Сәуле Сүлейменова: "Ашаршылықты геноцид деп мойындайық"

Сауле Сүлейменова көрменің ашылу салтанатында. Алматы, 1 ақпан 2019 жыл.

Алматыда қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменованың көрмесі ашылды. Көрмеде қойылған туындылар Қазақстан тарихындағы қасіретті кезеңдер – 1930 жылдардағы ашаршылық, сталиндік репрессия мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған.

Шағын, күңгірт бөлмеге Сәуле Сүлейменованың ондаған жұмысы қойылған. Полиэтилен пакеттерден жасалған туындылар – суретшінің негізгі еңбегі

Электр лампасының әлсіз жарығы суреттерге ғана түседі. Оларды тек алыстау жерден көре аласыз. Сондықтан көрермен алыстап, қараңғыдан қарауы тиіс. Бөлме ішінде қазақстандық "Адаптация" панк-тобының "Как горит степь" әні ойнап тұр. Көрші бөлмеге марқұмдарды еске алу белгісі ретінде дастарханда құрт, қымыз, бауырсақ қойылған.

Көрме өтіп жатқан залдағы дастархан.

Әр жұмыстың астында фотосуретке түсініктеме беріліп, оған прототип болғандар туралы баяндалған. "Қазақтардың амалы" картинасында адамдар аштықтан қашып, тұрмысқа қолайлы жер іздеп, туған жерінен кетіп барады.

Сәуле Сүлейменова бұл картинаны шоколад кәмпит, нан мен шай қораптарының кесіндісінен жасаған. Тарихшылардың есебінше, 1930 жылдардың басында қазақ даласында бір жарым миллионнан кем емес адам опат болып, жүздеген мың қазақ басқа елге қоныс аударды.

"Қазақтардың амалы" картинасы.

​"Картоп жинаған қоныс аударушылар" деп аталатын картинада далада, қар басқан жерде көкөніс жинап отырған адамдар бейнеленген. Картинаның қасындағы фотоның астында: "Кулактардың мүлкін тәркілеу және жайылым жерлерді тың игеру жеріне айналдыру нәтижесінде адамдарды Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүрледі. Одан бөлек, Қазақстанға репрессияға ұшыраған және біраз уақыт лагерьде отырған адамдар келді. Осылайша қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де Ашаршылық құрбаны болды" деп жазылған.

"Карлаг" картинкасы.

"Желтоқсан. Қазақ жастарының көтерілуі. 1986 жыл" жұмысын Сәуле Сүлейменова бұрын да басқа көрмелерге апарған. Пластик пакеттер мен таспадан жасалған картина жас шерушілердің мұрағатта сақталған фотосын еске салады. Олар Кремльдің советтік Қазақстанға Геннадий Колбинді басшы етіп сайлауына қарсы шыққан еді.

16-17 желтоқсанда Алматыда болған наразылық шарасы – бес жылдан соң ыдырап кеткен Совет одағына қарсы шыққан алғашқы ауқымды оқиғаның бірі болды.

"Желтоқсан. Қазақ жастарының көтерілуі, 1986 жыл" картинкасы.

Көрменің ашылуы күні суретшімен сөйлесу оңай болмады. Көрмеге келгендердің бәрі автормен ой бөлісуге тырысты. Дегенмен суретшімен тілдесудің сәті түсті.

Азаттық: - Сіздің шығармашылығыңыздан әркез саяси астар байқалады. Келеңсіздіктер туындамады ма?

Сәуле Сүлейменова: - Мен суретшімін, өз пікірім бар. Өнерді дерекке айналдыруға тырысамын. Өзім қалаған мағынадан ауытқымаймын. Қаласа мені оппозиционер санасын, билікшіл дейтіндер де бар. Бірақ менің жұмысым одан өзгермейді, өзім қалаған дүниені жасаймын.

"I’m kazakh" атты жұмыстар сериясын жасағанда мені қазақ халқын масқаралады деп айыптай бастаған. Екі жылдан соң келесі көрмеде мені ұлы патриот деп атады. Соның бәрін бір адамдар айтты. Олар қалайша көзқарасын өзгерте салды? Мен өзгерген жоқпын, жұмысын да сол қалпы қалды.

Азаттық: Бүгінгі картиналарыңыздың біразы Берлин мен Абу-Дабиде көрмеге қойылды. Батыс пен Шығыс көрермендері қалай қабылдады?

Сәуле Сүлейменова: Абу-Дабиде картиналарымды мәдени саммитте көрсеттім, олар "жұмысыңды тез алып кет, әйтпесе елден шығарамыз" деп қорқытты. Олардың ойынша мен заңды бұзыппын, қалай заң бұзғанымды түсінбедім. Берлиннен соң жұмыстарға түсініктеме жазатын болдым. Ол жақта Ашаршылық деген не, Желтоқсан мен Карлаг деген не, бәрін түсіндіруге тура келді. Олар мұндай мәселеге басқаша қарайды. Өткен үшін өздерін айыпты сезінеді және одан қорланбайды. Адамдар бала кезден қателіктерді мойындаудан, одан ұялмауға үйренеді. ​

Көрмеден көрініс.

Азаттық: Постсоветтік Қазақстанда большевизм мен сталиндік режимге өз бағасы беріле ме, қалай ойлайсыз?

Сәуле Сүлейменова: Адам рухани жұмыс жасауы керек. Оған бала кезден тәрбиелейтін Германиядан үйренсе болады. Мұндай рухани жұмыс қоғам дамуының міндетті шарты болуы керек. Алдымен Ашаршылықты жалпы адамзаттық апат және геноцид деп танып алайық. Украина 2006 жылы Голодоморды солай мойындады.