"Алаңда оққа ұшты". Шымкентте қыршынынан қиылған қос ғұмырдың сұрауы кімнен?

Шымкентте 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде кеудесіне оқ тиіп қаза болған Бақытжан Жандар. Отбасы архивіндегі сурет.

Шымкентте 5 қаңтарда наразылық кезінде Бақытжан Жандар мен Нұрболат Алпамыс оққа ұшты. Жас жігіттердің туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан балаларына оқ атқандарды табуды талап етеді. Қара жамылған отбасылар бір ай өтсе де көз жұмған бейбіт тұрғындардың аты аталмай, елеусіз қалғанына қапалы. Қала әкімдігі қаңтар оқиғасы кезінде қанша адам қаза тапқанын да, олардың аты-жөнін де айтпай отыр.

"МЕРГЕНДЕР ТОҚАЕВТЫҢ ЕСКЕРТУСІЗ АТУ ТУРАЛЫ БҰЙРЫҒЫН ОРЫНДАДЫ"

19 жастағы Нұрболат Алпамыс Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан политехника колледжін биыл ғана бітіріп, "энергетик" мамандығын алған. Ақжарқын, әзілкеш, кісінің көңілін қалдырмай, көмектесуге дайын тұратын аңғал бозбала өмірге үлкен жоспар құрған еді дейді марқұмның жақындары.

Үйдегі төрт баланың тұңғышы Нұрболат арнайы бағдарламамен оқуға әрі жұмыс істеуге АҚШ-қа кету үшін ағылшын тілінен емтихан тапсыруға дайындалып жүрген. Қаңтар дүрбелеңі кезінде қараңғы түнде атылған оқ жас жігіттің өмірін қыршынынан қиды.

Шымкентте 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиіп қаза болған Нұрболат Алпамыс. Отбасы архивіндегі сурет.

Қаңтардың төрті мен бесінде Шымкентте мыңдаған адам қатысқан наразылық шарасы болды. Жиында жұрт билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойды, саяси режимді өзгертуге үндеді. Сол жиынға Нұрболат та қатысқан. 5 қаңтарда қала әкімдігі алдындағы алаңда маңдайынан оқ тиіп, бірнеше сағаттан кейін аурухананың жан сақтау бөлімінде есін жинамаған күйі көз жұмған.

Нұрболаттың әкесі – такси жүргізушісі, анасы – медбике. Әкесі Мұрат Әбдірайымов ұлын соңғы рет 5 қаңтарда түсте "Қайтпас-2" ықшамауданындағы үйінде көрген. Кешке жұмыстан келгенде ұлының көшеге шығып кеткенін білген. Қараңғы түскенде қала әкімдігі жақтан атыс естілген соң ата-анасы баласына алаңдап алаңға барыпты.

– Алаңда топалаң болып жатты. Ары-бері жүгіріп жүрген адам көп. Әйелімді жолдың жиегіне тастап, өзім алаңның ішіне кірдім. Қараңғы, кімнің кім екенін тану мүмкін емес. Бір уақытта ащы иіс шығып, тұншығып демала алмай қаштым. Әйеліме "мұнда тұрғаннан пайда жоқ, аман болса үйге келеді" деп кері қайттық, – дейді марқұмның әкесі.

Шымкент қаласы әкімдігі алдындағы алаң. Сурет 2022 жылғы 6 қаңтарда таңертең түсірілген.

Баласы оралмаған соң жүрегі бір жамандықты сезген Мұрат Әбдірайымов түнгі үштен бастап ұлын жанұшырып іздеуге кіріседі. Таңсәріде "Нұрсәт" ықшамауданындағы Түркістан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде оқ тиіп аса ауыр жағдайда жатқан ұлын табады. Дәрігерлер "оқ миға жақын жерде тұр, ота жасау қиын" деп ескертеді. Екі сағаттан соң ауруханадан хабарласып, Нұрболаттың демі үзілгенін, сүйегін мәйітханадан алуға болатынын айтады.

– Баламды жерлегелі бір ай өтсе де есімізді жия алар емеспіз. Ойлаңызшы, ата-ана үшін баладан айырылу қандай қасірет?! Анасы қатты күйзелісте. Басын көтере алмай қалды. Тамақ ішпейді. Психологтың көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық, – дейді әкесі.

