Теміртау орталығында жүздеген тұрғын ауыз суға жарымай отыр

Соцгородтағы орталық су құбыры жоқ көшелердің бірінің тұрғындары. Теміртау, 24 қараша 2019 жыл.

Теміртау қаласының бірнеше жүз тұрғыны жиырма жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Аймақтағы шенеуніктер мен президент әкімшілігіне де хат жазып көрген. Бірақ үйлеріне су құбыры сол күйі тартылмаған. Тұрғындар су құбырын жақын жердегі желіден өз қаржысына тартуға тырысқан, алайда жергілікті билік рұқсат бермеген.

Теміртау тұрғыны Роза Ковальдың ауласындағы құдық – ең қымбат зат іспетті. Құдықтың айналасын бірнеше қабат жамылғымен орап қойған. Әзірге бұл құдық суын суықтан сақтап тұр. Бірақ аяз түскенде құдық суы қатып қалады. Құдықтан суы ішуге жарамайды: ащы, кермек дәмі бар. Сондықтан Роза ауыз суды сатып алуға мәжбүр.

Соцгород тұрғыны Роза Коваль ауласындағы құдықтың суы ішуге жарамайтынын айтады. Теміртау, 24 қараша 2019 жыл.

- Сатып алған суды төгуге обалсынып, осы суға жуынамыз. Енді қайтеміз? Мына су көпірмейді, кір жуғанда көп ұнтақ кетеді. Кәріз жүйесі де жоқ, үнемі шелекпен су тасып жүреміз: қол жуғышта жуынсақ, шелегін төгеміз, ыдыс жусақ, тағы да далаға жүгіреміз. Бұрын аптасына бір рет су жеткізетін, ыдыстарымызды толтырып алатынбыз. "Үйге су құбырын кіргізіңдер!" деп шағына бастағаннан кейін су әкелуді қойды. Кейінірек дүкенде су сата бастады. Мен 19 литр су аламын. Қатты үнемдесе, бір адам бұл суды бір аптаға жеткізе алады. Бірақ отбасылы адамдар бір-екі күнде осындай көлемдегі судың екі бөшкесін тауысады. Сорпа әзірлеп, шай қою керек қой, - дейді Роза Коваль.

ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНДА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖОҚ

Қарағанды облысындағы моноқала - Теміртаудың ескі аудандарының бірі Соцгородтың тұрғындары да осындай жағдайда күн кешіп жатыр. Аудан қала орталығында орналасқан.

Кей тұрғындар ауласындағы құдықтардың суы қатпасын деп орап қояды, бірақ қыстың қатты аязында құдық суы мұз боп қатады. Теміртау, 24 қараша 2019 жыл.

Жақын маңда барлық жағдайы жасалған көпқабатты үйлер тұр. Бірақ оларда бар жағдайға Соцгород тұрғындарының қолы жетпей-ақ қойды. Әр үйден – қол жуғыш, шелек пен кіреберіске қойылған пластик ыдыстарды көруге болады. Ванна мен душ мұндағы жұрттың арманына айналған. Әжетхана далада орналасқан.

Жиырма жыл бұрын Соцгород ауданында орталықтандырылған коммуникация желісі болған. Бірақ Совет одағы тарағаннан кейін, желі тозып, істен шыққан. Жағдайы барлар ұңғыма қазып алған. Ұңғыма неғұрлым терең болса, су сапасы да соғұрлым жақсара түседі. Бірақ ондайды көбінің қалтасы көтермейді. Жергілікті тұрғындар жер бетіне жақын ұңғымалардан шыққан суды ішпейді, оны тек ыдыс-аяқ пен кір жууға, бақша суаруға пайдаланады. Жазда жаңбыр болмаған кезде құдықтағы су деңгейі төмендейді. Көктемде құдықтарды тасқын суы басып қалады. Ал қыста құдық суы мұзға айналады.

Көпқабатты үйлер тұрған қала орталығына жақын орналасқан Соцгородтағы жеке үйде тұратын халықтың бір бөлігі ондаған жылдар бойы ауыз суға жарымай отыр. Теміртау, Қарағанды облысы, 24 қараша 2019 жыл.

- Жақсы су алу үшін жерді 50-60 метр терең етіп қазу керек. Бірақ біздің оған ақшамыз жетпеді. Өте қымбат тұрады. Ол үшін үлкен бұрғылау құрылғысы керек. Бірақ төңіректің бәрі сым болғандықтан, бұрғылау құрылғысы бұл жерге жақын келе алмайды. Біз кішкентай құрылғымен қаздырдық. Оның үстіне тас аралас топырақты бұрғылау да ауыр. Біздің ұңғымадан құдықтағы сияқты топырақтың беткі қабатындағы су шығады. Тым болмаса шаруашылыққа пайдаланайық деп жасаттық. Ал ауыз суды сатып аламыз. Кейде үйінде суы бар таныстарымыздан су әкеліп беруін сұраймыз. Бірақ бұл да мәселені шешпейді, - дейді жергілікті тұрғын, көп балалы әке Сергей Тарануха.

Соцгород ауданы тұрғындары көп жылдан бері билік өкілдеріне хат жазып келеді. Олар өтінішін президент әкімшілігіне жолдаса да, еш нәтиже шығара алмаған. Адамдар су құбыры мен кәріз жүйесінің жоғына, жол сапасының нашарлығына шағынады. Бірқатар тұрғын дренаж жүйесі мен орталық кәріздің болмауынан үйлерінің қабырғасы көгеріп, тұздана бастағанын айтады.

