Еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілде тұрған жұмысшыларға әйелдері қосылды

"Шыны пластик құбыр зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуіл жариялап жатыр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

Маңғыстаудағы "Шыны пластик құбыр зауытында" ұжымдық шартты қайта жасауды, оған жалақы мен әлеуметтік төлем талабын енгізуді талап етіп айға жуық уақыт ереуілдеп жатқан жұмысшыларға әйелдері қосылды. Кейбірі жасқа толмаған баласын ала келген олар талаптары орындалмайынша ереуілде бірге тұратынын мәлімдеген. Жұмыс беруші Батыс елдері санкциялары астында қалған Ресейден келетін шикізатсыз қалған зауыт ереуілшілер талабын орындай алмайтынын айтқан.

АЙҒА ЖУЫҚ УАҚЫТҚА ЖАЛҒАСҚАН ЕРЕУІЛ

Облыс орталығы Ақтаудан 30 километр қашықта, Мұнайлы ауданында орналасқан шыны пластик құбыр зауыты жұмысшысы Еркебұлан Жаманқұловтың Азаттыққа айтуынша, 21 маусымда компания кеңсесі қасындағы киіз үйде ереуілдеп жатқан жұмысшыларға әйелдері келіп қосылған. Кейбірі жасқа толмаған баласын бірге ала келген олар талаптары орындалмайынша сол жерден кетпейтінін мәлімдеген.

Екі жүзден астам адам еңбек ететін зауытта жұмысшылар ереуілі 23 мамырда басталған. Компания кеңсесі қасына киіз үй тігіп, сонда жатқан ереуілшілер кәсіпорын басшылығынан өздеріне биылғы ақпандағы ереуілден соң көбейтілген жалақыны толық төлеуді, әлеуметтік төлемдерді ұжымдық шартта нақты көрсетіп, ұжымдық шартты қайта жасау, оған жалақы мен әлеуметтік төлем талабын енгізуді талап етті. Ереуілге қазір жүзден астам адам қатысып тұр дейді жұмысшылар.

"Шыны пластик құбыр зауыты" жұмысшыларының ереуілі 23 мамырда басталған. Олар өздеріне биылғы ақпандағы ереуілден соң көбейтілген жалақыны толық төлеуді, әлеуметтік төлемдерді ұжымдық шартта нақты көрсетіп, ұжымдық шартты қайта жасау, оған жалақы мен әлеуметтік төлем талабын енгізуді талап етіп тұр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

Содан бері айға жуық уақыт өтсе де, жұмысшылар талабы әлі орындалған жоқ дейді ереуілшілердің бірі Асқар Сәркенов. Басшылық жұмысшылар ірі мұнай компанияларындағыдай жағдай талап етіп отыр деп, оны орындаудан бас тартқан.

– Біз бір жақтан келген гастарбайтер емеспіз. Осы Маңғыстаудың жергілікті адамымыз, Қазақстанның азаматтарымыз. Артық ақша емес, еңбегімізге сай еңбекақы төлеуді сұрап жатырмыз. Неге бізді осынша зарықтырды? – дейді ол.

Шыны пластик құбыр зауыты жұмысшыларының ереуілі (21 маусым 2022 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Мұнайлыдағы шыны пласти құбыр зауыты жұмысшыларының ереуілде тұрғанына айға жуықтады

Ереуілде тұрған жұмысшылардың бірінің әйелі Мәншүк Тұржанова ақпандағы ереуілден кейін кәсіпорын жұмысшылар жалақысы көбейтілді деп хабарлағанымен, күйеуінің әлі күнге ондай ақша алмағанын айтады. "Қолына алғаны күнделікті тамаққа да жетпейді" деп шағымданады әйел.

