"Оқ ішімді тесіп кірді". Қаңтар оқиғасында жараланған жігіт көмекке зәру

Шымкентте Қаңтар оқиғасында оқ тиіп жараланған Ерғали Сегізбаев пен анасы Мәлика Төлепбаева. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қарабастау ауылы, 17 мамыр 2022 жыл.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде атылған оқ ішегін тескен Ерғали Сегізбаевтың ата-анасы баласын емдетуге қаржы табылмай қиналып отыр. Жарасы жазылып бітпеген, баяу басып жүруге ғана шамасы келетін жігіт жұмысқа жарамай қалған.

"ЖЫП-ЖЫЛЫ ҚАН АҚҚАНЫН СЕЗДІМ"

Ерғали Сегізбаев Шымкентте 5 қаңтарда қала әкімдігі маңындағы "Метро" аялдамасы алдында жараланғанын айтады. Ішіне тиген оқ 24 жастағы жігіттің тоқ ішегін зақымдаған. Отбасындағы алты баланың кенжесі Ерғали қазір әке-шешесімен бірге Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қарабастау ауылындағы ескі қоржын үйде тұрып жатыр.

Ерғали Сегізбаев үйінің алдында тұр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қарабастау ауылы, 17 мамыр 2022 жыл.

Дене шынықтыру пәні мұғалімі деген дипломы бар жігіттің сөзінше, ауыл мектебінен жұмыс табылмаған соң, несиеге алған көлігімен такси қызметін көрсетіп, ара-тұра уақытша жұмысқа жалданып нәпақа тауып жүрген. Ерғали өмірін күрт өзгертіп жіберген Қаңтар оқиғасы есіне түссе әлі күнге "жүрегі ауырып, қорқыныштан денесі түршігетінін" айтады.

– 5 қаңтар таңертең Маңғыстау облысында вахталық жұмыс істейтін ағам хабарласты. Наразылыққа байланысты пойыз тоқтап, Алматыдан ауылға қайтатын болыпты. "Шымкентке түн ортасында барамын, ала кетші" деді. Ауылдан қалаға түнгі сағат онның шамасында жеттім. Ағам келгенше уақыт бар. "Колос" аялдамасында Нұрсәт ықшам ауданындағы қала әкімшілігі жанында наразылық болып жатқанын естідім де, қызық көріп сонда бардым. Мыңдаған адам жиналыпты. У-шу, азан-қазан. Бір кезде әкімдік жақтан жарылғыш заттардың дауысы естілды. Артынан оқ атылды. Орнымнан қозғала алмай тұрып қалдым. Қас-қағым сәтте құрсақ тұсым тыз ете қалды, жып-жылы қан аққанын сездім. Қарасам, оқ ішімді тесіпті, – дейді ол.

Бұдан соң өзін 4-5 жігіт көтеріп көлікке салғаны, қанды тоқтату үшін бас киімін оқ тескен ішіне басқаны, қансыраған күйі Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханаға түскені, дәрігерлердің ота жасауға дайындап жатқаны Ерғалидың еміс-еміс есінде. Ол жан сақтау бөлімінде таңдайы кеуіп ояныпты.

– Қатты қиналдым. Алғашында не болғанын түсінбедім. Дәрігерлер ота жасап, әскери қарудан атылған оқты алғанын айтты. Есімді жиған соң қарасам ішегім сыртқа шығып жатыр екен... Үш күннен кейін полиция келіп тергеді, – дейді ол.

Шымкенттегі наразылық пен түнгі ойран. 4-6 қаңтар

"АТА-АНАМА МАСЫЛ БОЛЫП ҚАЛДЫМ"

Ерғалидың анасы Мәлика Төлепбаева баласына оқ тиіп, жараланғаны туралы жайсыз хабарды 6 қаңтар таңертең бір-ақ естіген.

– Сол күні жаңбыр құйып тұрды. Алып-ұшып ауруханаға қалай жеткенімді білмеймін. Балам жансақтау бөлімінде жатыр екен. Дәрігерлер қан көп кеткен деді. Үш күннен соң палатаға ауыстырды. Бір айға дейін тамақ іше алмай қиналды, – дейді Мәлика Төлепбаева.

Шымкентте Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, жараланған Ерғали Сегізбаев пен анасы Мәлика Төлепбаева. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қарабастау ауылы, 17 мамыр 2022 жыл.

Ерғали қазір өздігінен тұрып, баяу басып жүргені болмаса, жұмысқа жарамайды. Әл-дәрмені жоқ. Оқтың орны ойылып, зақымданған тоқ ішегі сыртқа шығып тұр. Нәжіс осыдан шығады дейді. Бұған қоса иммунитеті әлсіреген, қаны аз.

№1 қалалық клиникалық ауруханасының науқасты үйіне шығару туралы медициналық анықтамасында Ерғали Сегізбаевтың ауруханаға 5 қаңтарда сағат 23:00 шамасында митинг орнынан өте ауыр жағдайда жеткізілгені жазылған. Құрсағына тиген оқ тоқ ішегін зақымдап, ішке қан кеткен. Ота жасалғаннан кейін екі апта ауруханада жатып, 20 қаңтарда үйіне шығарылған.

