"Қонақ бөлмеге әжетхана қойғанмен тең". Бозжыра жайлы қоғам тыңдауы өтті

Маңғыстау облысындағы табиғаты айрықша Бозжыра шатқалына қонақүй салуға билік орындары рұқсат беруге ыңғай танытқанымен, қоғам өкілдері қарсы болып отыр. Фото авторы - Марк Пестов.

Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында өткен қоғам тыңдауында Бозжыра шатқалына қонақүй салу жобасы талқыланды. Шараға Алматы мен Нұр-Сұлтаннан арнайы келген белсенділер де қатысты. Ұйымдастырушыларға мұндай белсенділік ұнаған жоқ. Олар экобелсенділер мен қоғам өкілдеріне сұрақ қоюға мүмкіндік бермей, микрофонды тартып алды. Соған қарамастан белсенділер өз ойын жеткізіп үлгерді. Құрықтағы жиынға қатысқан Азаттық тілшісі қонақүй салуды қолдайтындар мен жобаға қарсы азаматтардың пікірін тыңдап көрді.

"ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ БОЗЖЫРАДАН!"

Экологтардың "ерекше табиғи ескерткіштің тағдыры Қарақия ауданы тұрғындарын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын алаңдатады" деген пікіріне қарамастан, ұйымдастырушылар Бозжыра шатқалына салынатын қонақүй жобасын таныстыруға арналған жиынды Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында өткізуді ұйғарған.

Your browser doesn’t support HTML5

«Жай адам кіре алмайды». Бозжырадағы қонақүй құрылысы бойынша талқы өтті

Ақпан айы болғанына қарамастан, Ақтаудан 70 километр қашықта жатқан Құрық ауылында бұл күні ауа райы жылы болды, жерде қар жоқ. Ауылдың үйлері ескі болғанымен, жолдары тегіс әрі таза. Қоғамдық тыңдау өтеді деп жоспарланған мәдениет үйінің маңдайшасындағы латын қарпімен жазылған жазу көзге анадайдан шалынады. Мәдениет үйінің жанында биліктегі "Нұр Отан" партиясының ғимараты тұр, қарсы бетте ұлттық музыкалық аспап – қобыз инсталляциясы орналасыпты.

Қоғам тыңдауы басталғанға дейін бір жарым сағат уақыт қалды. Мәдениет үйінің алдында көлік көп. Жергілікті тұрғындардың бірі ауылда мұндай жағдай сирек болатынын айтты. Құрықтың екі тұрғыны мәдениет үйіндегі қоғам тыңдауы туралы естіген соң, Азаттық тілшісінің Бозжыра туралы сұрағына жауап бермей, басын шайқады.

Мәдениет үйінің фойесінде және акт залында костюм киген адам көп. Қара көк түсті пиджак пен ақ жейде киген жас азаматтар шараны ұйымдастыру мәселелерін талқылап тұр. Уақыт өткен сайын залда костюм киген адамдар тіпті көбейе түсті, дені – "жасы келгендер".

Бозжыра шатқалына қонаүй салу мәселесі бойынша қоғам тыңдауы Құрық ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Маңғыстау облысы, 5 ақпан 2021 жыл.

"Біздің орнымыз осы екен ғой" деген азаматтардың бірі екінші қатардағы, шынтақ қояр тұсына "облыстық мәслихат депутаттары" деген қағаз жапсырылған орындыққа жайғасты. Басқа қатардағы орындықтарға "облыстық (әкімдіктің) басқарма басшылары", "аудандық (әкімдіктің) бөлім басшылары", "облыс қоғамдық кеңесі мүшелері", "аудан қоғамдық кеңесі мүшелері", "ауыл ардагерлері" деп жазылған. Залдың жартысы осындай әртүрлі лауазымы бар адамдарға толды. Пандемия кезінде әлеуметтік қашықтық сақтау талабы ескеріліп, адамдар екі жағынан бір-бір бос орын қалдырып жайғасты.

Мамандар аппаратураны реттеп, жиынды Zoom платформасынан онлайн көрсету үшін проекторды дайындауға кірісті. Ауылда мобильді интернет жылдамдығы нашар екен, ал жиын өткен жердегі wi-fi құрылғысының кілтсөзін тек "өз адамдарына" ғана берді. Ұйымдастырушылар мұның себебін "желіге тым артық салмақ түседі" деп түсіндірді.

