Теміртау халқы трамвай желісін қайта іске қосуды сұрайды, көлік иесі үнсіз отыр

Соңғы аялдама трамвайдан түсіп жатқан жолаушылар. Қарағанды облысы Теміртау қаласы. 2020 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Теміртауда трамвай жұмысы тоқтады. Қазақстандағы ең лас қалалардың біріндегі экологиялық таза көліктің болашағы бұлыңғыр. Тұрғындар трамвайды қайта іске қосуды сұрайды, шенеуніктер ол мүмкін емес дейді. Ал трамвай паркіне иелік ететін компания пікір беруден қашқақтайды.

Лық толы аялдамалар мен жолаушыдан босамайтын автобустар Теміртаудың күделікті өміріндегі қалыпты көрініске айналған. 200 мың адам тұратын қалада трамвай жұмысы тоқтаған соң қоғамдық көлік мәселесі ушықты. Шенеуніктер трамвайды тоқтатуға көлік жолының ескіруі себеп болды деп түсіндіреді.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ПІКІРІ

Трамвай соңғы рет 9 ай бұрын жүрген. Одан бері жылға жуық уақыт өткенімен, трамвай паркінің мәселесі сол күйі шешілмеді.

Теміртау қаласындағы алғашқы трамвай. 1959 жылдың қыркүйегі. Тарихи-өлкетану музейіндегі фото

Валентина Дешко Теміртауда трамвай паркі ашылған күнді әлі ұмытқан жоқ. 1959 жылы қаладағы металлургия комбинаты – қазақстандық Магнитка салынып жатқан еді. Трамвай құрылыста істейтін жұмысшыларға қызмет етті. Құрылысшылар, кейін комбинат жұмысшылары қоғамдық көлікпен кәсіпорынға қатынап, жұмыстан соң үйіне қайтатын. Трамвайдың бірнеше бағыты болатын.

– Бұрын біз тұратын 8-ықшамаудан мен емхана арасында трамвай жүретін. Енді қыста емханаға бару үшін ұзақ жүруге тура келеді. Трамвай күнделікті өмірімізді жеңілдететін. Қалаға трамвай керек. Экологиялық таза, қауіпсіз көлік түрін қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек, – дейді Валентина Дешко.

Биыл экология министрлігі Теміртауды елдегі ең лас қала деп таныған. Тұрғындар экологиялық ахуалы нашар қалада биліктің қоршаған ортаға зияны жоқ көліктен неге бас тартқанын түсінбейді. Әлеуметтік желі қолданушылары трамвайды сақтап қалуға шақырып, видеолар салып жатыр.

Осындай роликтердің авторы, жергілікті белсенді Думан Жақыпбеков жақында Қарағанды облысының әкімімен кездесуге барған. Теміртау тұрғындары кездесуде трамвай мәселесін көтерді. Трамвай паркі "АрселорМиттал Теміртау" жекеменшік компаниясына тиесілі. Металлургия комбинаты, көмір шахталары мен Теміртаудағы бірқатар инфрақұрылым нысандары да осы компанияға қарайды. Британдық миллиардер Лакшми Митталдың иелігіндегі компанияда өндірістегі апат жиі болады. Жұмысшылар қазасы, кәсіпорынның қоршаған ортаға зияны халық наразылығын туғызса да, "АрселорМиттал Теміртау" әлі күнге Қазақстанда жұмыс істеп келе жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "АрселорМиттал Теміртаудың" болашағы не болмақ? Шулы мәлімдемелер көптің көңілін күпті етіп қойды

– Бізге билік жекеменшік компанияның ісіне араласа алмайды деді. Облыс әкімі трамвай паркін сақтап қалғысы келетінін айтты. Бірақ әзірге келісе алмай жатыр екен. Онда қосымша автобустар жүргізсін, олардың біразы трамвай бағытымен қатынасын, қоғамдық көліктің жұмыс уақыты ұзарсын деп ұсыныс жасадық. Өйткені жұмыстан кеш шығатын адамдар бар, ол кезде автобус жүрмейді, – дейді белсенді.

