Сырдария және ауыл шаруашылығы: өткеннің қателігінен болған су тапшылығынан құтылудың жолы бар ма?

Сырдария өзені. Тәжікстанның Соғды облысы. 17 маусым, 2024 жыл.

Орталық Азияда мақта мен күріш суғаруға суды тиімсіз пайдалану салдарынан Сырдария тартылып, аймақтың ауыл шаруашылығы мен экожүйесіне қауіп төніп тұр. Қазақстан мен Өзбекстан арасында су ресурстарын бөлу келісімі бар, соған қарамастан тозығы жеткен мелиоратив жүйе мен жұмыстың дұрыс үйлестірілмеуі су дағдарысын одан бетер асқындырып қана қоймай, сумен қамтамасыз етудің болашағына да күмәнмен қарауға итермелейді. Көршілес екі ел бұл мәселені қалай шешіп отыр, мәселені шешу үшін тез арада нені қолға алған жөн? Осы мәселелерді климаттың өзгеруі саласындағы маман, "Қазақстанның су серіктестігі" қоғамдық қорының үйлестірушісі Құралай Яхиевамен талқыладық.

Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзен, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды. Азаттық журналисі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойы мен оның салаларына сапарлап, өзен жағалап тірлік кешіп жатқан қарапайым балықшылармен, саудагерлермен және фермерлермен әңгімелесіп, өзеннің қазіргі жай-күйін біліп қайтты. Сонымен бірге, Сырдария мәселесін зерттеп, оны шешу жолдарын іздеп жүрген сарапшылармен сөйлесті.

Сырдария өзені бойындағы күріш алқабы. Қазақстанның Қызылорда облысы, 2 шілде, 2024 жыл.

"СУДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫН ЖОҒАЛТЫП ОТЫРМЫЗ"

– Сырдарияның суына Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығының ықпалы қандай?

– Өзбекстан мен Қазақстандағы Сырдария бассейні туралы айтсақ, мұнда негізінен суармалы егін шаруашылығымен, яғни тек қана суғаруға негізделген ауыл шаруашылығымен айналысады. Су жоқ болса, өнім де жоқ. Қазақстанда Сырдарияның халық тұтынатын жерүсті суының 70 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына кетеді. Қалғаны коммуналдық қажеттілікке, өнеркәсіпке, тағы басқасына жұмсалады. Өзбекстанда ауыл шаруашылығы мақсатына су пайдалану көлемі бұдан әлдеқайда жоғары, 90 пайызға дейін жетуі мүмкін, себебі өзен жағалауында үлкен-үлкен суармалы жерлер орналасқан.

– Суғаруға неге соншама көп су кетеді?

– Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Қызылорда облысын мысалға алайық. Мұнда совет кезеңімен салыстырғанда, суармалы жер аз. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарымен салыстырғанда, олардың көлемі 30 пайызға дейін қысқарды. Соған қарамастан, су жетпейді. Оның себебі, мелиоратив жүйе, яғни жер учаскесі, су ағатын арналар мен гидротехникалық құрылыстан тұратын жүйенің тозығы әбден жеткен. 30 жыл ішінде бұл салаға ақша салынбады, соның салдарынан арналардың пайдалы әсер коэффициенті елу пайызға дейін төмендеген. Бұл әсіресе о бастан айтарлықтай су жоғалтатын арналарға қатысты, олардың жағдайы қазір тіптен мүшкіл. Өзіңіз ойлап көріңізші, біз өзеннен суғаратын жерге жеткенге дейін судың 50 пайызын жоғалтамыз.

– Мәселені шешуге қандай да бір ұмтылыс бар ма? Бар болса, қандай?

Су ресурстары және климаттың өзгеруі бойынша сарапшы Құралай Яхиева

– Бұл мәселе көтерілген, бірақ Совет Одағы құлағаннан кейін үлкен колхоз-совхоздар тарады да, оның орнын ұсақ шаруа қожалықтары басты. Мұндай қожалықтар өз бетінше арнаны жөндей алмайды. Қазір арна бірнеше шаруашылықтың жерін басып өтеді, солар бас қосып, бірлесе әрекет етуі керек.

