"Мама, қасыңнан алыстап кетпеймін..." Қаңтарда "кездейсоқ оққа ұшқан" Жолжарықтың ата-анасының қайғысы

Өскеменде Қаңтар оқиғасында қаза болған үш адам – Жолжарық Есенжолұлы, Қуаныш Қабылқанов пен Айдос Алдашовтың суреттері.

Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан Жолжарық Есенжолұлын "Қазақстан халқына" қоры "кездейсоқ қаза тапқандар" тізіміне енгізген. Ал марқұмның ата-анасы баласын атқан адам табылмағанына, тергеу тоқтап қалғанына қапалы. Жолжарықтың әкесі әділ тергеу талап етемін деп Астанаға дейін барып, қамалған. Кейін оны Астанадан Өскемен әкімінің орынбасары алып қайтқан.

– Қазір күйеуіміз екеуіміз өзімізбен-өзіміз болып, мүлде оқшауланып қалдық. Ешкімнің үйіне шайға да бармаймыз, кел деп шақырады. Баламыздан айырылып отырғанда шайды қайтпекпіз, – деп аузын басып, қыстыға жылады Қаңтар оқиғасында баласынан айырылған ана Аборотхан Тоқажан.

Жолжарық Есенжолұлы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшты.

Жастары 50-ден асқан ерлі-зайыпты Аборотхан Тоқажан мен Есенжол Байдолдайдың ұлдары Жолжарық былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде небәрі 26 жаста оққа ұшқан. Артында ата-анасы, туғандары, сәбиі мен әйелі қалды. Марқұм баласын да көрмей кеткен.

Бауыр еті баласынан айырылған ата-ана қазір Өскеменмен іргелес Ұлан ауданы Бозанбай ауылында тұрып жатыр.

Бозанбай ауылында жол қатынасы қиын. Шеткері орналасқан он шақты үйге баратын көшені ақпанның қалың қары басып қалған. Көлігімізді бұзылған автобекеттің қасына тастап, Есенжол мен Аборотханның шаңырағына жаяу жеттік.

– Біздің көшені қыста ылғи қар басып қалады. Жолды ашуға ақша алады. Жөкем (Жолжарық марқұмды үй-іші солай дейді) тірі болғанда өзі-ақ осы қарды түк қоймай, трактормен күреп тастайтын еді. Ана-а-а-у тұрған үйлердің бәріне жол ашып беретін. Жалпылдап бәріне жүгіріп жүруші еді жарықтық, – деген Аборотхан терезеден көзін тайдырып әкетіп, жүзін орамалмен басып, қыстыға жылады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан Жолжарық Есенжолұлы тұрған Бозанбай ауылы. Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 20 ақпан, 2023 жыл.

"АҢҚЫЛДАП ЖҮРІП, ТАҒДЫРЫНАН ОЗЫП КЕТТІ..."

Қара жамылған шешей баласы жөнінде аузын ашып сөйлей бастаса, дауысы дірілдеп, босай береді. Күйеуі әңгімеге араласып, оның айта алмаған сөздерін сабырлы дауыспен толықтырады. Сол сәтте әйелі де есін жиғандай болып, қайта түзеледі.

– Жөке туралы айтсақ, өз баласын мақтады дейсіңдер ғой. Өзі істеп жатқан жұмысын тастай салып, анаған шөп атысып келейін, мынаның көлігі батып қалыпты, шығарып жіберейін деп, зыр жүгіріп жүретін ақкөңіл жан еді. Халықтың алғысын алған бала. Ол туралы осы ауылдың адамдарынан сұраңдар, сонда шындыққа жетесіңдер, – деді Есенжол.

"Аңқылдап жүріп, тағдырынан озып та кетті..." деп, біраз уақыт үнсіз қалды марқұмның әкесі.

Есенжол Байдолдай. Бозанбай ауылы, Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 20 ақпан, 2023 жыл.

Жолжарық Есенжолұлының қазасы жайлы алдымен қарындасы Нұржанар білген. Оған былтыр 5 қаңтарда түнде ауруханадан хабарласып, "бір жағдай болды, келгенде айтамыз" деп шақырып алған. Жолжарықты ауруханаға бөтен көлік жеткізген екен. Дәрігерлердің Нұржанарға айтуынша, ол келгенде тірі болған, бірақ құтқарып қала алмаған.

Жолжарық Есенжолұлының аты-жөні "Қазақстан халқына" қорының "кездейсоқ қаза тапқандар" тізіміне енгізілген. Ата-анасы "тірісінде ешкімге зиянын тигізбеген баламыз кездейсоқ қаза тапқанын біз де білеміз, сеземіз" дейді.

"Қазір күйеуіміз екеуіміз өзімізбен-өзіміз болып, мүлде оқшауланып қалдық" дейді Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан Жолжарық Есенжолұлының анасы Аборотхан Тоқажан. Бозанбай ауылы, Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 20 ақпан, 2023 жыл.