– Полицияны өзім іздеп бардым. Тергеуші тергеді. Өлім болған соң тергеу жүреді деді. Бізді жәбірленуші деп таныды. Баламды террористке жатқызбауды ескерттім, – дейді Мұрат Әбдірайымов ашулы үнмен.

– Балаңызға кім оқ атты деп ойлайсыз?

– Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді, мергендер бұйрықты орындады. Қаза болғандардың көбіне оқ басы мен жүрегіне тиген деп жатыр. Бейбіт тұрғындарға, балама оқ атып, өлтірген адам табылып, жазалансын! – деп талабын айтады марқұмның әкесі.

Баласының өлімі бойынша ресми органдардан ешқандай хабар болмаған соң Мұрат Әбдірайымов өзі іздене бастаған. Сонда ғана полиция істі арнайы прокуратура тергеп жатқанын айтады. Тергеу орындарына өзі барып, мән жайды айтып берген. Содан бері көп өзгеріс жоқ, Нұрболаттың өліміне күдіктілердің бар-жоғы да белгісіз.

Your browser doesn’t support HTML5

"Аланың ісі деп жауып қойғанға қарсымын"

"БІР АЙ ӨТТІ, ПОЛИЦИЯДАН ХАБАРЛАСҚАН АДАМ ЖОҚ"

24 жастағы Бақытжан Жандар мамандығы фельдшер болғанымен, дипломы бойынша тұрақты жұмысқа орналаса алмай, Шымкентте таксист болып нәпақасын тауып жүрген.

Төрт жыл бұрын отасқан әйелімен қалада пәтер жалдап қоңыр тіршілік кешіп жатқан. Қаңтар қырғыны оның да өмірін үзді.

Бақытжан Жандар. Отбасы архивіндегі сурет.

Бақытжан Жандар 5 қаңтарда наразылық өткен қала әкімдігі маңында кеудесіне оқ тиіп, №2 қалалық клиникалық ауруханада қансырап қайтыс болған. 7 қаңтарда оны туған жері Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Ынталы ауылына жерледі.

Қапыда баласынан айырылған анасы Гүлнәз Әбдиева Бақытжан әділетсіздікке төзбейтін, пікірін ашық айтатын ер мінезді жігіт еді, "оны алаңға апарған – сол мінезі" дейді. Жұмыссыздық, үйсіз-күйсіз өмір, әділетсіздік пен жемқорлық жастарды алаңға шығарды деп есептейді ол.

Бақытжанның анасы осымен екінші ұлынан айырылып отыр. Ағасы қайтыс болған соң анасының жалғыз үміті де Бақытжан еді.

Марқұмның әпкесі інісін ұзақ іздеп, мәйітханадан тапқандарын айтады.

– Інімді екі күн іздедік. Комендант сағатында әскерилер мен полицейлердің "Тоқта, атамыз!" дегеніне қарамадық. "Жоғалды" деп өтініш жаза бастағанымызда оның сүйегі мәйітханада жатыр деген хабар алдық. Қайғыдан қан жұттық, екінші баласынан айырылған анамның соңғы үміті үзіліп кеткендей болды, – дейді Гүлфайруз Жандарова көзіне жас алып.

Қала әкімдігі алдындағы алаңда қаншама адам қансырап жатқанда ешкімнің жылдам медициналық көмек көрсетпегеніне қапалымын дейді Гүлнәз Әбдиева.

Your browser doesn’t support HTML5

"Барлығы жоқшылықтың кесірі". Шымкенттегі көтерілісте оққа ұшқан Бақытжан Жандардың анасының шері

Мәйітті бергенде әлдебір қағаздарға қол қойғызған, содан бері құқық қорғау органдарынан еш хабар жоқ. Арада бір айдай уақыт өтті, полициядан да, прокуратурадан да шақырып, мән-жайды сұраған ешкім жоқ. Анасы қайда барып, кімге мұңын шағарын да білмейді.

