үнсіз жүруің, маман болсаң да, болмасаң да, ештеңеге мұрын тықпай тек жүруің керек екенін түсіндім. Ал егер аузыңа ие бола алмасаң қызыл дипломың болсын-болмасын, ештеңеге қол жеткізе алмайсың.

Мен таңғы 4.40-та оянамын. Таңғы ас ішпеймін, тез-тез жиналып, үйден шығып кетемін. Алдымен автобус аялдамасына, сосын шахтаға барамын. Жарты сағатта жетіп аламын. Дәрігерге кіріп, тексеруден өтеміз, наряд алып, қол қойып, киімімізді ауыстырып, құрал-жабдықтарымызды жинап, "шамханада" белгіленіп, жұмыс орнымызға барамыз. Ауысым аяқталған соң автобус жұмысшыларды өз аялдамасына жеткізіп тастайды.

Ата-анам алаңдап отырады, анам жұмысым қауіпті екенін үнемі айтады. Мен оған қауіп барлық жерде барын айтып түсіндірдім. Бірақ кейінгі кездері апаттан көз ашпай, адамдар қаза тауып жатқанын көргенде, шахтаның шынымен ерекше қауіпті екенін түсіне бастадым. Өйткені ол жақта бәрі былыққа белшеден батқан.

Жер астында алты сағаттан ұзақ қалуға болмайды. Бірақ кейде бір жұмыстарды аяқтау керек деп қалып қоямыз.

Жерасты электр слесары шамамен 400 мың теңгедей жалақы алады. Үңгуші мен кен өндірушінің жалақысы 700-800 мың теңгеге жуық, бірақ ол адам төзгісіз жұмыс. Костенко шахтасындағы жарылыс дәл сол кен өндіретін учаскеде, кен қазып алып жатқан кезде болған.

Бұрын шахтер – еліміздің әлеуметтік және саяси тірегі саналатын. Шахтинск қаласындағы үйлердің қабырғасында сондай мазмұндағы ұрандар жазылған мұралдар тұр. Бұрын қара жұмысшыларды құрметтейтін, адамдар елдің игілігі үшін қызмет етіп, көмір өндіретін. Қазір бәрі өзгерген. Шахтадағы жұмысымен отбасын асырап отырғандар көп, бірақ мен оларды елдің тірегі деп есептемеймін. Олардың еңбегі құнсызданып кетті. Шахтерді адам құрлы көрмейді. Бұрын ғарышкермен бірдей құрметке ие еді, қазір тіпті кіммен салыстыруға болатынын да білмеймін.

Қарағандылық шахтерлер

Кеншілер әріптестерінің қаза тауып жатқанына наразы. Бірақ наряд берген кезде наразылығын білдірмей, үн-түнсіз төмен түсіп кетеді.

Алайда әріптестердің қазасы психологиялық тұрғыдан еңсеңді езеді. Сұмдық жарылыстар болып жатқанын біле тұра жер астына түсуге мәжбүр, өйткені басқа барар жері жоқ, отбасын асырау керек.

Маған жұмысым ұнайды, бірақ онда жағдай нашар. Әрине, жалақы маңызды, өйткені қалада басқа жұмыс жоқ, барлығы шахтаға тәуелді. Маңайда төрт елді мекен бар. Шахтинск, Шахан кентінің, іргелес Придолинка, Долинка кенттерінің, Қарағанды совхозының тұрғындары – барлығы, негізінен, шахталарда жұмыс істейді.

Құдайға шүкір, мен ешқандай қауіпті жағдайға тап болып көрген жоқпын. Достарым мен әріптестерім тамызда "Қазақстан" шахтасындағы өртте болды. Өзін-өзі құтқару құрылғысы іске қосылғанға дейін қай жақтан шығарын білмей, көзі жасаурап, жас ағып, бойын қорқыныш билеп, айнала қарауытып, тұншығып өліп қала жаздаған. Тіпті 20-30 жыл жұмыс істегендердің өзі кеңістікте адасып, абдырап, қайда барарын білмей қалған. Тірі қалғандар психологиялық соққы алды, қатты күйзелді. Өлердей қорыққан. Қазір ақырындап ес жиып жатыр, өйткені жұмыс істеу керек. Сен ес жиғанша ешкім күтіп отырмайды ғой.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Мен жұмысқа тұрғалы жағдай ушығып келеді. Бүгінгі апаттың бәрі – жоспар мен нәтиже қуудың салдары. Бастықтар жұмысшыларды қамшылайды: кен өндіру керек, өйткені олардан жоғарғы жақ талап етеді. Біздегі жүйе сондай: егер жоспарды орындамасаң, сыйақы алмайсың, сол себепті адамдар қауіп-қатерге бас тігеді. Бірақ менің ойымша, ақша адамның өмірінен қымбат емес. Өліп қалсаң, ол ақша кімге керек? Осы жоспар, өндірістік көрсеткіш қуу деген жүйені өзгертпесе, қауіпсіздік техникасын сақтау мүмкін болмайды.

