"Бір күнде 26 адам көз жұмды". Шымкентте індет өршіп тұр

№2 қалалық ауруханада ауа жетпей, тынысы тарылып, демала алмай қиналған науқас. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Шымкенттегі №2 қалалық аурухана Covid орталыққа айналғанына бір ай толған жоқ. Қазір мұнда жағдайы ауыр науқастар, вирус жұқтырған жүкті әйелдер мен жас босанған аналар емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, орталықта күніне орташа есеппен 5-7 адам қайтыс болады.Азаттық тілшісі орталықты аралап, онда жатқан сырқаттармен сөйлесті.

"ӨЛІМ АУЗЫНДА ЖАТҚАН НАУҚАС КӨП"

Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін орталыққа айналғанына бір ай толған жоқ. Қақпадағы күзетшілер шамамен әр бес минут сайын бірінен соң бірі келіп жатқан жедел жәрдем көлігін ішке кіргізіп тұр. Науқасты қабылдау бөліміне жеткізген соң көліктер қайтадан сыртқа шығып кетіп жатыр.

№2 қалалық ауруханада жатқан науқастарға жақын-жуығы әкелген сәлемдемені қабылдап тұрған кіші медицина қызметкерлері (сол жақта) және ауруханаға кіріп келе жатқан жедел жәрдем көліктері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Қақпаның бір бұрышында орталықта емделіп жатқан науқастардың аты-жөні, қай бөлімде жатқаны, дәрігерлердің есімі мен телефон нөмірі жазылған. Тізімге қарағанда, 350 орынға шақталған ауруханада қазір одан көп сырқат жатқан сияқты. Сонымен бірге әлдекім медицина қызметкерлерін қорлаған жағдайға қылмыстық жауапқа тартылатыны жөнінде ескерту ілініпті.

Қақпа сыртында науқастардың туыстары тұр. Ақ түсті арнайы киім киген кіші медицина қызметкерлері олардан ас-су, басқа да заттар салынған сәлем-сауқатты қабылдап алып, науқастың аты-жөнін жазып алады да, ішке кіріп кетеді.

Covid орталығында жатқан науқастарға жақын-жуығы әкелген сәлемдемені алып бара жатқан кіші медицина қызметкерлері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

№2 қалалық аурухана бас дәрігері қызметін уақытша атқарушы Асқар Рахматәлиевтің сөзінше, аурухананың реанимация бөлімінде 70 орын бар. Орталыққа жағдайы ауыр науқас көп түсіп жатқан соң тағы бір бөлімді реанимацияға айналдыруға мәжбүр болған.

Қазір орталықта жатқан 364 сырқаттың 320-сы өздігінен тыныс ала алмайды, арнайы аппаратпен демалып жатыр дейді аурухана өкілі. Көбінің өкпесі 70 пайыздан 95 пайызға дейін қабынған. Бір түнде орташа есеппен 5-7 адам қайтыс болады екен.

Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталықтағы науқастар мен медицина қызметкерлері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

– Емханаға хабарласпай үйінде 5-6 күн емделген науқастардың өкпесі 95 пайызға дейін қабынған. Бізге жағдайы аса ауыр науқастар жеткізіледі. Былайша айтқанда, өлім аузында жатқан адамдар. Мысалы, 5 тамызға қараған түні 7 адам қайтыс болды, – дейді Асқар Рахматәлиев.

Аурухананың сырт жағында босаған оттегі баллонын көлікке тиеп бір топ адам жүр. Бір бұрышта орталықтандырылған оттегі стансасы орналасқан. Аурухананың шетінде жертөлеге түсетін есік бар. Бұл жер – таза аймақ, арнайы киім киетін орын.

"Таза аймаққа" кіретін есік.

Осы жерде арнайы қауіпсіздік киімін киіп, қабылдау бөліміне өттік.

Жедел жәрдем көлігінен түскен науқас тұла-бойын әлсіреткен дерттен басын көтере алмай, жаны қиналып, орындыққа барып отырды. Қабылдау бөлімінен ішке қарай кіретін есікке "Қызыл аймақ" деп жазылған қызыл түсті тақтай ілініпті. Қабырғаға қосымша "Лас аймақ" деп жазып қойыпты.

"Қызыл аймақтың" ішіне қарай өтіп, ұзын дәлізбен жүріп келеміз. Мейіргерлер науқастарды мүгедек арбасымен ары-бері тасып жүр. Арбадағы адамның өңі қашқан, сұп-сұр, не қызуы көтерілгендіктен қызарып кеткен. "Қызыл аймақта" еңсені басатын көңілсіздік орнаған.