Залға белсенділер кірді, кейбірі плакат ұстап келді. Бұлар – елде саяси реформалар жүргізуге үндеп жүрген "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының өкілдері. Олар ұстаған плакаттарда "Тарт қолыңды Бозжырадан!", "#Save Bozjyra" деп жазылған. Үлкен плакатта да дәл сондай жазу бар, ал экобелсенділер "Бозжыраны сақтайық" деген жазу ұстап алған. Бір минуттан кейін белсенділерге қара киімдегі әйел тақап барып, "митинг ұйымдастырмай, плакаттарыңды жинап алыңдар" деп көндірмекші болды.

"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсенділері Бозжыра шатқалында қонақүй салуға қарсылық білдіріп тұр. Құрық ауылы, Маңғыстау облысы, 5 ақпан 2021 жыл.

Шенеунік өзін "(Қарақия ауданы әкімдігі) ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дина Сәбитовамын" деп таныстырды. Шенеунік өзін фотоға түсіріп тұрған Азаттық тілшісінен "Суретті жарияламауға бола ма?" деп сұрады.

– Жоқ. Әркім өз жұмысын атқарып жүр.

– Жарайды, мен сұрадым, сіз келіспедіңіз.

"БАССЕЙНІ, ТІКҰШАҚ АЛАҢЫ МЕН АТ ҚОРАСЫ БАР 50 КОТТЕДЖ…"

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке таныстығын мақтан тұтатын түрік кәсіпкері Феттах Таминдженің тапсырысымен ерекше табиғи ескерткіш аумағында салынғалы жатқан қонақүй жобасы Қазақстан қоғамында үлкен резонанс туғызды. Қоғам өкілдері мен экобелсенділер бұл жобаға қарсы болып, Бозжыра шатқалына салынатын құрылыс көрікті табиғи аумаққа нұқсан келтіріп, жергілікті флора мен фаунаға зардабын тигізеді деп алаңдайды.

Бұл пікірталасқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та араласып, үкіметке "жобаны қайта қарау" туралы тапсырма берген. Нәтижесінде қонақүйді Бозжыра шатқалынан 20 километр жерге салуды ұсынған қоғам белсенділерінің талабына қарамастан, құрылыс орны бастапқы жерден небәрі екі километрге ғана жылжыды. Осы жобаны ұсынған бастамашыл топ 5 ақпанда Құрықтағы жиынға қатысушыларға "қайта қаралған" жобасын таныстырды.

Жиынға 100 шақты адам қаттау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов жайғасты. Бас жобалау компаниясы – ТОО Sembol Safari Construction. Жобаны ұсынушылар бұл қонақүй Қазақстанда туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатынын айтты. Бозжыра шатқалындағы қонақүй – туризмді дамытуды көздейтін 12 жобаның бірі. Мемлекет бұл жобаларға жалпы құны 400 млрд теңге бөліп отыр.

Бозжыра шатқалына қонақүй салу мәселесі бойынша қоғам тыңдауына қатысқандардың көбі – шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен билікке жақын қоғамды ұйымдар өкілдері болды. Құрық ауылы, Маңғыстау облысы, 5 ақпан 2021 жыл.

Экраннан ауқымды жобаның сызбаларын көрсетті. Жоба бойынша ірі визит-орталық, бір үлкен ортақ бассейні мен өзге де бассейндері бар 50 коттедж, мейрамхана, бутиктер, SPA аймағы, тікұшақ қонатын алаңдар, ат қора мен автокөлік тұрағы салынбақ.

Жобаны таныстыру кезінде жаңа қонақүй қаумал шекарасынан 500 метр жерде, Бозжыраның негізгі көрнекі орындары – "азу тістерден" төрт километр, ал "Кемеден" екі километр қашықта салынады деп хабарлады.

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысының ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді және аумағы 316 141 гектарды құрайтын "Жабайұшқан" мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады. Фото авторы - Марк Пестов.

Қонақүйді жобалаушылар құрылыс жұмыстарынан өндіріс шуы, діріл, электромагнит сәулесі, жарық сияқты нәрселердің қоршаған ортаға аз да болса әсері болатынын мойындайды.

