Қаңтардағы наразылыққа қатысқан шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаев сот үкімімен келіспейді

Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тағылған азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевқа сот 4 жыл шартты жаза кесті. Шымкент, 18 мамыр 2022 жыл.

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен үстінен іс қозғалған азаматтық белсенділердің алғашқысына үкім шықты. Сот Ерғали Құлбаевқа прокурор сұраған 4 жыл шартты жаза берді. Азаматтық белсенді қаңтарда бейбіт наразылық шеруінде билікке саяси талап қойғанын, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын айтып, тағылған айыппен келіспейді. Ол саяси белсенділігім үшін жазаландым деп санайды.

"НАЗАРБАЕВ ПЕН ТОҚАЕВ БИЛІКТЕН КЕТСІН ДЕДІ"

18 мамырда Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Айнұр Орақбаева жергілікті азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевты "жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны және қатысқаны" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) үшін айыпты деп тауып, оған 4 жыл шартты жаза кесті. 32 жастағы Ерғали Құлбаев – Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тағылып, үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жетіп, үкімі шыққан алғашқы азаматтық белсенді. Құқық қорғаушылардың есебінше, Қаңтар оқиғасынан кейін елде 30-ға жуық азаматтық белсендінің үстінен күдікті ретінде іс қозғалған.

Екі аптаға созылған сот процесінде айыптау тарабы Құлбаевтың қылмыс жасағанына дәлел ретінде Шымкентте биыл қаңтарда болған наразылық кезінде оның көпшілік алдында сөйлеген сөзі жазылған видео мен куәлердің айтқанын ұсынды. Жарыссөзде прокурор Айдос Лебаев 4 қаңтарда қала әкімшілігі маңында эвакуатордың үстінде тұрып сөйлеген белсендінің сол жерге жиналған жұртты "жаппай тәртіпсіздікке үндегенін" айтты.

Прокурор Айдос Лебаев азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың ісі бойынша сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 18 мамыр 2022 жыл.

Прокурор әлгі видеода Құлбаевтың қала әкімдігі алдына жиналған топтың алдына шығып, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенттерін сынап: "Жалғыз талап – Назарбаев, Тоқаев биліктен кетсін! Сол талаптың ішіне барлық талапты сыйдырайық! Уақытша үкіметті сайлап аламыз!" деп айтқанына қайта-қайта назар аударды. Ал сотталушыны қорғаушылар бұл видеоның монтаждалғанын, түпнұсқасында наразы топқа қарата айтылған "Қиратпайық, бүлдірмейік!" деген сөздерді айыптаушы тарап көпе-көрнеу алып тастағанын ескертті.

– Құлбаевтың өзі де мұны ішінара жоққа шығармайды. Мыңдаған адамның қатысуымен болған жаппай тәртіпсіздік кезінде тыныштыққа шақыру мүмкін емес. Салдарын біле тұра, ол: "Бәріміз бірге болайық! Осы жерден қайтпайық! Талап қояйық!" деген. Бұл – қылмыс, – деді прокурор Лебаев.

"Құлбаев полиция қызметкерлеріне бағынбай, күш көрсеткен, әкімшілік ғимаратын, полиция көліктерін бүлдіріп-өртеуге қатысқан" деген прокурор соттан белсендінің кәмелетке толмаған балалары барын және айыбын ішінара мойындағанын жазасын жеңілдететін жайт ретінде ескеріп, қоғамнан оқшауламай, 4 жыл шартты жаза тағайындауын сұрады.

Азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың ісін қараған судья Айнұр Орақбаева үкім оқып тұр. Шымкент, 18 мамыр 2022 жыл.

Сот белсендіні айыпты деп тапқанымен, прокурордың "Құлбаев жаппай тәртіпсіздікке қасақана топ болып қатысты" деп таққан айыбын алып тастады. Судья Орақбаева белсенді наразылыққа жеке барған деген қорытындыға келді.

Сот Құлбаевқа жаза мерзімі біткенше пробация бақылауында болатынын, тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстырған кезде пробация ұйымын хабардар етуге міндетті екенін айтып, егер тәртіп бұзатын болса, іс сотқа қайта жіберілетінін ескертті.

9 қаңтардан бері Шымкент тергеу изоляторында тұтқында отырған белсендінің қамаудағы әр күні бір жарым күнге есептелді. Үкім оқылғаннан кейін Құлбаевты қамаудан босатты.

"АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМА БОЛА ЖАЗАЛАДЫ"

Сот процесі кезінде Ерғали Құлбаев саяси белсенділігі үшін қудалауға ұшырағанын мәлімдеп, судьядан өзін ақтауды сұрады. Ол қаңтарда Шымкентте бейбіт басталған халық наразылығының жаппай тәртіпсіздікке ұласуына тек азаматтық белсенділерді кінәлауға еш негіз жоқ деп есептейді. Мұндайға жол берген қалалық полиция басшысы, прокурор мен өз халқына ие бола алмаған қала әкімі де жауап беруі керек деді белсенді.

Азаматтық белсенді Ерғали Құлбаев адвокаты Бақытжан Сатыбалдиевпен (оң жақта) сот залында сөйлесіп отыр. Шымкент, 18 мамыр 2022 жыл.

– Конституцияда белгіленген құқықтарымызды ілеспе заңдармен шектеп отыр. Халық 30 жылда қайыршылық деңгейге түсті, қиналды. Митингіге мұң-зарын, жанайқайын айту үшін шықты. Бейбіт митингіге қайсыбір ұйымның, белгісіз күштердің мүддесі үшін емес, елімізде жұмыссыздық пен қымбатшылықтың етек жаюына, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа берген уәделерін уақытында орындамауына наразылық білдіріп шықтым. Қылмыс жасаймын деген ниетім болған жоқ. Сөз сөйлеп, саяси талап қойдым. Президенттің, биліктің кетуін талап еткенім үшін үстімнен қылмыстық іс қозғау – ұят. Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздік болып, алаңға қарусыз шыққан адамдарға ескертусіз оқ атты. Сол үшін әлі күнге халықтан ешкім кешірім сұраған жоқ, – деді Құлбаев жарыссөзде.

Оның адвокаты Бақытжан Сатыбалдиев белсендінің іс-әрекетінде қылмыс нышаны жоғын, оған "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тағуға айғақ-дәлел жеткіліксіз екенін айтты. Мысалы, іске куә болған екі полицейдің жауаптары үтір-нүктесіне дейін бірдей, жауап алу қағидасы өрескел бұзылған, сондықтан олардың сөзін дәлелдер тізімінен алып тастау керек деді адвокат.

Белсенді Ерғали Құлбаев (сол жақта) наразылық митингісі өтеді деп жарияланған жерге келіп тұр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Сатыбалдиев Құлбаевтың рұқсат етілмеген митингіге қатысқанын жоққа шығармайтынын айтты.

– Егер оны жазалау қажет болса, онда Қылмыстық кодекстің 400-бабы ("Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу") бойынша айыптап, қоғамдық жұмысқа тартуыңызды сұраймын, – деді соттағы жарыссөзде адвокат.

Үкім жарияланғаннан кейін сот залынан бостандыққа шыққан Ерғали Құлбаев Азаттыққа:

– Үкіммен келіспеймін. Бейбіт митингіге шығып, саяси талап қойғанымды мойындаймын. Ешкімге күш көрсеткен жоқпын, бұзақы емеспін. Жаппай тәртіпсіздік болғанын мен де қаламадым. Азаматтық қоғам өкілі ретінде халық пен биліктің арасында дәнекер болғым келді. Бар "кінәм" сол, – деді.

Апелляцияға шағым беретінін, бірақ үкім өзгеретініне сенбейтінін айтқан Құлбаев: "Бұл – биліктің жеті рет өлшеп, бір рет кескен шешімі" деді.

ҚАҢТАРДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ ПЕН ДҮРБЕЛЕҢ

2016 жылдан бері үкіметтің жер реформасына қарсы өткен Жер митингілеріне, "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!", "Қытай экспансиясы тоқтатылсын!" деген және басқа да талаптар көтеріп, наразылық акцияларына қатысқан, Қазақстан қоғамына демократиялық өзгерістер қажет деген азаматтық ұстанымымен көзге түскен Ерғали Құлбаев бірнеше рет әкімшілік жауапқта тартылған.

Шымкенттегі сотқа Құлбаевтың туыстарымен бірге, Қазақстанның әр өңірінен оны қолдауға арнайы келген ондаған белсенді қатысты. Іс бойынша куә ретінде танылған полицейлер сот тергеуінде Құлыбаевтың белсенді ретінде полицияның арнайы тізімінде тұратынын, бақылауда екенін бірнеше рет атап өтті.

Жай киімдегі адамдар наразылық наразылық митингісі өтеді деп жарияланған жерге келген белсенді Ерғали Құлбаевты күштеп әкеткелі жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Шымкентте 4 қаңтарда түс мезгілінде полиция қала әкімдігі маңындағы аялдамадан күштеп әкеткен бір топ адамның арасында Ерғали Құлбаев та болды. Олар жылдың басында Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсылық білдіріп наразылық акциясына шыққан азаматтарды қолдап жиналған еді.

Шымкент полициясы ұстап әкеткен азаматтар Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінен сол күні кешке босап шыққан соң, әуелі мыңдаған адам жиналып тұрған Әл-Фараби алаңына, онан кейін шеру тартқан көппен бірге қала әкімдігіне барған.

Орыс драма театры алдына жиналған адамдар "Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!" "Қымбатшылыққа қарсымыз!", "Шал, кет!" деп ұрандады. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Құлбаевтың Азаттыққа айтуынша, 5 қаңтарда Шымкенттегі алаңда бейбіт тұрғындарға оқ атылғанын көріп, ертеңіне өзге белсенділермен бірге азаматтық қоғам штабын құрған. 6 қаңтар кешкісін штаб мүшелері қолына ақ лента тағып, әкімшілік алдындағы алаңға шыққан кезде полиция оларды тағы ұстаған.

7 қаңтарда түнде қара киім киген бір топ полиция қызметкері Ерғали Құлбаевты жеңіл киімшең, жалаңаяқ күйінде үйінен күштеп әкеткен. Содан бері сот үкімі шыққанға дейін ол төрт айдан астам уақыт тергеу изоляторында қамауда жатты. Құлбаев абақтыда отырған кезде әйелі Назерке Нәлібай күйеуіне қысым жасалғанын мәлімдеді. Абақты әкімшілігі оның айтқанын терістеді.

26 ақпанда Ерғали Құлбаев үстінен қозғалған қылмыстық іспен келіспей, наразылық ретінде аштық жариялағанын тергеу изоляторының әкімшілігі растады. "Прокурорлар тергеу ісінде дәлел ретінде тіркелген видеоға жасалған сараптама қорытындысына қарап шешім қабылдайтынын айтқаннан кейін ол аштықты тоқтатты" деп хабарлаған еді үш күннен соң әйелі Назерке Нәлібай Азаттыққа.

Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала шымкенттік жеті белсенді тұтқындалды. Олардың екеуі – көп балалы ана. Кейіннен екі белсенді ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат беріп, абақтыдан босатылды. Қамауда жатқан бес белсендінің екеуінің ісі сотқа жеткен. Белсенді Молдабай Сәдібековтің ісін қазір Әл-Фараби аудандық соты қарап жатыр. Қамауда жатқан үшеуі мен үйіне жіберілген екі белсендінің ісін тергеу әлі аяқталған жоқ.

Шымкенттегі жаппай наразылық акциясы 4 қаңтарда Орыс драма театры жанында бейбіт түрде басталды. Кейін наразылар шеруі қала әкімдігіне жеткен соң, оның аяғы тәртіпсіздікке ұласты: ондаған полиция көлігі мен жеке меншік көліктер, автобустар өртеніп-қиратылды, қала әкімдігі ғимаратымен қоса тағы бірнеше мемлекеттік мекеме бүлінді. Қаңтардың бесі мен алтысы күндері орталық алаңда оқ атылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова наурыздың орта шенінде парламентте сөйлегенде Қаңтар оқиғасы кезінде елде кемінде 238 адам мерт болғанын мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, Шымкентте 20 адам қаза тапқан. Түрлі дене жарақатын алған 120-дан астам адамның 73-іне оқ тиген. 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамалған. Бұған дейін "Ұрлық", "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен іс қозғалған бірнеше адамға сот шартты жаза берді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың қатысуымен зерттеуге үндегенмен, Нұр-Сұлтан ол ұсынысты қабылдамаған.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 5 мамырда жарияланған мәлімдемесінде мәлімдемесінде "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп сынаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қаралау әдісі". Билік шеруге шыққандарға ақша төленгенін айтады, көпшілік сенбейді"Қарусыз жұртқа оқ атты". 6 қаңтарда Шымкент әкімдігі жанында не болды?"Баламды террорист қылмақшы". Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Аңсар Исламның анасы кінәліні табуды талап етеді"Оқ жамбасымды тескен". Шымкенттегі оқиғада жараланған екі адамның айтқаны"Төрт айып тақты". Шымкенттегі наразылықтан соң көп балалы ананы абақтыға қамады"Адамның қадірі кеткен заман ба?" Шымкентте қаңтардағы дүрбелеңде жақыны оққа ұшқан шаңырақтардың мұң-зары"Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзенде саяси талап та айтылды. Билік газ арзандайтынын мәлімдеді