"Оқ ішіне тиген". Шымкенттегі наразылыққа барған жігіттің қалай қаза тапқаны белгісіз

Шымкентте 2022 жылғы 5 қаңтардағы оқиға кезінде ішіне оқ тиіп қаза болған Түркістан облысы тұрғыны Ерасыл Қалықұл. Смартфондағы фото.

Шымкентте қаңтардағы оқиға кезінде Түркістан облысынан кемінде 9 адам қаза болды. Солардың бірі Ерасыл Қалықұл оқ тиіп көз жұмған. Отбасы 25 жастағы жігіттің қай жерде, қалай қаза болғанын біле алмай отыр.

"КӨКТЕМДЕ ҮЙЛЕНЕМ ДЕП ЖҮР ЕДІ"

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы Тәңірбергеновтер отбасы ұлдары Ерасыл Қалықұлды 7 қаңтарда ақтық сапарға шығарып салды. 25 жастағы жігіт содан екі күн бұрын Шымкенттегі наразылық кезінде ішіне оқ тиіп мерт болған. Бірақ оның ажалына себеп болған оқиғаның жай-жапсары әлі күнге белгісіз.

Ерасыл 1997 жылы мұғалімдер отбасында туған. Үйдегі алты баланың үшіншісі. Ағасы – туа біткен бірінші топ мүгедегі. Әпкесі тұрмыста. Ерасылдан кейін екі ұл мен қыз бала бар.

Шымкент қаласындағы наразылық акциясына қатысушылар. 4 қаңтар 2022 ж.

Үйдегілердің айтуынша, автомеханик мамандығы бар Ерасыл Нұр-Сұлтан қаласында құрылыста жұмыс істеген. Карантин кезінде қысқартуға ілініп, үйіне қайтқан. Шымкентте такси жүргізушісі болып нәпақа тапқан. Үйіне жөндеу жүргізіп, көктемде үйленуге қамданып жүрген.

– 5 қаңтарда кешкі асты бәріміз бірге іштік. Теледидардағы жаңалықтардан наразылық туралы естідік. Алматыда бір балам тұрады. Ерасыл соған алаңдап "ешқайда шықпай, үйде отыр" деп хат (sms) жазып жіберіпті. "Мама, сіз де хабарласыңыз, көшеге шығып жүрмесін" деді. Сөйтті де сағат 21:00 шамасында бөлмесіне кіріп кеткен. Оны соңғы рет көруім екен. Үйден шығып кеткенін түн ортасында бір-ақ білдік, – дейді марқұмның анасы Седеп көз жасын сүртіп.

Ерасыл Қалықұлдың әке-шешесі Насриддин (оң жақта) және Седеп Тәңірбергеновтер. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылы. 11 қаңтар 2022 ж.

Ерасылдың үйде жоқ екенін білген соң ата-анасы оның ұялы телефонына қайта-қайта қоңырау шалған. Бірақ байланыс үзіліп, сөйлесе алмаған. Түн ортасынан ауғанда Алматыдағы ұлы Бекасыл ағасының Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханаға түскенін айтыпты. Үйдегілер Көкібел ауылынан Шымкентке дейін екі сағат жол жүріп, түнгі сағат үште ауруханаға жеткен.

– Балам ақкөңіл, жанашыр еді. Не істесе де тірлігіне пысық болатын. Ажал айдап барды ма, білмеймін. Ауруханада деген соң жеткенше "қол-аяғы сынса да басына зақым келмесе екен" деп тіледім. Сөйтсем үзіліп кеткен екен. Азат күнде баламнан айырылып қалдық қой, – дейді Седеп Тәңірбергенова жылап.

Ерасыл Қалықұлдың әкесі Насриддин Тәңірбергенов баласын іздеп ауруханаға барғанда жедел жәрдем көлігі аяқ-қолы сынған, басы жарылған, пышақталған, оқ тиген, т.с.с. үсті-басы қан-жоса бірнеше адамды жеткізгенін көргенін айтады. Ауруханадағы абыр-сабырда дәрігерлердің туысын іздеген адамдарға қарауға мұршасы болмаған.

– Таңға жақын дәрігерлер қайтыс болған адамдарды телефонға суретке түсіріп, сыртта күтіп отырған туыстарына көрсетті. Екі адамнан соң баламның суреті шықты. Үмітіміз үзілді. Бір күн өткен соң кешке мәйітханадан ұлымды әрең алдық. Оқ ішіне тиген екен, – дейді ол.

Ерасыл Қалықұлдың үйі. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылы. 11 қаңтар 2022 ж.

Туыстары Ерасыл Қалықұлды мәйітханадан алып шыққан, бірақ оларға ұлының қайтыс болғаны туралы куәлік бермеген. Ерасылды жерлегеннен кейін Қазығұрт аудандық полиция басқармасынан келген екі полицей хаттама толтырған. Ерасылдың ұялы телефоны мен киімдерін полиция алып қалған.

Отбасы Ерасылдың ажалына себеп болған оқиғаның жай-жапсарын әлі күнге білмейді. Әзірге өздері де ешқайда арыз түсірмеген.

– Баламды үйде жатқан жерінен кім шақырды, алаңға кімдермен бірге барды, оған кім оқ атты деген сұраққа жауап таппай қабырғамыз қайысып, жүрегіміз жаралы болып отыр. Құдайдың берер сынағы көп екен. Үлкен ұлым дүниеге мүгедек болып келгеніне көндігіп едік. Мына сынақты көтере аламыз ба, жоқ па білмеймін, – дейді Насриддин Тәңірбергенов ауыр күрсініп.

