"Бауырым, сөйлесейікші". Мемлекет пен бизнес арасындағы түнгі "майдан"

Мониторинг тобы түнгі екіде ойын-сауық мекемесінде адам толып жүргенін көрді. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

Қазақстанда карантин шектеуінің сақталуын әкімдік, санитарлық қызмет, кәсіпкерлер палатасы мен полиция өкілдерінен құралған мониторинг топтары тексереді. Кейде олардың қатарына журналистер де қосылады. Мұндай топтардың болуының өзі эпидемиологиялық жағдайға байланысты енгізілген шектеуді жұрттың бәрі бірдей сақтай бермейтінін көрсетеді.

Демалыс орындары мен онда баратын азаматтардың көбі жергілікті санитар дәрігерлердің қаулысына мойынсұнбайды. Видеокамера ұстаған мониторинг тобы мүшелері той-томалақ пен сауық кеші өтіп жатқан мейрамханаға кіріп келеді. Нәтижесінде, мерекелік шара уақытынан ерте бітіп, ұйымдастырушыларға көлемді айыппұл салынады. Бірақ бұл жұмыс қалай жүреді? Азаттық тілшісі Алматыдағы мониторинг тобымен бірге түнгі рейдке шығып, экономикалық тұрғыдан жақсы дамыған Медеу ауданын аралап көрді.

БІРІНШІ НЫСАН. БИЛЬЯРД ЗАЛЫ

27 ақпан. Түн ортасы. Медеу аудандық әкімдігінің алдында тұрмыз. Белгіленген орынға жеті адам мен екі көлік келді. Қолын әрі-бері сілтеп, қалған қызметкерлерге әлденені түсіндіріп тұрған ер адам мониторинг тобының басшысы екен. Есімі – Қайрат. Ол жолға шығуға қамданып тұрған бізге мониторинг тобының қалай жұмыс істейтінін, қайда баратынымызды айтты.

– Демалыс күндері түнгі уақытта шығамыз. Бейсенбіден бастап бақылау күшейеді. Өйткені бұл уақытта адамдар демалады. Бірақ біз демалмаймыз. Екі топқа бөлініп барамыз: міне – бірінші, міне – екінші топ, – деді мені топ мүшелеріне таныстырған Қайрат.

Әр топта әкімдік қызметкерлері, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері бар.

Екі көліктегі топ әртүрлі нысанға кетті. Бірінші баратын жеріміз – бильярд ойнайтын орын.

– Қаулыда бильярд ойнайтын жердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Жабық тұрғанына көз жеткізуіміз керек, – деді мониторинг тобының мүшесі Арсен.

Белгіленген орынға жеттік. Ғимараттың не ішінде, не сыртында жарық жоқ. Топ мүшелері әйнек терезенің ар жағында жүрген күзетшіні байқап қалды. Жасы 40-тар шамасындағы орта бойлы, мығым денелі күзетші сыртқа шықты. Амандастық. Мониторинг тобының мүшелері "Мекеме жұмыс істеп тұр ма?" деп сұрады. Күзетші "Жоқ" деп жауап берді.

– Кіруге бола ма?

– Қазір басшылықтан сұрайын, – деді телефонын құлағына тосқан күзетші.

Ол телефонмен сөйлесу үшін бізден сәл алыстап кетті.

Күтіп тұрмыз.

Қайтып келді.

– Ертең келіңіздер. Қазір басшылар жоқ, "Ешкімді кіргізбеңдер" деді, жұмыс істеп тұрған жоқпыз.

– Ертеңге дейін бәрін жауып тастайтыны белгілі ғой. Біз қазір кіруіміз керек, – деді екінші көліктегі топ мүшесі. Ұзын бойлы, даусы бәсеңдеу жігіт өзін Арман деп таныстырды.

Арман мен күзетші арасында талас туды, бірақ агрессия болған жоқ.

– Онда қазір ішке кіріп, бәрін видеоға түсіріңіз немесе сізге видеобайланыс арқылы хабарласайық, – деді Арман.

– Басшылар "Ертең келсін" деді. Басшының тапсырмасымен ғана жұмыс істейміз, – деді күзетші райынан қайтпай.