– Ақпараттық технология заманында біз баланың жағдайын жасай алмай отырмыз. Неге? Себебі жұбайымыздың тапқан ақшасы шайлыққа да жетпейді. Тамақтың бағасы болса мынау. Омырауда баламыз бар. Тіпті қиналғаннан баламызды енемізге тастап, жұмысқа да шығып кеттік. Ал енді осы "жаңа Қазақстанға" жарасатын дүние ме? Сәбиімізге махаббатымызды беріп, үйде отырып тәрбиелеудің орнына тентіреп жүрміз, – деп налиды Мәншүк Тұржанова.

Күйеулерін қолдауға келген әйелдермен зауыттың бас инженері Есей Көшкінбаев кездескен. Ол зауыт жұмысшылары Азаттыққа жолдаған видеода да көрінеді. Зауыт директоры міндетін атқарып отырған Көшкінбаев "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы ұсынған 1 миллиард 23 миллион теңгенің жұмысын тендерде ресейлік компания жеңіп алғанын ғана хабарлап, ереуілшілердің талаптары жайлы ештеңе айтқан жоқ.

"Шыны пластик құбыр зауыты" жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілде тұр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

Өткен аптада компания құрылтайшылары Алматыдан Маңғыстауға келіп, зауыт директоры Сәрсен Қырымқұловты қызметінен босатқан. Ал қазір оның орнында отырған зауыттың бас инженері адамдар жұмысқа шықпаған соң компания ауқымды жұмысқа жарияланған тендерден айырылып қалғанын айтады.

"Шыны пластик құбыр зауыты" Маңғыстаудағы "Өзенмұнайгаз", "Маңғыстаумұнайгаз", "Қаражанбасмұнай" тәрізді ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарға мұнай айдайтын құбыр шығарады. Forbes басылымының қазақстандық нұсқасының жазуынша, кәсіпорын 897 млн доллар байлық иесі саналатын қазақ бизнесмені Рашид Сәрсеновке тиесілі. Зауыт жұмысшылары ереуілдеп жатқанда, мамырдың аяғында Сәрсенов ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескені туралы ақпарат тараған.

Жүзден астам адам еңбек ететін шыны пластик құбыр зауытында биыл ақпан айында ереуілге шыққан жұмысшылар жалақыны 40 пайыз көбейтуге қол жеткізген. Бірақ олар кәсіпорын көбейтілген жалақыны төлемей отырғанын айтады.

"ШАРАСЫЗ КҮЙДЕМІЗ"

Шыны пластик құбыр зауытында 5-разрядты дайындаушы болып істейтін Еркебұлан Жаманқұловтың айтуынша, 15 маусымда кәсіпорынға компанияның Алматыдағы бас кеңсесінен өкіл келіп кеткен.

– Директорды орнынан алып тастады. Бірақ біздің талаптарымыз туралы нақты ештеңе айтпады. Оның қашан орындалатыны да белгісіз. Бізді мұндай жағдай қажытты. Отбасымызды ертіп келеміз бе, назар аударту үшін өзімізге қол саламыз ба, әйтеуір шарасыз күйдеміз, – дейді ол.

"Шыны пластик құбыр зауытындағы" ереуілде тұрған жұмысшы Ержан Сейітқожаевтың денсаулығы нашарлап, әріптестері оған жедел жәрдем шақырды. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

Жаз басталғалы Мұнайлыда аптап ыстық, ауа райы 40 градустан түспей тұр. Оған аңызақ жел қосылып, онсыз да депрессивтік көңіл-күйдегі адамдардың жағдайын тіпті ауырлатып жібергені байқалады. Наразылардың кейбірі денсаулығы сыр беріп, қан қысымы, дене қызуы көтерілгенін айтады.

– Жұмысымыз өте ауыр. Мұрнымызға перде де бермейді, ауаға ұшқан шыны шаңы өкпемізге барып тұнады. Сонымен тыныстаймыз. Қаламқас, Қаражанбас, Өзенмұнайгаз кеніштеріне мұнай тасуға арналған құбыр шығарамыз. Аса қауіпті химиялық заттармен жұмыс істейміз. Зиянды өндірісте еңбек еткеніміз үшін ештеңе төленбейді. Ақпан айында көтерілген жалақыны да алған жоқпыз. Зауытты "Маңғыстаумұнайгазға" берсін, себебі өздері басқара алмайды, – дейді Еркебұлан Жаманқұлов.

