Түркияда тұратын Алтай қазақтары

Алыстан қарағанда бұл жерлер қызыл болып көрінеді. Жолсеріктерім менің болжамымды растады: жер құнарлы емес, су жоқ. Бұрынғы қазақтар бау-бақша өсірмеген. Оларға мал жаятын дала керек болған. Түрік билігі қазақ даласынан келген босқындарға 165 үй салып берген, сол кезде босқан 20 мың елден 165 отбасы (шамамен 1800 адам) Түркияға жеткен.

Өздері орналасқан жаңа ауылдарын қазақтар туған өлке құрметіне «Алтай» деп атаған. Қазақтардың ауылы Анкарадан 320 километр жерде, бұл ауылға ең жақын қала мен әкімшілік орталық – Ниде.

1955 жылдан бері мұндағы қазақтар мал бағады. Әр үйде шамамен жүз бас шамасында мал болады. Қазір ата кәсібімен шұғылданатын қазақтар бірен-саран.   

Солардың бірі – 42 жастағы Огур Гуляржуз. Ол 15 жылдан бері қой бағып отыр. 120 сауын қойы мен ешкісі, жүздеген қозысы бар. 

Огурдың айтуынша, мал өсіру оңай емес, әсіресе қыста қиын. Малдың жем-шөбі қымбат. Огурдың сүтін ірімшік пен әйгілі түрік айранын дайындайтын фермалар сатып алады. Оған қоса, Гуляржуз қойдың жүнін өткізеді. 

Қазақтар келгеннен екі жыл өткенде – 1957 жылы ауылда бастауыш мектеп ашылған. Балалар тек мемлекеттік тілде оқитын болған. «Алтай» тұрғындарының бірі Зеки Севильен «Қазақ балалары түрік тілін білмедік, өзара қазақша ғана сөйлесетінбіз, сол үшін мұғалімдер бізге ұрсып, құлағымыздан тартатын. Бірнеше жыл өткен соң сол мұғалімдер қателік жасағанын мойындады. Туған тілімізде сөйлеуімізге тыйым салмаулары керек еді. Олар бізден кешірім сұрады» деп еске алады.  

1961 жылы ауылға мешіт салынған. Жергілікті тұрғындар – діндар адамдар, жұма намазға жиналып тұрады, ораза ұстайды, көптеген шараларды алтайлық қазақтар осы мешітте өткізеді. Діни ғибадат түрік тілінде өтеді, ауыл имамы уағызын түрікше айтады. 

Имам Киятип Четынкая Алтай ауылындағы мешітте 17 жыл қызмет етіп келеді. Ол мемлекеттік медреседе тәлім алған, өзінің «мемлекеттік қызметкер» екенін мақтана айтады. Мемлекет беретін жалақысының мөлшеріне де разы. Оның үйі – ауылдағы ең еңселі, көрікті үйлердің бірі.  

Азаттық тілшісі құдайы тамақтың үстінен түсті. Жергілікті тұрғындар Қазақстанда асқа келген адамдардың тамақты пакетке салып алып кететінін білгенде таңғалды. Бұл жақта ондай жоқ. Тіпті кейде жиналғандардың біразына ас жетпей қалады. Бірақ ешкім ешкімді сөкпейді. Әркімнің материалдық мүмкіндігі әртүрлі екенін бәрі түсінеді. Ас кезінде жоғарыдағы екі үлкен портреттен Қазақстаннан тысқары жерде де танымал адамдар қарап тұрды. 

Донди Зингин - Мәлік есімді қазаққа тұрмысқа шыққан, алты баланың анасы. Бірақ Донди апа 30 жасында жесір қалған. Ол «Балаларды жеткізу оңай болмады. Ұлдарым ерте жастан жұмысқа араласты. Бесінші сыныптан соң олар мал бағып, фабрикаға жалданды» дейді. Әжей өзін қазақ санайды, өмір бойы қазақ салт-дәстүрін сақтауға тырысқанын айтады. Донди Зингин ұлдарының бәрін қазақ қыздарына үйлендірген, қыздарын қазаққа ұзатқан. Кенже ұлы Ахметке келінді Қытайдан әкеліпті. Тұрсынай – Қытайда туып-өскен этникалық қазақ. Олардың алты айлық қызы Бота Туана Ниса – Алтай аулының ең кішкентай тұрғыны.

Осы ауылдың тағы бір үлкені – Фатма Сесигөзел әже Кайсери қаласында туған. Ол алтай қазағы Юсуф Сесигөзелге тұрмысқа шығып, 11 бала туған. Этникалық қазақтардан айырмасы, қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Ол да өзін қазақ санайды. Фатма апа балаларының бәрі қазаққа үйленгенін мақтанышпен айтты. 11 баласының арасынан тек бір ұлы ата-баба отаны – Қазақстанға оралуды ұйғарған екен. Ол отбасымен Атырауда тұрады, Қазақстан азаматы. Фатма әжей ұлының ата мекеніне көшкеніне мақтанады. Оның немерелері түрік емес, қазаққа ұқсайды. Бірақ аттарын түрікше қойған.

