"Халықты атқанды кінәсіз қылады". Қаңтардан кейін 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаевтың абақтыдан өлеңмен жазған хаты

Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасынан соң қамауға алынып, айып тағылған Нұрсұлтан Исаев сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде отыр. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл.

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты 15 жыл жаза кесілген Нұрсұлтан Исаевтың адвокаты 14 ақпанда облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Заңгер бірінші инстанция сотының айғақ-дәлелі жеткіліксіз болды, әділетсіз үкім шығарды деп есептейді. Азаттық тілшісі өңірде Қаңтар оқиғасына байланысты ең ауыр жаза алған жігіттің үйінде болып қайтты.

"ХАЛЫҚТЫҢ ЗАР-МҰҢЫН БҰЛ БИЛІК КӨРМЕДІ"

Ақтөбеден 45 шақырым жердегі Сарыжар ауылында тұратын Исаевтар отбасының өмірін 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы күрт өзгертіп жіберді. Ақтөбе соты 1 ақпанда осы шаңырақтағы кенже ұл – 32 жастағы Нұрсұлтан Исаевты "құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұқты" және "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен 15 жылға соттады. Арада екі апта өткенде Исаевтың адвокаты үкімге наразылық білдіріп, облыстық сотқа апелляциялық шағым тапсырды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Шындықты айтқанды аяусыз қамады". Белсенділер 15 жылға сотталған Исаевқа араша түсті

Қаңтар оқиғасынан кейін айыпталған 18 адамның арасында ең ауыр жаза алған Нұрсұлтан Исаев тергеу абақтысынан үйіне:

– Отыз жыл биледі, билікті бермеді,

Халықтың зар-мұңын бұл билік көрмеді.

Той жасап тайраңдап, мұнайды сатуда,

Ес кірген жастарды аяусыз атуда.

Шығарды заңдарын билікті қорғайтын,

Шығарды заңдарын халықты қорлайтын.

Халықты атқанды кінәсіз қылады,

Шындықты айтқанды аяусыз қамады.

15 жыл сұрады, 15 жыл сұрады! – деп өлеңмен хат жазған.

Лиза Исаева ұлының абақтыдан жазған бір бума өлең хатын күніне бірнеше мәрте оқиды. Кей тұстарын жаттап та алған.

– Бастауыш сыныпта оқып жүрген шағында туған күнім мен 8 наурызда өзі шығарған тақпақтарын оқып беретін. Кейде қағазға түсіріп сыйлық етіп ұсынатын. Бала күнінен кітапқұмар болып өскенін бәрі білетін, ал өлеңқұмарлығына аса мән бермеппін. Тергеу изоляторына қамалып, үйге өлеңмен хат жаза бастаған кезде ғана бала күнгі қылықтары есіме түсті, – дейді Лиза Исаева. Ол ақ параққа көк сиямен жазылған хаттарды біресе бауырына қысып, біресе ашып, әр бетін сипап қояды.

Қаңтар оқиғасына байланысты 15 жыл жаза кесілген Нұрсұлтан Исаевтың абақтыдан өлеңмен жазған хаттары. Ақтөбе, 5 ақпан, 2023 жыл.

Нұрсұлтанды былтыр 9 қаңтарда аула тазалап жүрген жерінен қарапайым киінген адамдар жеке көлікке салып әкеткен, үй ішіндегілер ол тергеу изоляторына түскенін үш тәуліктен соң бір-ақ білгенін айтады.

40 жылға жуық мұғалім болып, талай шәкірт тәрбиелеген Жақсылық Исаев абақтыға жабылған ұлын қатты уайымдап, инсультқа ұшыраған, артынша инфаркт алыпты. Денесі алпамсадай отағасы алпысқа таяған шағында екінші топ мүгедегі атанған. Қазір сөйлей алмайды. Қимыл-қозғалысы ауыр. Баласы туралы сөз болса, екі иығы селкілдеп жылай береді. Ал жанарына тіке қарау тіпті қиын. Әлдене айтқысы келгендей жәутеңдеп қарайды да, қолын бір сілтеп, алақанымен аузын көлегейлей қайтадан еңкілдейді.

1992 жылы туған жері Темір ауданынан Ақтөбенің іргесіндегі Сарыжарға қоныс аударған Жақсылық Исаев былтырға дейін ауыл мектебінде еңбек пәнінен сабақ берген. Мүгедектігіне байланысты жұмысынан қол үзгелі бері төрт қабырғаға қамалып отыр.

Қаңтар оқиғасына байланысты 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаевтың абақтыдан жазған хатын оқып отырған анасы Лиза (сол жақта) мен әкесі Жақсылық Исаевтар. Сарыжар ауылы, Ақтөбе облысы, 5 ақпан, 2023 жыл.