Трамвайлар таңғы 5-тен түнгі 12-ге дейін, бірінен кейін бірі араға 9 минут салып жүретін. Аязды күні де үзіліссіз жұмыс істейтін. Жолақысы – 50 теңге (автобустан 20 теңгеге арзан) еді. Комбинат жұмысшылары, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер тегін жүретін, балалар билеті 25 теңге болатын.

Теміртау тұрғыны Ирина Лобода бала кезінде трамваймен жүрген шағын еске алып, баласы да көліктің осы түрін жақсы көретінін айтады. Ирина қазанның басында бірнеше тұрғынмен бірге трамвай паркіне барып, наразылық білдірген. Олар жергілікті биліктің паркті жетілдіріп-жаңғыртуға көңіл бөлмегеніне, трамвай жұмысының тоқтап қалғанына қынжылады. Жиналғандар Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұрғанда, Иринаның ұлы трамвай жолымен жүріп, темір қоршаудың ар жағындағы көлік жөндейтін территорияға қарап тұрды.

Теміртау қаласының тұрғыны Ирина Лобода мен ұлы

– Балам әлі күнге трамвайға мінейік дейді. Трамвай жүрмейді деп түсіндіруге тырысамын. Баратын жеріміз болмаса да, трамвайға мініп, қаланы аралайтынбыз. Енді трамвай жүретін аудандарда тұратын адамдарға қалада жүру қиындап кетті. Такси шақыруға тура келеді, – дейді Ирина Лобода.

Ол жақында интернеттен трамвай паркінің территориясында вагондар бұзылып жатқанын көрген.

– Трамвайды жарамсыз темір ретінде өткізу үшін бұзып жатқанын көрдік. Бірақ трамвай паркінің аумағына кіріп, тексере алмаймыз. Трамвайдың түгі қалмай тұрғанда, трамвай паркін сақтап қалу керек, – дейді Ирина Лобода.

Бұл пікірді құптамайтындар да бар. Азаттық тілшісін тұрғындармен кездесуге апарған такси жүргізушісі трамвайдың тозығы жеткен деп есептейді.

– Алып тастасын, не керегі бар? Сол ақшаға одан да жағалау салсын, – деді жас жүргізуші.

ТРАМВАЙ ПАРКІН САҚТАП ҚАЛУҒА БОЛА МА?

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы трамвай паркінің жұмысшыларына басқа қызмет ұсынған. Трамвайдан үміт үзгендер келісіп, жаңа жұмысқа шыққан, қалғандары әлі күтіп отыр.

– Бізге басқа жұмыс ұсынып жатыр. Бірақ трамвай паркін қимаймыз. Сақтап қала алсақ жақсы болар еді. Жолдың ұзақтығы – 30,8 километр, соларды ауыстыру керек. 10 трамвай жетеді, – дейді бұрынғы трамвай жүргізушісі Ирина Крикунова.

Иринаның әжесі де бір кездері трамвайда жолақысын жинап, бақылаушы (контроллер) болып істеген.

Теміртаудағы алғашқы трамвайдың жұмыс бригадасы. Тарихи-өлкетану музейіндегі фото

Теміртаудағы трамвай желісі жақсы дамыған, 1992 жылдың өзінде 5 бағыт болатын. Кейін трамвай бағыттары қысқарып, көлік жолдары кеңейе бастады. 2020 жылға қарай бірнеше ескі вагон мен тозығы жеткен рельстер ғана қалды. Трампарк жұмысы тоқтағанға дейін қалада бір бағыт пен 6 ескі вагон ғана жұмыс істеп тұрды.

2020 жылы Теміртауда "трамвайды біржола алып тастауы мүмкін" деген ақпарат тарады. Трампарк жұмысшылары дабыл қағып, наразылық білдірді. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы журналистерге "әлі шешім қабылданған жоқ", "жергілікті билікпен кеңесіп жатырмыз" деп жауап берді. Арада үш жыл өтті, компанияның сөзі өзгерген жоқ. Тек енді трамвай жүрмейді…

ӘКІМДІКТІҢ ҚАНДАЙ ШАРТЫ БАР?