– Ішке баса-көктеп кіре алмаймыз. Тек келісіммен ғана кіреміз. Бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі. Негізінен жұмыс істемей тұрғанын көрсетеді, – дейді Арсен.

Мониторинг жүргізетін арнайы топтар карантин кезінде ойын-сауық мекемелерін тексереді. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

"РЕСТОРАТОРЛАР АҚЫМАҚ ЕМЕС"

Келесі нысанға Арман басқаратын екінші топпен бірге бардым. Ол бір жылдан көп уақыт бойы Медеу аудандық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінде жұмыс істеп келеді. Былтыр күзден бері мониторинг тобын басқарып, рейдке шыға бастаған.

– Ішке кіргізбесе, видеоға түсіріп, көрсетуін сұрайсыздар ма? – деп сұрадым.

– Мәселені шешудің бір жолы ретінде ұсыныс айтамыз. Міндетіміз – мекеменің жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеу немесе жабық екеніне көз жеткізу, – деп жауап қатты көлік айдап келе жатқан Арман.

– Айтқанынан қайтпай, ішке кіргізбесе ше?

– Күтуге тура келеді. Әйтеуір бір кезде клиенттер кіріп-шығады. Іштен адам шықса, демек, мұның бір себебі бар, – дейді Арман.

– Бірінші сол жаққа барамыз, өйткені тұрғындардан шағым түседі. Карантин талабын жиі бұзатын нысандар бар. Көбіне түнгі клубтар мен барлар тәртіп бұзады, – дейді жүргізушінің жанында отырған кәсіпкерлер палатасының өкілі Самал.

Ол мониторинг тобының мүшелеріне мекемелерге кіру қиындап бара жатқанын айтады.

– Рестораторлар ақымақ емес. Бәрі бізді танып алған. Бәрінің камерасы бар, бізді көргенде, мекемені жауып тастайды. Ішке кіре алмаймыз. Көбіне негізгі есік жабық тұрады, келушілерді өрт кезінде шығуға арналған қосалқы есіктен ішке кіргізеді, – дейді ол.

Самал Алматыда тексеру тобының көзіне түспеу үшін, келушілерді күштеп ұстауға дейін барған нысандар да болғанын еске алды.

– Мекеме жабылады, бірақ келушілерді сыртқа шығармайды.

– Олар сыртта мониторинг тобы тұрғанын, келушілер сыртқа шықса, мекеменің жұмыс істеп жатқаны белгілі болатынын біле ме?

– Иә, сондықтан мұндай жағдайда іштегі адамдардың өзі 102-ге хабарласады. Ал полиция бұл хабарды мобильді топқа жібереді. Осыдан кейін (есікті бұзу үшін) төтенше жағдай жөніндегі департаменттің өкілдері шақырылады. Бірақ мұндай оқиғалар жиі кездеспейді. Көбіне түсіндіру жұмыстарынан кейін есікті ашады. Мұндай жағдай негізінен ойын-сауық орындарында болады.

Коронавирус карантині кезінде "жабық тұрған" сауық мекемесіне бара жатқан бойжеткен. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

БҮГІН ЖАБЫЛЫП, ЕРТЕҢ АШЫЛАТЫН МЕКЕМЕЛЕР

Самал бизнес өкілдерінің түн мезгілінде жұмыс істеу үшін карантин шектеуін қалай айналып өтуге тырысатынын айтып берді.

– Кей кәсіпкер жұмыс істеу үшін экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторына өзгеріс енгізеді. Мысалы, өз мекемесін ойын-сауық орны деп емес, қоғамдық тамақтандыру нысаны деп көрсетеді. Түнгі клуб болғанымен, жұмысын жалғастыру үшін бар немесе мейрамханаға айналып шыға келеді. Әр кәсіпкер экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторынан бір негізгі және төрт қосымша бағыт таңдай алады.

– Жарық өшіп тұр, факт расталған жоқ, – дейді тұрғын үйге ұқсайтын қосқабатты ғимаратқа қараған Арман.

– Ана жерде жарық жанып тұр, – деп көрсеттім.

– Бұл – ас бөлмесі. Біз жарықтың қай бөлмеде жанып тұрғанын бірден білеміз. Сыртта тым құрығанда, бір көлік тұрса, күдіктенуге болар еді, – дейді Арман.

