Сырдарияны қалай құтқарамыз?

Арал теңізінің солтүстік бөлігі. Қызылорда облысы, 3 шілде, 2024 жыл.

Эколог әрі су ресурстары саласының маманы, EcoMind экожүйе шешімдері орталығының жетекшісі Арман Өтепов экожүйе тұрғысынан қарастырса, Сырдарияны ғана емес, онымен бірге Аралды да құтқаруға болатынына сенімді. Маман басқа да шаралармен бірге барлық гидротехникалық құрылғыны алып тастау керек деп санайды. Оларды адам ағзасындағы ұйып қалған қанмен салыстыруға болады. Азаттыққа берген сұхбатында Өтепов Сырдария мен Аралдың экологиялық жағдайына тоқталып, Қазақстанның су ресурстарын құтқару неліктен кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты.

Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзен, ол Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды. Азаттық журналисі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойы мен оның салаларына сапар шегіп, өзен жағалап тірлік кешіп жатқан қарапайым балықшылармен, саудагерлермен және фермерлермен әңгімелесіп, өзеннің қазіргі жай-күйін біліп қайтты. Сонымен бірге, Сырдария мәселесін зерттеп, оны шешу жолдарын іздеп жүрген сарапшылармен сөйлесті.

"СЫРДАРИЯ ТАБИҒИ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРА АЛЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ"

– Сөз басын Сырдариядан бастайықшы. Арал теңізінің солтүстік бөлігінің деңгейі тікелей дария суына бағынышты болып отыр. Кейінгі жылдары Сырдария суы азайған үстіне азая берді, биыл ғана біршама көтерілді деуге болады. Ол неге байланысты?

– Сырдария өзінің табиғи қызметін толық атқара алып отырған жоқ. Өзен бойындағы бөгеттер мен гидротехникалық құрылыс тіреу есебінен судың деңгейін көтереді, оның суы негізінен ауыл шаруашылығына жұмсалады.

Эколог әрі су ресурстары саласының маманы Арман Өтепов.

Қызылорда облысының өзінде ғана 90 мың гектардан астам күріш алқабы бар, оның аумағы жылдан-жылға артып келеді. Өзеннің Қазақстан аумағындағы табиғи ағыны Шардара су қоймасының (Өзбекстанмен шекарадағы Түркістан облысында орналасқан – ред.) жұмысына байланысты. Төменгі ағыста Көксарай реттеуіші тұр, ол да ауыл шаруашылығының қажетін өтейді. Одан әрі Қызылорданың су реттеуіші мен Ақлақ су торабы тұр, содан кейін ғана Арал теңізі.

Көкарал бөгетін көтеру қажеттігі сөз болғанда (Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі суды жоғары деңгейде ұстап тұру үшін салынған бөгет, алайда оның биіктігі жеткіліксіз болып шықты – ред.), қарсы шыққандар мұндай жағдайда дарияның жоғарғы жағындағылар қиындықпен бетпе-бет келетінін, басқа гидротехникалық құрылғылар толыққанды жұмыс істей алмайтынын айтты. Ал бөгетті биіктей түссек, бұрынғы табиғи су режимін қалпына келтіреміз: уылдырық шашатын жер, барлық су айдындары, соның ішінде Қамыстыбас өзендер жүйесін де қалпына келтіруге болады. Ол үшін бар болғаны бөгетті биіктету керек.

Сумен қамтамасыз етудегі маңызды мәселе су айдынын басқару тәртібін сақтауға байланысты, ол сектораралық бытыраңқылық пен бәсекені де реттеуі керек. Облыстағы немесе Сырдария бассейніндегі судың жеткілікті болуына келсек, бұл да үлкен мәселе. Су шаруашылығы бассейнін басқару Түркістан және Қызылорда облыстары аумағында екеніне, ал оның өкілеттігі Шардара су қоймасынан бастап, Арал теңізіне дейінгі Сырдарияның Қазақстан аумағындағы бөлігіне жүретініне қарамастан, билік толықтай бір қолда емес әрі суды пайдалану мәселесін басқарма жеке-дара шеше алмайды. Ауыл шаруашылығы ұйымдары ресурсты тиімді пайдаланбай, судың 70 пайыздайын тұтынады, оның жартысы [инфрақұрылым тиімсіз болғандықтан] далаға кетеді.

Сырдария. Қызылорда қаласы, 2 шілде, 2024 жыл.

