Қордайдың бүгінгі тіршілігі. Ойраннан кейінгі бір жылда не өзгерді?

Мотороллер мінген адамдар. Сортөбе ауылы, Жамбыл облысы. 2 ақпан 2021 жыл.

2020 жылғы ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында болған ұлтаралық жанжал салдарынан 11 адам мерт болып, ондаған азамат жараланған. Азаттық тілшісі елді дүр сілкіндірген оқиғадан кейін бір жылдан соң Қордайға қайта барып, сырт көзге әл-ауқаты жақсы көрінгенімен, Солтүстік Кореяның шағын үлгісі сияқты әсер қалдыратын жергілікті ауылдардың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

2020 жылы 8 ақпанға қараған түні Масанчи, Бұлар батыр, Ауқатты және Сортөбе ауылдарында Қазақстанның жаңа тарихындағы ең бір қатыгез ұлтаралық жанжал болды. Билік өкілдері қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығысты "тұрмыста болып тұратын жанжалға" теңеп, қантөгістің ұлтаралық сипаты барын жоққа шығарды.

Қордайға жолға шығар алдында жергілікті жердегі таныстарым ауданда "журналист келгені туралы бірден әкімдікке хабарлау керек" деген жазылмаған ереже барын ескертіп, "шенеуніктер мен ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің" назарына түспеу үшін барынша мұқият болып жүруге кеңес берді. Басында мұндайды есту күлкілі көрінгенімен, оның жаны бар сөз екеніне көп ұзамай көз жеткіздім.

Ендеше, құрметті оқырман, бәрін басынан баяндайын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақтар мен дүнгендердің жанжалдан кейінгі өмірі

"ЖАҚСЫ ИНТЕРНЕТ БАР, ГАЗ ЖЕЛІСІН ТАРТТЫ"

Жиырма мыңға жуық халқы бар Масанчи ауылы былтырғы бүлік кезінде ең көп зардап шеккен елді мекен саналады. Бір қызығы, бүлікшілер әкімдік пен мәдениет үйінің ғимаратына тимей, тұрғын үйлер мен дүкендерді ғана қиратқан.

Масанчидегі бар тіршілік ауылдың орталық бөлігінде шоғырланғандай көрінеді: негізгі сауда нысандары, дәмханалар мен мемлекеттік мекемелер осында орналасқан. Көшеде кездескен жергілікті тұрғындар "өмір жалғасып жатқанын", ауылда "бәрі жақсы әрі тыныш" екенін айтудан әрі аспайды.

Масанчи ауылында жеміс сатып тұрған адам. Жамбыл облысы, 2 ақпан 2021 жыл.

Бір қарағанда, жағдай шынымен де солай көрінеді: жолда автокөліктер мен мотороллерлер жүйткіп жүр, шағын базарларда көкөніс пен жеміс саудасы қызып жатыр. Биыл көктем ерте келгендіктен, адамдар бау-бақшасында жұмыс істеп жүр, кейбірі шалқан мен жусай егу үшін жылыжай салуға кіріскен.

Былтырғы жанжалдан кейін Қордай ауданы билігі бүліктен зардап шеккен ауылдарды қалпына келтіруді қолға алған: жолды жөндеп, оптикалық интернет желісі мен жергілікті жұрт талай жылдан бері күткен табиғи газ құбырын тартқан. Жаңа мектеп құрылысына кірісіп, жер астынан таза ауыз су шығарып, баспана кезегінде тұрған азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлерге арнап үй салуды бастаған.

Өрттен кейін жөндеп, қайтадан қалпына келтірген дүкен. Масанчи ауылы, Жамбыл облысы. 2 ақпан 2021 жыл.

Былтырғы жағдайды бүліктен кейін жөнделіп, жаңарған ғимараттар мен қоғамдық тәртіпті күшейтілген режимде қадағалауға көшкен полиция көлігінің көптігі ғана еске салады.