Ардагерлер мен ақсақалдар қонақүй мен визит-орталық құрылысы "жаңа жұмыс орындарын ашуға" көмектесер деп үміттеніп, жобаны қолдап бас изейді.

Компания басшысы Елена Иванова "Бұл жоба бойынша жұмыстар… рұқсаты мен берген ақпаратын ескеріп жүргізілді" деп атын атаған мемлекеттік органдардың арасында туризм, мәдениет, табиғи ресурстар басқармасы да бар.

Белсенділер отырған орнынан құрылыс жобасына наразылық білдіретін плакаттарын көтерді.

Инвестордың өкілдері қонақүйді Бозжырадан төрт километр жерге салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

– Қазіргі жолдан тарайтын жаңа жолдар салу қарастырылып жатыр. Жолды ретке келтіріп, қазіргі және жаңадан пайда болып жатқан өзге жолдардағы көлік қозғалысын үйлестіру жоспарланып отыр. Мақсатымыз – бұл жердегі туризмді ұйымдасқан сипатқа көшіру, – деді инвестордың өкілі.

Бозжыра шатқалына қонақүй салу мәселесі бойынша өткен қоғам тыңдауына қатысып отырған жоба инвесторының өкілдері. Құрық ауылы, Маңғыстау облысы, 5 ақпан 2021 жыл.

"ЖОБА ДАЙЫН ЕМЕС, БІРАҚ СІЗДЕР МАҚҰЛДАЙ БЕРІҢІЗДЕР"

Жобаны ұзақ таныстырып, ұйымдастырушылар сөйлеп болғаннан кейін қатысушыларға сұрақ қою мүмкіндігі туды.

Белсенділер плакаттарын түсірген жоқ.

Алдымен микрофонды Adal (саяси партия) деген жазуы бар маска таққан қыз алды.

– Сіздердің жобаларыңызда қоршаған ортаға әсерін бағалау деген бөлім, яғни, жобаның екінші кезеңі бар. Бірақ жобада қонақүйде су қанша көлемде пайдаланылатыны көрсетілмеген, осыған дейін бассейн салынатыны айтылды, бұған аз су кетпейді ғой. Сонымен қатар, кәріз жүйесінен шыққан су қайда төгілетіні жазылмаған. Жобада тікұшақ алаңын салу жоспарланған, одан қандай діріл туатыны айтылмаған. "Вибрация" деген бөлімде тікұшақтың әсері туралы бір де бір сөз жоқ, – деді эколог Лаура Маликова.

Бозжыра шатқалына қонақүй салуға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Құрық ауылы, Маңғыстау облысы, 5 ақпан 2021 жыл.

Костюм киген жігіттің қолындағы микрофонды алуға кезекте тұрғандар көбейді. "Микрофон иесі" белсенділерді байқамаған сыңай танытып, ардагерлер мен депутаттар отырған қатарды аралай жөнелді.

– Сіздер рекреациялық жүктеме бойынша есеп жасамағансыздар! Бұл аумақта бір уақытта 125 адам болады. Бұл табиғи аумаққа қалай әсер етеді? Кәріз жүйесінен шыққан иістен туатын қауіп көрсетілмеген. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасында электр жарығы мен су құбырын жүргізіп, автокөлік жолын салудың әсері қамтылмаған. Ең үлкен әсер автокөлік жолынан болады, – деді эколог.

Экологтың сөзін залдағылар қол соғып қолдады.

Сөз кезегі тиген компания өкілі сұрақ пен ескертуге жауап берді.

– Жоба құжаттары әлі дайындалып жатыр. Сондықтан қонақүйдің қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі құжатта кейбір мәселелерді нақтылау керек. Біз топыраққа зерттеу жүргіздік, ол кейбір құрылыс жұмыстарына сәйкес келмеді. Бұл құжат дайындалып жатыр, – деді Елена Иванова.

– Ендеше әлі толық дайындалмаған құжатты қоғам тыңдауына ұсынбау керек еді. Біз қайта-қайта жинала алмаймыз. Басқа шаруамыз жоқ па? Бұл біздің уақытымызбен санаспау ғой, – деді өзінің осы жиын үшін астанадан арнайы келгенін айтқан Лаура Маликова.