Қазақстан судың экожүйе қызметін қолға алуы қажет деп санайтындар қатарындамын. Біз Сырдарияның төменгі ағысында орналасқанбыз, сондықтан су бізге бірінші кезекте экономикалық мақсатта керек деп айту дұрыс емес. Бізге жалпы су керек. Судың жоқтығы бүкіл жағдайды қиындатады. Су айналымының бұзылуы бүкіл климат өзгерісінің себебі болып саналады. Мектепте табиғаттағы су айналымы дегенді өткеніміз естеріңізде ме? Осы цикл бұзылды, себебі [құрғаған] жер суды сіңіру қабілетінен айырылды, ал топырақ қабатындағы су, біріншіден, оның сапасын арттырса, екінші жағынан биоалуантүрлілікті қалпына келтіреді.

– Табиғи сүзгі болады демексіз ғой?

– Иә, ол бүкіл мәселені шешетін табиғи сүзгі. Потапенко-Лукин әдісі деген бар – табиғи процестерді модельдеу арқылы топырақтың беткі қабатының гидрологиялық режимін қалпына келтіру. Тамыз айында Чувашияда, Верхнее Ачаки деревнясында болдым. Колхоз төрағасы жыра-жыра болып қазылған жерді қалпына келтіріпті. Олардың міндеті айдалатын аумақты арттыру болған. Жыралардан жүзден аса кішігірім көл жасаған, оған су беткі ағынмен емес, жерасты суы есебінен келген. Нәтижесінде өнімділік екі есеге дейін артып, еліктер пайда болып, жалпы экожүйе қалпына келе бастаған.

Топырақтың сіңіру қабілеті артқаннан кейін егістік бойына отырғызылған ағаштар да жақсы өсе бастаған. Орман-тоғайды қалпына келтіргеннің арқасында биотикалық сорғы теориясы іске қосылған: қуаңшылық кезінде өсімдіктер булану процесін жеделдетіп, бұлт түзеді және жаңбыр шақырады. Ал бізде, мысалы, Маңғыстауда бұлт түзіледі де, жаңбыр теңіздің үстіне жауады, негізінде керісінше болуы керек. Мұның бәрі топырақ ылғал сіңіру қабілетінен айырылғаннан. Сондықтан да жаңа экология кодексінде біз экожүйе тұрғысынан қарау мәселесін көтереміз (соңғы өзгертулер маусым айында енгізілді, биыл желтоқсанда күшіне енеді – ред.).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Аралдың суы бар кезде". Тастүбектің соңғы балықшылары

ӨКАРАЛ БӨГЕТІН БИІКТЕТІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, КҮШЕЙТУ КЕРЕК"

– Көкарал бөгетін салу Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқарды деуге болады, су келіп, балық көбейді. Алайда Арал балықшылары қазір балық қайтадан азая бастағанын айтады.

– 2005 жылы Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталды, ал 2006 жылы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде су деңгейі көтеріліп, су-тұз балансы қалпына келіп, балық қоры күн санап көбейді. Ешкім мұндай болады деп болжаған жоқ еді. Уылдырық шашатын жерлер қалпына келді де, балықтың көбеюіне жол ашылды. Қалай болғанда да, адам баласының балықты жасанды жолмен көбейту әрекеті табиғи уылдырық шашуды қалпына келтірумен салыстыруға келмейді.

– Дегенмен, Арал теңізіндегі балықтың да мәселесі көп. Мәселен, Көкарал бөгетінен су теңіздің оң жақ бөлігіне құйылған кезде балықтар да сол жаққа ауады да, су тым тұзды болғандықтан өліп қалады.

– Иә, өте қиын жағдай, шынында да балық өледі. Ол жерде су да жоқ, лай ғана. Көкаралда бірнеше рет болдым, балық өткізбейтін тор орнату арқылы мәселені шешуге талпындық. Кейін ғалымдар балықты үркіту үшін аз көлемде тоқ қолданатын тосқауыл қоюды ұсынды.

Уақыт өте келе су арнасы өзгеріп, қазір өзен бөгетке тіреліп тұруы да бір мәселе. Қазір бөгет биік емес, су деңгейі көтерілген кезде артық суды Арал теңізінің оңтүстік бөлігіне лақтыруға тура келеді, ол шамамен үш миллиард текше метр су. Сөйте тұра су жетпейді дейміз. Ең сорақысы, бұл күріш атыздарын босатқаннан кейін болады. Тамыз-қыркүйек айларында барлық арнадағы суды қайта ағызады, бұл шабақтың өсіп-жетілуіне таптырмайтын орта. Біріншіден, аса терең емес, екіншіден, өсімдік көп болғандықтан шабақтар азық іздеп қиналмайды, үшіншіден, су температурасының жоғары болуы да балықтың тез өсуіне ықпал етеді. Оның үстіне, төменгі ағыс бойында Қамбаш балық тәлімбағы бар, олар күзде Сырдарияға биылғы жас балықты жібереді. Осының бәрі үлкен ағынмен Арал теңізінің оңтүстік бөлігіне түседі де, балық қырылып қалады.

