Паралимпиада жүлдегерлері қоғам назарынан тыс қалды ма?

Париж паралимпиадасында парадзюдодан чемпион атанған Ақмарал Науатбек. 5 қыркүйек, 2024 жыл.

Парижде өткен паралимпиадада Қазақстанның екі алтын, үш күміс, төрт қола жүлде иеленгені – ел спорты үшін тарихи жетістік. Сарапшылар бұл жеңіске қарамастан елде мүгедек жандарға әлі де жағдай жасалып, көп көңіл бөлінуі керек деп есептейді. Бұған қоса, сарапшылар паралимпиадашылар жеңісіне қоғам назары аз болғанын аңғарған.

Қос-қос пәтер, қымбат көліктер, шапан жауып, ат мінгізу. Бұл – жергілікті әкімдіктердің, бизнесмендердің Париж олимпиадасында жүлде алған спортшыларға берген сый-сияпаты. Париж олимпиадасында чемпион атанған дзюдошы Елдос Сметовке Ақтаудан үш бөлмелі пәтер мен жер телімі, бір үйір жылқы, Астанадан үш бөлмелі пәтер берілді. Жамбыл облысы әкімдігі пәтер мен көлік сыйлады. Бұған қоса, кәсіпкерлер оған бірнеше автокөлік мінгізді. Париж олимпиадасында жүлдеге бір табан қалып жеңілген дзюдошы Абиба Абужақыноваға да кәсіпкерлер мен әкімдіктер кемі екі көлік сыйланды.

Олимпиадашыларға сыйақы беріліп жатқан тұста қазақстандық паралимпиадашылар Парижге барып, екі алтын, үш күміс, төрт қола медаль иеленді. Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, парадзюдодан Ақмарал Науатбек чемпион атанды. Дегтярев екі паралимпиадада қатарынан алтын медаль алған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді.

Пауэрлифтингтен Париж паралимпиадасының чемпионы Давид Дегтярев. 4 қыркүйек, 2024 жыл.

Қазақстанның Париждегі олимпиададан (бір алтын, үш күміс, үш қола) гөрі паралимпиададағы көрсеткіші жоғары болды.

Qazsport арнасында паралимпиада ойындарын жүргізген спорт комментаторы Олжас Байбосын "әлемде дамыған елдер мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғаммен бір болып, ешбір кемсітусіз өмір сүруі үшін паралимпиадада барын салады. Сол үшін біз де осы үрдістен қалмауымыз керек" дейді.

ПАРАЛИМПИАДАШЫЛАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫ МА?

Бірақ сарапшылар қазақстандық паралимпиадашылардың жеңісі қоғамда айтарлықтай айтылмағанын, паралимпиадашыларға жергілікті биліктер мен бизнесмендер тарапынан құрмет аз болғанын байқаған. Дегенмен паралимпиада жүлдегерлері олимпиадада медаль иеленген спортшылармен тең көлемде мемлекеттен ақшалай сыйақы алады.

Олимпиада және паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы

Алтын жүлде - 250 мың доллар

Күміс жүлде - 150 мың доллар

Қола жүлдегер - 75 мың доллар

4-орын алғандарға - 30 мың доллар

5-орын алғандарға - 10 мың доллар

6-орын алғандарға - 5 мың доллар.

Рио-2016 паралимпиадасы алдында Қазақстан паралимпиада комитетінің (президенті миллионер бизнесмен Қайрат Боранбаев) ұсынысымен Қазақстан паралимпиада спортын олимпиада спортымен теңестірген еді.

– Ақшалай сыйақы параспортшыларға көбірек қажет. Жеңімпаз болған жағдайдың өзінде бәрібір олардың емделуіне қаражат керек. Бірақ мемлекеттің пара спортқа көзқарасы жақсара бастағанымен, қоғамның пікірі де маңызды. Біздің қоғам параспортшыларды толыққанды спортшы деп қабылдамайтындай көрінеді. Паралимпиададағы жетістік қоғамда көп айтылмағаны сәл қынжылтты, – деді спорт комментаторы Олжас Байбосын.

Ал Рио және Сочи паралимпиадаларынан хабар таратқан спорт журналисі Аян Төлеген паралимпиадашылардың жеңісі олимпиадашылардың жеңісіндей талқылануы үшін қоғамның көзқарасы өзгеруі керек деп біледі.

– Паралимпиадашыларға да көп көңіл бөлінсе, бұл қоғамның өскенін көрсететін еді. Біз бокс, күрес дәстүрімен өскенбіз. Сондықтан Сметовтің жеке автопаркі, шағын ауданы болатындай пәтерлері бар. Балуандарды алақанда ұстап жүр. Бірақ олимпиадада медаль алғандардың бәріне бірдей көңіл бөлінбеді ғой. Мысалы, олимпиадада нысана көздеуден Ислам Сатпаев пен Александра Ленің қола медалі, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбановтың күміс медалі ел спорты үшін тарихи жүлде болды. Бірақ қоғамда оларға да көп көңіл бөлінбей қалды. Ал Давид Дегтяров екі дүркін паралимпиада чемпионы атанып жатыр. Бірақ бұл жеңіске де көп назар аумады. Біздің қоғам бәріне бірдей көңіл бөліп, құрметтейтіндей деңгейге әлі жеткен жоқ. Бірақ ол күнге де келеміз, тек уақыт керек, - дейді ол.

