"Түнделетіп келіп, тас атты". Қасқабұлақ тұрғындарын шошытқан шабуыл

Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Абдулла Асанов анасының үйінің сынған терезесін көрсетіп тұр. Талас ауданы, Жамбыл облысы, 12 тамыз, 2020 жыл.

Жамбыл облысындағы этникалық күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылындағы түнгі шабуылдан кейін тұрғындар таңға дейін көз ілмей, әйелдер мен балалар мектепке тығылғанын айтады. Қоғамдық ұйым "ұлтаралық жанжал" жайлы хабарды жоққа шығарады. Полиция 14 адамды ұстап, "Бұзақылық" бабымен іс қозғаған. Азаттық тілшісі Қасқабұлақ ауылына барып қайтты.

"БАРБАНГ": ҰЛТАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛ БОЛҒАН ЖОҚ

13 тамыз күні Қазақстандағы "Барбанг" күрдтер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы өкілдері атынан таратылған үндеуге сейсенбіге қараған түні Қасқабұлақ ауылында болған оқиға себеп болған. Онда "медициналық ерекше есепте тұратын екі адамның арасындағы жанжалды ілік еткен жастардың бұзақылық жасағаны, олардың өздері мен ата-аналары кешірім сұрап, мәселенің ақ-қарасы анықталып жатқаны" айтылған.

Үндеу авторлары әлеуметтік желіде Қасқабұлақтағы оқиғаны "ұлтаралық жанжал" деп сипаттаған хабарларды терістеп, оларды таратушыларды "ұзақ уақыт тату-тәтті өмір сүріп отырған адамдарды араздастырып, бір-біріне қарсы қоюды көздейді" деп айыптаған.

"Қазақтар күрдтерге біржақты қарап, қысым көрсетіп, тонап, жұрт қашып жатыр-мыс деп жазуы – барып тұрған өтірік әрі арандату. Ауылда ешкім зардап шеккен жоқ, адамдардың дүние-мүлкі аман, тұрғындар ешқайда қашқан жоқ, қалыпты өмір сүріп, жұмыс істеп жатыр" делінген үндеуде.

Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.

Азаттық тілшісі хабарласқан "Барбанг" күрдтер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы филиалының төрағасы Латиф Айдаров "сөйлесуге уақыты жоғын" айтып, телефонды қоя салды.

11 тамызға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Жамбыл облысы Талас ауданындағы негізінен этникалық күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылында тәртіпсіздіктер болғаны, "ауылдағы үйлерді ойрандап, тұрғындардың бас сауғалап қашқаны" туралы хабарлар тараған. Кейбір хабарларда бұл оқиғаға мас ер адамның әйелді сабағаны себеп болғаны айтылған.

Сейсенбі күні Жамбыл облыстық полиция департаменті Қасқабұлақтағы оқиғадан кейін іле-шала үш жеңіл автокөлікке мінген 14 адам ұсталып, Талас аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.

"Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен ("Бұзақылық") сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қасқабұлақ ауылындағы кітапхананың сынған терезесі. Талас ауданы, Жамбыл облысы, 12 тамыз 2020 жыл.

Бұдан бөлек, полиция департаменті таратқан ақпаратта 10 тамызда Талас аудандық ауруханасына "бетінде қанталаған ісік" (гематома) бар 62 жастағы әйел адам түскені, қылмысқа күдікті ретінде Қаратау қаласының 46 жастағы тұрғыны мас күйінде ұсталғаны айтылған. "Екеуінің бірге ішімдік ішкені, екеуі де ішімдікке тәуелді адам ретінде арнайы есепте тұрғаны анықталды. Қылмыстық кодекстің 107-бабы ("Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды" деп хабарлады полиция.

"ЕШКІМНІҢ СІЗДЕРДІ ЖӘБІРЛЕУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ"

12 тамызда Қасқабұлақ ауылында жергілікті тұрғындармен кездесуде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев "бәленбай жылғы бірлігімізді сақтауымыз керек" деп мәлімдеді.

– Біз өзіміздегі ең құнды дүние – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, заңды бұзған әрбір адам қатаң жауапқа тартылады. Шамасы, бұл бұзақылықты арнайы ұйымдастырушылар болған секілді. Полицияның міндеті – оларды табу және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу, – деген облыс басшысы.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өз сөзінде Сапарбаев "сіздерге қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз, ешкімнің сіздерді жәбірлеуіне, тиісуіне жол бермейміз" деп сендірді.

Сіздерге қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз, ешкімнің сіздерді жәбірлеуіне, тиісуіне жол бермейміз.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі

Облыс басшысымен бірге Қасқабұлақтағы жиынға жақында осы ауылда болған бұзақылыққа күдікті ретінде ұсталған кейбір жастың ата-анасы да қатысқан. Солардың бірі Аманжол Ділдабеков балаларының қылығы үшін кешірім сұрады деп хабарлады облыс әкімдігі.