1960 жылдары ауылда кооперативтер құрылған, ауыл тұрғындары тері өңдеумен айналысқан, кейін олар былғары бұйымдар тігетін фабрика ашқан. Осы кооперативтер арқылы ауыл тұрғындарының көбі Еуропаға шыққан. Көбісі Германия, Франция, Голландия және басқа да еуропалық елдерге кетіп қалған. Ол жаққа кеткендердің көбі туған аулына оралмаған. Әлі күнге дейін үйлері бос тұр. Бірақ алтайлықтар биліктің ол үйлерді бұзуына рұқсат бермей отыр. 

Түркияға келгеннен кейін бұл адамдардың бәрі Стамбулдан үй мен пәтер сатып алған. Бірақ ауылдарын ұмытпай, жазда келіп тұрады. Қазір мұндағы 160 үйдің 30-ы ғана тұруға жарамды. 20-сында адамдар тұрып жатыр. 10 үйдің иелері жаз күндері Стамбулдың аптабынан қашып, Торос етегіндегі ауылдарына келіп алады. 

Ересектермен бірге Голландияға нәпақа табуға кеткенде Ахмет Зингин 13 жаста болған екен. Ол тек бес сынып бітірген. Соған қарамастан Еуропада біраз қаражат тапқан. Ахмет Зингин қазақ, түрік, қытай, ағылшын, неміс, француз тілдерін біледі. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң ол да бауырларымен бірге тарихи отанына барып, кәсіп ашуды ұйғарады.
 
Бастапқы әрекеттері сәтсіз болады, оларды «бауырлас қазақтар» алдап кетеді. Бірақ ол үмітін үзбей, біраз қаржы жинап, Қазақстанға қайта келген. Азаттыққа Ахмет Зингин «Қазақстанда не көргенімді сұрамаңыз. Әлемнің 20 мемлекетінде тұрдым, бірақ еш жерден сондай арсыз адамдарды, мемлекеттік мекемелердегі ондай бассыздықты көрмедім. Ешбір жерде мені олай қорлап, кемсіткен емес. Сосын ісімді осы жақтан ашайын дедім. Қазақстанға тек бір-екі аптаға туыстарыма барамын. Қалай болғанда да атамекенім ғой. Бірақ ол жақта тұра алмаймын» деді.  

42 жастағы Ахмет Зингин биыл 16 гектар алма ағашын екті. Келер жылы көктемде жеміс алармын деп үміттенеді. Билік оның ісіне кедергі келтірмейді, керісінше қолдау жасап, көмектеседі, мысалы, тамшылатып суғару жүйесін орнатуға көмектескен.

«Түркияда ешбір мемлекеттік қызметкер алма ағашын еккенім немесе қой баққаным үшін пара сұраған емес. Қазақстанда бизнесімді ашпай жатып түрлі мекемелер пара талап еткен» деп ол Қазақстандағы бизнес тәжірибесін еске алады.

Мұстафа Көк – мұнда бірмаша танымал адам. Ол 2004 және 2009 жылдар аралығында ауыл әкімі болған. Сол кезде ауылдың дамуы, қазақ дәстүрін сақтау және қазақ тілін дамыту үшін көп еңбек еткен. Ол Түркиядағы этникалық қазақтар мәселесін үкімет деңгейінде көтеріп жүр. Оның үйінде Түркия және Қазақстан басшыларымен кездескен суреттері ілінген.

Мұстафа Көк те ауылдастарының көбі сияқты жас кезінде Голландияға барған. Екі баласы сол жақта өмірге келген. Ол ауылға қартайған ата-анасын бағу үшін оралған. Әке-шешесінің үйін қайтадан салған, сол жерде тұрып жатыр, үлкен қалаларға барғысы келмейді. Төрт баласы өсіп, жоғары білім алды. Олар Стамбулда жұмыс істейді. Кіші ұлы Халид Қытайда оқиды.

10 жыл бұрын ауыл әкімі болып тұрған кезінде ол ауылдың 50 жылдығы шарасын ұйымдастырған. Әртүрлі елден екі мыңнан астам қонақ, Қазақстаннан 72 адам делегация келген, оларды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сол кездегі төраға орынбасары Талғат Мамашев бастап әкеледі (Мұстафа Көктің архивінен алынған сурет).
 
Бұл шара көп адамның есінде қалған. Тұрғындарға қазақ әртістері концерті ерекше ұнаған. Ресми тұлғалар көп сөйлеп, ауылға мәдениет, білім беру жағынан көмектесетіндерін айтқан. Өкінішке қарай, уәде орындалмай қалған, Қазақстаннан келген сыйлықтың бәрі елшіліктен бері өтпей қалған.
 
Ең қызығы, кейін ауыл адамдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы сайтынан Талғат Мамашевтің есебін оқиды. Онда қазақ ауылына үлкен көмек жасалғаны, жол салынып, су тартылғаны айтылған екен. Жолды қонақтар келер алдында ауыл адамдары өз қаржысына салған, ал суды мекемелер табалдырығын тоздырып жүріп алтайлықтар өздері тартқызған болатын.  