"Аса қауіпті химиялық заттармен жұмыс істейміз. Зиянды өндірісте еңбек еткеніміз үшін ештеңе төленбейді. Ақпан айында көтерілген жалақыны да алған жоқпыз" дейді Еркебұлан Жаманқұлов.

Жаманқұлов зауыт қожайыны Рашид Сәрсеновтың президент Тоқаевпен кездескенін жұмысшылар естігенін, бірақ ол кездесуден өз талаптарына байланысты үміт күтпейтінін айтады.

– Интернетте "президентпен кездесіп, әлеуметтік проблемалар жобасы талқыланды" деп жазыпты. Ал біздің әлеуметтік жағдайымыз ше? Ол туралы жақ ашылмағаны айдан анық, – дейді ол.

"КӨБЕЙТІЛГЕН ЖАЛАҚЫНЫ ТЕК БІР РЕТ АЛДЫҚ"

Серғали Кекешов – зауыттың байырғы жұмысшыларының бірі. Кәсіпорынның іргетасы қаланғаннан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, жұмысшылар сәуірде де ереуілдеп, жалақыны 40 пайыз көтеруге қол жеткізген.

– Ұжымдық шарттың 70 пайызына келісілді. Бірақ әлеуметтік пакеттерге, төлемақыға келгенде кері тартып тұр. Біресе "Алматыдағы құрылтайшы шешеді, оның иесі Рашид есімді адам шешеді" деді басшылық, – дейді Серғали Кекешов.

"Қазір ең көп алатын жалақымыз 250-260 мың, ең төменгісі – 100 мың теңге. Оны да толық бермейді. Ай сайын жалақының жартысын төлеп, ақысыз демалысқа жіберіп қулық жасайды" дейді Серғали Кекешов.

Оның айтуынша, жұмыс беруші жұмысшылардан талаптарын жазып беруді сұраған. Бірақ жазбаша берген ұсыныстарды қараудан кейін бас тартқан.

– Қазір ең көп алатын жалақымыз 250-260 мың, ең төменгісі – 100 мың теңге. Оны да толық бермейді. Ай сайын жалақының жартысын төлеп, ақысыз демалысқа жіберіп қулық жасайды. "Үзбей жұмыс жасауға қарашайыр, шикізатымыз жоқ" деп сылтауратады, – дейді Серғали Кекешов.

Оның сөзіне қосылған Еркебұлан Жаманқұлов ақпанда көтерілген жалақыны тек бір рет – биыл наурызда ғана толық алғанын айтады.

– Техника қауіпсіздігі деген сақталмайды. Ауыр құбырларды қолмен көтеріп саламыз. Оны көтеретін кран болу керек, бірақ ол бұзылып жатыр, жөндеуге қажет бөлшектер алынбайды. Жұмыс он екі сағат болғанымен жағдайымыз келіспейді. Осындай талаптарды айтсақ, қудалап жұмыстан шығарады. Қаншама адам жұмыстан шығарылады, – деді ол.

Жұмысшылар айға жуық ереуілдесе де, өздеріне не Маңғыстау облысы әкімдігі, не Ақтау қаласы әкімдігі назар аудармағанына да ренжулі.

– Жаңа Қазақстанды көрмедік. Керісінше, шикізат жоқ деп жағдайымыз кері кетіп жатыр, – дейді Еркебұлан Жаманқұлов.

"Шыны пластик құбыр зауыты" Маңғыстаудағы "Өзенмұнайгаз", "Маңғыстаумұнайгаз", "Қаражанбасмұнай" тәрізді ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарға мұнай айдайтын құбыр шығарады. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

ЗАУЫТ ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРА МА?