Орталыққа ауыр халде жеткізілген науқас көбейген соң қосымша бөлімшеден жансақтау бөлімі ашылған. Дәлізге жағалай орналасқан он шақты бөлменің әрбірінде төрт адамнан жатыр.

Әр кереуеттің басында науқастың аты-жөні, туған күні, ауруханаға түскен уақыты мен өкпесінің қанша пайызы қабынғаны туралы мәлімет жазылған. Әр науқастың қасына жеке-жеке тыныс алу аппараты қойылған.

Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталықта жатқан науқастардың көбі тыныс алу аппаратының көмегімен демалады. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Ерлер мен әйелдер аралас жатқан бөлменің ішінен шыққан шиқылдаған аппарат дыбысы құлақты шыңылдатады. Оған қоса дем жетпей, ырс-ырс еткен адамдардың дауысы денеңді түршіктіреді. Біз көрген науқастардың түгелге жуығы өздігінен демала алмайды, оттегі аппараты көмегімен тыныстап жатыр.

Арасында ауа жетпей, өкпесі қысып, демала алмай қиналғаннан кереуетті ұрып жатқандар бар. Олар дәрігерлерді қолымен ымдап шақырады. Әйелдер болмаса ер адамдардың дені киімін шешіп тастаған. Әрбіріне күре тамырдан инемен дәрі құйылып жатыр.

Ауа жетпей, тынысы тарылған науқастар демала алмай қиналады. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Шалқасынан жатқан адам жоқ. Дәрігерлер "шалқадан жатуға болмайды, ауа жетпей қиналады, бір қырына не етпетінен жатқызатынымыз содан" деп түсіндірді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Осы аурудан ұлым о дүниелік болды". Шымкенттің ковид орталығындағы ахуал

"ҚҰДАЛЫҚТАН СОҢ АУЫРДЫҚ"

64 жастағы Кенжетай Қалдарбековтің өкпесінің 60 пайызы қабынған. Қозғалса, сөйлесе жөтел қысып, ауа жетпей қалады. Өздігінен демала алмайды.

– Інім келін алып, құда күтіп едік. Құдалықтан кейін өзенге шомылдық. Содан кейін жөтел басталды. Үйде дәрі алып ішіп едім, қоймады. Мен сияқты құдалықтан соң ауылдағы інім және бір туысым ауырды, – дейді ол.

"Құдалықтан кейін ауылдағы үш адам ауырдық" дейді Кенжетай Қалдарбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, орталықта жатқан науқастар өздігінен тұрып, жүре алмайды. Орнынан тұрса басы айналып, құлап қалуы мүмкін.

Реанимация бөлімінде жағдайы аса ауыр үш науқасты көрдік. Бірінің дем жетпей, дауысы қырылдайды, екіншісі – көзі шарасынан шығып кетердей дәрігерге қарап жатыр, үшіншісі – үнсіз төбеге бір нүктеге қараған күйі қолымен көрпесін қысып ұстап алған. Өмір мен ажал арпалысқа түскендей әсер қалдыратын бұл көріністі бей-жай қарау мүмкін емес. Олардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлер біріне-бірі науқастардың өкпесі 80-95 пайызға зақымданғанын айтты.

Реанимация бөлімінде жатқан науқастардың жағдайы өмір мен ажал арпалысқа түскендей әсер қалдырады.

72 жастағы Несібелі Байжанованың жансақтау бөліміне түскеніне он күннен асыпты. Әуелі бір апта үйінде емделген. Өкпесімен қоса жүрегі қысып, асқазаны ауырған, диабетпен ауыратын зейнеткер қанты көтеріліп кеткенін айтады.

Зейнеткер Несібелі Байжанова баласы коронвирустан қайтыс болғанын айтады. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

– Осы аурудан балам о дүниелік болып кетті. Құрбан айтта туысымыз келген, әйелі ауырған екен. Содан жұқты ма, білмедім, – дейді Несібелі. Зейнеткер жұртты аса қатерлі вирустан сақтануға шақырды.

