Шымкенттегі автобус апаты. Бес адамның өліміне әкелген оқиғадан қандай сабақ алуға болады?

Қала ішінде жолаушы таситын көлікті жүргізуші. Шымкент, 11 сәуір, 2023 жыл

Шымкентте қараусыз қалған автобус жүріп кетіп, бір топ адамды қаққан соң, қоғамдық көлік қызметінің сапасы қызу талқыға түсті. Автобус жүргізушілері апаттың артында шешімін таппай келе жатқан жүйелі мәселе бар дейді. Азаттық тілшісі бір күн қоғамдық көлікпен қатынап, түрлі бағытта жүретін бес автобустың жүргізушісімен әңгімелесті.

Шымкентте 8 сәуірдегі автобус апатынан бес адам мерт болды. Жүргізуші бос автобусты қалдырып, дүкенге шығып кеткен, сәлден соң қырда тұрған көлік сайға қарай жүріп кетіп, көше қиылысында тұрған бір топ адамды қаққан. Төрт адам сол жерде тіл тартпай мерт болды. Бір бала ауруханада есін жимастан қайтыс болды. 49 жастағы автобус жүргізуші қамауға алынды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабымен ("көлікті пайдалану қағидаларын бұзу") іс қозғалды. Полиция "жүргізуші автобусты қол тежегішке қойып, көліктен шығып кеткен" деп мәлімдеді.

Оқыс оқиға қала жұртын дүрліктіріп, қоғамдық көлік сапасына деген сынды күшейтті. Апат кісі қателігінен болған күннің өзінде, мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек деген сұрақ туды. Азаттық тілшісі сөйлескен автобус жүргізушілерінің уәжі бар.

"КҮНІНЕ КЕМІ 15 САҒАТ РУЛЬДЕ ОТЫРАМЫЗ"

Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысы таңғы сағат 6-дан басталады. Автобус паркінде мамандар көлікпен бірге жүргізушінің денсаулығын тексереді. Әр жүргізуші өз бағыты бойынша белгіленген орынға жетіп, таңғы 7-де қоғамдық көлік жүре бастайды.

Қоғамдық көлік пен жолаушылар. Шымкент, 11 сәуір, 2023 жыл

№108 бағытта автобус айдайтын Нұржан жүргізуші жұмысы көбейгеніне наразы. Ол кондукторды алып тастап, толық электрон жүйеге көшуге жүргізуші де, жолаушы да дайын емес еді деп есептейді.

– Өзгені білмедім, өзіме қиын болып тұр, – деді аты-жөнін өзгертіп жазуды өтінген жүргізуші. – Мысалы, таңертең ерте шығамыз. Ұйқыдан тұра сала ас батпайды. Жұмыста тамақтануға бір минут уақыт жоқ. Кейде әлсіреп кеткен соң, автобусты жүргізіп бара жатып тамақтанамыз. [Жұмыстан] шығып кетейін десең, басқа жұмыс жоқ. Бала-шағаны асырау керек. Ай сайын төлейтін несие бар.

Нұржан күніне 15 сағат жұмыс істеймін деді. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Айтуынша, қолына тиер айлығы – жұмысқа шыққан күніне қарай 180-200 мың теңге. Жүргізуші жетпеген кездері бір-ақ күн демалады екен.

Қала ішінде жолаушы таситын автобустың ішіндегі адамдар. Шымкент, 11 сәуір, 2023 жыл

– Жолақы төледіңіз бе? – деді Нұржан автобустан шығып бара жатқан жолаушыға. Ол "әй, төледім ғой" деп жеки сөйледі.

– Міне, көрдіңіз бе? Әр жолаушымен осылай айқайласып отырамыз. "Рақметі жоқ" жұмыс қой – бұл. Сұрамасаң, төлемей кете беретіндер көп. Мына терминал бірде істеп, бірде істемейді. Жолақыны төледі ме, жоқ па, қадағалаңдар деп тапсырған. Бұл – бұйрық. Мұның бәрі жүйкеге салмақ салады, – дейді жүргізуші ашулы үнмен.

Қоғамдық көліктегі "Төлем" жүйесінің терминалы.