– Аласапыран күні қалаға қалай кетіп қалғанын білмедік, – деді Аборотхан Қаңтар оқиғасы болған күнді еске алып. – Кейін ел-жұрттан естуімізше, жол-жөнекей дүкенге Coca-Cola алуға соға кеткен екен. Сатушы "өзің жалпылдаған баласың, жалпылдап жүріп, бірдеңе ұрынып қалма, бармай-ақ қой" деп айтыпты. Ол "иә, бармаймын" деген екен. Бірақ қалайда кетіп қалыпты. Өз көлігін тастап, таксиге отырған.

"КИІМІ АЯҚ АСТЫНДА ҚАЛДЫ МА ЕКЕН?"

Есенжол бізге есік алдында қаңтарылып тұрған бір дөңгелегі жоқ жеңіл көлікті көрсетті. Дөңгелек орнына ағаш түбірі тіреу етіп қойылған көлік көптен бері жүрмегені байқалады.

– Жолжарықтың мәшинесі. Кілті жоқ. Киімінің қалтасында кеткен екен. Қайтарып ала алмадық. Полиция баламыздың бірде-бір затын қайтарып бермеді. Оның киімі біреудің табанының астында басылып қалды ма екен дегенді ойласақ, жанымызды қоярға жер таппаймыз. Қолымызда болса, өртеп жіберер едік қой, – деді қайғы жұтқан әке.

Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан Жолжарық Есенжолұлының жеңіл көлігі. Бозанбай ауылы, Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 20 ақпан, 2023 жыл.

– Баламның телефонын өзім ұстап жүрейін деп едім, ол да жоқ болды. Оны қойып, жеке куәлігін де бермеді ғой, – деп сөз жалғады әйелі.

Жолжарық марқұм дүниеден өткелі бері бұл үйдегі жүк көлігі мен трактор да тоқтады. Бір кездері дүрілдеп шөп таситын жүк көлігінің дөңгелегі сазға батқан күйі суықта қатып қалған. Тыныш тұрған техникаға сиыр келіп сүйкенеді.

– Көліктерді бауыры – кіші баламыз жүргіземін дейді. Ол әлі кішкентай. Колледжде оқып жүр, – дейді Аборотхан.

Жолжарық Бозанбай ауылында наубайханада істеген. Көлігімен дүкендерге нан таситын. Ата-анасының қолынан бөлек шығып, жаңа үйде келіншегімен небәрі 10 күн тұрған. Анасы "ақыры бөлек шыққан соң, ауылда қалмай, қалаға барсаңдаршы, бір-екі айлық пәтерақыны мен төлеп беремін" дегенге көнбеген. "Мама, сенің қасыңнан ешқайда алыстап кетпеймін, осы ауылда өзіңе көмектесіп жүремін" депті.

Марқұм тұңғыш баласын көрмей дүниеден өтті. Әйелі қанды оқиға кезінде іштегі баласымен жесір қалды. Марқұмның ұлы Қаңтар оқиғасынан 1,5 айдан кейін дүниеге келді. Сәби биыл 20 ақпанда бір жасқа толған.

– Қазір келініміз немеремізбен бірге төркінінде. Үржар (Абай облысына қарайды – ред.) деген ауданда. Алыс жер болған соң өздерін жиі көре алмаймыз. Келініміздің телефон нөмірі ауысып кеткен екен, немеремді бүгінгі туған күнімен құттықтай алмай, қатты қапаланып отырмын, – деп егіле жылады Аборотхан.

Есенжол әйелін "бала есейгенде бізді өзі іздеп табады" деп жұбатқан болды.

Үй ішінде ұзақ үнсіздік орнады. Марқұмның анасы "Қаладағы қызыма... бауырыңның сыйлығын... сыйлығын салып жібер... деп айттым" дегенді бөліп-бөліп, қыстыға зорға айтып шықты...

"БІЗДІ АҚОРДАҒА ЖЕТКІЗБЕДІ"

Сот-медицина сараптамасының қорытындысы бойынша, Жолжарықтың кеудесін оқ тесіп өткен. Оқтан екі қабырғасы сынып, бұғанақ астындағы күретамыры жарылған, оң жақ өкпесі зақымданған. Марқұмның әкесі тергеуден Жолжарықтың қазасына қатысты көп уақыт жауап ала алмағанын айтып отыр.

Кейін Есенжол Қаңтар оқиғасында жақынынан айырылғандармен және осы оқиғаға байланысты қамалғандардың жақындарымен бірге Астанаға талап айтып барған.

– Жазда Астанада жан-жақтан жиналған адамдар далада төрт күн қондық. Бесінші күні бізді қамауға алды. Қамап қоятындай ештеңе бүлдірген жоқпыз. Ақордаға таяп қалғанымыз сол болатын, жеткізбеді. Өскеменнен әкімнің орынбасары келіп, алып кетті, – деді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде 26 жасында оққа ұшқан Жолжарықтың әкесі Есенжол Байдолдай (сол жақта) мен анасы Аборотхан Тоқажан (оң жақта) үйінде отыр. Бозанбай ауылы, Ұлан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 20 ақпан, 2023 жыл.

