Қуаңшылық қысқан Маңғыстау

Ақшымырау аулының тұрғыны 88 жастағы Орынбасар Сейітовтің де 10 шақты жылқысы өлген. Тағы бір байталын өрісте құлап қалған соң үйге әкелген. Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Азаттық тілшісі малы жұтқа ұшырай бастаған Маңғыстау облысына барып, бірнеше ауылды аралап қайтты.

Көктем мен жазда жауын тамбады деген ауыл тұрғындары биліктен көмек сұрайды.

Үкімет бөлген 1,9 миллиард теңге әлі үлестірілген жоқ және өлген мал шығыны өтелмейді. Маңғыстау сапарында түсірілген суреттерді ұсынамыз.

Құдықтан су ішуге келе жатқан бір үйір жылқы. Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Жылқы ішінде семізі сирек кездеседі. Көбінің қабырғасы таралап тұр. Шаруалар арық мал судың күшімен жан сақтап тұр дейді. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Қызан аулы маңындағы Мәстек құдығы, 14 шілде 2021 жыл.

Маңғыстауда малға суат болатын өзен-көл жоқ. Жұрт төрт түлікті мотор орнатылған құдық суымен суарады. Кейбір шаруа өріске арнайы көлікпен су тасиды. Маңғыстау облысындағы Мәстек құдығы, 14 шілде 2021 жыл.

Биыл Маңғыстау облысы аумағында қуаңшылық қатты. Малдың алды жұтқа ұшырап, жүздеген, мыңдаған бас мал өлген. Ауыл айналасын кезген адамға мал өлексесін табу қиын емес. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы маңында жатқан жылқы өлексесі. 15 шілде 2021 жыл

Ақшымырау аулының тұрғыны 88 жастағы Орынбасар Сейітовтің де 10 шақты жылқысы өлген. Тағы бір байталын өрісте құлап қалған соң үйге әкелген... Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Бірақ жануардың алдыңғы аяғын қозғауға ғана мұршасы келді. Облыста өлген малдың нақты есебі жоқ. Биліктің мәлімдеуінше, 3 мың бас қырылған. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы, 14 шілде 2021 жыл.

Енесі өлген құлын жемге үйренген. Сонда да күйі төмен. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы, 13 шілде 2021 жыл.

Күн ыстық, жауын жоқ. Шөп жөнді өспеген. Жайылған көтерем мал қурап қалған жусанның түбірін тартып жейді. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы, 14 шілде 2021 жыл.

Ақшымырау аулының шетіндегі мал өлексесін тастайтын орын. Терең қазылған шұңқыр іші өлексеге толы. Бетін шаң, құм жауып қалған. Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Әуедегі дроннан үркіп қашқан жылқы үйірі. Шөлін қандырған мал енді өріске ұзайды. Маңғыстау облысы Қызан аулының маңы, 14 шілде 2021 жыл.

Қолдан жем-шөп жеп тұрған арық жылқы. Маңғыстау облысында, статистика бойынша, 840 мың бас мал бар. Оның 630 мыңы тіркелген. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы, 15 шілде 2021 жыл.

Үлек қыстауы маңында самалдап тұрған жылқы үйірі. Қазақстан үкіметі қуаңшылыққа байланысты 1,9 млрд теңге бөлді. Қаражат тіркеуде тұрған аналық мал басына қарай беріледі. Маңғыстау облысы, 15 шілде 2021 жыл.

Маңғыстаудың қуаң даласы. Жергілікті билік ауа райы көрсеткішін есептеп, өңірде төтенше жағдай жариялауға негіз жоғын айтқан. Қарақия ауданы, 17 шілде 2021 жыл.

Фотоаппарат дыбысына елеңдеп тұрған ересек жылқы мен жайбарақат жатқан құлын. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы маңындағы Үлек қыстауы, 15 шілде 2021 жыл.

Бетін жел мен күннен бүркеп алған әйел мая сауып тұр. Жерде шөп болмаған соң сауын түйе де жөнді сүт бермейді дейді ол. Маңғыстау облысы Ақшымырау аулы, 14 шілде 2021 жыл.