Азаттық тілшісі қаладағы түрлі бағыттағы бес автобусқа мініп, жүргізушілерді сөзге тартып көрді. Екі автобустың іші лас, жуылмаған. Бір автобус бұзылып, соңғы аялдамаға әрең жетті. Сөйтті де, жүргізуші жұмысын тоқтатып, автобусты автопаркке алып кетті. Үш автобуста жолаушы лық толып, екі автобуста адамдар еркін отырды. Бес автобустың бәрінде "Төлем" электрон төлем жүйесі орнатылған. Онда жолақы екі түрлі жолмен төленеді. Бірі – банк қосымшасымен QR кодты сканерлеу, екіншісі – терминалға карта басу. Барлық автобуста бірнеше жерге QR код қойылғанымен, төрт автобустың терминалы істемей тұрды. Кей жолаушы жолақыны жүргізушіге ақшалай берсе, кейбі төлемей, көліктен түсіп кетті. Жүргізушілердің бәрі көлікке кірген жолаушылардың жолақы төлеген-төлемегенін бақылаймын деп алаңдап отырды.

Азаттық сөйлескен тағы бір жүргізуші №45 бағыта жұмыс істейді.

– Жолаушыны автобустың артқы есігінен кіргізіп, алдыңғы есігінен шығарыңдар дейді. Түсетін кезде артқы есікті ашпасаң, жолаушылар "есік аш!" деп айқайлайды. Тәртіпті түсінбейді. 70 теңге үшін жаға жыртыспайсың ғой. Ашасың. Соны пайдаланып, жолақы төлемей кететіндер бар. Оған қоса, аялдамалардың атауын айқайлап айтып отыру керек. Терминал істемей қалған жағдайда жолақы ақшасына түбіртек шығарып беру керек. Жүргізуші автобустың руліне ие бола ма, әлде жолаушылардың төлемін қадағалай ма? – деді ол.

Жолақыны банк қосымшасымен көлік ішіндегі QR кодты сканерлеп, не терминалға карта басып төлеуге болады.

Айдап келе жатқан автобусы дұрыс жүрмей, оған алаңдап келе жатқан жүргізуші бес адамның өмірін қиған автобус апатын көргенін айтты.

– Үш күн өтті. Көз алдымнан кетпей қойды. Автопарктегі бірнеше жүргізуші қорыққанынан рульге қайта отыра алмай қалды, – дейді ол.

"ЖОЛАУШЫНЫҢ 20 ПАЙЫЗЫ АҚЫ ТӨЛЕМЕЙДІ"

Шымкент қаласында қоғамдық көліктегі "Төлем" жүйесі 2020 жылы күзде қолданысқа енген. Бірақ 1 наурызға дейін бұл жүйе кондукторлармен қатар жұмыс істеген. Қоғамдық көлік кондукторсыз жұмыс істей бастағанына бір айдан асты.

Қоғамдық көлікте жолақы төленгенін тексеріп жүрген қызметкер.

Төлем жүйесіне жауапты QazSmartTrans компаниясының қызметкерлері автобустан автобусқа ауысып, жолаушы ақы төлеген-төлемегенін тексереді. Азаттық тілшісі жолда оларды да кездестірді. Билет тексерушілердің айтуынша, автобусқа мінген жолаушы екі аялдама асқанша ақы төлеуге міндетті. Электрон төлем енгеніне бір айдан асса да, жолаушылардың 20 пайызы жолақы төлемей отырады дейді олар.

– Қала бойынша орташа есеппен күніне 60 адамға жолақыны уақытылы төлемегені үшін 6900 теңге айыппұл салынып жатыр, – дейді компания қызметкері.

Азаттық тілшісі мінген автобустардың көбі Shymkent bus компаниясына тиесілі. Компания басшысы Азат Қайыпбеков кондукторсыз жүйе жүргізушінің жұмысын көбейтті дегенге келіспейді. Оның сөзінше, осы жүйеге ауысқалы жүргізушілердің көлікті жарысып айдауы тоқтаған, көліктердің бұзылуы 30 пайыз азайған, ал компанияның күндік табысы 1,5 миллион теңгеге артқан. Әйткенмен ол жолаушы электрон жүйені қолдана алмаған жағдайда жүргізуші ақыны ақшалай алып, орнына түбіртек беруге, көлікке мінген жұртты дауыстап төлем жасауға шақыруға міндетті екенін растады.

Қайыпбеков сондай-ақ жүргізушілердің бәрі бірдей электрон жүйені қолдай қоймағанын мойындады. Айтуынша, кондукторлар босатылғанда, олармен бірге 100-ге жуық жүргізуші жұмыстан кеткен. Қазір 600 жүргізуші жұмыс істеп жүрген компанияға 1200 жүргізуші қажет екен.