Олардың шахтерлерге деген қарым-қатынасын көріп жүрмін. Адамдардың ешқандай құқығы жоқ. Ештеңе өзгермей тұр. Бүгін болмаса ертең мұндай жағдай сенің де басыңа келуі мүмкін. Сол үшін бұл жақтан кеткім келеді. Себебі қорқамын.

Шахтерлердің көбі ауыз ашуға қорқады. Бірақ оның екінші жағы тағы бар: жұмыс өміріне қауіп төндіретінін көріп, істеуден бас тартқан адамдар кейін қысымға тап болып жатады.

Шахтерлер өзін-өзі құрметтесе ғана кәсібінің беделін көтере алады. Еуропада шахтерлердің табысы – төрт жарым мың доллардан басталады. Біздің олардан қай жеріміз кем? Олардың жұмысы бізге қарағанда қауіпсіз, мемлекет шахтерлерге қамқор болады, инвесторларды тексереді. Ал бізде жағалай апат, қайғылы оқиға. Құрылғылар ескі, қауіпті. Қашанғы осылай бола береді? Сол үшін бізге қажет болса, Еуропадағы шахтерлерден екі есе көп жалақы төлеуге тиіс. Біздің елде мегаполистерде қызмет көрсету саласында істейтіндердің өзі шахтерлермен бірдей табыс табады. Бұл не сонда? Біз кез келген сәтте өліп қалуымыз мүмкін екенін біле тұра жұмыс істейміз, бірақ алатынымыз тиын-тебен.

Фархат Фазылов, 43 жаста, қарағандылық тау-кен құтқарушысы:

– Тау-кен құтқарушысы болып жұмысқа тұрғанға дейін көп жыл өрт сөндіруші болып қызмет істедім. Жалпы бұл саладағы еңбек өтілім – 15 жыл. Тау-кен құтқарушы болған себебім, жұмыстың мән-жайымен таныспын. 2021 жылдан бері істеп жатырмын. Оған қоса Қарағандыдағы білім беру орталығында өндірістік қауіпсіздік курсында сабақ беремін.

Қарағандылық тау-кен құтқарушысы Фархат Фазылов әріптестерімен бірге шахтадағы апаттан кейін автобус ішінде

Құтқарушы әріптестерім сияқты мен де қосымша жұмыс істеймін. Себебі жалақымыз жетпейді. Үйім жоқ, пәтер жалдап тұрамын. Әйелім, үш балам бар.

Біз 500 мың теңгеден кем жалақы алмауымыз керек деп есептеймін. Қазіргі жалақымыз одан екі есе аз. Қызметіміз шахтерлердікі сияқты аса қауіпті. Апат орнын тазартуға, адамдарды құтқаруға барасың, ол жерден аман шығасың ба, жоқ па, білмейсің. Шахталарда тозаң тұнып тұрады, болмашы от ұшқыны шықты ма, бітті.

Бірақ жұмысым ұнайды. Балаларым әкесінің құтқарушы болғанын мақтан тұтады. Үлкен ұлым кейін осы салада жұмыс істеу үшін ТЖМ университетінде оқығысы келеді. Ойынан айныта алмай-ақ қойдым.

Бұрын біз мемлекеттік мекеме болдық. Қаражат та, құрылғылар да жақсы бөлінетін. Содан кейін жекеменшік құтқарушы филиалдар пайда болды. Олардың қолында лицензия бар, бірақ тәжірибесі, тіпті апатты ескерту жөнінде профилактикалық жұмыс жүргізетін мотивациясы да жоқ. Тау-кен құтқарушыларына түнгі ауысымда жұмыс істегені үшін төленетін қосымша ақыны алып тастады. Бұған дейін болған жерасты тәжірибесін, әлеуметтік жеңілдіктерді, тегін тіс емдеуді – бәрін жойды.

Қазір әріптестеріміз проблема туралы айта бастап еді, қарбалас басталып кетті. Бұға берсең, сұға береді екен. Осыған қатысты "Қызметкер басшысының айтқанына бас шұлғи берсе, ол ұйымға пайдасыз" деген бір сөз бар.

Былтыр, тәуелсіз кәсіподақ құрып, жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы мәселе көтердік. Сол кезде адамдардың наразылығын тыйып тастады. Бірақ екі-үш айдан соң тексеріс басталып, сыйақы бермей, алыс жақтарға іссапарға жіберуге көшті. Біз өз ішімізде мұны "айдау" деп атаймыз. Жастар келеді, бірақ мұнда қалғысы келмейді. Әсіресе Костенкодағы жарылыстан кейін. Бізді тіпті тиын-тебен үшін отқа түсетіндей есі ауысқан деп есептейді.