– Көбі ауылымызды танымай қалады. Мемлекет ауылдың жағдайын көтеруге көп қаржы бөлді. Ауылда 13 су ұңғымасы ашылды, судың қысымын реттейтін мұнаралар қойылды. Барлық үйде суық және ыстық су бар. Енді газ кірсе, қаладағыдай өмір сүреміз, – дейді Масанчи тұрғыны, жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров.

Масанчиден екі жүз метр жердегі қазақтар көп тұратын Қаракемер ауылындағы жағдай да осыған ұқсас: ауылдың жағдайын жақсартуға, жаңа асфальт пен үйлер салуға 217 миллион теңге бөлінген.

– Интернет желісін тартып, газ жүргізді, жолды жөндеді. Аллаға шүкір, жақсы өмір сүріп жатырмыз, ешкіммен ұрыспаймыз. Дүнгендермен көп жылдан бері көрші тұрамыз. Бүлікшілер арасында Қаракемерде тұратын бір де бір адам болмаған, – дейді Қаракемер тұрғыны Алма.

Қаракемер ауылы, Жамбыл облысы, 2 ақпан 2021 жыл.

Қаракемердегі басқа халықтың пікірі де осы шамалас: бәрі бірауыздан "ынтымақты өмір сүріп жатырмыз, жұмысымыз бар, табысымыз жетеді, интернет, газ бен бейбіт тірлігіміз үшін мемлекетке алғысымыз шексіз" дейді.

Қаракемерді ұзақ аралағаныммен жергілікті халықпен диктофонсыз еркін әңгімелесе алмадым. Оларға қарағанда, Масанчи, Сортөбе мен Бұлар батыр ауылдарының халқы әлдеқайда шешіліп сөйледі.

"ЕШКІМ БҰЛ ЖАҚТАН ҮЙ САТЫП АЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ"

Қордай ауданы әкімдігінің дерегінше, былтырғы бүлік барысында өртенген 63 ғимараттың көбі тұрғын үйлер болған. Қазір ол үйлердің бәрі толықтай қалпына келтірілген. Азын-аулақ залал келген 103 нысанды жөндеуге кәсіпкерлер, демеушілер мен жергілікті тұрғындар көмектескен.

– Қатты зардап шеккен 54 нысан "Самұрық-Қазына" және "Бәйтерек" қорлары есебінен толықтай қалпына келтірілді. "Щивон" қайырымдылық қоры арқылы бұл мақсатқа 213 миллион теңге бөлінді. 2020 жылғы қыркүйекте жөндеу жұмыстары аяқталып, адамдар бірден үйіне кірді, – дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орымбаев.

Бұлар батыр ауылының тұрғыны Хаса Джалоу (алдыңғы тұрған) ұлы Исламмен бірге. Жамбыл облысы, 31 қаңтар 2021 жыл.

Бұлар батыр ауылында болған бүліктің салдарынан 56 жастағы Хаса Джалоудың екі үйі түгелдей өртеніп кеткен. Бір үйде Хаса әйелімен, екіншісінде – ұлы Ислам отбасымен тұрған. Хаса Джалоу мені үйіне шақырып, қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын көрсетті.

– Бүлік басталған кезде әйелім екеуіміз Қырғызстанда едік. Аллаға шүкір, үйде ешкім болған жоқ. Естіген кезде, бірден ауылға қайтпақ болдық. Бірақ шекараны жауып, Қазақстанға ешкімді кіргізбей қойды. Мына жерде бәрі өртеніп кеткен, ыстық пен судан қабырғалары құлап қалған. Басында мемлекет тұрмысқа қажет заттар сатып алуға 530 мың теңге берді. Барлық шығынды бес миллион 300 мың теңге деп бағалады. 12 пайыз салықты алып тастағанда, қолыма төрт миллион 700 мың теңге алдым, – дейді Хаса Джалоу.

– Ол ақша жетті ме?