Төтенше жағдай кезінде апат тудырмас үшін суды ағызу керегін жоққа шығармаймын. Бірақ негізгі су ол жерге жіберілмеуі керек. Бұрынғы Арал теңізінің оңтүстік-батыс бөлігінде Тұщыбас деген үлкен көл бар. Өте тұзды, бірақ бір мезгілдерде суы тұщы болады. Артық суды сол жаққа жіберу керек.

Арал теңізінің солтүстік бөлігінде балық аулап жүрген балықшылар. Қызылорда облысы, 3 шілде, 2024 жыл.

– Бөгетті неге биік етіп салмаған? Ақша жетпеген бе?

– Дұрыс есептемеген болар. Қазір оған бәлен деу қиын, бірақ бөгетті 5-6 метр биіктеу етіп жасағанда, мәселені шешуге болар ма еді. Көкарал бөгетін биіктетуге келсек, бұл мәселені жан-жақты ойластырып барып шешкен жөн. Оның үстіне, бөгеттің бұзылған жерлері бар, қалай болғанда да, бөгетті көтеріп қана қоймай, оны нығайту да керек.

"ӨЗЕНГЕ ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС САЛУДАН БӘРІ БАС ТАРТЫП ЖАТЫР"

– Қазақстанда жаңадан құрылған су ресурстары және ирригация министрлігі туралы сөйлессек. Жұмыс нәтижесі көрініп жатыр ма?

– Министрлік құрылуының өзі жаңа тыныс болды. Ендігі мәселе нормативтік базаға тіреледі. Жалпы көзқарасты өзгерту керек. Бір жақсысы, министрлік сала мамандарының көмегіне жүгінді, биылғы жылдың басында жүзден астам адамнан тұратын жұмыс тобын құрып, жаңа Су кодексіне ұсыныстарымызды дайындадық: көлемі 500 бет болатын 700-ден астам түзетуді мәжіліс әлі қарап жатыр. Дегенмен, өкінішке қарай, экожүйе тұрғысынан қарау әлі де басы ашық күйі қалып отыр. Экология кодексінде ол туралы жазылғанымен, нақты су экожүйесі туралы бір ауыз сөз жоқ. Қазір экологтар кодексінен суға қатысты мәселенің бәрін алып тастады, ал су мамандары экология және экожүйемен байланысты дүниенің бәрін су кодексіне кіргізгісі келмейді.

Экожүйе тұрғысынан қарау деген не?

– Экожүйелік көзқарас табиғи экологиялық жүйенің тұтастығы мен өзара байланысын, тірі ағзаларды, табиғи ландшафты есепке ала отырып шешім қабылдауға жол ашып, сол арқылы тұрақтылық пен тиімділікті қамтамасыз етеді. Экожүйе қызметін төрт категорияға бөліп қарастырады. Бүгін біз қамтамасыз ету қызметі тұрғысынан суды қарастырамыз.

Судың ауа мен климатты реттейтін қызметі де бар, өзен ағысы судың сапасын реттейді, су – көптеген жан-жануардың өмір сүру ортасы. Орман туралы айтсақ, бір текшеметрде қанша дүниені кесуге болатынын есептеуге болады. Ағаштардың көмірқышқыл газын сіңіріп, бөлшектерді ұстап тұратын реттеуші қызметі де бар. Тамырдың артық суды сіңіретін қабілеті бар. Жақын жердегі ғимараттарға ағаштан түсетін көлеңке. Климатты жақсарту.

Адамның өнімділігін арттыру: зерттеулерге қарағанда, ағаш көлеңкесінде 20 минут серуендеген адамның еңбек өнімділігі 30 пайызға артады екен. Бұл да өлшеуге болатын нақты экономикалық көрсеткіш.

Бұрынғы порттың орнындағы шалшық. Арал қаласы, Қызылорда облысы, 3 шілде, 2024 жыл.