Мәселені шешу үшін шаруа қожалықтары ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне біріккен (АӨК). Суармалы суды жеткізуге делдал болған бұл кооператив су берілетін жүйені де бақылауында ұстауы керек еді. Алайда, олардың үстінен бақылау жасайтын тетік болған жоқ, баға өсе берді, халық ақысын төлеп жатты, бірақ суару каналы жөнделген жоқ, яғни АӨК бар болғаны суды қайта сатумен айналысты. Ақыр аяғында диқандар бұл жүйеден бас тартты.

– Экологтар мен ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар арасында мақта мен күріш өсуді айтарлықтай азайту мәселенің шешімі болар еді деген пікір бар. Олар бұл дақылдарға су көп кететінін алға тартады. Солай азайту арқылы су ресурстарын сақтауға болады дегенге не дейсіз?

– Су жетпей жатса, басқа дақыл егейік дегенді көбі айтады. Алайда, жер ресурстары саласының мамандары мұнымен келіспейді. Қызылорда облысының жері сортаң, егер күріш емес, басқа бір дақыл егетін болса, жер одан бетер сор тартады. Ал күріш шайынды дақылға жатады. Күріш еккеннен кейін үшінші күні күріш алқабына су жібереді, күріш толық пісіп жетілген кезде коллектор көмегімен ол суды қайта айдайды. Бұл су тұзды шайып кетеді. Сондықтан күріштен толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен, дақылдарды ауыстырып тұруды білдіретін ауыспалы егіс деген түсінік бар, мұндайда негізгі дақыл егіс аумағының 60 пайызынан аспауы керек. Мәселен, тоғыз учаске болса, оның алтауына күріш егіп, қалғанына басқа дақыл өсіру керек, ал бір учаске бос қалуы керек. Бос қалған жерге әдетте жерді қалпына келтіру мақсатымен көпжылдық шөп егеді. Жыл сайын егіс учаскесі мен демалатын жерді алмастырып отыру керек.

Бұрын, колхоз-совхоздар секілді үлкен шаруашылықтар болған кезде ауыспалы егіс талабын сақтап, қайда нені өсіру керегін алдын ала жоспарлайтын. Ұсақ шаруа қожалықтары пайда болды да, олардың әрқайсы қай дақылды өсіру тиімді, қайсы пайда әкелетін болса, соны еге бастады. Соның салдарынан жері бір арнаның бойында орналасқан диқандар бір мезгілде егіп, бір мезгілде суаратын болды да, арна мұндай жүктемені көтере алмай, су жетпей, проблема басталды.

Суды тиімді пайдалану үшін суару кестесі болуы керек. Мұны жергілікті әкімдік пен ауыл шаруашылығы басқармасы су шаруашылығы ұйымдарымен бірлесе отырып атқаруы керек. Олар шаруалармен жұмыс істеп, түсіндіріп, кім не егетінін, кімге қай уақытта су берілетінін келісіп, жалпы жоспар құруы керек. Өкінішке қарай, бізде мұның бірі де жоқ.

"ӨЗБЕКСТАНДА ЕКІ ШЕНЕУНІКТІҢ БІРІ СУ МАМАНЫ"

– Мақта мен күріш шаруашылығы Арал теңізінің түбіне жетті деп сенімді түрде айтуға бола ма?

– Совет Одағы кезінде күріш пен мақта өсірушілер рекорд қуды, оларға сандар мен көрсеткіштер ғана маңызды болды. Сондықтан жоспарлағаннан да көп жерге еге бастады. Мысалы, колхоз мақтаны 12 гектар жерге егетін де, қағаз жүзінде өнім он гектардан жиналды деп көрсететін. Жалпы нәтижені азырақ ауданға бөліп, сан қуумен болды. Қазір Өзбекстанда да, Қазақстанда да күріш пен мақта егуден бас тартуға қажеттілік жоқ, тек егіс аумағын азайту керек.

