"Апатайым, кеше ғана тірі едің ғой..." Шымкент мәйітханасында кезек көбейді

Шымкент қаласындағы мәйітхана, Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы. 13 тамыз 2021 жыл.

Шымкенттегі мәйітханада қайтыс болған туыстарын алуға келген адамдар кезек күтуге мәжбүр. Мәйітхана қызметкерлері марқұмдардың көбінің ажалы коронавирустан болғанын, оларды тексеріп, шығарып үлгере алмай жатқанын айтады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәйітханаға қосымша дәрігерлер жұмылдырып жатқанын жеткізді.

"АНАМНАН АЙРЫЛДЫМ, ӘЙЕЛІМ АУЫРЫП ЖАТЫР"

"Нұрсәт" ықшамауданында орналасқан Түркістан облыстық патологиялық анатомия бюросы – Шымкент қаласы мен облыстағы коронавирустан қайтыс болған адамдарды қабылдайтын жалғыз мемлекеттік мекеме.

Жұма, 13 тамыз күні түскі сағат бірге қарай барғанымда мәйітхана алдында әдеттегіден көп адам тұрғанын байқадым. Мекеменің ауласына еніп, бір қабатты ғимаратқа жақындаған сәтте жерде жатқан, ақ түсті қатты материалмен оралған бірнеше мәйітті көргенде тұла-бойым аздап қалтырағандай болды.

Мәйітхана алдында жатқан коронавирустан қайтыс болған адамдар. Шымкент, 13 тамыз 2021 жыл.

Мәйітханаға келіп-кетіп жатқандардың дені коронавирустан қайтыс болған адамдардың туыстары екен.

Жас шамасы 50-дегі ер адам өзін Қазығұрт ықшамауданы тұрғынымын деп таныстырды. 80 жастағы анасы осыдан бір күн бұрын коронавирустан қайтыс болыпты. Науқас бір апта үйінде ем қабылдап, кейін ауруханаға барған. Өкпесінің 70 пайызы зақымданған қария ауруханада жан тапсырған.

– Қорқып отырмын. Бес балам бар. Қазір үйде әйелім ауырып жатыр. Қызуы түспей тұр. Жедел жәрдем қызметін шақырдық, ауруханада орын жоқ деп алмады. Емхана дәрігерлері жазып берген дәрі-дәрмекті сатып алып, емделіп жатыр, – дейді әлгі азамат.

Шымкент қаласындағы мәйітхана. 13 тамыз 2021 жыл.

Ол мұнда анасының қайтыс болғаны туралы анықтама алу үшін келгеніне бірнеше сағат болғанын айтты.

– Таңнан бері осы жерде отырмын. Адам көп. Қиын болды ғой бұл, – дейді жүзін төмен салып. Бет әлпетінен қайғы-мұңға батып отырғаны байқалады.

Мәйітханадан қайтыс болған туысын алуға келіп, көлік күтіп отырған екі ер адамның бірін сөзге тарттық. Айтуынша, 52 жастағы інісі 15 күн коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын ауруханада жатып, бүгін қайтыс болыпты. Таңертең оған ауруханадан хабарласып, қаралы хабарды естірткен.

– Коронавирустан қайтыс болған соң үйге алып баруға рұқсат бермей отыр. Осында жуындырып, жерлеуге дайындап берді. Осы жерден бірден зиратқа алып кетеміз, – дейді ол.

Қайтыс болған туысын мәйітханадан алып кетуге келген адамдар мен көліктер. Шымкент, 13 тамыз 2021 жыл.

Мәйітхана маңында жеңіл көлік пен мәйіт таситын жүк көліктері тұр. Ғимараттың бір бүйірінде іштен мәйіт кірігізіп-шығаратын арнайы есік бар. Сол есікке тақау жерде бес мәйіт жатыр. Жанында тұрған қоларбаның үстіне тағы бір мәйіт қойылған. Мәйіттің бәрі ауруханадан жеткізілгені байқалады. Бірі арнайы медицина қызметкерлерінің киімімен жатыр. Қалғанына мата жабылған. Бәрі бірдей клеенкамен оралыпты.

– Бұлардың бәрін таңертең әкелді. Іште орын болмай жатыр, сондықтан сыртқа қойдық, – деп түсіндірді мәйітхана қызметкері.

"ЖЕРЛЕП ҮЛГЕРМЕЙ ЖАТЫРМЫЗ"

Мәйітханаға маңында жүрген адамдардың түсі жабыраңқы, ешкім артық сөлемейді, үнсіздік орнаған. Анда-санда бір-бірімен сыбырлап қана тілдеседі. Бәрі бетіне медициналық маска тағып, қолға арнайы медициналық қолғап киген. Кей тұрғындар беліне ақ мата орап алыпты.

Тек әйелдер жағы ғана дауыс шығарып жылап-сықтап алады.

"Бұл қалай болғаны? Не заман мынау? Анамның жүзін де көре алмадық қой", "Бауырым-ай, қайтейін енді?!" "Жас едің ғой, қайда асықтың?.." деп таусыла сөйлеп, туысын жоқтаған әйелдерді ер адамдар сабырға шақырып тұр. Бірі мәйітхана қызметкерлері шығарған мәйітті құшақтап: "Апатайым, жаным апам, кеше ғана тірі едің ғой!.." деп жылаған даусы естіген адамның сай-сүйегін сырқыратады.