Шахтадағылар көп нәрсеге көз жұмады. Бірақ біз оған ықпал ете алатындай мемлекеттік құрылым емеспіз. Шахтадағы газ жағдайы ушығып тұр. Ал біз шахтаға көне ШИ-10 инфертермометрімен түсеміз. Оның саңылауынан сығалап, метаны көтеріліп тұр ма, тексеріп те үлгермейсің. Бірден тарт етіп жарылады.

Газоанализатор деген арнайы құрылғы бар. Ол шахтадағы газдың жағдайын анықтап, газ нормасы көтерілген болса, белгі береді. Бірақ бізде ол құрылғы жоқ. Р-30 – тұйық тыныс алу аппараты, ол да ескірген. Кейде жабдықтарды өзіміз сатып аламыз.

Апат болған шахтада жұмыс істеп шыққан қарағандылық тау-кен құтқарушылары

Қарағандыдағы Костенко шахтасында жарылыс болған түні біздің бөлімшеге төменге түсіп, тексеріңдер деген тапсырма берді. Біз қайда бара жатқанымызды түсіндік. Ол жерде "нөлдіктер", яғни қаза тапқандар барын, жағдай "Қазақстан" шахтасынан әлдеқайда қауіпті екенін, конвейер таспасы жанып тұрғанын білдік. Барсақ, жарылыс толқынынан металл майысып қалған, көтергіш үзілген, шіріген жұмыртқаның иісі шығады – оның метан екенін және сұмдық жағдай болғанын бірден түсіндік. Вагонетканың салмағы екі тоннадай, соның өзі жарылыс толқыны салдарынан рельстен шығып қалған. Арамызда жас жігіттер болған, төмен түсе бастағанда зәресі ұшып, байбалам салды.

Екі құтқарушы серігім апат орнын тазартып жатып жарақат алды. Ал мен аяғымды жараладым. Зардап шеккендерді жер бетіне шығарып, ауруханаға жібердім. Қалғанымыз қайта жер астына түстік. Жарақат алғандардың орнына тағы екі жігіт қосып берді.

Әрірек түскенде түтін шықты. Өрт болып жатқанын сонда түсіндік. Барсақ, тасымалдағыш таспа өртеніп жатыр. Бәрі үзілген, кабель салбырап тұр. Құдайға шүкір, электр жарығын тоқтан суырған екен. Ең төменінде болдық. Ештеңе қалмаған. Адамдар қалай аман шықсын... Әйтеуір тән азабын тартпағанына шүкір дейміз.

Апат болған жерде жарылыс толқынынан су қоймалары жарылған, сол себепті апат шыққан учаскеде су болмады. Инертті тозаңмен өрт сөндіруге тура келді. Содан кейін өрт басқа жаққа тарамасын деп, өртеніп жатқан бөлікті оқшаулау үшін таспаны кесіп тастадық. Өрт электр сымдарына дейін жетіп үлергмеді. Тез арада жетіп, өрт ошағын көргеніміз жақсы болған. Шахтаны құтқарып қалдық. Өртті сөндірмесек, біздің артымыздан келе жатқандардың бәрі зардап шегер еді.

Шахтаға түскен кезде жолшыбай екі шахтерді тауып алдық: біреуі ерсілі-қарсылы жүр, екіншісі бір нүктеге қадалып қарап отыр. Екеуі де не істеп, не қойғанын білмейді. Біреуінің құлағынан қан ағып тұрды. Жарылыс эпицентрінде болған екен. Жарылыс толқынымен рельстен шығып, әрірекке ұшып түскен вагонеткада отырып, аман қалған. Көрер жарығы бар екен. Құтқардық. Біреуі қолымыздан сүйіп жатты. Біз олардан "аман қалғандар бар ма?" деп сұрап едік, "жоқ" дегендей басын шайқады. Көз алдында әріптестері ажал құшқан. Қайтыс болғандар жалынның аузында, эпицентрде болған.

Ары қарай кеттік. Кей жерлерде суды белден кештік, үйінділерді қаздық, кішкене ғана саңылаудан өттік. Қанның исі мұрнымнан әлі кетер емес. Бір жігіт тіпті құсып жіберген. Сұмдық оқиға.

Қазір бәрі төтенше жағдайды тексеріп жатқан комиссияның жауабын күтіп отыр.

Менің естуімше, Германия халқының қамы үшін шахталардан бас тартқан. Ал бізде адамдар – пайдаланып алған соң лақтырып тастай салатын зат сияқты.