Дәрігер берген анықтамада науқасқа ауруханада жасалған бірнеше сараптаманың қорытындысы бар. Ерғалидың құрамында спирт бар ішімдік ішпегені анықталған. Дәрігерлер ауруханадан шығаратын кезде Сегізбаевқа жергілікті мекен-жайы бойынша емхана хирургінің бақылауында болуды, ауыр зат көтермеуді, диета ұстануды, жарты жылдан соң жоспарлы түрде қайта емделуді тапсырған.

Мәлика Төлепбаева ұлының денсаулығына алаңдайды. Оқу ақысын жұмыс істеп жүріп өзі төлеп, жоғары білім алып шыққан, өз күшіне сеніп үйренген тепсе темір үзетін азаматтың аңдаусызда тап болған ауыртпашылықтан қайрат-жігері мұқалып, еңсесі түсіп қалғаны анасының жанына батады.

Ерғали Сегізбаевтың отбасында анасы ғана жұмыс істейді. Ауыл медпунктінде санитар Мәлика Төлепбаеваның айлық жалақысы – 75 мың теңге.

– Баламның мінезі жұмсақ, ақкөңіл. Мектеп бітірген соң өзі оқыды, жұмыс таңдамады, табылғанын істеді. Сөйтіп жүргенде мынадай жағдайға тап болды. Оқ тиіп жараланып, ота жасалды. Оқиғадан соң адамдар ұсталып жатқанда жанымыз жай таппады. Митингіде болдың деп қамап тастай ма деп те қатты алаңдадық. Ешкімнен материалдық көмек сұрамайтын да едік. Екінші отасы мен күнделікті дәрі-дәрмегін сатып алуға қиналып кеттік, – деп ауыр күрсінеді анасы.

Қазір Ерғалидың отбасында анасы ғана жұмыс істейді. Ауыл медпунктінде санитар Мәликаның айлық жалақысы – 75 мың теңге. Зейнетке жасы таяған әкесі жұмыссыз, қорадағы 4-5 бас малға қарайды. Осы күнге дейін ағайын-туысы шама-шарқынша 5-10 мың теңгеден көмек беріп келген. Қазір жарақатын тазалап тұратын арнайы медициналық материалдарды алуға, кейде аудандық емханаға кезекті тексеруге баруға жолға төлейтін ақша таппай қиналады.

– Кім, қалай, неге оқ атты? Ол жағын сұрап жатқан жоқпын. Оқ атқан адамның табылатынына да көзім жетпейді. Мемлекеттен көмек беріле ме, жоқ па, ол да белгісіз. Ауруханадағы полиция тергеуінен басқа ресми орындардан ешкім халымды да сұрамады, көмек те бермеді. Осындай күйде отырғаныма бес айға таяды, бұлайша ата-анама масыл болып жата бергім келмейді. Ертерек жазылып, аяқтан тұрып кетсем деп армандаймын, – дейді Ерғали Сегізбаев.

Шымкентте Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, жараланған Ерғали Сегізбаев. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қарабастау ауылы, 17 мамыр 2022 жыл.

"ЖАРАЛАНҒАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ ҚҰПИЯ"

Шымкентте 4 қаңтарда бейбіт басталған митинг 5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Наразылыққа мыңдаған адам қатысты. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте 20 адам мерт болған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 120-дан аса адам зардап шекті дегенімен, оқиғаны тергеп жатқан Шымкент прокуратурасы мамыр айында күдіктілердің кейбіріне шығарған қаулысында жаппай тәртіпсіздік кезінде 190-ға жуық адам түрлі дәрежеде жарақат алғанын жазды.

Ақпан айында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Қаңтар оқиғасына байланысты құрылған жергілікті тәуелсіз комиссияның мүшесі, сол оқиғадан кейін күдікті ретінде қамалған белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованың қорғаушысы Мұрат Жолшиевке берген жауабында "73 адамға оқ тиіп жараланғанын" хабарлаған.

"Оқ атқандар жазалансын!". Қаңтарда жапа шеккендердің талабы (Алматы, 20 мамыр 2022 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

"Атқандарды жазалауды талап етеміз". Қаңтар қатысушылары прокуратураға тағы барды

Ерғали Сегізбаев секілді оқ тиіп жараланған басқа адамдардың денсаулық жағдайын сұраған Азаттыққа қалалық денсаулық сақтау басқармасы "ондай дерек дәрігерлік құпия" болғандықтан ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты.

"Зардап шеккендердің көбі ұрып-соғудан, оқтан, пышақтан түрлі дене жарақатын алғандар. Қанша адамға қанша ота жасалатыны туралы мәлімет жоқ" деді басқарма.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін биліктің бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қайырымдылық қоры осы оқиғаның салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандардың отбасына көмек көрсетілетін болады деп хабарлаған. Қордың өткен айда таратқан ақпаратында қаңтардағы оқиға кезінде мерт болған күш құрылымдары қызметкерлері мен кездейсоқ опат болған деп танылған 13 адамның отбасына қаржылай көмек берілгені айтылған. Қаза тапқандардың отбасыларына 7 миллион теңгеден, ауыр жарақат алған екі балаға 3 миллион теңгеден төленген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасы салдарынан кемінде 238 адам қаза болған. Билік олардың аты-жөнін жарияламай отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасында қаза болғандар