Экожүйенің халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасына ықпалы туралы сөз болғанда халықты табиғи ресурстарды басқару ісіне тарту мәселесін де шешеміз. Бұл тұстағы маңызды мәселе – жергілікті халықты тарту. Төменнен басталатын бастамалар өте маңызды. Су айдындарының кеңесі де үлкен мәселе: қағаз жүзінде бар болғанымен, олардың қызметін жай ғана инспекция атқарады. Ал су айдыны кеңесі деген – диқандар, балықшылар, күріш өсіретіндер, аңшылар, дарияның жағалауында тұратын, шаруашылықпен айналысатын халық. Гидротехникалық құрылғыларды салу керек пе, керегі жоқ па, әлде жайылымдық жер мен егіс алқабының сапасын арттыру керек пе, соның бәрін осы кеңес шешуі керек. Өзенге гидротехникалық құрылыс салудан қазір бүкіл әлем бас тартып жатыр. Өмір сапасы төмендеп бара жатқандықтан, гидротехниканы бұзып, алып тастап, табиғи ортаны қалпына келтіріп жатыр.

– Демек, өзенге гидротехникаға дейінгі тіршілігіне оралуға мүмкіндік беріп жатыр ғой?

– Дәл солай. Гидротехникалық құрылысты адам ағзасындағы ұйыған қанмен салыстыруға болады. Ал өзен өзінің табиғи ағысымен ағуы керек. Бұған сәтті мысал көп. Германия Рейн өзені бойында ХІХ ғасырдан бері салынған 800-ден аса гидротехникалық құрылғыны бұзды. Осының өзі өзеннің жағдайын айтарлықтай жақсартуға жол ашты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тиімсіз ГЭС, бейберекет суғару, жемқорлық. Сырдарияны не құртады?

"СУ ҮШІН КИКІЛЖІҢ ТУАДЫ, СОҒЫС БОЛАДЫ"

– Арал мен Сырдарияға қайта оралсақ. Егер ештеңе өзгермейтін болса, алдағы жылдары не болуы мүмкін? Ғалым ретінде қандай болжам айтасыз?

– Басқа ғалымдардың болжамдарына қосылатын шығармын: мұздықтар кішірейіп, өзендер толып жатыр, бірақ 2030 жылға қарай суға қол жеткізу үлкен мәселеге айналады. Мәселеге кешенді көзқарас болмаса, қиындықтан қашып құтыла алмаймыз. Қазір Аралды қалпына келтіру мүмкін емес екені түсінікті, оның үстіне жоғарғы жағымызда отырған Ауғанстан үлкен канал қазып жатыр, оған Әмударияның суын бұрады. Мұндай жағдайда Өзбекстан не істейді? Сырдарияның суын көбірек пайдаланады. Қазір Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан да су қоймасын салу бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Мұның бәрі өз аумағында суды неғұрлым көп алып қалу үшін жасалып жатқан тірлік.

Кешенді, жан-жақты көзқарас керек дейтінім сондықтан. Су қоймасын салудың қажеті жоқ, топырақтың су сіңіру қабілетін қалпына келтіру керек, ол жерасты суының стратегиялық қорын толтырады. Табиғатқа қарсы шығуға болмайды.

– Демек, Қазақстан ғана емес, Сырдария бойындағы басқа елдер де бірлесе әрекет етпейінше, су қорынан айырылып қалу оп-оңай екенін түсінуі керек қой?

– Дәл солай. Ол үшін алдымен Орталық Азияның әр елінің нені көздеп отырғанын түсініп алу керек. Осы елдердің қай-қайсының Конституциясын ашып қарасаңыз да, халықтың әл-ауқатын арттыру туралы айтылады. Олай болса, барлық мемлекет жоспарлауға басқаша көзқараспен қарауы керек. Бүгін суды алып алдық дейік, ертең қайтеміз? Уақыт өте келе қайтып қалпына келмейтін топырақтың тозу процесін қалай тоқтатамыз? Бұл мәселенің бәрі Орталық Азия аймағындағы саяси толқуға ықпал етеді. Кикілжің туады, су үшін соғыс болады.

Экологиялық көші-қоннан да қашып құтыла алмаймыз. 1970, 1980-жылдары Аралдың суы тартылған уақытта балықшылар көшіп кеткеніне бәріміз куәміз. Біреулер Балқашқа қоныс аударса, енді біреулер Қапшағайға кетті, балық аулауды мүлдем қойып кеткендер де бар. Тұтас ауылдар қаңырап қалды.

Қазір сол ауылдардағы үйлердің жартысынан көбі жаңадан салынған, заманауи теледидар, спутник антеннасы бар, халық қымбат көлік мініп жүр. Солтүстік Аралға су келгеннен кейін өмір де өзгеріп сала берді. Алайда, табиғатқа қазіргідей ашкөздікпен қарауды қоймасақ, аса үлкен қиындыққа кез боламыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сырдария және ауыл шаруашылығы: өткеннің қателігінен болған су тапшылығынан құтылудың жолы бар ма?