Маңғыстауда таңбасыз мал жоқтың қасы. Жергілікті жұрт малды ресми тіркемей, мал иесінің есімі басталатын әріппен таңбалай бергенді дұрыс көреді. Мәселен, мына ҒҚ таңбасы бар малдың иесі Ғұбайдолла Қалыңбайұлы. Тіркеуден өтпеген малға ауыл шаруашылығы субсидиясы берілмейді. 15 шілде 2021 жыл.

Ақшымырау аулының тұрғыны, шаруа Ғұбайдолла Қалыңбайұлы жақында малын Үстіртке қарай, 160-180 шақырым жерге айдап апармақ. Бірақ басқа облысқа барып жаюға шама келмейтінін айтады. Маңғыстау облысы, 15 шілде 2021 жыл.

Әдетте мамыр айында түлеп болатын түйенің жүні шілдеде де түспеген. "Бұл – түліктің күйсіздігінің белгісі" дейді малшылар. Маңғыстау облысы Қарақия ауданы, 17 шілде 2021 жыл.

Түйе жылқыға қарағанда қуаңшылыққа төзімді. Ресми дерек бойынша, өлген түйе аз. Суретте: Үлек қыстауында жорғалап бара жатқан нарша (үш жасар түйе). Маңғыстау облысы Ақшымырау аулының маңы, 15 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзен қаласындағы мал базары. Базар иесі Айтмағамбет Ізбасаров мұнда негізінен басқа облыстан келген мал сатылып жатқанын айтады. Маңғыстау облысы, 17 шілде 2021 жыл.

Аймағамбет Ізбасаров жеке шаруашылықтағы малының біразын базар маңында қолға ұстап отыр. Арық құлындардың бірі өліп қалыпты. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы, 17 шілде 2021 жыл.

Әлсіз мал шетінен осылай кетіп жатыр дейді Жаңаөзен қаласындағы базар иесі Айтмағамбет Ізбасаров. Мына құлынның туғанына екі ай ғана болған. Маңғыстау облысы, 17 шілде 2021 жыл.

Маңғыстауда малдың картон қағаз жеуі таңсық емес. Жем-шөпті үнемдеу үшін кейбір адам картон қағазды пайдаланады. Оны езіп, көже жасап та береді. Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Қауымды қыстауы, 17 шілде 2021 жыл.

Қазақстанның әр өңірінен көмекке жіберілген тегін жем-шөптің көбі теміржолмен жеткізілді. Маңғыстау облысы Шетпе станциясы, 14 шілде 2021 жыл.

Бірақ жемнің де, шөптің де бағасы қымбаттаған. Жүкшілер Қостанайдан келген бидай кебегін вагоннан түсіріп жатыр. Маңғыстау облысы Шетпе аулы, 14 шілде 2021 жыл.

Шетпелік кәсіпкер Мұратбек Бекназаров жемнің бастапқы бағасы қымбаттап кеткенін айтады. Шаруалар жемді вагоннан қоймаға жеткізбей сатып әкетіп жатыр. Маңғыстау облысы Шетпе аулы, 14 шілде 2021 жыл.

Былтыр 1000 теңге шамасында сатылған бір қап жемнің құны биыл 2000 теңгеге жуықтады. Маңғыстау облысы Шетпе аулы, 14 шілде 2021 жыл.

Шетпе – Қызан тас жолы бойынан көрінетін Айрақты тауы. Маңғыстау облысы, 14 шілде 2021 жыл.

Азаттық тілшісі әңгімелескен жергілікті қариялар ала жаздай жауынның тамбауына Каспий теңізінің тартылып бара жатқанының әсері бар деп санайды. Ақтау қаласындағы Каспий жағалауы, 19 шілде 2021 жыл.

Жергілікті белсенді азаматтар жұт, қуаңшылық кезінде өңірде мұнай өндіріп жатқан компаниялар көмектесуі керек деген ұсыныс тастады. Суретте: "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнай-газ өндіру алабы. Маңғыстау облысы, 18 шілде 2021 жыл.