Теміртау қаласының билігі трамвай паркін коммуналдық меншікке алуға болады дейді. Бірақ бір шарты бар.

"Трамвай паркін толық модернизациядан өткізіп, техникалық жағынан жабдықтап берсе, коммуналдық меншікке алуға болады. Сараптамалық техникалық қорытынды теміржол мен электр желілері толықтай ескіріп-тозғанын көрсетті. Трамвай паркінің иесі жобалық шешімді таныстырғаннан кейін нақты қадамдарға көшеміз", – деп жазды Теміртау әкімдігі.

Теміртаудағы трамвай желісінің төбедегі сымдары алынып, теміржолын шөп басқан

Жергілікті биліктің дерегінше, жобалық шешім әлі жоқ. Әкімдік желіде жүрген видеоға қатысты да түсініктеме берді. Шенеуніктердің сөзінше, "АрселорМиттал Теміртау" қайта қалпына келмейтін вагондарды ғана темірге өткізіп жатыр.

Азаттық "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан трамвай паркі жөнінде пікір сұрады. Бірақ компаниядан жауап келмеді.

Қыркүйекте компания трамвай паркі жабылып, ұжым қызметінен босатылды деген ақпаратты жоққа шығарған. Компания жұмысшылармен жиналыс өткізіп, трамвай паркінің мәселесі шешілгенге дейін басқа қызметке орналасу мүмкіндігін талқылағанын мәлімдеді.

– Трамвай – қаланың тарихи мұрасы. Ешкімге зияны жоқ еді. Трамвай паркін сақтап қалу үшін шамамен 10 миллиард [теңге] (20 миллион доллардан астам) керек. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының позициясын мүлде білмеймін, – деді Теміртау қалалық мәслихатының депутаты Максим Хохлов.

Теміртаудағы трамвай. 1985 жыл. Қаладағы тарихи-өлкетану музейінің архивіндегі фото

АЛЫП ТАСТАП, КЕЙІН ОЙЛАНЫП ОТЫР

Совет Одағы тұсында Қазақстандағы трамвай желісі Алматы, Қарағанды, Теміртау, Павлодар мен Өскемен сияқты 5 қалада болған. Қазір трамвай көлігі Павлодар мен Өскеменде ғана халыққа қызмет көрсетіп жүр.

Теміртаудағы жабық тұрған трамвай паркі

Қарағандыдағы трамвай жұмысы 1997 жылы, Алматыда 2015 жылы тоқтаған. Алматылық экобелсенділер бұл шешімді қатты сынады. Әкімдік трамвай вагондары мен жолдары ескіргенін, соның салдарынан жолда көлік апаты жиілегенін алға тартты.

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы трамвай жұмысын тоқтатуды "даулы шешім" деп атап, Еуропа қалаларында көліктің осы түрі тиімді жұмыс істейтінін айтқан еді.

Былтыр Тоқаев Павлодарға жұмыс сапарымен барған кезде шенеуніктерге жолдарды модернизациядан өткізіп, мүмкіндік болса, жаңа, шусыз трамвайлар сатып алуды ұсынған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент трамвай жүйесін жалғастыру керек деген.

Алматыда трамвай көлігі 1937 жылғы 7 қарашадан 2015 жылғы 31 қазанға дейін жұмыс істеді. Азаттық архивіндегі мына фото Байтұрсынов пен Мақатаев көшелері қиылысатын тұста 2006 жылғы 21 қазанда түсірілген

Теміртау тұрғындары трамвай жұмысы тоқтаған соң президентке хат жазып, электр қуатымен жүретін көлікті сақтап қалуға көмектесуді сұраған. Бірақ мемлекет басшысынан реакция болған жоқ. Трамвайдың болашағы әлі бұлыңғыр болып тұр.