Осыдан кейін мониторинг тобының жұмыс алгоритмі түсіндірілді:

  • тексерушілер мекеменің түнгі 12-ден кейін жұмыс істеп тұрғанын анықтайды (міндетті түрде видео және фотоайғақ керек);
  • мекеме өкілінен түсініктеме алады;
  • түсініктеме беруден бас тартса, ол туралы акт толтырады;
  • бар немесе түнгі клуб болса, учаскелік полиция қызметкерлері келушілерді сыртқа шығарады;
  • жиналған материалдар емханаларға жіберіледі;
  • емханадан кейін барлық материал санитарлық-эпидемиологиялық қызметке беріледі;
  • санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекеменің қызметін тоқтату немесе айыппұл салу үшін материалды әкімшілік сотқа өткізеді немесе өздері айыппұл салады.

– Әкімшілік сот кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тоқтату туралы шешім шығарса, мекеме 16-30 күнге жабылады. Бірақ кәсіпкерлер тапқырлық танытады, олар жалға берушіні ауыстырады. Жеке кәсіпкердің жұмысы уақытша тоқтатылса, олар жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып тіркеледі. Әдетте барлық мекеме ғимаратты жалға алады. Жалға беруші меншігін кез келген адамға бере алады. Бұл жерде жалға берушіні жауапқа тарту мүмкін емес, өйткені заңды ол емес, жалға алушы бұзып отыр. Жалға алушының қызметі тоқтатылғанымен, жалға беруші ғимаратты басқа кәсіпкерлік субъектісіне берсе, оның жұмыс істеуге құқығы бар. Күні кеше қызметі тоқтаған мекеме ертеңіне жұмыс істеп тұрса, "Біз басқа жеке кәсіпкерлік субъектісіміз" деп айтады. Біз жаңа кәсіпкерлік субъектісінен қайтадан түсініктеме аламыз. Тағы да айыппұл салынып, қызметі тоқтатылады. Осылай жалғаса береді, – дейді Самал.

– Заң бұзушы кінәсін мойындаса, бір апта ішінде айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлей алады. Бұл 300 мың теңгеден астам ақша (335 мың теңге).

– Оларға айыппұл төлеген әлдеқайда тиімді деуге бола ма? Жұмыс істегеннен түскен табыс айыппұл көлемінен әлдеқайда көп шығар?

– Олар осы себептен жұмысын жалғастырып отыр. Кәсіпкерлерге сенсек, "Табыс көп түспейді" дейді. Бұл жерде мына нәрсені ескеру қажет: бір мейрамхана болса, айыппұлды мекеме иесі немесе жалға алушы адам төлейді; ал түнгі клубтарда мекеме иесі айыппұлды өзінен орынды жалға алатын он түрлі барға бөледі. Сонда әр барға 30-40 мың теңгеден түседі. Бұл оларға қиын емес, – дейді Самал.

– Мына мекемелерге бірнеше рет айыппұл салынған. Мынаған кальян үшін (айыппұл салынған – ред.). Мына жер қазір жабық тұр. Әдетте мекеме жұмыс істеп тұрса, оның айналасында адам мен көлік көп болады. Көлікті жасыра алмайсың. Ішіп алған адаммен сөйлесу қиын, олар қалаған жеріне тұрып, шулап, кейде төбелес шығарады, – дейді рестобарларды меңзеген Арман.

Коронавирус карантині кезінде түнгі екіде клубта көңіл көтеріп жүрген адамдар. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

"КІМ ЕКЕНІМДІ БІЛЕСІҢ БЕ?"

"Барвиха" түнгі клубына бардық. Жарық өшірулі. Клубтың алдында тұрған жастарға қарай жүрдік.

– Маскаңды шеш. Әйтпесе тексеріп жүрген адамдар екен деп қалады, – дейді Арман.

Көшеде тұрған клубқа келушілердің ешқайсысында маска жоғын көрдім. Күн суық, күтіп тұрып, тоңа бастадық. Арман "хабар" түскенін айтты. Бірден "Манана" мейрамханасын бетке алдық.

– Келушілер өзін дөрекі ұстайтын кездер бола ма? – деп сұрадым.