– Осы уақытқа дейін үкіметтен бір адам келіп, жағдайды түсіндірмеді. Істі тіркегені болмаса, іздемеді. Бейбіт адамдарға оқ атылды. Қанша адам өлді, олар кімдер, аты-жөні аталмады. Оқты кім атты, ол адамды табуды, халықтың алдына шығаруын үкіметтен, президент Тоқаевтан талап етемін, – дейді қара жамылған ана.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫҢ САНЫ БЕЛГІСІЗ

Шымкенттегі наразылық 4 қаңтар түсте басталды. Қала әкімдігіне жинала бастаған ондаған адамды полиция күштеп әкетті. Кешке Республика алаңындағы "Колос" аялдамасынан жүздеген адам жаяу шерулетіп, Әл-Фараби даңғылына қарай бет алды. Жолда полиция шерушілерді бөгеп, күштеп ұстады.

Шамамен бір сағаттан соң мыңдаған адам орыс драма театры маңына жиналып, Жаңаөзен қаласындағы сұйылтылған газдың қымбаттауына наразы тұрғындарды қолдайтынын мәлімдеді. Экономикалық-әлеуметтік талаптардың соңы саясиланып, "Шал, кет!" "Назарбаев, кет!" деген ұрандарға ұласты.

Шымкентте 2022 жылғы 5 қаңтарға қараған түні орыс драма театры алдына жиналып тұрған адамдар.

Түн ортасына таяғанда мыңдаған шеруші театрдан шамамен 10 километр қашықта орналасқан қала әкімдігіне жаяу тартты. Әкімдікке барған соң наразылар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті.

Осы кезде бір топ адам әкімдік жанында тұрған ондаған полиция көлігін қирата бастады. Наразылар таңға жақын тарады.

5 қаңтарда кешке наразылық қайта жалғасты. Қалада төтенше жағдай жарияланды, комендант сағаты енгізілді. Куәлердің айтуынша, сол түні жиналғандарға оқ атылған. Жаралыларды тұрғындар ауруханаларға тасыған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені

11 қаңтарда қалалық денсаулық сақтау басқармасы шеру кезінде түрлі жарақат алған 120-дан аса адам ауруханаларға жеткізілгенін, олардың кейбірі ота үстінде қайтыс болғанын мәлімдеді. 5 ақпанда жарақат алғандардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.

7 қаңтарда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан "Шымкент қаласымен бірге Түркістан облысы аудандарынан келген арандатушылар" туралы айтып, "құқық қорғау органдарының халыққа оқ атпағанын" ескерткен. Оның сөзінше, әкімдікті күзетіп тұрғандар "түтін шығаратын, құлақ тұндыратын арнайы құралдар қолданған" және "су шашқан". Шыңғыс Мұқан қаладағы оқиғаны "қару сақтаған топтардың" "террористік-экстремистік әрекеті" деп бағалаған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте қаза болған адамдар бар екені ресми айтылғанымен, олардың саны мен кімдер екені жұмбақ күйінде қалды. Азаттық қаза болған адамдар туралы қала әкімдігіне, қала прокуратурасы мен қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасында қаза болғандар

Қазақстан бас прокуратурасы елде 225 адам қаза тапқанын айтқанымен (кейіннен денсаулық сақтау министрлігі тағы 2 адам қайтыс болғанын хабарлады), Шымкент прокуратурасы тергеу амалдарына байланысты қайтыс болған адамдар туралы ақпарат бере алмайтынын айтты.

Азаттық өз зерттеуінде қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте оқ тиіп, қаза болған тоғыз адамның аты-жөнін анықтады. Олардың төртеуінің кәмелет жасына толмаған балалары бар. Үлкені – 41, кішісі – 19 жаста. Дені оқ тиіп, қансырап көз жұмған.

Ешбірінің отбасына ресми мекемелерден бірде-бір адам іздеп барып, қайғысына ортақтасып, көңіл айтпаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Адамның қадірі кеткен заман ба?" Шымкентте қаңтардағы дүрбелеңде жақыны оққа ұшқан шаңырақтардың мұң-зары"Оқ ішіне тиген". Шымкенттегі наразылыққа барған жігіттің қалай қаза тапқаны белгісіз"Оқ жамбасымды тескен". Шымкенттегі оқиғада жараланған екі адамның айтқаныШымкентте "терроризм" бабымен ұсталғандардың туыстары араша сұрайдыҚантөгістен кейінгі бір ай. Жауабы жоқ сұрақтар