Ол жобаның қазіргі жағдайы жобалау кезеңіне сәйкес келмейтінін атап өтті.

Иванова экологтың бір сұрағына жауап беріп, кәріз жүйесінен шыққан су тазартудан өткен соң өсімдіктерді суғаруға пайдаланылатынын айтты. Бірақ қонақүйге судың қайдан әкелінетіні сол күйі жұмбақ болып қалды.

Компания өкілдері инвестордың тұрғындар пікірін ескеріп, қоғам тыңдауын өткізу туралы шешімге келгеніне назар аударуға тырысты.

– Сіздер (бұл жиынды) бізбен сөйлесуге ниет білдіргеннен емес, Бозжыра мәселесі Маңғыстау мен Қазақстан қоғамында, бүкіл әлемде үлкен резонанс туғызғаннан кейін ғана өткізіп отырсыздар. Бай адамдарға арнап вилла, бассейн, тікұшақ алаңын саласыздар. Осылайша табиғи аумаққа жалғыз ғана жол қалдырып, Қарапайым адамдар шатқалға кіре алмай қалады. Біз сияқты қарапайым азаматтар қайтеді? Елді мекендерге таза ауыз су жетпей жатқан кезде қонақүйге суды қайдан әкелесіздер? – деді Ақтау қаласының тұрғыны Мұхтар Үмбетов.

Маңғыстаулық белсенді Мұхтар Үмбетов табиғаты ерекше шатқалға бай адамдарға арналған қонақүй салынып, жалғыз жол қалатын болса, Бозжыраға қарапайым жұртты жолатпауы мүмкін деп санайды. Құрық ауылы, 5 ақпан 2021 жыл.

Бұл сұраққа Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков:

– Бозжыраға барлық адам барып, демала алады, – деп жауап берді.

Шенеунік "жабайы туризмге қарсы күресу" үшін шатқалға бір ғана жол қалдыру ұйғарылғанын айтты.

"Қоғам кеңесі" деген жазуы бар қатарда отырған эколог Орынбасар Тоғжанов жабайы туризм жайлы эмоцияға беріліп ұзақ сөйледі.

– Шатқалға апаратын жолдың көп болуы бұл жерді әбден бүлдірді! – деді ол экрандағы картаға нұсқап.

Тоғжанов жабайы туризмнің кесірінен жануарлар өлетінін айтты.

– Бұған қонақүйдің не қатысы бар?! – деді залда отырғандардың бірі.

– Доғар! – деді плакат ұстаған белсендіге қарай саусағын шошайтқан Тоғжанов. Осыдан кейін ол ойын жалғап, ұзақ сөйлегенімен, қонақүй құрылысы жануарларды қорғауға қалай көмектесетінін сол күйі түсіндіре алмады.

Белсенділер плакаттарын көтерген күйі отыра берді.

– Плакаттарыңды құртыңдар! – деді Тоғжанов белсенділерге айқайлап.

– Бізге айқайламаңыз, – деді қыздардың бірі.

– Дауысым сондай!

Тоғжанов сөзін аяқтауға асықпады. Залдағылардың бірі оған регламент барын ескертті.

– Біз мәдени туризмді дамытып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуымыз керек! – деді Тоғжанов.

– Дұрыс айтасыз, Ореке! – деді залда қоғам кеңесі мүшелерімен бір қатарда отырған, сұр түсті пиджак киген ер адам.

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына келген туристердің көліктері. Фото авторы - Марк Пестов.

Тоғжановтан кейін ортаға шыққан ардагер Тұрсынғали Көшенов те "жұмыс орны ашылады" дегенді айтып, сөзін үстел басында жиынды жүргізіп отырған шенеуніктерге қарата көсіліп ұзақ сөйледі.

Плакат ұстаған белсенділер сөйлемекші болып, микрофон ұстап жүрген адамға өтініш білдірді. Ол белсенділерге қарай беттей бергенде, қоғамдық кеңес мүшелері отырған қатардан "Бермеңдер оларға!" деген ер адамның дауысы гүр ете түсті. Микрофон ұстаған адам кілт тоқтады.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов та Маңғыстау облысындағы жұмыссыздық мәселесін еске салып, қонақүй құрылысы "жаңа жұмыс орнын ашу" үшін керегін айтты.