– Көбіне ішіп алған адамдар көңіл көтеруіне кедергі келтіргеніміз үшін наразылық білдіреді. Бірден "Кім екенімді білесің бе?" деп шығады... Оларға "Қазір "Боранды" (полиция патрулі) шақырамыз" десек, бірден басылады. Көңіл бөлмеуге тырысамыз. Телефонымызға қоңырау түсе бастаса, жауап қатпаймыз. Мейлі кім хабарласса да. Өйткені хабарласатын адам бәрі тіркелетінін жақсы біледі: біз бәрін аудиоға жазып аламыз. Бізге хабарласқан кезде телефонды алмаған кездеріміз де болды, – дейді Самал.

"Манана" мейрамханасына келдік. Шлагбаумда күзетші күтіп алды. Арман көлік терезесін ашып, "Орын алып қойып едік" деді.

– Бауырым, әзірге тоқтай тұр. Тексеру келіп қалды.

– Онда көлігімді қоя тұрайын.

– Бауырым, көлік қоюға рұқсат етпей жатыр. Басқа жерге қой. Басқа жерде күте тұр, тексеріп жатыр.

Мейрамханадан сәл әрі ұзап, көлік тұрағына барып тоқтадық.

– Біз осыған дейін барған басқа жерлерде де осылай болуы мүмкін бе? Мүмкін күзетшілер мекеменің жанына көлік қоймауды сұраған соң, біз көлік тұрағы бос тұрғанына қарап, "жабық тұр" деп ойлаған шығармыз?

– Иә, олай болуы да мүмкін.

– Күзетші "мейрамхана жабық" демей, "күте тұруымызды" сұрағанына қарағанда олар тексерушілердің кеткенін күтіп отыр ғой? – дедім мен.

– Иә, дәл солай.

Учаскелік полиция қызметкері коронавирус карантині кезінде түн мезгілінде жұмыс істеп тұрған ойын-сауық мекемесінің өкілінен түсіндірме алып отыр. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

"БАУЫРЫМ, НЕГЕ ТҮСІРЕСІҢ?"

"Манана" мейрамханасына кірдік. Әйнек есік үлкен қара шынжырмен байланыпты. Арман күзетшіге мені нұсқап "Бұл бізбен бірге" деді. Ауыр шынжыр жылжып, есік ашылды. Ішке кірдім. Үстелдер тұрған зал қараңғы. Бар үстелінің үстінде ғана шам жанып тұр. Онда учаскелік полиция қызметкерлері жүргенін көрдік. Олардың әкімдік алдына жиналған кезде танысқан Дидар мен Әлішер екенін бірден таныдым.

– Қарсы болсаңыз, сіздің бас тартқаныңыз туралы акт толтырамыз, – дейді учаскелік полицей алдында тұрған әйелге (мейрамхана қызметкері болса керек).

Бізден бұрын жеткен Арсенмен сөйлесіп тұрмын. Ол төменгі қабаттағы залға кіргенде түсіріп алған видеосын көрсетті. Онда адамдардың бенгал шырағын жағып, асабаның кеш жүргізіп жатқаны көрінеді. Видеоның түсірілген уақыты да жазылған, сондықтан Арсен қатты музыка шығып, көңілді сауық кеші түнгі 2:09 кезінде өтіп жатқанын көрсетіп, қол сағатын да түсірген.

– Ол жақтағылар тарап кетті ме? Әлде көңілді кеш жалғасып жатыр ма? – деп сұрадым.

– Біткен шығар, – деді Арсен.

"Бұл өмірде сан тараулы жол бар. Болсадағы жан санаулы қолдар" деген музыка шығып жатқан төменгі қабатқа түстім. Есікті ашқанда, қараңғы залдағы үлкен экранның жарығы түсті. Караоке болса керек, экраннан әннің мәтіні жүріп жатыр. Жұрт билеп жүр. Арасында біреуі қоянның костюмін киіп алған. Жақын жерде кальян тұр. Өзім куә болған көріністі суретке түсіріп алдым.

Байқағаным, тексеруші келгенде әлеуметтік желіде тараған видеолардағыдай бәрі тым-тырақай қашып кетпейді екен. Қонақтар ештеңе болмағандай билеп, кальян шегіп жүр.

Кальянды суретке түсірдім. Оны даяшы алып кетті.