– Жоқ, әрине. Адамдар, көршілерім мен ұлдарым көмектесті. Әркім шама-шарқына қарай жәрдемдесіп, бәріміз жабылып жинадық. Мысалы, мемлекет шатырға 46 темір тақтайшаға ғана жететін ақша бөлген. Үйдің төбесін толық жабуға 212 тақтайша керек.

– Мемлекеттен алған ақшаңыз не нәрсеге жетті?

– Үш бөлмені жөндеп, терезесін қойып, төбесін жабуға ғана жетті. Мүлкімізден айырылғанымыз үшін өтемақы берген жоқ. Қордай ауданынан тергеушілер, кейін Тараздан қызметкерлер, соңында республикалық деңгейдегі комиссия келіп, шығынды есептеп кетті. Бірақ өтемақы төлей ме, жоқ па, оны білмейміз, – дейді Хаса Джалоу.

Хаса Джалоудың ұлы Ислам да өз үйін көрсетіп шықты: әзірге үйдің төбесі ғана жабылған, жөндеу жұмыстары басталмапты. Бөлмелерде құрылыстан қалған қоқыс, автокөлік резеңкесі мен өртенген заттардың күлі мен қалдығы үйіліп жатыр. Әр жерде жанып кеткен тұрмыс заттарының сынықтары көрінеді. Ислам бұл ыдыстарды әйелі екеуіне тойға келген қонақтар сыйлағанын айтады.

– Жап-жаңа еді, бір де бір рет пайдаланған жоқпыз, – дейді әбден кірлеген ақ фарфор ыдыстың сынықтарына қарап тұрған Ислам.

Бұлар батыр ауылының тұрғыны Ислам Джалоу өрттен бүлінген, қазір қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып, қайтадан жөндеп жатқан үйінің ішінде тұр. Жамбыл облысы. 31 қаңтар 2021 жыл.

– Әйелімнің аяғы ауыр, қазір Алматыға кетті. Мен осында қалып, әкеме үй жөндеуге көмектестім. Өрт ақпанда болды, ал үйімізді қазан айында бір-ақ бітірдік. Екінші үйді қашан жөндейтінімізді білмеймін, ақша болған кезде көрерміз, – дейді Ислам.

Масанчиде үйі өртенген тағы бір тұрғын, Сортөбедегі қазақ мектебінің директоры Идрис Бицаровпен сөйлестім. Бүлік кезінде директордың үйі кірпішіне дейін өртеніп, бүкіл мүлкі жанып кеткен. Қазір ол үйін қалпына келтіруге тырысып жатыр.

– Енді үйдің жанына асүй мен зал қосу керек, әйтпесе мүлде баспанасыз қалар едім. 15 жыл пәтерде тұрып, осы үйді салуға ақша жинадым. Мемлекеттен өтемақы ретінде бір миллион 700 мың теңге ғана алдым. Ол шатырға қажет темір мен құрылыс материалын алуға ғана жетті. Жергілікті халық болмаса, жөндеу жұмыстарына жалғыз өзімнің шамам жетпес еді. Жергілікті қайырымдылық қоры бірінші күннен бастап көмектесіп жатыр. Қазір үйді біртіндеп жөндеп жатырмыз. Басқа не істейміз? Енді құрылыстың ең қымбат бөлігі – үйдің ішін әрлеу жұмыстары қалды, – дейді Бицаров.

Идрис Бицаров былтыр ақпанда болған оқиғаны еске алғысы келмейді. Оны сол күні Қордай ауданы әкімінің есеп беру жиыны өтіп, кездесуден кейін қатысушыларды прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдерімен шұғыл жиналысқа шақырған. Жиналыста "Үйге барыңдар, жарықты өшіріп, балаларды көшеге шығармаңдар" деп ескерткен. Идрис үйде әйелі, келіні мен немересі болғанын айтады. Ол туысына хабарласып, жақындарын үйден алып кетуді сұраған. Сәлден кейін бос қалған үйде өрт басталған.