– Мына кісі Астанаға баламыздың қазасынан жеті ай өткенде барды. Жеті ай өткенде өзіміз қайта-қайта дабыл қаққан соң ғана әкімдер есігімізді ашты. Үйге көп әкім келді. Оған дейін біреуі келген емес. Сондағы бізден сұрағаны – "Астанаға неге бардыңдар?" Міне, осы сұрақ болды. Сонда біз баламызды жоқтамаймыз ба? – деді Аборотхан.

26 жасында қаза тапқан Жолжарыққа тиген оқ жоқ, мылтық атқан адам да табылмады. Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы "құқықбұзушылық жасағандар анықталмағандықтан, Жолжарық Есенжолұлының өліміне қатысты тергеу тоқтатылды" деп хабарлады Азаттыққа.

ШҚО-да былтыр бүкіл елді дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған "адам өлтіру", "азаптау" істерінің бәрі "оқ атқандар мен азаптағандар" анықталмағандықтан, Жаңа жылға дейін түгел жабылған.

Ал "жаппай тәртіпсіздік" бабымен 40 адамға бостандығынан айыру я шектеу жазасы кесілген. Бірақ айыпталғандардың туыстары жазаға келіспей, істі қайта тергеуді талап етіп жүр.

– Адамды атқан кінәлілер неге табылмайтынын түсіне алмаймын. Полиция атты ма, кім атты? Неге ғана табылмайды ол? Осыны ойлап арманда қаламын, – дейді марқұмның анасы.

"БАЛАМЫЗДЫ НЕГЕ АТТЫ ДЕП АҢЫРАП ОТЫРҒАН АДАМДАРМЫЗ"

Баласынан айырылып азынап қалған Аборотхан мен Есенжол қазір үйде де, түзде де бір-біріне сүйеу болып, бірге жүреді. Күйеуі мал жайлауға шықса, әйелі шөп суырып, жем салысады.

– Қимылдасам, ентігіп, тығылып қаламын. Мына кісінің бір жағына шығайын деймін ғой баяғы. Әйтпесе балам қайтқаннан кейін денсаулығым қатты нашарлап кетті. Мені білетіндер қазіргі күйіме қарап, "бітіп кетіпсің ғой" дейді... Бұрын қандай едім, қазір қандаймын?.. Дәрігерге қаралдым, "жүрегіңнің тамыры жіңішкерген, ауыр көтерме" деді. Былтырдан бері 50 мың, 100 мың теңгелеп, дәрі сатып алатын болдым. Дәріге сүйеніп қана жүрмін. Бір құлағым естуден қалып барады. Тісім де түсе бастады, – дейді Аборотхан.

Өскеменде Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың жақындары марқұмдарды еске алып тұр. 5 қаңтар, 2023 жыл.

Аборотхан марқұм ұлының жары мен баласына "Қазақстан халқына" қорынан 7 миллион теңге берілгенін айтты.

– Әрине, Жолжарықты жоқтатпаймыз деп қаражат беріп жатқан шығар. Онысына рақмет. Бірақ өлген балам тіріліп келмегеннен кейін қалай қуанайын? Жөкем сонша көп ақша таппаса да, кем-кетігімізді өзі жамап-жасқап, көз алдымызда жүрсе, сол артық еді ғой бізге, – дейді қара жамылып, қайғыдан шөгіп қалған ана.

"Мылтық атқан адамға", "оны таппаған" тергеушілерге деген ашу-ызасы екеуінің ішіне сыймайды. Кейде ашуланшақ болып кеткендерін де мойындайды. Ашуланса, ашуын бір-бірінен алады. Мал екеш малға да кейіс білдіреді.

– Өмір бойы малдың соңындамыз. Әке-шешеміз де мал бағып өткен. Қалаға көшейік пе деп ойлаймыз. Былтыр үй кезегіне тұрдық, бірақ өтпей қалдық. Көре жатармыз... Мына кісі мал іздеп ұзап кетсе, мен бір жерде жығылып қаламын ба деп қатты уайымдаймын. Жығылып қалсам, қасымда орнымнан тұрғызатын ешкім де жоқ екен-ау деймін қазір, – дейді әйел.

Аборотхан бізді жолға шығарып салып тұрып, "Қазір біреуді қарғаса айыппұл салады деп жатыр ғой, біреулерге білмей тіл тигізсек, кешірім сұраймыз. Біз сол баламызды неге атты деп аңырап отырған адамбыз..." деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ұлымды атып өлтірген адам тайраңдап жүр". Өскемендегі үш азаматтың қазасына кім жауапты?"Жүргізушіні көздеп атқан сияқты". Өскемен тұрғыны Қаңтарда оқ тиген көлікпен жүр "Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?"Тоқаев неге қару берді?" Өскемен мен Шымкентте Қаңтар құрбандарына құран бағыштады"Балама "террорист" деген айдар тағып, кім атып өлтіргенін жасырады"