"БАҚ заңын жетілдіру" тобының ұсыныстары дау тудырды

Баспасөз заңына кезекті өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені талқылауға жиналған БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Алматы, 5 қыркүйек 2018 жыл

Қазақстанда БАҚ туралы заң қабылданған соң билік заңнаманы қайта жетілдіру үшін тендер жариялады. Тендерде жеңген ғылыми зерттеу тобы заңға қатысты ұсыныс дайындап жатыр. Ақпарат және коммуникация министрлігі ұсыныс көңілге қонса, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізуі мүмкін екенін жеткізді. Ғылыми зерттеу тобы ұсынған кейбір ұсыныстармен баспасөз қорғау ұйымының өкілдері келіспейді.

2017 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ туралы заңды қабылдаған. Бұл заң құқық қорғаушылар мен түрлі ұйымдар тарапынан әлі күнге сынға ұшырап келеді. Наразылар заң елдегі сөз бостандығының аясын тарылтып, ақпарат құралдарының жұмысын қиындатады деп алаңдайды.

14 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ТЕНДЕР

2018 жылы көктемде елдің Ақпарат және коммуникация министрлігі «БАҚ және ақпарат саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру» үшін тендер жариялаған. Бұл мақсат үшін министрлік 14 миллион теңге бөлген. Бұл қаржыны қазақстандық заңгер Тимур Ерджанов жетекшілік ететін арнайы ғылыми зерттеу тобы алған. Олар Қазақстандағы БАҚ туралы заңды Швеция, Финляндия, Эстония, Франция, Бельгия, Германия, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония елдеріндегі заңнамалармен салыстырып, қажетті ұсыныстар жасауы тиіс.

- [Зерттеу тобының] ұсыныстары негізінде заңды жетілдіру көзделген. Жетілдіруді өзгерістер арқылы жүзеге асырамыз. Бірақ бұл өзгерістер қашан болатыны белгісіз, - дейді министрліктің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі.

Қазақстанның Ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі. Алматы, 5 қыркүйек 2018 жыл

Ғылыми зерттеу тобында бес заңгер және бір журналист бар. Олар сәуір айында құрылып, жұмысты шілде айында бастаған. Топ жетекшісі Тимур Ерджановтың айтуынша, топ қыркүйек-қазанда барлық өтініш-сындарды ескеріп, қараша айында қорытынды есеп дайындамақ.

Қыркүйектің 5-і күн Алматыда Ғылыми зерттеу тобының жетекшісі Ерджанов БАҚ пен Үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) өкілдерімен үш сағатқа созылған талқылау өткізді.

Кездесуде Ерджанов «БАҚ-тағы плюрализмді қалыптастыру мен қорғауды мемлекетке міндеттеп, тұрғындардың медиа сауаттылығын мектептен бастап арттыруды қолға алу керек» деген ұсынысын айтты.

- Ақпарат тарату құқығы мен жеке өмірге қол сұқпау құқығының арасында баланс орнату үшін БАҚ туралы заңға «қоғамдық тұлға» және «журналистік зерттеу» түсініктерін енгізуді ұсынамыз. Журналистік зерттеу барысында кейіпкер қоғамдық тұлғаға болса, тілші одан жеке басының мәліметтерін жинау үшін рұқсат алу қажет емес. Ал қарапайым адам болса, рұқсат алу қажет. Яғни, қоғамдық мүдде жеке бас мүддесінен жоғары болу керек,- деді Тимур Ерджанов.

«АҚПАРАТҚА АЛДЫН-АЛУ ТЫЙЫМ САЛУ»

Ғылыми зерттеу тобы азаматтарға өзіне қатысты ақпаратты өзгертуге я мүлде жойып тастауды талап ететін құқық беруді ұсынады.