Масанчи ауылының тұрғыны Идрис Бицаров өрттен бүлінген үййінің ішінде тұр. Жамбыл обласысы, 31 қаңтар 2021 жыл.

– Неге ренжитінімді білесіз бе? Қазақ мектебінің директорымын, білім беру саласында жұмыс істеп жүргеніме 31 жыл болды. Оның 16 жылында директор болдым. Бізде "балалар қазақ тілін білмейді" дейді. Мен білемін, әйелім біледі, балаларым да қазақ тілінде таза сөйлейді. Бірақ мұны ешкімге дәлелдей алмайсың, – дейді менімен қоштасарда Идрис Бицаров.

Жергілікті халық ауылда жылжымайтын мүлік бағасы түсіп кеткенін айтады. Кең, қоршауы биік, қақпасы берік, ауласы үлкен, 15-20 сотық жері бар дүнген үйінің бағасы бір жыл бұрын Алматыдағы жақсы пәтердің құнымен бірдей болатын.

– Үйлер 50 миллион, тіпті 70 миллион теңгеге сатылатын. Қазір 15-20 миллионнан сатып жатыр. Адамдар бұл жақтан үй алғысы келмейді, – дейді Хафиз есімді тұрғын.

"ҚЫРҒЫЗСТАН, РЕСЕЙ, ҚАРАҒАНДЫҒА ЖҰМЫСҚА КЕТЕДІ"

Жергілікті дүнгендер "Бізге жер берсеңдер болды, күнімізді көріп кетеміз, өйткені еңбек етуді білеміз" дегенді жиі айтады. Шынында жергілікті халықтың өмірі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Қордай ауданына былтыр ақпанда келгенімде, шаруалар Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысқысы келмейтінін, шабуыл жасалып, егілген өнімге зиян келсе тақырға отырамыз деп қорқатынын айтқан.

Бау-бақша егумен айналысатын шаруалар Азаттық тілшісімен әңгімелесуге келіскенімен, аты-жөнін атамауды өтінді. Өзін Айдир деп атауды сұраған шаруа суретке түсуден үзілді-кесілді бас тартты. Ол қазір ауыл шаруашылығымен "басқа амалы қалмаған" адамдар ғана айналысатынын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ-дүнген жанжал болғаны Қордайдағы қазіргі тіршілік қандай?

– Бұл жақта жұмыс істеуге мүлде зауқым жоқ. Былтыр (Ресейдің) Краснодар аймағында пияз ектім. Жігіттердің көбі бұл жақта егіншілікпен айналыспау үшін Қырғызстан, Ресей, Қарағанды мен Астанаға жұмысқа кетіп жатыр. Былтыр шаруалардың 20-30 пайызы ғана ауыл шаруашылығымен айналысты. Қалғаны ондай тәуекелге баруға жүрексінді. Жамбыл облысында күнкөрістің басқа амалы қалмағандар ғана бау-бақша екті. Азын-аулақ ақшасы мен азық-түлік қоры бар адамдар ештеңе екпеді. Жамбыл облысында жұмыс істеуге қалған бірнеше шаруаның пияз салынған қаптарын кесіп, көлігін соғып кетті. Бұл туралы естіген жоқсыз ба?

Сортөбенің Рашид есімді тұрғыны пияз өсірумен айналысады. 2020 жылы ол көрші Шу ауданына пияз еккен. Өйткені "Қордайға ексем, өнім ала алмай қаламын" деп қорыққанын айтады. Рашидтың сөзіне басқа шаруалар да қосылады. Олар Қордай ауданында ешкім ауыл шаруашылық өнімдерін өсіргісі келмейтінін, өйткені еңбегіне залал келуі мүмкін деп қауіптенетінін айтады.

– Былтыр жер иелері бізге "басқа жер іздеңдер" деді. Маған ғана емес, басқа шаруаларға да, тіпті ақшасын төлеп қойған адамдарға да жер бермей қойды. "Кейін су бермей қояды екен" деген сыбыс шықты. Сөйтіп көбі ештеңе екпеді. Бәрі қорықты.