– Бауырым, неге түсіресің? – оң жағымнан біреудің дауысы естілді.

– Мониторинг тобымен бірге келдім.

– Өшір, – деді сол жағымда отырған келесі бір адам.

Ештеңені өшірмей, смартфонымды қалтама салып, маған сөйлеген адамдардың жүзін көруге тырыстым. Қараңғы болғандықтан көре алмадым. Үндемей кетіп қалдым. Баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатырмыз. Арт жақтан түсініксіз бір дыбыс естілді.

Жоғары қабат та қараңғы екен.

– Ол жақта видеоға түсірдің бе? – деді тағы бір бөтен дауыс.

– Иә.

Әдейі көрсетіп тұрып, аудиожазбаны қостым.

– Жазып жатырсың ба?

– Иә.

– Не, сапасы жақсы ма?

– Болады.

– Неге түсіріп жүр? Келістік емес пе? – дейді әлгі дауыс Арманға қарап.

– Кіммен және не туралы келістің? – дейді Арман.

Үнсіздік орнады. Қараңғыда сөйлеген адам кетіп қалды.

– Ары қарай кеттік. Жігіттер бәрін тіркеп алады (учаскелік полиция қызметкерлерін меңзеп). Шақыру түсті, төбелес болып жатыр екен, – деді Арман.

Ары қарай "Небо" барына бардық.

Мониторинг тобы мүшелері мекеме күзетшісімен сөйлесіп тұр. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

"КӘСІПКЕРГЕ ДЕ КҮН КӨРУ КЕРЕК"

"Манана" мейрамханасы мен "Небо" бары ақпарат құралдарына бірнеше рет шыққан. Олар карантин талаптарын бірнеше мәрте бұзған нысандар тізіміне кірген. Мемлекеттік органдар "тексеру жұмысын жүргізуге кедергі келтіру", "заң бұзбау жайлы ескертуді орындамау" баптары бойынша бұл нысандардың қызметін тоқтату үшін іс материалдарын сотқа жіберген. Мысалы, 15 ақпандағы ақпаратқа сәйкес, "Манана" мейрамханасы карантин талабын қайта бұзып, іс материалдары сотқа өткен. "Небо" бары да карантинді қайта бұзып, бес рет 230 АЕК (670 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған, іс материалдары сотқа жіберілген.

"Манана" мейрамханасын тексердік, енді "Небо" барын көреміз.

– Сізге күш көрсеткен кездер болды ма?

– Иә, әр жолы болады.

– Полицияның көзінше де солай істей ме?

– Әрине.

– Біз есептен жаңылып қалдық, қалай болғаны егжей-тегжейлі есімізде жоқ.

– Жұмыстың ең қиын тұсы неде деп ойлайсыз?

– Ескерту көп. Бірақ бұл – біздің жұмысымыз. Істеу керек. Біз болмасақ, кім істейді? Тапсырма болса, орындаймын, – дейді әскери әдеппен қысқа жауап берген Арман.

– Осындай мекемелерге кіргенде карантин шараларына қарамастан, топырлап жүрген халықты көрсем, "бұларда сана бар ма, жауапкершілігі қайда?" деген ойға қаламын. Сол қынжылтады. Бұл нысандардың жұмыс істеуіне сұраныс бары әсер етеді. Кәсіпкерлер соған алданып қалады. Оларды да түсінуге болады: бәрінің табысы азайып кетті, бір амалын тауып, күн көру керек. Кәсіпкерлерді ешкім жалға беру ақысынан, міндеттемелер мен коммуналдық төлемдерден босатқан жоқ. Мұны қолдамаймын. Мемлекеттен қолдау болмаған соң, олар өзінше күн көруге тырысады. Бірақ заң мекемелерге де, келушілерге де бірдей, – дейді Самал.

Самал тұрақты мониторинг жүргізу тән мен жанға салмақ сала бастағанын айтады.

– Таңғы 3-4-ке дейін рейдте жүріп, 9-да қайтадан жұмысқа бару өте қиын.

– Мұндай сәтте үйді сағынасыздар ма?

– Әрине. Үйде балаларым мен күйеуім күтіп отыр. Олар түсінеді. Рейд түнгі 12-ден кейін басталады. Оған дейін балаларды ұйықтатып, түн ортасында үйден шығып кетемін. Балалар ұйықтап жатқанда кетіп, олар оянған кезде қайтадан үйде боламын.

– Яғни, қарапайым адамдар сияқты әр түн сайын және жұмыс күндері ұйықтай алмайсыз ғой?

– Әзірге олай болмай тұр.

Адамдар карантинді бұзбай, түнгі 12-ден кейін үйіне қайтса, мекемелер бірден жабылып, рейдке небәрі бір сағат уақыт кетер еді.

Достық даңғылындағы Green Tower бизнес орталығына бардық. "Небо" бары сонда орналасқан.

Ғимарат пен жолдың арасында адам мен көлік көп. Жастар шулап, ары-бері жүрген күзетшілер көрінеді.

– Бауырым, қайда барасың? Бізде бәрі жабық, – деді бізді тоқтатқан күзетшілер.

– Неге жұмыс істемейсіздер? – деді Арман.

Жауабын естімедім.

– Администраторды шақырасыз ба? – деді күзетшіге жүгіріп келген жеңіл киімдегі қыз.

– Ол жоқ, – деді күзетші.

– Жоғы қалай? Мен төлқұжатымды ұмытып кетіппін. Құрбым екеуіміздің туған күніміз, ол мені күтіп отыр, – деді ғимарат жақты нұсқаған қыз.

"Бәрі жұмыс істеп тұр" деген қорытындыға келдік.

Коронавирус карантині кезінде түнгі екіде сауық мекемсінде көңіл көтеріп, билеп жүрген адамдар. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

"БҰЛ ТҮРІҢМЕН АЛЫСҚА БАРМАЙСЫҢ"

Арман көзілдірік таққан жас жігітпен амандасты. Өзін Данияр деп таныстырған ол бізді ішке кіргізді. Лифтімен көтеріліп келе жатырмыз.

– Қандай төбелес болды?

– Төбелес болған жоқ. Біреу пышақ шығарды, бірден полиция шақырдық... Ішке кіре алмағандар ғой. Жастар. Бізде ондай болмайды. Бәрі ересек, 26 жастан асқан, ой тоқтатқан адамдар. Олар бұлай істемейді. Өзін мәдениетті ұстайды, – деді Данияр.

Даниярды мекеменің директоры не иесі деп таныстырды. Жоғары көтерілген сайын музыканың дауысы қаттырақ естіле бастады. 11 қабатқа жеттік. Музыкадан басқа ештеңе есту мүмкін емес.

Бірден үстел тұрған оқшау орынға кірдік. Арман администратордан түсіндірме жазуын сұрады. Би орны мен барды түсіріп алдық. Айналада адам көп.

– Бұл тексерушілерге жақсы қарайтын аз мекемелердің бірі, – деді Арман.

– Иә, біз ешқашан дау шығармаймыз. Олай істеп қайтеміз? Әркім өз жұмысымен айналысуы керегін білеміз, – деді Данияр.

Мен бардағы қонақтарды сыртқа шығарады екен деп ойладым. Арман "Барвихаға" бару керегін, келушілерді сыртқа шығарумен учаскелік полиция қызметкерлері айналысатынын айтты.

Көшеге шыққан кезде учаскелік полиция қызметкерлерін көрдік. Олар ішке кіре алмай, күзетшімен сөз таластырып тұр екен.

– Сен бұл түріңмен алысқа бармайсың, мен білемін, – деді қолын арқасына салған ер адам.

– Қаншалықты алысқа баратынымды сіз шешпейсіз, – деді Дидар.

– Мен жүйеде істеген адаммын. (Полиция) қызметкері болдым, қол астымда қаншама адам жұмыс істейтін. Қазір зейнетке шықтым. Адамдармен сөйлесе аламын. "Жоғарыда басшылар сөйлесіп жатыр" деп айттым ғой, ал сен "Аш, әйтпесе көресің" дейсің, – деді күзетші.

– Сіз жүйеде істедіңіз бе? Маған керек емес. Мен өз жұмысымды істеп жүрмін, – деді учаскелік полиция қызметкері.

Данияр оған жақындап, сұрақ қойды:

– Неге бізбен бірге кірмедіңіздер? Біз ешкімнің кіруіне қарсы болған жоқпыз.