ЖҮРГІЗУШІ ЖОЛАҚЫНЫ ҚАЛТАСЫНА БАСА МА?

Азаттық тілшісі мінген қоғамдық көліктерде ақыны электроникамен төлей алмаған кейбір жолаушы ақшаны жүргізушіге беріп жатты. Бірақ жүргізушілер төлем түбіртегін бермеді. Осы жайт жүргізушілер ақшалай берілген ақыны өз қалтасына салады деген пікірді күшейтеді.

Жүргізушілер ақшалай берілген ақыны қажетіне жарататынын жасырмайды.

– Ақшаны алдың деп кінәлайды. Біз ол ақшаны алмағанда қайтеміз? Мысалы, күніне жұмыс уақытында 4-5 мың теңге шығын шығады. Таңертең ерте таксимен автопаркке жетесің, үш мезгіл тамақты өзің сатып аласың, түн ортасында таксимен үйге қайтасың. Бұл шығынды жұмыс беруші есепке алмайды. Айына 15 күн жұмыс істесек, кемі 60 мың теңге шығын шығады. Алатынымыз 180-210 мың теңге болса, оның 60 мың теңгесін жұмсап жіберсек, қалған жалақымен отбасымызды асырай алмаймыз. Кейде жол жүру ережесін бұзып аламыз. Айыппұлды жалақыдан ұстап қалады. Жалақымызды 300 мың теңгеге көтерсе, жолаушының ақшасын тығып жаратпайтын едік, – дейді жүргізушінің бірі.

МЕМЛЕКЕТТІК СУБСИДИЯ

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, қалада 77 бағыт бойынша 877 автобус жолаушы тасиды. Қаладағы қоғамдық көліктің 90 пайызы жаңартылған. 75 бағытта жүрген автобустарға мемлекет субсидия береді. Өйткені тұрақты тасымалдауға кететін шығын көп, кіріс аз дейді ол.

Аялдамада автобусқа мініп жатқан адамдар. Шымкент, 11 сәуір, 2023 жыл

Ол жолақы бір бағада қалғанын, бірақ жанармай қымбаттағанын айтады. Сүгірәлиевтің сөзінше, жолақы 70 теңге болып 2016 жылы бекітілген, сол уақыттан бері бір литр дизель отыны 115 теңгеден 290 теңгеге дейін қымбаттаған. Шығынның орнын толтыру үшін тасымалдаушы компанияларға мемлекет субсидия береді. 2022 жылы Шымкентте тасымалдаушы компаниялар 23 миллиард теңге субсидия алған.

– Компаниялар субсидия есебінен жүргізушілерге жалақы төлейді. Мысалы, әкімдік компанияларға жүргізушілердің жалақысы орташа жалақы мөлшерінен аз болмауы керек деген талап қоя алады. Яғни қазір қалада орташа айлық жалақы – 240 мың теңге (жүргізушілер айтқан 200 мың теңге – салық пен өзге төлемдер алынғаннан кейін қолға алатыны – ред.). Компания жалақыны көтеру-көтермеуді өзі шешеді. Бірақ 240 мың теңгеден азайтпауы керек, – дейді бөлім басшысы.

Shymkent bus компаниясының басшысы Азат Қайыпбеков тапшы болып отырған жүргізушілердің орнын толтыру үшін жалақыны наурыздан бастап 366 мың теңгеге дейін көбейткенін айтты. Жүргізушілер наурыздың жалақысын әлі алмаған.

ЖҰМЫС УАҚЫТЫН ҚЫСҚАРТУ ТАЛАБЫ

Жүргізушілер қозғаған тағы бір мәселе – жұмыс уақытын қысқарту. Бес автобустың екеуінде жүргізуші жұмыс уақыты күніне 8 сағат болса екен дейді.

Қайыпбеков жүргізушінің екі күн демалып, екі күн жұмысқа шығуын дұрыс деп есептейді. Ал бір күнде екі жүргізуші ауысыммен бір автобусты жүргізуі мүмкін емес дейді.

Жолаушы таситын автобус жүргізуші. Шымкент, 11 сәуір, 2023 жыл

– Жүргізушіні автопаркте ғана ауыстыра аламыз. Ол үшін түсте автобусты автопаркке әкелу керек. Біріншіден, уақыт кетеді. Автобустардың жүру арақашықтығы ұзарып кетеді. Екіншіден, автопаркке келіп-кетуі – үлкен шығын, – дейді компания басшысы.