– Биыл қайтесіздер?

– Егетін шығармыз, бірақ көп екпейміз. Бұрын бір адамның өзі 20 гектар жерге өнім егетін, қазір бір жағдай бола қалса, шығыны ауыр болар деп, осы 20 гектарды төрт адамға бөліп алғалы отырмыз. Ағам Адыгеяға (Ресей құрамындағы аймақ – ред.) кетті, сол жақта картоп пен пияз егеді. Өзіне ұнайды, "жылда сол жаққа барамын" дейді.

Рашидтың айтуынша, бір гектар жерге пияз егіп, өсіріп, жинап алуға шамамен 1,5 миллион теңге кетеді. 20 гектарға тиісінше 25 миллион теңгедей ақша керек.

– Ақшаны қалай саламыз? Тыңайтқыштар мен химиялық заттарды қарызға аламыз. Пияз сатылған кезде, сол ақшадан қарызымызды өтейміз. Қандай тәуекелге бару туралы айтып отырғанымды енді түсіндіңіз бе? Пияз егіп, ақша алып, өнімді жинай алмай қалсақ, қарызымызды қалай қайтарамыз? Еңбегімізге ешкім залал келтірмейді деп біреу кепілдік бере ме?

Шаруалардың сөзі ресми ақпаратпен үйлеспейді. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орымбаев өңірдегі ауыл шаруашылығының жағдайы тұрақты деп сендіреді.

– Адамдар, әсіресе, дүнген халқы, жердің жайын жақсы білетіні мен еңбекқорлығының арқасында жылына үш рет өнім жинап алады. Адамдар ол жақтан (Масанчи, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдарынан – ред.) кетіп жатқан жоқ. Ауыл округінің әкімі мониторинг жүргізіп, халықпен сөйлесіп отыр. Адамдардың ауылдан кетіп жатқаны байқалмайды. Шаруалар саны азайған жоқ. Қордай ауданынан бөлек, шаруалар негізінен Шу ауданында (Жамбыл облысы – ред.) және Алматы облысында өнім өсіреді, – дейді Ерлан Орымбаев.

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орымбаев. Қордай ауылы, 2 ақпан 2021 жыл.

"ОЛАР ҮЙІМІЗДІ ҚОРҒАУҒА ШЫҚТЫ ҒОЙ"

Қордай ауданындағы ұлтаралық жанжалдан кейін 90-нан астам қылмыстық іс қозғалып, 60 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2020 жылғы сәуірде Қордай аудандық соты екі айыпталушыға үкім шығарды. Ал былтыр қыркүйекте Алматы гарнизонының әскери соты Қордай оқиғасына қатысқан жеті айыпталушыға түрме жазасын кесіп, кейінірек төртеуінің жазасын бостандығын шектеу шарасына ауыстырған.

Қордайдағы жанжалға қатысқан 51 адамға "Жаппай тәртіпсіздік", "Қаруды, оқ-дәрі, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Ақша бопсалау", "Қарақшылық" және "Кісі өлтіру" баптары бойынша айып тағылған. 18 айыпталушы аудан аумағынан ешқайда шықпау туралы қолхат берген.

Қордай аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов қазір ауданда жаппай тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін деуге ешқандай алғышарт жоқ дейді.

– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, аудандағы қылмыс деңгейі 15 пайызға қысқарды. Иә, бұған кейбір факторлар, мысалы… (осы тұста полиция бөлімінің басшысы сәл кідіріп қалды) коронавирус эпидемиясы әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ қылмыстың азаюына ұзақ уақыт бойы жүргізілген оперативті алдын-алу шаралардың арқасында қол жеткіздік. Сондықтан қазір Қордай ауданындағы жағдай тұрақты, жаппай немесе басқа да тәртіпсіздіктерге жол беретін алғышарттар жоқ дегенді сеніммен айта аламын, – деді ол.

Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығы Мақсат Ережепов. Қордай, 2 ақпан 2021 жыл.

Былтырғы жағдайға байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалған адамдардың көбін Қылмыстық кодекстің 272-бабының екінші бөлігі ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") бойынша жауапқа тартып жатыр. Азаттық тілшісімен әңгімеде кей айыпталушының туыстары жақынына тағылған айыппен келіспейді. Олар аты-жөнін көрсетпеуді сұрады.

– Ұлымды жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыптап отыр. Қазір 14 азаматқа тағылған айыпты Қылмыстық кодекстің 272-бабынан 32-бабына ("Қажетті қорғаныс") ауыстыруды сұрап, сотқа өтініш бердік. Олар үйімізді қорғауға шықты ғой. Қазір оларды жаппай тәртіпсіздікке қатысты, кісі өлтірді, тонаумен айналысып, өрт қойды деп айыптап отыр. Сонда өз үйіне солай істей ме? Олай болмайды ғой! – дейді аласа бойлы қарт дүнген азаматы.

Ахмед есімді тағы бір азамат (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) айыпталушылар арасындағы ұлы тергеу кезінде зәбір көргенін айтады.

Қордай ауданындағы ойранға байланысты қозғалған іс бойынша сот процесіне қатысушылар. Тараз, Жамбыл облысы, 19 қаңтар 2021 жыл.

– Ұлымды 15 сағат бойы тергеген. Ертеңіне Қордайға бардық. Ұлымызбен кездесуге рұқсат бермеді. Қазан айында кездесуге мүмкіндік туған кезде ұлым өзін түні бойы тергегенін, жеке бөлмеге кіргізіп, денесінде көгерген із қалмайтындай етіп ұрып-соққанын айтты. Қазір ұлым Тараздағы түрмеде отыр. Ол жақта тамағы жақсы, жылы, бастысы, ешкім ұрмайды, – дейді Ахмед.

Тараз қаласында 51 айыпталушының қатысуымен өтіп жатқан Қордайдағы оқиғаға байланысты сот отырысында тұтқындағы азаматтар өздерін ұрып-соғып, азаптағанын айтқан. Билік орындары бұл айыптауларға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

"БАУЫРЫМ, ПОЗИТИВТІ РЕПОРТАЖ ШЫҒАР ДЕП ҮМІТТЕНЕМІН"

Жаңа жол салынып, жылдам интернет желісі тартылған Масанчи ауылына кіргеніме 10 минут өтіп үлгермей жаныма галстук таққан сыпайы жас жігіт келді. Ол өзін әкімдік қызметкері Ибрагиммін деп таныстырып, "Көмек керек пе?" деп сұрады. Осыдан кейін мені жас шенеунік – Қордай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұлмен таныстырды.

"Ибрагимнің көлігі бар, ол сізге ауылды көрсетіп, керек жерге апарады, адамдармен кездесуге көмектеседі" деген Нұрболат жұмысыма сәттілік тілеп, шығарып салды.

Осыдан кейін Масанчидің орталығы мен Қаракемер ауылын Ибрагиммен бірге аралап, былтырғы бүлік кезінде үйі өртенген Исмар Лутурдың үйіне бардым. Ол үйін қалпына келтіріп үлгеріпті. Сондықтан оның үйіне келетін журналистер де көп.

Масанчи ауылының тұрғыны Исмар Лутур өрттен кейін қайтадан тұрғызған үйінің алдында тұр. Жамбыл облысы, 2 ақпан 2021 жыл.

Біздің алдымызда ғана Лутурдың үйінде кезекті түсірілім тобы – "Еуразия" бірінші арнасының журналистері болған екен. Олар да ауылдың жанжалдан кейінгі тыныс-тіршілігімен танысып, репортаж жасауға келген. Оларды жаңа танысым Нұрболат Сатымқұл алып жүрді.