- Азаматтар өзіне қатысты қандайда бір мәлімет БАҚ-қа шығайын деп жатқанын білсе, ол оны қаламаса, онда сот арқылы ақпараттың жарияланбауын немесе әрі қарай таралмауын талап ете алатын құқық беруді де ұсынып отырмыз. Егер БАҚ келіспесе сотқа шағымдана алады. Осы тұсты заңға енгізуді ұсынамыз,- дейді Ерджанов.

Заңгер Тимур Ерджанов. Алматы, 5 қыркүйек 2018 жыл

Ал журналистер құқығын қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева Ғылыми зерттеу тобының ұсыныстарымен келіспейді. Ол зерттеу тобын «ұсыныстарды дайындарда шенеуніктермен жақсылап ақылдасып алған» деп сынады.

- «Қоғамдық тұлға» деп президентті, үкімет мүшелері мен әкімдерді айтатынымыз белгілі. Ал әкімнің енесі ше, қоғамдық тұлға емес пе? Қазақстандағы жемқорлық схемасы қалай жүзеге асатынын білеміз. Сондықтан «қоғамдық тұлға» деген түсінік енгізе отырып, сіздер оның айналасындағы, оған қатысы бар адамдардың барлығын тексеруден тыс қалдырасыздар. Яғни, журналистік зерттеу жасау мүмкін болмай қалады. Ал азаматтардың өзіне қатысты ақпаратқа алдын-ала тыйым салу журналистиканы жояды, - дейді Тамара Калеева.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының төрайымы Тамара Калиева. Алматы, 5 қыркүйек 2018 жыл

Бұл сынға Тимур Ерджанов «біздің топ журналистер құқығын шектемейді, тек адам құқығын қорғайды» деді.

- Сіздердің мүдделеріңіз бен журналистердің құқығы қоғамдық мәселені көтергенде «журналистік зерттеу» мен «қоғамдық тұлға» терминдері арқылы қорғалады. Ал қоғамдық тұлға санатына жатпайтын адамдарға келгенде олардың жеке өмірі сіздердің құқықтарыңыздан жоғары тұрады, - дейді заңгер.

2017 жылдың соңында қабылданған БАҚ туралы заңға сәйкес, сайттар барлық пайдаланушыларын, оқырмандарын тіркеу тиіс. Тіркелмеген анонимді оқырман пікір қалдырса, ол пікір үшін БАҚ сотта жауап береді. Бұл бап негізінде «Уральская неделья» басылымына қатысты сот өткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Пікір жазушы енді оқырманға айналды»

Заңдағы тағы бір өзгеріс, журналист мақала, репортаж дайындаса, жеке немесе заңды тұлғадан жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де деректерін таратуға келісімін алуы тиіс.

Бұл бап бойынша Павлодар облыстық спорт басқармасының Марат Адашевтың әйелі Асель Айдашева жергілікті журналист Жамила Маричеваны сотқа берген. Тілші Айдашева туралы ratel.kz сайтында (БАҚ жабылып қалған) ақпанда «Как жена спортивного чиновника летала в Рим и Париж» (Спорт шенеуніктің әйелі Рим мен Парижге қалай барды) деген мақала жариялаған. Бұл мақаладағы деректермен келіспеген Айдашева 1,5 миллион теңге талап еткен. Сот Асель Айдашеваның шағымын қанағаттандырып, 250 мың теңге төлеуді міндеттеген.

Қарай отырыңыз: Қазақстанда ақпарат алу неге қиын?

Сарапшылар «кәмілет жасына толмаған балалардың суреті мен жеке басының мәліметтерін өзінің я ата-анасының рұқсатынсыз жариялауға тыйым салу» бабын қолдайды. Заң бұзылса 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл қарастырылған.

Сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қорыныңы дерегінше, жыл басынан бері журналистерге қатысты 25 қылмыстық іс қозғалып, он іс сотқа жеткен. Азаматтық арыз-шағым саны қырықтан асады. Оның отыздан астамы іскерлік беделі мен ар-намысын қорғау бабы бойынша түскен. Шағымданушылар талап еткен жалпы сома – 230 миллион теңгеге жуық.