Жүргізушіні көлікті автопаркке жеткізбей-ақ, алдын ала белгіленген аялдамада ауыстыруға болмас па еді деген сұрағымызға Қайыпбеков "ондай жағдайда автобус бұзылып тұрмағанына, оның жарамдылығына сенім жоқ. Бұл қауіпті" деп жауап берді.

ЖҰМЫС КЕСТЕСІ ЗАҢҒА САЙ МА?

Шымкентте 8 наурызда апатқа ұшыраған автобус №21 бағытта жолаушы тасиды. Бұл бағыт Shymkent bus компаниясына қарайды. Қоғамдық көлікке жауапты басқарманың өкілі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, егер тергеу қате жүргізушіден емес, техника ақауынан болған деген қорытынды шығарса, онда компания №21 бағыттан айырылады, бірақ өзге бағыттарда жұмыс істей бермек.

– Shymkent bus компаниясын қызметтен шеттету мүмкін емес. Компания қаладағы 35 бағыт бойынша жұмыс істейді. Жолаушылардың 40 пайызына қызмет көрсетеді деген сөз. Компанияның жұмысы тоқтаса, халық жолда қалып, шу шығады, – дейді бөлім басшысы.

Еңбек дауларына араласып жүрген тәуелсіз кәсіподақ лидері Құспан Қосшығұлов Еңбек кодексі бойынша, вахталық не ауысыммен жұмыс істеген адамдардың жұмыс уақыты күніне 12 сағаттан аспауы керек дейді.

– 12 сағат жұмыс істеген кезде 12 сағат тынығуға құқылы. Заңның бұл талабы сақталмаған жағдайда жұмысшы еңбек инспекциясына шағынуы керек. Инспекция жұмысшының жұмыс уақытын есептеп, 12 сағаттан асқан жағдайда компанияға айыппұл салады, – дейді ол.

Заңгер Әлібек Алмабаев қоғамдық көліктерде тахограф дейтін құрылғы болатынын, жұмыс беруші сол тахографты тексеріп отыруға тиіс екенін айтады.

– Жүргізуші 12 сағат жүрген соң, демалуы керек. Кейде олар байқамай көп жүріп қояды. Осындайда көлік артық уақыт жүргені тахографқа жазылып қалады. Жұмыс беруші тексеріп тұруы керек. Егер жұмыс беруші бұған жол берсе, бұл – құқықбұзушылық. Өйткені автобус – адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіп көзі, – дейді ол.

Shymkent bus компаниясының басшысы Азат Қайыпбековтен автобустарда тахограф бар ма деп сұрадық. Ол жұмыс кестесінің суретін жіберіп, "жүргізушілер 12 сағаттан артық жұмыс істемейді" деп мәлімдеді.

Кестеге қарағанда, жүргізуші жұмысы 7.00-де басталып, 20.06-да аяқталады. Арасында 1 сағат 4 минут үзіліс бар.

Аялдамада тұрған адамдар. Шымкент, 11 сәуір, 2023 жыл

Қазақстан Еңбек кодексінің "Ауысымаралық тынығудың ұзақтығы" туралы 83-бабында жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс ауысымы арасындағы тынығу уақыты 12 сағаттан кем болмауы керек деп жазылған. Бұл нормамен қарасақ, кестедегі уақыт іс жүзінде сақталғанның өзінде, ауысымаралық тынығу уақыты 12 сағатқа жетпей тұр. Ал жүргізушілер сағат 21.00-ге дейін істейтінін, таңертеңгі жұмыс уақыты автобус жолға шығатын 7-ден емес, күнделікті тексеріс болатын таңғы 6-дан басталатынын айтады.

Көлік оқиғасынан кейін полиция іс қозғап, жүргізушіні қамауға алған. Кейін іс прокуратураға өткен. Қаза тапқандардың екеуі – әйел, үшеуі – бала. Тағы бір адам ауруханада ем алып жатыр.

Заңгер Әлібек Алмабаев көлік оқиғасы кісі өліміне себеп болған соң, жүргізушіні қылмыстық жазаға тартуы әбден мүмкін екенін айтады, бірақ мұндай жағдай қайталанбас үшін қоғамдық көліктің заңға сай жұмыс істеуін тұрақты қадағалау керек.