Исмар Лутур үйін қалай жөндегенін ықыласпен әңгімелеп, баспанасы өртенген халықты далада қалдырмаған мемлекет пен жергілікті билікке алғысын жаудырды. Фотоаппаратымды алып, үй иесі мен ауланы қалай дұрыс түсіруге болатынын ойлап тұрғанымда:

– Қазір суретке түсіресің, сосын "шалқып өмір сүреді екенсің" деп тағы өртеп кетеді, – деді Исмар әзілдеп.

– Мұныңыз не? – деді әңгімеге араласқан Нұрболат. Суретке түсіріп жатқанымды байқаған соң, қайтадан Исмарға бұрылып, "Күліңіз, күліңіз!" деді.

Жас шенеуніктердің шақыруымен жергілікті №13 мектепке бас сұқтым. Нұрболат пен Ибрагим қазір дүнген ауылдарында қазақ тілін меңгеруге ерекше көңіл бөлініп, мектеп оқушыларынан бастап имамдарға дейін қазақ тілін үйреніп жатқанын айтты.

Масанчи ауылындағы мектептегі қазақ тілі сабағы. Жамбыл облысы, 2 ақпан 2021 жыл.

Қазақ тілінде білім беретін мектептің фойесінде бізді директор Қамбар Иманқұлов күтіп алды. Аман-саулық сұрасқан соң оқушылардың сабағына қатысып көруге шақырды. Сыныптың алдын-ала дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Әлеуметтік қашықтық сақтап, партаға шахмат тақтасындағы фигуралар сияқты ретпен отырғызылған балалар мұғалімнің сұрақтарына тосылмай жауап беріп жатыр. Сыныпты бірнеше рет суретке түсіріп, шығып кеттім.

– Мектебімізде 1-11 сынып аралығында білім алып жүрген 939 оқушы бар. 25 бала – қазақ, қалғаны – өзге ұлт өкілдері. Балалар олимпиадаларға қатысып, мемлекеттік тілге қызығады. Жарыстардан жүлделі орындар алып, әртүрлі саладан байқауға қатысады. Марапат қағаздары да бар. Мектепте дене шынықтыру үйірмесі жұмыс істейді. Онда балалар волейбол, баскетбол, ұлттық ойындар – асық пен тоғызқұмалақ үйренеді. Балалар мемлекеттік тілге қызығады, қазақ тілін жақсы түсінеді әрі көбі еркін сөйлейді, – дейді Қамбар Иманқұлов.

Қазақ тілін үйреніп отырған имамдар. Сортөбе ауылы, Жамбыл облысы, 2 ақпан 2021 жыл.

Түскі асты Ибрагиммен бірге дүнген дәмханасынан (бұл жақта басқа дәмханалар жоқ) іштім. Кейінірек жанымызға "Еуразия" арнасының түсірілім тобы мен Нұрболат Сатымқұл келіп қосылды.

Түскі ас кезінде Нұрболат жаныма келіп отырды.

– Пётр, бауырым, позитивті репортаж шығар деп үміттенемін, – деді ол сұраулы жүзбен бетіме қарап. Мен репортаж ең алдымен объективті болуы керегін айттым.

Кешкісін Нұрболатпен қоштасып тұрып, Сортөбе ауылында тағы бір кездесуім барын айтып, "сол жаққа баратын шығармын" дедім. "Пётр, Сортөбеге ме, Алматыға ма, қайда баратыныңызды нақты айта аласыз ба? Мен басшылыққа жеткізуім керек" деді ол.

Сол сәтте әр қадамыма назар аударған сырт көзден тезірек құтылып, өзіммен өзім қалып, еркін жүріп-тұруға асықтым. Бір жерден бұрылып, үйлердің арасымен басқа бір көшеге түстім де, тезірек таксиге отырып, көп жұмысым күтіп тұрған Сортөбеге қарай тарттым.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары (11 ақпан 2020 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары