"Ұлымды өлтіріп, үшеумізді жаралады". Қаңтар оқиғасында көлікте оққа ілінген отбасы

5 қаңтарда Қызылорда қаласында көлікте кетіп бара жатқанда оққа ұшқан Нұрсұлтан Бекболатовтың бейіті. Қызылорда облысы, Талсуат ауылы. 18 сәуір 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасында Қызылордада Ағыбаевтар отбасының бес адамы мінген көлікке полиция маңында біреулер оқ жаудырған. Рөлде отырған Нұрсұлтан Бекболатов қаза тауып, оның үш туысы жараланды. Марқұмның ата-анасы екі жарым айдан астам уақыт өтсе де, қылмысқа күдіктілерді таба алмаған билікке наразы.

"БІЗДІ КӨЗДЕП ТҰР ҒОЙ..."

28 жастағы Нұрсұлтан Бекболатов айдап бара жатқан жеңіл көлікке 5 қаңтарда сағат 21:00 шамасында Қызылорда қаласындағы жергілікті полиция басқармасы маңында белгісіз біреулер оқ жаудырған.

Көлікте Нұрсұлтанмен бірге әкесі Нағи Ағыбаев, анасы Қаламқас Ағыбаева, қарындасы Айдана Бекболатова мен күйеубаласы Бақытжан Ермахан – барлығы бес адам отырған. Тұтқиылдан бұршақша жауған оқ Нағи Ағыбаевтан өзгелердің барлығына тиген.

Қызылордада 5 қаңтардағы тәртіпсіздік барысында облыстық жергілікті полиция қызметі алдында өртенген көліктің қаңқасы.

Отбасы Қызылордадағы "Ипподром" ықшам ауданында тұратын туысы берген құдайы тамақтан шығып, үйіне қайтып бара жатқан еді. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылға түсіп, жергілікті полиция басқармасы ғимаратына жақындаған кезде рөлде отырған Нұрсұлтан көлікті кілт тоқтатқан. Әкесі "Неге тоқтадың?" деген сұрағына ұлының "бізді көздеп тұр ғой" деп қана жауап беріп үлгергенін айтады.

– "Жүре бер, тоқтама" дедім. Қайта қозғалғанымыз сол еді, тарс еткен дауыс шықты. Сол кезде ұлым сылқ ете түсті. Кім, қайдан атып жатқанын көре алмадым. Баламды жалма-жан сол қолыммен сүйедім де, қасымдағыларға "Бұғыңдар, бұғыңдар!" дедім. Бәрі у-шу болып кетті, сыртта атып жатыр. Оң қолыммен рөлді ұстап, көлікті кейін қарай бұрып жібердім. Өз екпінімен біраз жүріп барып тоқтаған көлікті сөндірдім. Балам қырылдап дем алып жатыр екен. Көтеріп, көліктің артқы орындығына отырғызып, жүрмекші болдым, бірақ көлік оталмады. Күйеубалам да, қызым да "арқам" деп ауырсына айғайлап жатыр, екеуіне де оқ тиіпті. Өтіп бара жатқан бір көлікті тоқтатып жәрдем сұрап, ұлым мен күйеубаламды соған мінгізіп, ауруханаға жөнелттік, – дейді Нағи Ағыбаев.

Айдана Бекболатованың жауырын тұсына қадалған оқтан қалған тыртық.

Көп ұзамай әлдекімдердің көмегімен көлігін оталдырып, оқ тиіп жараланған қызы мен мен әйелін облыстық ауруханаға жеткізген Нағи Ағыбаев ұлы мен күйеубаласын ота жасауға алып кеткенін естиді. Ауруханада дәрігерлер Ағыбаевтың әйелі Қаламқастың жаралы оң қолын таңып, қызы Айдананың жауырын тұсына қадалған оқты алып, оларды үйіне қайтарған.

Ағыбаевтарға тұтқиылдан оқ жауған күні, 5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлық шығарған. Онда сол күні жергілікті уақытпен сағат 20:30-дан бастап Қызылорда облысы аумағында төтенше жағдай жарияланып, сағат 23-тен таңертеңгі 7-ге дейін комендант сағаты тәртібі енгізілетіні жазылған еді. Тоқаев 5 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде "билік құламайды" деді.

2 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған қарсылықтан басталған жаппай наразылық екі-үш күнде Қазақстанның өзге өңірлерін де қамтыды. Әуелгіде жылдар бойы шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселелерді көтерген наразы жұрт кейін саяси талаптар айта бастады. Мұның аяғы бірнеше қалада жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, кейбір мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік нысандар қиратылып, өртенді.