– Облыс әкімі айтып тұр ғой, қалай сенбейсің? Сенеміз. Бірақ бәрінің өмір сүргісі келеді, – дейді Қасқабұлақ ауылында тұратын зейнеткер, этникалық күрд Бәтима Асанова.

ТҮНГІ ШАБУЫЛ

1200-ге жуық тұрғыны бар Қасқабұлақ ауылы Талас ауданы орталығы Қаратау кентінен 20 шақырым жерде, тау ортасындағы өзен жағасында орналасқан. Негізінен этникалық күрдтер тұратын ауылда әкімдік, орта мектеп, медициналық пункт, полиция учаскесі мен кітапхана жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар бау-бақша салып, мал бағып күн көреді.

Қасқабұлақ ауылындағы тұрғын үйдің алдында отырған бала. Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.

Азаттық тілшісі Қасқабұлақта жолықтырған осы ауылдың тұрғыны 32 жастағы Абдулла Асанов 11 тамызға қараған түні шырт ұйқыда жатқан жерінен көршілері оятқанын айтады.

– Ауылға белгісіз біреулер шабуылдады деді, бірақ сыртқа атып шыққанымда ешкім болмады. Тек полиция ғана жүр екен. Ешқандай айғай-ұйғай естімедік, тас лақтырып, терезелерді сындырып кетіпті, – деді ол.

Абдулланың өз үйі аман, ал осы ауылда тұратын анасы Бәтима Асанованың үйінің бір бөлмесінің терезесі шағылған. Азаттық тілшісі төргі бөлмесінің үш терезесі ауылдың орталығындағы Бәйтерек көшесіне қарайтын шағын жер үйдің ішін көріп шықты.

Бәтима Асанованың үйіндегі сынған терезе. Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы, Жамбыл облысы, 12 тамыз 2020 жыл.

Терезесі шағылған бөлмеде сынған әйнек шашылып, төңкерілген диван жатыр екен. Үй иесі тергеушілер әлі жұмыс істеп жүргендіктен бөлме ішін жинаған жоқпыз деп түсіндірді.

– Түн ортасында тарс-тұрс еткен қатты дыбыс естілді. Тас лақтырып, қақпаны темірмен ұрғандай болды. Біз жүгіріп шыққанша кетіп қалды. Көлікпен жүріп өткен тәрізді, – дейді үйінде кішкентай немерелерін қарап отырған зейнеткер.

Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Бәтима Асанова немересімен бірге үйінің ауласында. Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.

Бәтима Асанованың айтуынша, терезе сынғаннан кейін үйдегі екінші ұлы бөлмедегі диванды тығылуға ыңғайлы қалқа болсын деп төңкеріп қойыпты.

Неліктен нақ бізге келгені түсініксіз. Бала-шағамыз үшін қорқамыз.

Абдулла Асанов түнгі оқиғадан кейін аяғы ауыр әйелін таудағы туыстарына апарып тастағанын айтады.

– Мұндай жағдай бірінші рет болды. Неліктен нақ бізге келгені түсініксіз. Бала-шағамыз үшін қорқамыз, – дейді ол.

Батима Асанованың ұлы үйіндегі диванды түнгі шабуыл кезінде қорғану үшін төңкеріп қойған. Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы, Жамбыл облысы, 12 тамыз 2020 жыл.

"ҮЙІН ТАСТАЙ ҚАШЫП, МЕКТЕПТІ ПАНАЛАДЫ"

Қасқабұлақ ауылының әкімі Жардис Усейнов ауылға 11 тамызда түнде келген бөтен адамдармен бетпе-бет кездескенін айтады. Түнгі сағат бірге қарай әкімге ауылдың жанындағы су қоймасының күзетшісі телефон шалып, "шамамен 10-11 машинаның Қасқабұлаққа қарай бара жатқанын" хабарлаған.

Ауылдың төменгі жағында тұратын әкім полицияға хабар беріп, жүргізушісін шақырып, көлікпен ауылдың кіреберіс тұсына жеткенше 15-20 минуттай уақыт өткен.

Қасқабұлақ ауылының әкімі Жардис Усейнов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері ауыл тұрғындарымен сөйлесіп тұр. 12 тамыз 2020 жыл.

– Ауылға кіреберісте 4-5 машина тұр екен. Бәлкім одан көп болған шығар, түн қараңғы еді. Бет-жүзіне маска таққандай көрінді бәрі, жас жігіттер екені байқалады. "Кімсіңдер, мұнда не істеп жүрсіңдер?" деп сұрай бергенімде бізге қарай тас жаудыра бастады. Көлігімнің алдыңғы терезесіне тас тиіп, шытынады. Машинаға отырып үлгермесем маған да тиер еді. Осыдан кейін олар көліктеріне отырып, Қаратауға қарай кетті, – дейді Жардис Усейнов.

