Наразыларды күшпен ұстау

Бұл суретте 2016 жылғы 21 мамырда Алматыдағы Республика алаңы маңында ұсталған жас жігітті полиция қызметкерлері аяқ-қолынан ұстап көтеріп, көлікке салуға әкеле жатыр. Дәл осы күні Қазақстанның бірнеше аймағында үкіметтің жер туралы реформасына қарсы адамдар шеру өткізбек болған еді. Бірақ полицейлер орталық көшелерге ешкімді өткізбей, шеруге шықпақшы болғандарды жаппай ұстады.

21 мамырда Алматыда түсірілген мына сурет кейін көпке танымал болды. Полиция қызметкерлері арнайы жасақ қоршаған көшеде ұсталған қарт әйелді қолтығынан ұстап, әкетіп барады.

21 мамырда ұсталғандарды полиция көлікке "тиеп" жатыр. Құқыққорғаушылардың дерегі бойынша, бұл күні Алматыда мыңнан аса адам ұсталған. Оларды полиция бөлімшелерінде бірнеше сағат ұстағаннан кейін ешқандай хаттама толтырмай және неге ұсталғанын түсіндірмей босатқан.

21 мамырда ұсталғандардың арасында редакция тапсырмасы бойынша оқиға орнынан хабар дайындап жүрген ондаған журналист те болды. Кейін ішкі істер министрлігінің өкілі БАҚ қызметкерлерін ұстауды "түсінбестік" деп атаған.

21 мамырға белгіленген наразылық шеруіне алдын ала дайындалған билік Алматының орталық алаңына баратын жолды жауып, ол маңға ұсталғандарды тиейтін арнайы көліктер мен автобустарды апарып қойды. Билік бұған дейін сәуірдің аяғы мен мамырдың басында Қазақстанның бірнеше аймағында "жер мәселесі" бойынша өткен наразылық акцияларына осылайша жауап беруді ұйғарды. Аяқ астынан өткен ол шерулер көшеге үкіметке қарсылық білдіріп жүздеген, тіпті мыңдаған адам шығуы мүмкін екенін көрсетті.

21 мамырда Алматының орталық алаңы маңында полиция көшеден жаппай ұстап, көлікке салып әкеткендердің арасында оқиға болып жатқан жерден кездейсоқ өтіп бара жатқандар да болды.

Қазақстанда "жер мәселесі" бойынша алғашқы қарсылық шеруі Атырауда өтті. Кейін жергілікті азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаев тұтқынға алынды (оларға "әлеуметтік араздық қоздырды", "шеру өткізу туралы заңды бұзды" және "жалған ақпарат таратты" деген айыптар тағып, 2016 жылғы қарашада екеуін сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырды).

Суретте: тұтқындағы атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіру үшін Алматыда жиналған азаматтық белсенділерді полиция ұстап жатыр. Кейін оларды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен әкімшілік қамауға алды).

2016 жылғы 21 мамырға дейін де Алматыда "жер мәселесіне" байланысты қарсылық акциясын өткізуге талпынғандар болған. Бірақ орталық алаңға келген аз санды белсенділерді бірден полиция ұстап әкетті. Оларды полиция бөлімшесінде біраз уақыт ұстап, кейін босатқан.

Суретте: Тәуелсіздік ескерткіші жанына келген ер адамды полиция ұстап, әкетіп барады. 7 мамыр 2016 жыл.

Полиция биліктің рұқсатынсыз жаппай наразылық шеруіне шыққандарды ғана емес, сонымен бірге жалғыз адамдық пикет өткізбек болғандарды да ұстады. Мына суретте жер заңына енгізілетін өзгертулерге қарсылық білдірген Орал тұрғыны Бауыржан Әліпқалиевті полиция қызметкерлері ұстап, әкетіп барады. 29 сәуір 2016 жыл.

2016 жылғы 29 сәуірде Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубына алдын ала хабарланған баспасөз мәслихатына келген бірнеше белсендіні полиция ұстады. Баспасөз мәслихаты қала билігіне "жер мәселесі" бойынша бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрап өтініш тапсыру туралы болатын. Ұлттық баспасөз клубына келген полицияның арнайы жасағы белсенді Маржан Аспандиярованы (суретте), оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановты, журналист және белсенділер Жанболат Мамайды, Инга Иманбайды, Ғалым Ағелеуовті, сонымен бірге оппозициялық журналист Ермұрат Бәпиді көшеден ұстап, алып кетті. Оларды бірнеше сағат полиция бөлімшесінде ұстағаннан кейін ешқандай айып тақпай босатты.

Полиция наразылық шерулері мен акцияларға қатысушыларды күштеп ұстап әкетуге әбден машықтанған деуге болады. Бұған дейін ипотекалық несие борышкерлері, алданған үлескерлер және басқа да наразы адамдар қарсылық акциясына шыққан кезде полиция ұстап, алып кеткен.

Мына суретте Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің күрт құнсыздануына наразылық білдіріп көшеге шыққандардың бірін полиция қызметкерлері аяқ-қолынан ұстап, шағын автобусқа апара жатқан сәті бейнеленген. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Теңгенің күрт құнсыздануына наразы жас жігітті полиция қызметкерлері шағын автобусқа күштеп салып жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Бұл фотода Астананың орталығында аштық жариялаған ипотекалық несие борышкерін полиция қызметкерлері ұстап, әкеткелі жатқаны бейнеленген. 27 мамыр 2013 жыл.

"Қаржы дағдарысына" байланысты несие төлемі уақытын шегеурді талап еткен Астанадағы ипотека борышкерлерінің тағы бір акциясы да оларды полицияның ұстауымен аяқталды. 1 қазан 2013 жыл.

2016 жылғы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында болған қырғынға байланысты Алматыда қарсылық шеруіне шыққандарды полиция ұстап жатыр. Шеруге шыққандар еңбек жағдайы мен еңбекақыны көтеру талабымен бірнеше айға созылған Жаңаөзендегі бейбіт шеруге полицияның оқ атқанына наразылық білдірген.