Кейбіреуі мәйіттерді алып кетуге келген жүк көліктеріне қарап үнсіз жылайды.

– Қазір іште жерлеуге дайын 35 мәйіт бар. Көбі христиан дініндегілер. Міне қараңыз, марқұмдардың туыстары жерлеу рәсіміне керекті заттар мен бір тіл қағаз қалдырған. Онда марқұмның аты-жөні мен туыстары осы жерден қашан әкететіні жазылған. Оны аламыз да, мәйітті жуып, тазалап, мұздатқышқа салып қоямыз. Келген кезде береміз. Ал мұсылман ғұрпымен жерлейтіндер мәйітті түске дейін алып кетіп жатыр, – дейді мәйітхана қызметкері.

Мәйітхана ауласында тұрған азаматтар мен қайтыс болған адамды таситын көлік. 13 тамыз 2021 жыл.

Жерлеу рәсімімен айналысатын компания өкілі коронавирустан қайтыс болғандарды мәйітханадан бірден зиратқа апарып жатқандарын айтады. Марқұммен қоштасуға келетіндердің дені оны зират басында күтеді. "Қайтыс болып жатқандардың көптігінен жерлеп үлгермей жатырмыз" дейді ол.

– Былтыр да осы кезде адам қазасы көп болған еді. Осы жерден (мәйітхананы көрсетіп) күніне 80-нен аса мәйіт шыққан күндер болды. Қарттар көп кетті. Биыл мұнда тек коронавирустан қайтыс болғандарды әкеліп жатыр, – дейді жерлеу рәсімімен айналысатын компанияның тағы бір өкілі.

Азаттық тілшісі шамамен бір сағаттың ішінде 6 мәйітті туыстары алып кеткеніне куә болды.

Қайтыс болған туысын жеңіл көлікке салып, мәйітханадан әкетіп бара жатқан туысы. Шымкент, 13 тамыз 2021 жыл.

"МАЙДАНДА ЖҮРГЕНДЕЙМІЗ"

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазиловтың Азаттыққа дәрігерлердің "майданда жүргендей" жұмыс істеп жатқанын айтады. Шымкенттегі мәйітханаға тек қаладағы емес, Түркістан облысында қайтыс болған адамдар да жеткізіледі. Қалада орташа есеппен күніне 15 адам коронавирустан қайтыс болып жатыр.

– Пандемияға дейін мәйітханаға күніне 10-11 адам түсетін болса, қазір 20-25 адамға жетті, – дейді ол.

Пазиловтың сөзінше, коронавирус жұқтырып, ауруханаға ауыр жағдайда түскен және қайтыс болғандардың ешқайсы қатерлі дертке қарсы вакцина алмаған. Биыл коронавирус жұқтырып ауырғандар арасында жастар көбейгенімен, қайтыс болып жатқандардың дені 70 жастан асқан, түрлі ілеспе ауруы бар адамдар, үйінде 10-15 күн өз бетінше емделіп, денсаулығы нашарлап ауруханаға түсіп жатқандар да көп дейді ол.

Коронавирустан қайтыс болғандарды қабылдайтын мәйітхананың алдында тұрған адамдар мен көліктер. Шымкент, 13 тамыз 2021 жыл.

Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық ахуал жөніндегі штабтың мәліметінше, биылғы жыл басынан бері Шымкентте 25 мыңға жуық адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Шілденің басынан осы уақытқа дейін Шымкентте коронавирустан 300-ден аса адам қайтыс болған. Кей күндері 30-ға жуық адам жан тапсырған.

Жұма күні әлеуметтік желі қолданушылар өзге тағы бірнеше қалада мәйітханада кезек пайда болғанын хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бір күнде 26 адам көз жұмды". Шымкентте індет өршіп тұр

Қазақстанда кейінгі айларда індет өршіп, адам өлімі көбейген. Шілдеде Қазақстанда коронавируспен байланысты адам өлімінің ең жоғары көрсеткіші тіркелді. Мамандар мұны коронавирустың бастапқы түрімен салыстырғанда тез жұғатын әрі асқынуы да жылдам "Дельта" вариантының таралуымен байланыстырады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, пандемия басталғалы бері коронавирус тесті оң көрсеткен 7313 адам қайтыс болып, оған қоса "ковидтектес пневмонияға" шалдыққан 3995 адам өлімі тіркелген. Бұл статистикаға бірнеше мың адам өлімі енгізілмеген. Коронавируспен байланысты өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың өліміне коронавирус емес, басқа ауру себеп болды дейді.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Осы кезге дейін елде 4,6 млн адамға вакцинаның екі дозасы салынған. 1,3 млн адамға әзірге бір дозасы егілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Балалардың Covid жұқтыруы неге жиіледі? Балалар инфекционисімен сұхбатҮш өңірде "ковидтектес пневмониямен" ауырғандар көп. Себеп неде?"Бес күн бойы тойға барды". Коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары не дейді?Пандемия өршіген кездегі өлім деректерін талдау нені байқатты? Зерттеушімен сұхбат"Екпе алмағандар биореакторға айналады". Қауіпті штамдар қалай пайда болады?