– Бізді күзетшілеріңіз өткізбеді. Бірақ біз бәрібір кіреміз. Ашсын. Күзетшілер "Есікті жап. Не істер екен?" деп бізді мазақ қылды. Ешқашан адамдарыңа тиген емеспіз. Үнемі кіреміз, видеоға түсіріп, кетіп қаламыз. Осы жолы кіреміз.

– Бауырым, сөйлесейікші, – деді учаскелік полиция қызметкерін шетке шақырған Данияр.

– Жоқ, керек емес. Ешкім хабарласпауы үшін телефонымды өшіріп қоямын, – деді телефонын қолына алып, экраны өшкенше батырмасын басып тұрған полицей.

– Ешқандай мәселе жоқ. Қазір кіресіздер, – деді Данияр.

Арман "Барвихаға" кетті, мен учаскелік полиция қызметкерімен қалып, келушілерді қалай шығаратынын көргім келді.

Лифтімен тағы да 11-қабатқа көтерілдік. Би алаңында 100 шақты адам жүр, тіпті одан да көп болуы мүмкін.

– Санитарлық режим талабын мүлде орындамайды! – деген Дидар кеудесінен камерасын алды (ол жетонға орнатылған сияқты). Ол залды аралап, айналасында болып жатқан оқиғаны түсіре бастады: жұрт билеп, ішіп-жеп, кальян шегіп отыр. Камераны көрген кейбірі ұялып, бетін жапса, кейбірі қымсынбай, полицияның алдына шығады.

– Кальян бойынша екі заң бұзу фактісі тіркелді. Бірінші факт – темекі өнімдерін тұтынғаны үшін әкімшілік кодекс бойынша хаттама толтырылады, екінші хаттама мекемеге қарсы жазылады. Айыппұл көлемі белгісіз. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестік шағын болса – 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал орта не ірі ЖШС болса, айыппұл көлемі де артады. Бұл мекеменің заң бұзуы алғаш рет емес. Бұрын бұл жер "Небо" деп аталатын. Кейін іс материалдары сотқа кеткен соң, мекеменің атауын "Мэйн Ивентс Қазақстан" деп өзгертіп, жұмысын жалғастырып жатыр, – деп түсіндірді хаттама толтырып отырған Дидар.

– Біреуі заңды тұлғаға, екіншісі жеке тұлғаға, – деді учаскелік полиция қызметкері хаттаманы администраторға беріп жатып.

– Тек жеке тұлғаға толтырайық, – деді мекеме өкілі.

– Жоқ болмайды. Сіздер кальян беріп отырсыздар. ЖШС-ға да, жеке тұлғаға да хаттама толтырамыз.

Мекеме өкілі учаскелік полиция қызметкерін көндіруге тағы біраз тырысып көрді. Бірақ ол райынан қайтпады.

– Жоқ, жоқ. Реквизиттерді әкеліңіз. Сіздер кальян беріп отырсыздар.

Учаскелік полиция қызметкері хаттама толтырғаннан кейін залдағы адамдарды шығаратынын хабарлады.

Осы кезде жанымызға ер адам келді. Өзін Дәурен деп таныстырып, әуелі заңгер екенін, кейін мекеме иесінің досы екенін айтты.

– Консалтинг қызметін көрсететін фирмам бар, арасында көмектесіп тұрамын, бәрін білемін, танимын. Жаза кесіп, айыппұл салсаңыздар, ары қарай жұмыс істей ме, жоқ па, маңызды емес.

– Жо-жо-жоқ. Біздің жұмысымыз – заң бұзу фактісін анықтап, хаттама толтырып, адамдарды мекемеден шығару. Жұмысымызды аяқтауымыз керек, – деді полиция қызметкері.

Түнгі он екіде жұмысын аяқтауы тиіс мекеме түнгі 2:35 кезінде де жұмыс істеп тұрды. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

"КОРОНАВИРУС ТҮНГІ 12-ДЕН КЕЙІН ӨРШИ МЕ?"

Дәурен маған қарай бұрылды.