Қызылорда қаласында 4 қаңтарда бейбіт митингіден басталған наразылық акциясы ертеңіне қақтығыс пен тәртіпсіздікке ұласты. Облыс әкімдігі, сот пен билік партиясының ғимараттары өртеніп, полиция кеңселеріне шабуыл жасалды.

Президент Тоқаев елде төтенше жағдай режимі кезінде билікке бағынбағандарды "ескертусіз атуды бұйырғанын" мәлімдеді. Қазақстанға "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған терроршы лаң салғанын" айтқанымен Тоқаев сол сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әділетсіз сайлаудан да шаршадық". Азаттықтың Қызылордадағы тілшісінің көргені

"ҮЙ САЛУДЫ АРМАНДАП ЕДІ"

6 қаңтарда таңертең ауруханаға барған Нағи Ағыбаевқа дәрігерлер Нұрсұлтанның қаза болғанын естірткен. Ал ту сыртынан тиген оқ қабырғасын тесіп, жүрегіне үш-ақ сантиметр жетпей қалған күйеубаласы Бақытжан күрделі отадан кейін әрең ес жиған.

Үй-іші Нұрсұлтан Бекболатовты 7 қаңтарда, өзі тұрған ауылдағы зиратқа жерледі.

5 қаңтарда Қызылорда қаласында көлікте кетіп бара жатқанда оққа ұшқан Нұрсұлтан Бекболатовтың бейіті. Қызылорда облысы, Талсуат ауылы. 18 сәуір 2022 жыл.

Ағыбаевтар отбасы Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат ауылында тұрады. Отағасы Нағи Ағыбаев жұрттың малын бағады, жары Қаламқас жергілікті аурухананың асханасында ас таратушы болып жұмыс істейді.

Отбасындағы 5 баланың үлкені Нұрсұлтанның тұрақты жұмысы болмаған. Әлі үйленбеген жігіт жылда жаз кезінде құрылысқа жалданып ақша тауып жүрген. Одан кейінгі екі қыз тұрмыста. Ортаншы ұл әскерде. Үйдің кенжесі мектепте оқып жүр.

Осыдан бірер жыл бұрын үйі өртеніп кеткен отбасы қазір Талсуат ауылындағы біреудің екі бөлмелі үйін жалдап тұрып жатыр. Биылдан қалдырмай үй тұрғызамын деп жоспарлап жүрген Нұрсұлтанға ата-анасы бейіт салды. Ерлі-зайыпты тапқан табысы баспана тұрғызуға жетпейтінін айтады.

ТЕРГЕУ

Нұрсұлтанды жер қойнына тапсырғаннан кейін бір апта өткенде Ағыбаевтар отбасын Қызылорда қалалық полиция басқармасына шақырады. Олардың қойған сұрақтары жан жарамызды одан сайын ауырлатты дейді ұлының мезгілсіз қазасынан әлі өз-өзіне келе алмай жүрген анасы.

– Полицияның сұс көрсете сөйлегенін есту бізге қиямет болды. "Неге бардыңдар?", "неге ол уақытта жүрсіңдер?" деп тергеді. Ол кезде [оқиға болған шақта] комендант сағаты әлі күшіне енгізілмеген болатын, – дейді марқұм Нұрсұлтанның анасы Қаламқас Ағыбаева.

Қаламқас Ағыбаева Қызылордада 5 қаңтарда көлік айдап келе жатқанда оққа ұшып қаза тапқан ұлы Нұрсұлтан Бекболатовтың суретін көрсетіп отыр. Қызылорда облысы, Талсуат ауылы. 18 сәуір 2022 жыл.

Полиция қызметкерлері оқ тиіп ауыр жараланған Бақытжан Ермахан жатқан ауруханаға бірнеше рет барып, одан да жауап алыпты. Оны ауруханадан шығысымен бірден қалалық полиция басқармасына алып кеткен.