Қазақстан параспортшылары Париж паралимпиадасының ашылу салтанатында. 28 тамыз, 2024 жыл.

Токио мен Париж паралимпиадасында жүзуден қола және күміс медаль иеленген Нұрдәулет Жұмағали "Бірінші бол" подкасына берген сұхбатында "бізде тек бокс пен күрес спорты бар сияқты сезім болады. Халықтың қабылдауы сондай. Көп адам жүзу спортын түсіне бермейді. Мемлекет халыққа жүзу сияқты басқа спорттардың да барын көрсетсе дейсің" деп көкейде жүрген ойын айтты.

16 қыркүйекте Астанада Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов паралимпиадашыларды қабылдап, президент атынан алғыс айтып, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олимпиадашыларды өзі қабылдаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кезде Астанада Германия канцлері Олаф Шольцпен кездескен еді.

Премьер-министр Париждегі жетістік басқа да мүгедек жандарды спортпен айналысуға ынталандырады деп сенеді. Ол паралимпиадашылармен кездесуде үкімет параспортшыларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсете береді деді.

Үкіметтің мәліметінше, қазір елде 56 мың мүгедек адам спортпен жүйелі түрде айналысады, 925 адам – параспорт түрлері бойынша үлттық құраманың мүшесі. Үкімет 19 параспорт түріне (оның ішінде парадзюдо, бочча, голбол, отырып ойнайтын волейбол, үстел теннисі, 5х5 футбол бар) мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

"МҮГЕДЕК АДАМДАР СПОРТПЕН АЙНАЛЫСА АЛАТЫН ЖАҒДАЙ КЕРЕК"

Аян Төлеген қоғам мен мемлекет пара спортшыларға ғана емес, мүгедек адамдардың бәріне бірдей жағдай жасауға тырысса, ізгілікті қоғам құрылады деп санайды.

– Пара спортты олимпиада спортымен теңестіру арқылы мемлекет алғашқы қадам жасады. Ендігі қадам пара спортты шын ниетпен насихаттау керек. Бұл жайлы президент, премьер-министр, әкімдер жиі айтуы тиіс. Елдегі кез келген спорт кешеніне мүгедек адамдар келіп, спортпен айналыса алатындай жағдай жасауымыз керек. Ол адамдар жеті күн бойы спорт залда жүрмейді ғой. Сондықтан олар өздерін қоғамның толымды мүшесі сезінуі үшін қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, көшеде жүре алатындай инфраструктура жасау қажет, – деді ол.

Париж паралимпиадасында жүзуден көзі нашар көретін спортшылар арасындағы жарыста күміс медаль алған Нұрдәулет Жұмағали. 5 қыркүйек, 2024 жыл.

Аян Төлеген параспортшылардың паралимпиададағы жетістігі басқа мүгедек адамдардың спортқа жаппай келуіне әсер ете қоймайды деген пікірде.

– Мүгедек адамдардың бәрі спортқа келуге келісе қоймайды. Себебі олардың өмірінде қиындықтары бар. Мәселен, Елдос Сметовтің жеңісінен соң балалар спортқа жазыла бастары анық. Адамдар балаларына Елдос деп ат қояды. Ал пара спортта бәрі басқаша. Ақмарал Науатбек пен Давид Дегтяревтің жеңісінен соң "бум" болмайды. Мұны бапкерлер де айтып жүр. Сондықтан жергілікті билік өкілдері өз жеріндегі мүгедек адамдарды жан-жақты қолдағаны маңызды. Осы қолдау күшейсе соның өзі паралимпиададағы жетістіктің елге тигізген пайдасы болар еді, – деді журналист.

Париждегі олимпиада мен паралимпиаданы бақылаған спорт комментаторы Олжас Байбосын "олимпиадада жүлде алмаған спортшылардың өзі көп сыйақы алып жатқан тұста паралимпиадашылар неге назардан тыс қалды деген сауал орынды" деп санайды. Бірақ ол елде спортшыларды ақша, дүние-мүлікпен қызықтыру, ұлықтау үрдісі қоғамға кері әсер етеді деп есептейді.

– "Спортшыларға мотивация беру керек" дейтіндер бар. Бірақ ертең спортшылар сол үй, көлік, ақша үшін олимпиадаға, жарыстарға барып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайдан ел тек ұтылады, – деді спорт комментаторы.

Ал паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек Париждегі жетістік "мүмкіндігі шектеулі жандарды жігерлендіріп", басқа параспортшылар алда "жеңісті жолды жалғастырады" деп сенеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Париждегі бір алтын мен алты жүлде спорттың дамығанын көрсете ме?