Лиза Исаева сот ұлына түрме жазасын береді деген ой қаперіне де келмегенін, үкім шығатын 1 ақпан күні "балам келеді" деп дастархан әзірлеп, үйінде күткенін айтты. Бірақ сотқа кеткендер тым кешіккен соң, тықырши бастапты.

"Кешкілік табалдырықтан аттаған бір топ хабаршы тіс жармастан, бастары салбырап отыра кеткенде ғана, күйеуіміз екеуіміздің үмітіміз үзілгендей болып, жылай бердік" дейді ол.

– Қаңтарда алаңға Ақтөбенің өзінде 10 мыңға жуық адам шықты. Соның арасынан менің баламды құрбандыққа шалып тұрғаны ма? Әйтпесе, 15 жыл деген не сұмдық? Не үшін 15 жыл беріп тұр? Түсінбеймін. Нұрсұлтанымның "Не үшін, аға, не үшін?" деп шырылдаған дауысы құлағымнан кетпейді. Өзіне ауыр жаза кесіп, 15 жылға соттап жіберген адамның өзін "ағалап" тұр ғой! – деп жылайды Лиза Исаева.

Сарыжар ауылындағы көршілері Нұрсұлтанға үкім шыққалы бері Исаевтар отбасы медициналық жәрдем көлігін жиі шақыртатынын айтады.

Сарыжар ауылы, Ақтөбе облысы. 5 ақпан, 2023 жыл.

"ЕСІМІН НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ҚОЙЫП ЕДІК"

Нұрсұлтан Исаев 1991 жылғы 20 қаңтарда Ақтөбе облысының Темір ауданында отбасындағы үшінші бала болып дүниеге келген. Ағасы мен әпкесі қазір өз алдына жеке үй боп кеткен. Қарындасы – студент.

Ата-анасы оның есімін Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан деп қойыпты.

"Кішкентайынан техникаға бейім болып өсті. Жұмыстан бос уақытында әкесінің ескі тракторымен шөп шауып, мал азығын дайындайтын" дейді анасы.

Нұрсұлтан 2010 жылы Ақтөбедегі колледжді экономист мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін жұмыс таба алмай біраз жүріпті. "Жұмыс іздеп бармаған жері жоқ. Тәжірибең жоқ деп ешкім жұмысқа алмады" дейді шешесі.

Қаңтар оқиғасынан соң 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаевтың әке-шешесі Жақсылық (ортада) пен Лиза (сол жақта) Исаевтар келіні Аида Хазеевамен бірге. Ақтөбе облысының Сарыжар ауылы, 5 ақпан, 2023 жыл.

Лиза Исаева ұлы әскерге барып, азаматтық борышын өтеуге қатты ынта білдіргенін айтады. Бірақ дәрігерлер көзі нашар көретін Нұрсұлтанды "әскерге жарамайсың" деп қайтарады.

"2012 жылы қайтадан армия қатарына сұранды, ұлымның құлшынысын көрген әскери комиссариат оны әскерге қабылдап, балам Павлодар қаласында азаматтық борышын өтеп келді" дейді анасы.

2016 жылы Нұрсұлтан Ресейдегі Орынбор мемлекеттік университетіне түсіп, 2020 жылы "жер ресурстары жөніндегі маман" деген диплом алып шығады.

– Бітпей жатқан шаруамызға қолғабыс қылу үшін өзі жүгіріп келетін елгезек жігіт. Жауапкершілігі де зор. Ауылымызда интернет жылдамдығы баяу. Соның өзінде Нұрсұлтан пандемия кезінде онлайн сабағынан қалмайтын. Күн сайын костюмін киіп, ауладағы душтың төбесіне шығып отыратын, – дейді Исаевтардың көршісі Майра Жақсылықова.

Орынбор университетінде оқып жүргенде Нұрсұлтан болашақ жары Аидамен танысып, 2019 жылы екеуі шаңырақ көтереді. Көп ұзамай жас отбасында Риза есімді қыз бала өмірге келген.

Биолог мамандығы бойынша оқып жүрген Аида нәрестелі болғаннан кейін сырттай оқу бөліміне ауысқан. Оқуын әлі аяқтаған жоқ. Кенже ұл болғандықтан, Нұрсұлтан келіншегі және қызымен бірге әке-шешесінің қолында, қарашаңырақта қалған. Ақтөбеден мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, сүт өнімдерін шығаратын жергілікті компанияда жүк көлігін жүргізуші болып жұмыс істеп, отбасын асырапты.

"ҚАМҚОРЛЫҒЫН КӨРГЕНДЕР ҚАСЫМЫЗДАН ТАБЫЛДЫ"

– Орынборда оқып жүргенде Қазақстаннан барған балаларға көп қамқорлық жасапты. Сол балалар Нұрсұлтан үйленгенде де, істі болғанда да келіп, жан-жақты қолдау көрсетті. Бір қуанатыным, баламның досы көп екен. Тергеу изоляторына азық-түлік, керек-жарағын апарып беретін де, жағдайымызды сұрап тұратын да –солар. Қаңтар оқиғасына дейін Нұрсұлтан үйіміздің шатырын жаңартам деп, құрылыс материалдарын түсіріп қойған. Өйткені ескі шифер тесіліп, шатырдан су ағатын. Былтыр жазда баламның достары шатырды жаңалап берді, – дейді Лиза Исаева.