– Сіз кәсіпкерлер жағында болуыңыз керек қой. Бұл досымның мекемесі, ол қазір қиын жағдайда отыр. Түсінесің бе, жалға беру ақысы жоғары, қарызға батты, оның үстіне, мынау тексеріс. Ол қала әкімдігі алдына митингіге де шықты. Данияр Ищанов. Оны түрмеге жабамыз деп қорқытты. Ол "Жаба берсін, бірақ жалға беру ақысын да төлесін" деді. Енді міне тексеру келді! Иә, біз жұмыс істеп жатырмыз, бірақ басқа мекемелер де бар ғой, оларға бармайды. Айналып келіп, үйреншікті жерлерді тексере береді, – деді ол учаскелік полиция қызметкерлерін меңзеп.

– Қандай мекемелер? Атай аласыз ба?

– Айтпаймын. Түнгі 12-ден кейін коронавирус өршиді деп ойлайсыздар ма? Осының бәрін вакцинаға лобби жасау үшін әдейі ұйымдастырып отыр, – деді Дәурен.

Учаскелік полиция қызметкерлері есікке таяп қалған екен, соңынан қуып жетіп, "Адамдарды шығарасыздар ма? Халық әлі де би алаңы мен барда жүр" дедім.

– Мекеме басшылығы қазір адамдар ақша төлемей кетіп қалуы мүмкін деп қорқып отыр. Сондықтан оларға ақшасын төлеуге уақыт беру керек. Халықтың негізгі бөлігі, 70 шақты адам кетіп қалды. Енді 30-дай адам қалды. Олар ақшасын төлемеген. Мекемеге де олар үшін таңға дейін жұмыс істеу тиімсіз, көп ұзамай жабылады, – деді Дидар лифтіде тұрып.

Аулаға шықтық. Шлагбаумнан өттік. Учаскелік полиция қызметкері мұндай мекемелер тексеру тобын күтіп алуға қалай дайындалып, қандай қулық пайдаланатынын айтып берді.

– Аулада 10-15 күзетші жүр. Екеуі шлагбаумның жанында, екеуі негізгі есікте, тағы екеуі паркингке өтетін өткелдің аузында тұр. Қалғаны жол жиегіндегі такси тұратын көлік тұрағында барға келген қонақтар сияқты жүреді. Біз келіп, көліктен түсе бергенде, олар формамызды көріп, рациямен "Қақпаны жабыңдар, тексерушілер келді" деп хабарлайды, – дейді Дидар.

Учаскелік полиция инспекторы Дидар Мұхамеди. Алматы, 27 ақпан 2021 жыл.

Дидар Мұхамеди – Медеу аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы. Таңғы бес болды. Рейд аяқталды. Дидар аудандық полиция бөліміне рапорт жазуға кетті, ол үйіне әлі қайтпайды. Дидар осындай режимде жұмыс істеп жүргеніне бес ай болғанын айтады. Үйінде отбасы күтіп отыр, бір айдан кейін үйленеді. Оған дейін жұмысым жеңілдер деп үміттенеді. Наурыздан бастап мекемелерге QR-кодпен кіргізетін Ashyk қосымшасы пилот режимінде іске қосылмақ.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 5 наурызда өткен брифингте жалға берушілерге әлдеқайда қатаң шара қолдану керегін айтқан. "Өкінішке қарай, қазір әкімшілік заңбұзушылықтар туралы кодексте мұндай шара жоқ. Бірақ болашақта бұл мәселені қарастыруға болады. 2019 жылы бизнес өкілдері айыппұл көлемі көп деп наразылық білдірді. Бірақ қазіргідей қауіпті инфекция кезінде айыппұл көлемін карантин ережесін бұзу тиімсіз болатын деңгейге дейін көтеру керек" деді ол.

Жыл басынан бері мониторинг топтары сотқа 53 іс жіберген. 19 іс бойынша сот заң бұзған мекемелердің қызметін тоқтатқан. Қалған істер бойынша әлі сот шешімі шыққан жоқ.

9 наурыздан бастап Алматыда халық жаппай қатысатын шараларға, оның ішінде үйде көп адам жинауға тыйым салынды. Жандарбек Бекшин "қоғамдық көлік пен сауда орындарында адамдардың әлеуметтік қашықтық сақтап, маска тағуын қадағалайтын" санитарлық патруль құруды ұсынды.