Сырдария бассейні туралы айтсақ, Қырғызстан мен Тәжікстан өзен суымен мүлдем суармайды деуге болады, олар суды негізінен энергия алуға пайдаланады. Алайда су қоймасына су жинау керек болғанда, керісінше, оны жібереді, себебі электр энергиясы керек. Бастапқыда су электр станциясының Нарын-Сырдария каскады ирригация режиміне есептелген болатын, яғни су беру суару науқанымен сәйкес келуі керек еді. Алайда СЭС гидроэнергетика режиміне өткеннен кейін бұл есеп кәдеге жарамай қалды. Соның салдарынан су өзенге күзден көктемге дейін түсіп отырады да, жазда керісінше, жетпей қалады. Сырдарияның төменгі ағысын, соның ішінде Қызылорда облысын су басқан жағдайлар да болды. Су басудан қорғанып, жаз кезінде суармалы суға деген қажеттіліктің бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Көксарай су қоймасын салды.

Арал теңізі аймағындағы шөлейт жер. Қазақстанның Қызылорда облысы, 3 шілде, 2024 жыл.

– Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария бассейнінің су-энергетика ресурсын пайдалану келісімі бар. Сонда бұл келісім сақталмайтын болғаны ма?

– Елдер арасындағы келісімге сай біз өзімізге тиесілі су көлемін алып отырмыз. Бар мәселе оның қажет мезгілде, керек кезде келмеуінде болып тұр. Бұл мәселені министрлік реттеуі керек, кездесу өткізіп, отырыс жасап, келіссөз жүргізу солардың жұмысы. Сондай кездесуде Сырдарияның жоғарғы ағысынан Қазақстанға қашан және қанша су келуі керегін нақты келісу керек. Өзім де мұндай кездесулердің біразына қатысқанмын.

Алайда, Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігінің жаңадан құрылғанына 1 қыркүйекте бір жыл толады, оған дейін бізде салалық министрлік болған жоқ. Ал Өзбекстанда елді басқарып отырған адамның өзі су саласының маманы (Шавкат Мирзиёев 1977-1981 жылдары Ташкент ирригация және мелиорация институтында оқыған, ал кейін технология ғылымдарының докторы атағын қорғаған – ред.). Бұл аз десеңіз, Өзбекстанда екі шенеуніктің бірінің су ресурстары саласында білімі бар.

Су ресурстарын пайдалану жөніндегі келіссөзге Қазақстан әдетте ауыл шаруашылығы және қоршаған орта министрін немесе министрдің орынбасарын жіберетін, олар мәселенің мән-жайын біле бермейтін. Сөйтіп жалпы қорытындыға келіп, келісімдер сай болуы үшін Өзбекстан ұсынған құжаттарға қол қоя салатын.

Әр тараптан мұндай келіссөзге жиырма шақты адам барады, олардың арасында шекара қызметі, сыртқы істер министрлігі, әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік аппарат қызметкерлері бар. Осылардың ішінде нақты су ресурсы саласының маманы біреу-екеу ғана болады, олар материалдарды, баяндамалар мен ұсыныстарды дайындайды. Алайда, ол мамандардың қызметі делегацияның басқа мүшелерінен әлдеқайда төмен, олардың пікірін ешкім тыңдамайды. Тіпті трансшекаралық өзендер мәселесін талқылау үшін бірнеше елдің өкілдері кездессе де, су ресурстарына келгенде негізінен Өзбекстанның ұсынысы қабылданады, себебі олардың министрі – су маманы (су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев та Ташкент ирригация және мелиорация институтын бітірген – ред.). Ол өзінің әр ұсынысын дәлелдеп, негіздеп бере алады.

Отыз жылдан астам уақыт бойы бізде су ресурстары мен ирригация министрлігі болған жоқ. Қазір министрлік құрылды, бірақ әлі де жұмысы шикілеу, себебі оған салалық білімі жоқ, бұрын әкімдіктерде істеген шенеуніктер барып жатыр. Әлбетте, суды басқаратын шенеунік болуы керек, бірақ ол шенеуніктің салалық білімі болғаны қажет. Бұл енді мүлдем басқа мәселе.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Су бар, бірақ бәріне бірдей жетпейді". Сырдария жағалауындағы тәжік диқандарының өмірі
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тиімсіз ГЭС, бейберекет суғару, жемқорлық. Сырдарияны не құртады?