Ресейде туып-өскен, татар ұлтының өкілі Аида келін болып түскелі бері қазақ тілі мен салт-дәстүрін толық меңгеріп алған. Қазір үйде қызына, ата-енесіне қарап отыр.

Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған әкесін "Папам қайда?" деп іздеген немересі Ризаны құшақтап отырған Лиза Исаева. Ақтөбе облысының Сарыжар ауылы, 5 ақпан, 2023 жыл.

Кішкентай Риза ересектердің қас-қабағына қарап, жайсыз бірдеңе болғанын бала жүрегімен сезетін сияқты. Үй-ішіндегі жандардың бірі жыласа, жүгіріп барып құшақтап, жұбатуға әрекет қылады. Сосын өзінің шамасы жетпесін білгендей "Папам қайда?" деп сұрайды.

Немересінің сұрағы Лизаны тағы да жылатты. "Папаң келеді. Ел-жұрт папаңды қолдап жатыр ғой. Ол келеді. Сол кезде әжең жыламайтын адам болады. Ол кезде ешкім де жыламайды" дейді әжесі Ризаның бұйра шашын сипап отырып.

Сот күйеуіне 15 жыл түрме жазасын кескеннен кейін Аида Хазеева үкімге наразылығын айтып, 5 ақпанда интернетте петиция жариялаған. Айтуынша, қазірге дейін 1800-ден астам адам қол қойыпты.

– Мүлдем бейтаныс адамдардың қолдауы қиын кезде адамға көп көмектеседі екен. Изоляторға барған сайын күйеуіме көрген-білгенімнің бәрін жеткізуге тырысамын. Ол табиғатынан сабырлы адам ғой. Мен сияқты эмоцияға берілмейді. "Алла разы болсын!" деп, жай ғана жымиып отыра береді. Осыдан үш ай бұрын тергеу изоляторында отырып, Нұрсұлтан намазға жығылды. Қазір де сабырлы қалпында. "Ең бастысы, арым таза. Қалғанын пешенеме қарай көрермін" деп отыр, – дейді Аида.

Ақтөбе тұрғыны Жасұлан Қамбалиев. 6 ақпан, 2023 жыл.

6 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жанына бір топ адам жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Үкімге наразылардың арасында Исаевтың туыстары мен таныстарынан бөлек, оны мүлдем танымайтын адамдар да болды.

– Исаевтың ауылдасы да, жерлесі де емеспін. Ол 15 жылға сотталғанын теледидардан естіп, осында келіп тұрмын. Тоқаев мырзадан сұрайтыным, бұл балаға жеңілдік берсін. Үкімнің заңдылығын тыңғылықты тексерсін! – дейді Ақтөбе тұрғыны Жасұлан Қамбалиев.

Ақтөбе тұрғыны Қайыржан Көшәлиев. 6 ақпан, 2023 жыл.

Қайыржан Көшәлиев есімді тағы бір ақтөбелік: "Зардап шеккен полиция қызметкерлерінің денсаулығына ауыр зақым келмеген. Олар сот алдында Исаевқа ешқандай талабы жоғын айтты ғой. Сот осыны ескеруі керек еді" дейді.

1 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтырғы Қаңтар оқиғасынан кейін айып тағылған 18 адамға үкім шығарған. Судья Нұрлан Бақтығалиев Нұрсұлтан Исаевты "құқық қорғау органы өкіліне я әскери қызметкердің өміріне қол сұққаны" (380-1-баптың 2-бөлігі) және "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" (272-баптың 2-бөлігі) үшін айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Нұрсұлтан Исаев – Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін сот үкімімен осынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған екінші адам. Оған дейін Қызылорда соты әлгіндей айыптар тағылған Қазыбек Құдайбергеновті ұлттық ұлан қызметкерінің өліміне кінәлі деп танып, 17 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Апелляция соты Құдайбергеновтің жазасын бірнеше айға қысқартқан.

Қазыбек Құдайбергенов сияқты Нұрсұлтан Исаев та үкімді мойындамайтынын мәлімдеген.

Сот Исаевпен бірге айып тағылған 17 адамның біреуін төрт жылға бостандығынан айырып, екі адамды ақтады. Өзгелеріне шартты жаза кесті, кейбірінің тергеу абақтысы мен үйқамақта болған уақытын өтелген жаза мерзіміне есептеп, оларды босатты.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбеде Қаңтарға байланысты ең ауыр жаза алған Исаевтың ісі

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылғы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. Бас прокуратура бұған келіспейтінін мәлімдеген.