Қазақстан тәуелсіздік алған соң Мұстафа Көк те тарихи отанына оралуды ойлайды. Көптеген құрылтайлар мен форумдарға қатысады, Қазақстанда бірнеше рет болады. Сонда бюрократия мен парақорлықтың ауқымына таңғалады. Ол 2005 жылы Қазақстаннан Түркияға киіз үй әкелмек болғанын айтты. Ұлттық экспонат ретінде киіз үйді жеткізу үшін түрлі мекемелер мен органдардың келісімін алуға бір айдай уақыты кеткен. Оған күнде «ертең келіңіз, басшылық жоқ, уақыт жоқ, жиын өтіп жатыр» деген әңгімелер айтқан. Амалы қалмаған соң ветеринарлық станция мен музей қызметкерлеріне пара беріп, қажетті құжаттарды алады. Сол кезде ол Қазақстанда тұрып, жұмыс істеуге дайын емес екенін түсінеді. Бірақ ата мекенін көргеніне қуанған.  

Тұрғындар ауылдың қазақы келбеті жоғала бастағанын айтады. Қазір олардың түрлері қазаққа ұқсағанымен, бәрі түрікше сөйлейді, балалары қазақ тілін білмейді. Бұрын «Алтай» қазақтары үйлері мен жерлерін түріктерге сатпайтын, қазір ондай жоқ. «Жерді түріктерге сатып жатыр, жақында қазақтар мекендеген оңаша ауылдан ештеңе қалмайды» дейді тұрғындар.  
 

Мұндағы қазақтар қорымы да қазақстандық бейіттерден қатты ерекшеленеді. Бұл жерде биік кесенелер мен қымбат мәрмар плиталар, қоршаулар жоқ. 50 жыл бұрынғы зират пен қазіргі бейіттің ерекшелігі жоқ, тек құлпытас материалы ғана өзгерген. Бейіт басына тас қояды, оған марқұмның аты-жөнін жазады. 

Алтай ауылының 50 жылдығын тойлаған жылы Ниде қаласында Абылай ханға ескерткіш орнатылған. Ашылу салтанатына Түркияның мәдениет министрі Атилла Қош келген. Бірақ бес жылдан соң қазақ ханына қойылған ескерткішті жергілікті билік алып тастайды. Мұстафа Көк көптеген мекемелердің табалдырығын тоздырып, ескерткішті қалпына келтіруді талап еткен. Екі жылдан соң ескерткішті бос қалған аумаққа қойып, ол жерді Абылай хан атындағы саябаққа айналдырған.

Саябақ жергілікті балаларға ұнаған. Мұнда жас отбасылар мен жасөспірімдер жиі серуендейді.

Қазақ ауылы Алтайдағы балалар бастауыш мектеп жабылған соң мектеп автобусымен қалаға қатынап оқитын болған. Олар бір-бірімен, ата-аналарымен түрікше сөйлеседі. Өздерін «қазақпыз» дегенімен, есімдері де, фамилиялары да түрікше. 1950 жылдары түрік билігі құжаттар бергенде қазақтарға жаңа фамилия жазған. Мысалы, «Зингин – бай, Зеки – ақылды, Сесигөзел – дауысы әдемі, Гулержуз – күлімдеген әлпет» деген мағына береді. Түріне қарап та фамилия берген – биік, ақ шашты немесе арық деген сияқты. Ауылдың көнекөз қариялары «балаларға Құранда кездесетін мұсылман аттарын қойды» дейді. «Балалар қазақ тілін білмейді, Мамашевтан балаларға курс өткізу үшін қазақ тілі мұғалімін жіберуді сұрадық. Түрлі себептермен Қазақстан жағы бұл өтінішімізді орындамады» дейді олар. 

Алтай ауылында тұратын қазақтардың түрік халқынан үйренгені де көп. Үнемшіл әрі ұқыпты. Үйлену тойына несие алмайды, біреуді қызықтыру үшін ақша шашпайды. Түріктер сияқты жастар алдымен қалыңдық пен күйеу болып жүреді, содан соң ғана үйлену тойын жасайды. Кейбір үйлену тойы түріктердегідей шай-тамақсыз өтуі мүмкін. Дегенмен, мұндағы қазақтардың көбі қонақтарға палау басып, шайға тәтті тағамдар беруге тырысады. Түріктер мен қазақтардың той мен ас берудегі мәзірлері бірдей деуге болады. Жас отбасылар пәтер жалдап, ата-анасынан бөлек тұрады. Білім алмай, табысты жұмысқа тұрмай отбасын құруға асықпайды. 

Алтай жастары Қазақстанға көшуге асықпайды. Олар әкелері сияқты Еуропаға да қызықпайтындай көрінді. Мұндағы қазақтар арасында Қытай тілін үйреніп, Америкада тұруды армандайтындары бар.