"Қазақ тілі бізді біріктіреді". Аулада тіл клубын ашқандар

"Үйде сөйле" қазақ тілі клубы. Журналист Александра Мыскина мен қазақ тілі мұғалімі Лайхат Төребайқызы. Алматы, 12 маусым, 2023 жыл.

Азаттықтың "Зере" подкасының бүгінгі эпизоды Алматыдағы көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан "Үйде сөйле" клубына арналды. Шағын бөлме. Дастарқан басына жиналған он шақты адам сағат 19.00-20.00 аралығында өзара қазақша сөйлеуге тырысады.

Подкасымыздың қонақтары осы клуб идеясының авторы – журналист Александра Мыскина мен клубта қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім Лайхат Төребайқызы.

Бұл – кейінгі сегіз айда қазақ тілін үйреніп жүрген Александраның қазақ тілінде берген алғашқы сұхбаты.

– Бір жыл бұрын "Қазақстан – менің Жерұйығым" деп аталатын үлкен жоба бастадым. Содан кейін бірігу керек деген ой келді. Біз қазақ тілін үйренуіміз керек. Қазақ тілі бізді біріктіреді деп ойладым. Сегіз ай бұрын қазақ тілін үйрене бастадым. Әрине, өте қиын болды. Бірақ үздіксіз жаттығу жасап, күнде жаңа сөздер үйрендім. Қазір де үйреніп жүрмін, әлі де жалғастырамын. Ең маңыздысы – ниет-мақсатым болды. Осы екеуі болса, нәтиже де көп күттірмейді. Нәтижесінен рақат аласың, – дейді Александра.

Қазір клубқа 24 адам тұрақты қатысып, қазақша үйреніп жүр. Келем деушілерге есік ашық дейді ұйымдастырушылар. Александраның сөзінше, жақын арада осыған ұқсас 10 клуб ашылмақ.

– Көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелері кооперативімен келісіп, олардың жертөледегі бөлмесін аптасына үш рет бір сағаттан жалға аламыз. Апайымыз аптасына бір рет келіп, грамматика мен басқа да ережелерді үйретіп кетеді. Қалған екі сабағымызда жаңа сөздерді қолданып, өзара сөйлесеміз. Әзірге тегін жұмыс істеп жатырмыз. Отбасылардан бөлек, бұл көршілерге де пайдалы. Өзара қазақша сөйлесіп, шүйіркелесіп қалады, – дейді Александра.

Лайхат апай 40 жылдан аса уақыт қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Биыл 75 жасқа келген апайдың клубта зейнет жасына таяп қалған, тіпті өзінен үлкен де оқушылары бар. Соларға тек қазақша сөйлеуді емес, қазақша ойлауды да үйретсем дейді.

– Оқушыларым "отбасының әр мүшесімен қалай сөйлесейін, не дейін?" деген сұрақпен елжіреп келеді. Бір сөзді айтсам, қатты қуанып, "не деген сөз!" деп тамсанады. Қазақ тілінің байлығы жетіп жатыр ғой. Қандай сәтте де адамның жүрегіне жететін сөз бар ғой бізде. Әдемі, әуезді сөздерге олар таң-тамаша болады. Оны дұрыс айтсаңыз, құлаққа қандай әдемі естіледі.

"Үйде сөйле" қазақ тілі клубы. Мұғалім Лайхат Төребайқызы көршілерге қазақ тілін үйретіп отыр. Алматы, 12 маусым, 2023 жыл.

Лайхат апай "шала қазақ" деген сөзді ұнатпайды. Сол атқа қалмау үшін де тілді үйрену керек дейді ол.

– "Шала" деген сөз жаман ғой. Кейде аулаға шыққым келмейді, шыға алмаймын. Ешкімді ренжіте де алмайсың. Заманына иіліп, езіліп кеткен өзіміздің қазақтар. Өздерін "шала қазақпын" дейді. "Шала" деген сөздің несі жақсы? "Шала" болғанша, бүтінделейік, – дейді Лайхат апай.

Александра Мыскинамен және Лайхат Төребайқызымен болған сұхбаттың толық нұсқасын сайтымыз бен подкаст платформаларынан тыңдай аласыздар.

Your browser doesn’t support HTML5

"Үйде сөйле". Жертөледегі тіл клубы