"БАЛАМДЫ БОСАНҒАННАН БЕРІ КӨРГЕН ЖОҚПЫН"

Орталықта жүкті әйелдер мен жас босанған аналар жатқан арнайы бөлім бар. Онда жүктілік кезінде коронавирус жұқтырып алған әйелдер емделіп жатыр. Бұл бөлімде перзентханадағыдай жас сәбидің жылаған дауысы естілмейді. Есігі ашық тұрған бөлмелерден бала кереуеті мен оның жанында жатқан анасы көрінеді.

Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталықтағы ана мен нәресте. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Дәрігерлер ай-күні жақындаған жүкті әйелдерді арнайы аппаратпен тексеріп, құрсағындағы нәрестенің жүрек соғысын тыңдап жүр.

Жүкті әйелдерге арналған жансақтау бөлімінде үш әйел жатыр. Бірі – өкпесінің 48 пайызы қабынып, дене қызуы көтеріліп, алты күн бұрын айы-күні жетпей босаныпты. Бірақ сәбиін әлі көрмеген.

– Тұңғышым ғой. Туғаннан баламды басқа ауруханаға алып кетті. Әлі қолыма алмадым, – дейді 20 жастағы жас ана мұңайып.

Тынысы тарылған жүкті әйелге жәрдемдесіп тұрған медицина қызметкері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Арнайы аппараттың көмегімен тыныстап жатқан екі әйел әлі босанбаған. Олардың бірі Ділбар Ташмұхаммедованың бойына бала біткеніне 35 апта болған. Ауырғаннан кейін алғашында үйінде ем қабылдап, демала алмай ауруханаға түскенде өкпесінің 72 пайызына зақым келгені анықталған. Қазір өкпесінің 92 пайызы қабынған.

– Салқын су ішіп қойдым. 10 күн үйде емделдім. Жөтелдім, қызуым көтерілді. Қазір ыстығым жоқ, бірақ ауа жетпей жатыр, – дейді ол.

Асқар Рахматәлиев кейінгі екі аптада коронавирус жұқтырған жүкті әйелдердің саны күрт көбейгенін айтады. Ондаған әйел ауруханаға жатқызылған. Коронавирус жұқтырып, жас босанған әйелдердің балаларынан вирус анықталмаған.

Коронавирус жұқтырғандар емделетін орталықтың ішін аралап болған соң арнайы киімдерді шешіп, қоқыс салатын жәшікке тастадық. Антисептикпен қолымызды залалсыздандырғаннан кейін сыртқа шықтық.

№2 қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жаңа науқастарды әкеліп жатқан жедел жәрдем көліктері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

Аурухана жанындағы есіктен кіші медқызметкерлердің бірі орталықтан емделіп шыққан адамды шығарып салды. Ал аурухана алдында науқастарға келген оннан аса адам жиналып тұр. Орталық дәрігерлері бірінен соң бірі толассыз келіп, кезекте тұрған жедел жәрдем көлігінен науқастарды түсіріп, қабылдап жатты.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 тамыз күні коронавирустан 26 адам қайтыс болып, 74 адам жан сақтау бөліміне түскен. Ал жыл басынан 5 тамызға дейін қалада 20 565 адам коронавирус жұқтырған. Олардың 12 709-ы емделіп шықса, 459-ы қайтыс болған.

Індеттің өршуіне байланысты "күрең қызыл" аймаққа енгізілген Шымкентте күн сайын жүздеген адамның коронавирус жұқтырып алғаны анықталып жатыр.

Covid орталығында емделіп жатқан науқастар.

Қазақстанда кейінгі аптада науқастар мен адам өлімі бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркеліп жатыр. Бейсенбі күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда әрқайсысында – 1507, Қарағанды облысында – 1038, Шымкентте – 549 адамнан коронавирус анықталған. Денсаулық сақтау саласы мамандары адам өлімінің көбеюіне коронавирустың "Дельта" вариантының жылдам таралуы және вакциналаудың баяулығы себеп дейді.

Елде ақпан айынан бері вакциналау науқаны жүріп жатыр. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан халқының 30 пайызға жуығына, яғни 4,2 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы салынған, 1,4 млн адам бір дозасын алған.

2020 жылдың наурыз айынан бер 618 мың адамның коронавирус тесті оң көрсеткен. 6531-і қайтыс болған.

Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін 2020 жылдың тамызынан бері есептеп келеді. Содан бері 62 мың адамға сондай диагноз қойылған (4 тамызда 413 адам корнавирус пневмониясына шалдыққан), 3840-і қайтыс болған.​

Шымкенттегі Covid орталығы жағдайы ауыр науқасқа толды