Ол белгісіз адамдар кеткен соң ауылды көлікпен аралап шыққанын, бірақ бөтен ешкімді байқамағанын айтты. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде ауылға полиция да жеткен.

Қасқабұлақ ауылындағы мектеп, Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.

Белгісіз біреулердің бейуақта келіп, бірнеше үйдің терезесін сындырғаны туралы хабар ауыл ішіне лезде тараған. Көшеге шығып, у-шу болған тұрғындардың кейбірі шабуылдағандардың қайта оралуынан қорқып, жергілікті мектепті паналаған.

– Зәресі ұшқан әйелдер, бала-шаға – бас-аяғы 25 адамдай мектептен шықпай отырды. Полиция келіп, жағдай тыныш екенін айтқан соң ғана үйіне оралды, – дейді мектеп директоры Хамза Мұстафаев.

"ҚАТТЫ ҚОРҚЫП ҚАЛДЫҚ"

Әкім Усейнов ауылға түн жамылып келгендердің арасында Қасқабұлақ тұрғындары болмағанына сенімді. Азаттық тілшісі сөйлескен Қасқабұлақ тұрғындары түнгі шабуылды кімдер жасағанын нақты білмейді. Олар бұл оқиғадан қатты үрейленіп қалғанын айтады.

Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Мамед Османов, Талас ауданы, Жамбыл облысы, 12 тамыз 2020 жыл.

– Жұрт таң атқанша көз ілмей, көшеде жүрді. Әлгілерді "жолдан ұстапты, Қаратаудан келген" деп біреулер айтады. Бірақ кім екенін білмейміз, – дейді ауыл тұрғыны Мамед Османов.

Ол біреулерден Қасқабұлақ ауылына шабуылдағандар Қаратаудағы қарапайым тұрмыстық жанжалды ілік еткен деп естіген.

"Қаратауда мас ер және әйел адам бір-бірімен төбелесіп қалыпты дейді. Мас адамдардың төбелесі, өзіңіз білесіз ғой... Ал соны (Қаратаудағы – ред.) жастар естіген де, қате түсінген болуы мүмкін, – дейді Османов.

Түсінуге тырысамыз, екінші жолы олай істемейтін шығар. Бірақ халық қатты қорқып қалды.

Қасқабұлақ тұрғыны, жасы 60-тан асқан Микаэл Мамедовтің сөзінше, түнгі оқиғадан кейін бірнеше адам ауылдан балаларын алып, Тараздағы туыстарының үйіне уақытша кете тұруды жөн көрген. Жергілікті тұрғындар осы уақытқа дейін ауылдың өз ішінде және көрші ауылдармен арада ешқандай кикілжің болмағанын, тып-тыныш өмір сүріп жатқанын айтады.

– Біздің Отанымыз осы жер, осында туып-өскенбіз. Осы уақытқа дейін тып-тыныш өмір сүрдік. Бәрімен қарым-қатынасымыз жақсы. Жастар ғой, қателеседі, білместік жасаған болар. Түсінуге тырысамыз, екінші жолы олай істемейтін шығар. Бірақ халық қатты қорқып қалды, – дейді Мамедов.

Қасқабұлақ ауылына кіретін жол. Талас ауданы, Жамбыл облысы. 12 тамыз 2020 жыл.

Қазақстанның оңтүстігінде этникалық ұлт өкілдері топтасып тұратын елді мекендер аз емес. Мемлекет басшылығы Қазақстанды "жүз ұлт пен ұлыс" пен сан түрлі діни конфессиялар өкілдері тату-тәтті тұратын ел ретінде көрсетуге тырысады. Әйткенмен мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан бергі өткен уақыт ішінде елдің әр тұсында азшылық ұлт өкілдері тұратын елді мекендерде жаппай қақтығыстарға ұласқан жанжалдар болған.

Биыл 21 шілде күні Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл ауылында қазақ және өзбек жастарының арасындағы кикілжің жаппай қақтығысқа ұласып, бірнеше үй мен көлік бүлінген. Түнгі оқиға кезінде үш тұрғын, бір полицей жараланды. Ауылға полицияның арнайы жасағы кіргізілді.

Ақпан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында этникалық дүнгендер шоғырланып тұратын бірнеше ауылда қазақтар мен дүнгендер арасында болған қақтығыс ел тарихындағы ең ірі қантөгіске әкелді – 11 адам қаза тауып (басым көбі дүнгендер), 140 тұрғын және 20 полицей жараланған. Мыңдаған адам үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған. 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қирап, 342 адам жәбірленуші деп танылған.

Қазақстан билігі мұндай оқиғалардың барлығын "тұрмыстық жанжал" деп сипаттайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Не реформа, не революция". Қордай, Шорнақ, Сәтбаев... Тағы не күтіп тұр?