Шыны пластик құбыр зауытының бұрынғы директоры Сәрсен Қырымқұлов бұған дейін Азаттыққа жұмысшылар өздері еңбек ететін кәсіпорынды мұнай өндіретін ірі компаниялармен салыстырып, солардағыдай ұжымдық шарт жасағысы келеді деп түсіндірген еді.

Оның сөзінше, әлеуметтік пакеттер зауыт жұмысшыларында бұрыннан бар.

Сәрсен Қырымқұлов – "Шыны пластик құбыр зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

– 33 пайыз сыйақы төленеді, жылдық 13-жалақы беріледі, Наурыз мерекесі, Мұнайшылар күні, Тәуелсіздік күні мерекелеріне 20 айлық есептік көрсеткішке тең сыйақы, 8 наурызға, мүгедек баласы барларға 10 АЕК, бірінші баласы туғанда 30 АЕК, еңбек демалысына 50 пайыз үстемақы төленеді. Бірақ "Маңғыстаумұнайгаз" тәрізді компанияларға теңесе алмаймыз, өйткені олар мұнай сатып отырғандықтан сол табысқа лайық келісімшарт жасай алды, – деген еді ол.

Қырымқұловтың сөзінше, зауыт қазір аса елеулі экономикалық қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Ол шикізат тапшылығы салдарынан зауыт банкрот болуы мүмкін деген қауіп барын да айтты.

– 2021 жылы бізге қажет шикзітаттар бағасы аяқ астынан шарықтап кетті. Біз қажет шикізаттың бәрін Ресейден аламыз, өйткені оны Қазақстанда ешкім өндірмейді. Мысалы, қарашайыр – ең маңызды шикізат, оның бағасы 130 пайыз өскен еді, енді 7 маусымнан бастап қарашайырдың 18 тоннасына 92 миллион теңге сұрап отыр. Бұрын дәл сондай көлемдегі қарашайырды 35 миллион теңгеден алғанбыз, ал қаңтарда ол шарықтап, 79 миллион теңгеге жетті, – дейді ол.

2003 жылы "Шыны пластик құбыр зауытының" ашылуына келген сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен зауыт қожайыны Рашид Сәрсеновтің (сол жақтан екінші) бірге түскен суреті зауыт директорының кабинетінде ілулі тұр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы. 1 маусым 2022 жыл.

Бұрынғы директордың сөзінше, еуропалық шикзат өте қымбат, ал Мәскеу Украинаға соғыс ашқаннан кейін Батыс елдері санкцияларды бірінен кейін бірін енгізіп жатқан тұста Ресей тарабы өзі сататын тауарға ақшаны алдын ала толық төлеуді талап ете бастаған.

– Бұл зауыттан шығатын құбыр сапасы мен коррозияға төзімдігі жағынан оған бәсекелес ешкім жоқ. 2005 жылдары Маңғыстау, Атырауға орнатылған құбырларымыз осы күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Шикізат тапшылығын айтып жазбаған жерім жоқ. Оны үкімет те, Рашид Сәрсенов те жақсы біледі, – дейді Қырымқұлов.

Бұл мәліметті Ақтауға тексеруге барып келген зауыт құрылтайшысының өкілі Зүбайра Оспанова да растады.

– Әрине, ол кісі зауытта тікелей жұмыс істеген соң көп мәлімет береді. Бірақ мен компанияның ары қарайғы жағдайы туралы басшыммен ақылдасып алған соң ғана айта аламын, – деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтар оқиғасы бастау алған Жаңаөзенде әлеуметтік наразылық күшейіп тұрМұнайшылар айлық 60 пайыз азаятынын айтып шағымданды "Үкімет Жаңаөзен мәселесін шешуге құлықсыз""Баламды мұнай саласына жұмысқа алсын!" Жаңаөзенде аштық жариялаған әйелМаңғыстауда ереуіл көбейді