– Күйеуім 10 қаңтарда ауруханадан шықты. Оған дейін полиция қызметкерлері күнде үйге келіп, маза берген жоқ. Ауруханада жатқан кезде күйеуімнен де сұраған. "Құран оқытқан үйден келе жатырмыз" деп бар шындықты айтса да, "өтірік айтасың" деп сенбеген. Ауруханадан шығар кезде енем екеуміз киімін алып, шығарып алуға бардық. Бақытжанды ауруханадан екі полиция қызметкері алып шықты. Оны көрген кезде жылап жібердік. "Неге оны әкетіп барасыздар? Оның жазығы жоқ қой!" деп едік, "қазір жібереміз, қалалық полиция басқармасына барыңдар" деді. Біз таксимен ілесіп бардық. Түс кезінде басқармаға кіргеннен сағат 19:00 шамасында бір-ақ босатты. Менен де жауап алды. Кейін де үйге бірнеше рет келіп тергеді, – дейді Айдана Бекболатова.

5 қаңтарда көлікте отырғанда жауырыннан оқ тиіп жараланған Айдана Бекболатова. Қызылорда облысы, Талсуат ауылы. 18 сәуір 2022 жыл.

"ӨЗДЕРІҢ КІНӘЛІСІҢДЕР"

Үй-іші Нұрсұлтанды жерлегеннен кейін екі апта өткенде, 20 қаңтарда Қызылорда қалалық полиция басқармасы өкілдері Ағыбаевтар отбасына келіп, мәйітке эксгумация жасайтынын айтқан.

Туыстарының қарсылығына қарамастан сол күні марқұмды қазып алып, сараптама жасаған. Нағи Ағыбаевтың айтуынша, мәйітханада Нұрсұлтанның басынан оқ алынған. Бірақ отбасына сараптама қорытындысы жайлы ешқандай құжат бермеген.

Қаламқас Ағыбаева Қызылорда облыстық прокуратурасына ұлының қазасына кінәлілерді анықтауды сұрап арыз жазған. "Бірақ ондағылардан мардымды жауап ала алмадым" дейді ұлынан айырылған ана.

Нағи Ағыбаев көлігінің ішінен тауып алған оқты көрсетіп отыр. Қызылорда облысы, Талсуат ауылы. 18 сәуір 2022 жыл.

Нұрсұлтанның қазасынан соң бір айдан кейін Нағи Ағыбаев қалалық полиция басқармасында тұрған көлігін барып алған. Ішін тазалап жүріп оқ тауып алыпты.

– Бұл оқ қызымның арқасынан алынған оқпен бірдей, – дейді ол.

Ерлі-зайыпты Нағи мен Қаламқас Ағыбаевтар мезгілсіз қазаға душар болған ұлының қазасына күдіктілерді полицияның осы уақытқа дейін неліктен таба алмай жатқанын түсінбейтінін айтады. Істің әділ тергеліп жатқанына да күмәні бар.

– Жақында күйеуіме "істі жабайын деп едік" деп тергеуші хабарласыпты. Іс қалай болды деп бір ауыз сұраған екен, "өздерің кінәлісіңдер" деп тұр дейді. Арыстай ұлымыздан айырылып, бірнеше адамымыз жараланған бізге айтыпты. Олардың не, қалай шешіп отырғанын білмеймін. Ешқандай қағаз берген жоқ, – дейді Қаламқас Ағыбаева.

Нағи Ағыбаев көлігіне келген зиян шығынын өтеу туралы прокуратураға шағымданғанымен әлі еш нәтиже жоғын айтады.

Нағи Ағыбаевтың жеке көлігін бірнеше жерден оқ тесіп өткен.

Азаттық тілшісі Нұрсұлтан Бекболатовтың қазасы мен туыстарының жаралануына байланысты Қызылорда облыстық прокуратурасы мен облыстық полиция департаментіне жазбаша сауал жолдады. Осы мақала жарияланғанға дейін ешқандай жауап келген жоқ.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова наурыздың орта шенінде парламентте сөйлегенде Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам мерт болғанын мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, Қызылорда қаласында дүрбелең кезінде 26 адам қаза тапқан. Оның біреуі – азаматтық борышын өтеп жүрген әскери қызметкер.

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы құрбандары арасынан күш құрылымдарында қызмет атқарған 19 адамнан басқа ешқайсының аты-жөнін әлі күнге ресми жариялаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ескертусіз оқ ату – фашизм". Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, бір айдан соң көз жұмған ақтөбелік тұрғын "Дәулет аға, көзіңізді ашыңызшы!". Қаңтар оқиғасында оқ тиіп жараланған семейлік белсенді көмекке зәруҚапаста азапталғанын айтқан адвокатты үш айдан соң абақтыдан үйқамаққа ауыстырды"Қай аға маған оқ атқан?" Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен СұлтанҚанды қаңтар эпилогы. Бейбіт халыққа оқ ату, азаптау және "дәлелденбейтін қылмыс"