- Облыс пен республика деңгейіндегі билік өкілдеріне көп жыл бойы жазған хаттарымыз бен алған жауаптарымыз менде сақтаулы тұр. Соңғы рет әкімге биыл көктемде кірдік. Ол бізге нақты ештеңе айтқан жоқ, - дейді тұрғындар құрған бастамашыл топтың мүшесі Надежда Горчицына.

Оның айтуынша, Соцгород ауданында тұратындар өзара ақылдасып, суды өз қаржысына кіргізу туралы ұйғарымға келген. Ақшасы жетпейтін тұрғындар несие алып, таныстарынан қарыз сұрамақ болған. Бірақ олардың бұл жоспары іске аспай қалған.

Соцгород тұрғыны Надежда Горчицына. Теміртау, 24 қараша 2019 жыл.

- Әкімнің біздің көшемізбен қоса бірнеше көше тұрғындарына құбырды өз қаржысына тартуға тыйым салатын бұйрығы бар екенін білдік. Ол жұмыстар бюджет қаржысына атқарылуы керек екен. Бірақ су әлі келген жоқ. Бұл бір мазаққа ұқсайды: не бізге істетпейді, не өздері істемейді. Су құбыры желісі жақын жерде тұр, оған тек қосу ғана қалды. Шенеуніктер ауысқанымен, мәселе шешімін табар емес, - дейді ол.

Соцгород тұрғындарының бәрі бірдей ауыз сусыз отырған жоқ: бірнеше көше тұрғындары су құбырына қосылып алған.

ҚАЛА БИЛІГІ: "ҮМІТ АРТЫП, КҮТІП ОТЫРМЫЗ"

Теміртау билігі Соцгород ауданының бір бөлігі – жеке сектор – орталық су құбыры мен кәріз жүйесіне қол жеткізе алмай отырғанын растады. 2018 жылы тұрғындардың шағымынан кейін, Соцгородты су құбыры және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету туралы екі жобалық-сметалық құжат жасалған. Жобалар мемлекеттік сараптамадан өткен. Ендігі мәселе қаржыға тіреліп тұр.

- Соцгород ауданындағы су құбыры желілерінің реконструкциясына 792 миллион теңге керек. Кәріз желісі мен сорғысының құрылысына 2 миллиард 728 миллион теңге қажет. Екеуі де – қымбат жоба. Одан бөлек, үшінші жоба бар: бүкіл қаланы сумен қамту мәселесін шешу. Қарағанды-Теміртау су құбырын қалпына келтіру керек. Сондықтан қазір бәріне қаржы қолбайлау болып тұр. Қаржы бөлінеді деп үміттеніп отырмыз. Бұл жобаларға қаржыны облыстық және республикалық бюджеттен сұрадық. Жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт берілген. Қаржы бөлінсе, 2020 жылы бастап, белгіленген мерзімге аяқтап үлгереміз. Жоба қолға алынса, алдағы 2020-2021 жылдары жүзеге асыруға болады. Бірақ тұрғындарға көлікпен су жеткізіп беруге қатты қажеттілік жоқ, - дейді Теміртау қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Низами Гаджиев.

Мүмкіндігі бар кей тұрғындар ауласынан ұңғыма қаздырып алған. Бірақ таяздан шыққан су ішуге жарамайды, ал терең қаздыру тым қымбатқа түседі.

Азаттық тілшісінің "Жергілікті билік тұрғындарға су құбырын өз қаржысына тартуға неге рұқсат бермеді?" деген сұрағына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі былай жауап берді:

- Көшелердің қиылысы, кәріз жүйесі бар, тіпті газ құбырын да жүргізе бастады. Кім қалай жүргізеді? Олар басқаларға кедергі келтіретін тұстарына қосылуы мүмкін. Қазіргі желілердің қуаты жаңа үйлерді қосуға мүмкіндік бермейді. Желілерді араластырып қоса берсе, ол үшін кейін ешкім өзіне жауапкершілік алмайды – бұл тіпті жаман. Әкім тыйым салды деуге болмайды… Қуаттың белгіленген мөлшері бар. Онда есептелген көлем болуы керек. Сондықтан су құбыры желілерін реконструкциядан өткізу қажет. Қаржы күтіп отырмыз, - дейді Низами Гаджиев.

Дамыған өндірістік өңір саналатын Қарағанды облысында облыс орталығы Қарағанды қаласының өзінде халық орталық су құбырымен толық қамтылмаған. Биыл өңірде су құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысы мен реконструкциясына 8,6 миллиард теңге бөлінген.

Үкіметтің дерегінше, Қазақстанда тұрғындардың 90,2 пайызы орталық су құбырына қосылған. Биыл жазда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Шенеуніктер мұндай уәдені бұрын да берген. Еңбек жолын Теміртаудағы жергілікті металлургия комбинатынан бастаған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы таза ауыз суға қол жеткізу мәселесін 21 ғасырдың "екінші онжылдығы басталғанға дейін" шешетінін мәлімдеген. Мемлекеттің 30 жылда халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларға бөлген қыруар қаржысына қарамастан (биліктің дерегінше, 540 миллиард теңге), мыңдаған үй әлі күнге су құбырына қол жеткізе алмай отыр. Бұл - тек шалғай ауылдарда емес, қалаларда да кездесетін мәселе.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қанша жыл өтсе де, су әлі жоқ". Суға бөлінген миллиардтар қайда?

Теміртаудағы Соцгород ауданы тұрғындарының кейбірі басқа ауданға көшкісі келетінін, бірақ үйлерін сата алмай отырғанын айтады. Өйткені жағдайы жоқ ауданнан ешкім үй алғысы келмейді.