ҮКІМЕТ ҚАЗА ТАПҚАНДАР ЕСЕБІН АЙТПАЙ ОТЫР

Шымкентте жаппай наразылық 4 қаңтар кешке басталды. Әл-Фараби даңғылына жиналған мыңдаған адам шамамен 10 шақырым жердегі қала әкімдігіне шерулетіп жаяу 3 сағаттай жүріп жетті.

Шамамен жарты сағаттан соң әкімдік жанында тұрған ондаған полиция көлігін бірнеше адам жабылып аударып тастады. Сол күні наразылар таңға жақын тарады.

Жаңөзендегі наразылықты қолдау акциясына шыққан адамдар. Шымкент, 4 қаңтар 2022 ж.

5 қаңтар кешке тұрғындар қала әкімдігі алдына қайта жиналды. Сағат 21:00 шамасында әкімдік жақтан қару дауысы естіле бастады. 7 қаңтарда Шымкент әкімдігі оқиғаларға Түркістан облысының тұрғындары да қатысқанын хабарлады.

11 қаңтарда Түркістан облысындағы 4 аудан әкімдігі Азаттыққа Шымкенттегі оқиғалар кезінде қайтыс болған 9 адамның жерленгенін растады. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданынан – 4 адам, Қазығұрт ауданынан – 2 адам, Жетісай ауданынан – 2 адам, Мақтаарал ауданынан 1 адам қайтыс болған.

Туыстары оларды Шымкент қаласындағы мәйітханадан алып, тұрғылықты жеріне – ауылға апарып жерлеген. Олардың Шымкенттегі оқиғаларға кімдермен, қандай мақсатпен келгені әзірге белгісіз.

Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген полиция көліктері. 5 қаңтар 2022 ж.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, қаңтардағы оқиғаларға байланысты 177 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 57 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қамалғандардың ішінде белсенділер де бар.

10 қаңтарда қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бақытжан Пазылов наразылықтар кезінде 120-дан аса адамның түрлі жарақатпен ауруханаға түскенін, олардың бесеуінің жағдайы ауыр екенін хабарлады.

Пазылов Азаттыққа қаза болғандар арасында ауруханаға келгенше алаңда әртүрлі жарақат алып және оқ тиіп көз жұмғандар да, ауруханаға жеткізілген соң жан тәсілім еткен я ота үстінде қайтыс болғандар бар деді. Бірақ қаза болғандардың нақты санын айтпады. Ал Шымкент қаласындағы мәйітхана қызметкерлері наразылық кезінде қайтыс болған адамдардың барлығын туыстары алып кеткенін айтты.

Шымкенттегі үкіметке наразылық пен тәртіпсіздіктен кейінгі көрініс. 5 қаңтар 2022 ж.

Қазақстанда жаңа жылдың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық бүкіл елге тарап, жаппай қарсылық акцияларына ұласты.

Көшеге шыққан халық әлеуметтік жағдайының нашарлап, күнкөріс қиындағанына, азық-түліктің қымбаттағанына наразылық білдірді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзенде саяси талап та айтылды. Билік газ арзандайтынын мәлімдеді

5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, сұйылтылған газ бағасы төмендетілетінін мәлімдегенімен, наразылық жалғаса берді. Демонстранттар биліктегі жемқорлықты айыптап, саяси талаптар да көтерді.

Бірнеше қалада наразылықтың соңы тәртіпсіздікке ұласты. Елде 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялап, интернетті өшірген билік тәртіпсіздікке қатысқандарды "терроршылар" деп атады.

Шымкент қалалық әкімдігі алдында тұрған қарулы жасақ. 5 қаңтар 2022 ж.

Елде жағдай ушыққан тұста Қазақстан басшылығы Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдерден жәрдем сұрады. Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан жиынтығы 2300 (көбі – ресейлік) сарбазы мен 250 әскери техникасын жіберді. 7 қаңтарда президент Тоқаев "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде Қазақстанда нақты қанша адам мерт болғаны әзірше белгісіз. Құқық қорғаушылар мен белсенділер ондаған адам қаза болған деп топшылайды. Алматыдағы мәйітхана алдында жұрт көбейді, әлеуметтік желіде "жоғалған адамдарды" іздеген хабарламалар шыға бастады. Интернетте елдегі оқиғада қаза болған адамдардың жерлеу рәсімінен көп видео тарай бастады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін елдегі жағдай туралы ақпаратты дереу жариялауға үндеп отыр.

"Тәртіпсіздік құрбандары мен олардың қазасының жай-жапсарына қатысты биліктің үнсіздігі ашу туғызады. Бейбіт халық арасында құрбан болғандар туралы ақпарат дереу жариялануы керек" деп мәлімдеді 12 қаңтарда Amnesty International құқық қорғау ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде 10 мыңға жуық адам ұсталған. Билік "күш құрылымдарынан 18 қызметкер қаза тауып, 26 содырдың көзі жойылды" деп хабарлаған, бірақ бейбіт тұрғындар арасында қанша адам қаза болғанын айтпай отыр. 9 қаңтарда үкіметке жақын Телеграм-канал қаңтар оқиғалары кезінде елде 164 адам мерт болған деген ақпарат жариялаған, бірақ кейін денсаулық сақтау министрлігі оны "техникалық қате" деп жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыдағы дүрбелең. Азаттық журналисінің 4-7 қаңтарда көргеніҚазақстандағы наразылық – көрші автократияларға белгі"Билікке талас" па, басқа ма? Қазақстандағы оқиғалардың артында не тұр?