"ТУРИСТЕРГЕ ҚОНАҚҮЙ КЕРЕК ЕМЕС"

Осы сәттен бастап қолына микрофон тигендердің бәрі қонақүй құрылысын қолдап сөйлей бастады. Сөз кезегі Үстірт қорығы басшысының орынбасарына тиді.

– 100 миллион жыл бұрын пайда болған палеонтология ескерткіштерін бір жылда бүлдіргіміз келе ме?! Құрылыстан бастайық. Мен 14 жыл бойы Үстірт қорығында жұмыс істеп келемін. Бізге шетелдіктер көп келеді, олар ешқашан "Қай жерде әдемі қонақүй бар?" деп сұраған емес. Оның орнына сөмкесін арқалап алып, біздің жігіттердің ескі УАЗ көлігіне мініп, бір аптаға жазық далаға кетіп қалады. Біздің жігіттермен бірге ас ішіп, сол жақта түнейді. Қоштасарда адамның қолы тимеген мұндай тұмса табиғат пен тыныштықты әлемнің еш жерінен көрмегенін, бұл жерді сақтап қалу керегін айтып кетеді. Сондықтан қонақүйді Өзен, Сенек пен Қызылсайға салған дұрыс. Сол жақта қонақүй жоқ, халыққа да жұмыс орны табылады, – деді Меңдібай Ағиев.

Экобелсенді Ақмарал Мәжитова жабайы туризмге қарсы күресудің басқа әдістерін қолдануды ұсынды.

– Неге экологияны дамыту және қорғаумен айналысатындар шлагбаум қойып, бұл аумақты ұлттық паркке айналдырмайды? Осының бір де бірін жасамаған. Мектепте балаларды табиғатты қорғауға баулу керек. Бұл мәселені қонақүй құрылысымен шешуге болмайды. Қонақүй табиғаттың тамаша көрінісін құртады. Адамдар арнайы іздеп баратын пейзаждың көрінісіне жараспай тұр. Бұл қонақ бөлмеге әжетхана қойғанмен тең, – деді Ақмарал Мәжитова.

Бозжыра шатқалына қонақүй салуға қарсы белсенділердің #SaveBozjyra бейбіт акциясы. Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.

Алматыдан келген экобелсенді Ажар Жандосова Қазақстанда туризмді дамытудың қанша үлгісі барына тоқталды.

– Біз бір нәрсені түсіне алмай отырмыз: неге қонақүй құрылысын туризмді реттеу мәселесімен байланыстырады? Бұл – екі бөлек дүние ғой. Неге дәл осы жерді, Маңғыстаудың әсем табиғатын таңдап алған? Жолға жақын жерлер бар. Ол жерге қонақүй салу осынша инфрақұрылымды қажет етпейді. Табиғатты екінші мұнайға айналдырмау керек. Жер астынан бүкіл мұнайды сорып алғанымен, табиғат бергеннің бәрін алып қоюға болмайды. Бүгін таныстырылған жоба шала-шарпы дайындалған, – деді Жандосова.

Оның пікірін "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Кирилл Осин де қолдады. Ол да қонақүй жобасына неге дәл осы жерді таңдап алғанын сұрап, "айналадан әдемі көрінісі бар ондаған көрікті жер табуға болатынын" айтты.

Меңдібай Ағиев ұйымдастырушылар қоғам тыңдауына "дайындықсыз келгенін" айтты.

– Қоғам тыңдауы қайта өтуі керек. Жаңаөзенде не Ақтауда болсын, қайта өткізу керек, – деді Ағиев.

Кешкі алтының шамасында белсенділер тағы да микрофон сұрады. Ұйымдастырушылар оларға тағы да сөз бермей, қоғам тыңдауын жабық деп жариялады. Шараға Zoom платформасы арқылы онлайн қосылғандар да сұрақ қоя алмады. Ұйымдастырушылар сын-ескертулерге жеті күн ішінде жауап беруге уәде беріп, жиын аяқталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Табиғаты ерекше шатқалға қонақ үй салуды билік қолдап, қоғам қарсы болды