Халқы көп, жұмысы жоқ Жаңаөзен жастарының ала-құла өмірі

Жаңаөзен қаласының кіреберісі. Маңғыстау облысы, 2 маусым 2022 жыл.

Жаңаөзен Қазақстан билігі үшін дағдарыс бұлағына айналды. 2011 жылғы желтоқсандағы қантөгістен кейін билік ондағы халықтың мәселесін түбегейлі шешеді деген үміт болды. Бірақ 10 жылдан кейін болған Қаңтар оқиғасы дәл осы қаладан бастау алды. Нұр-Сұлтанға нешетүрлі қиындық әкелген Жаңаөзен не себепті жайлы мекенге айнала алмады? Азаттық бұл мәселеге жастардың көзімен қарап көрмек болды.

2021 жылы Маңғыстау халқы 1,52 пайызға артқан. Бұл – республикалық маңызы бар үш қаланы алып тастап, тек аймақтарды санағанда, ең үлкен көрсеткіш. Облыстағы 740 мың адамның бестен бірі Жаңаөзенде тұрады. Құрылғанына 60 жыл толғалы отырған бұл қалада ел тарихындағы елеулі деген үш наразылық өтті. 1989 жылғы ұлтаралық қақтығыс, 2011 жылғы желтоқсандағы қантөгісті басынан өткерген Жаңаөзен биылғы Қаңтар оқиғасын да бастап берді.

Облыс орталығы Ақтаудан 150 шақырым қашықта орналасқан Жаңаөзен қала болғанымен, әкімшілік аумақ ретінде оған айналасындағы төрт ауыл – Теңге, Қызылсай, Рахат, Кендірлі кіреді. Қаланың өзінде 82 мыңға жуық адам тұрса, ауылдарды қоса алғанда аумақта 158 мыңнан астам адам бар. Кейінгі бес жылда Жаңаөзен халқы осы ауылдар есебінен 10 мың адамға артқан.

Қала аумағындағы ауылдарда Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан мен Түркіменстаннан келген қазақтардың үлесі басым. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстан билігі наразылыққа себеп деп осы қандастарды да айыптаған.

Жаңаөзенді қайшылықтар қаласы деуге болады. Айналасы табиғи байлыққа толы, бірақ жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік қарқыны қатты; қалада жұмыс қат, күнкөріс қиын, бірақ туу көрсеткіші мен сырттан көшіп келу деңгейі жоғары.

Осы қайшылықтардың бір қырын түсіну үшін Азаттық қаладағы белсенді демографиялық топқа – жастарға жүгініп, олардың тіршілігімен танысып көрді.

ЖҰМЫССЫЗ БЕКЗАТ ІЗБАЕВ: "ӘКЕ-ШЕШЕМНІҢ АҚШАСЫНА КҮН КӨРІП ЖҮРМІН"

Сауда-сауық орталығының жанында Ақтауға такси айдайтындар жиналып тұрады. Олардың да біразы жастар.

– "Таксовать" етіп жүрген сол екі арада, жұмыс жоқ, – дейді біреуі.

– Мен негізі таксист емеспін, жолай адам алып кетейін деп едім, – дейді екіншісі. Мұндағы жұрт сөйлесуге құлықсыз болған соң әрі қарай кеттік.

Алаң мен сауда орталығының арғы жағында қала әкімдігі ғимараты бар. Жұмыссыздар жұмыс сұрап, жұмысшылар айлықты көтеруді талап етіп жиналатын, наразылық білдіретін жер – осы. Әкімдік алдынан өткенде ешкім көрінбеген, тек жақындағанда ғана ағаш түбін саялап, астына кілем, көрпеше төсеген адамдар көзге түсті. Олар жұмыс орнын талап еткен жастар екен.

Жаңаөзен әкімдігі. 8 шілде 2022 жыл.

Бекзат кәсіптік-техникалық колледжде автомеханик мамандығын оқыған. 11 мамырдан бері әкімдік алдында жұмыс сұрап тұр (Азаттық тілшісі онымен 17 маусымда кездескен). Оның айтуынша, әкімдіктегілер 160 адамды 4 мамандық бойынша оқуға жіберген, бірақ олардың жұмысқа тұратынына кепіл жоқ. Мәселе шешілгенше осында тұрмақ.

Бекзат та, қасындағы басқа жастар да мұнайдың үстіне отырып, жастардың жұмыссыз жүргеніне, дипломы бар түлектердің өз мамандығымен жұмыс істей алмайтынына, туған қаласында еңбек етіп, карьера жасау мүмкіндігінің жоқтығына күйінеді.

– Жақында үйлендім, әке-шешемнің ақшасына өмір сүріп жүрмін. Қазір танысың болмаса, жұмысқа тұра алмайсың. Қанша беру керек екенін білмеймін. Оны алатын адамның өзі айтады. Нақты мұнай болмаса да, мұнайдың айналасындағы тұрақты жұмысқа барғымыз келеді. Еңбекақысы құрығанда 300 000 мың теңге болса, – дейді Бекзат.

Жергілікті мамандарға неге жұмыс орындарын ашпайды? Жұмысқа неге адал, ашық конкурспен қабылдамайды? Неге жұмысқа аларда жергілікті мамандарға басымдық бермейді? Олар қала әкіміне осы сұрақтарды қойып, жауап алғысы келеді. Бірақ әкімнің қабылдауына кіре алмай жүр.

Кәсіптік-техникалық колледжде автомеханик мамандығын оқыған Бекзат Ізбаев Жаңаөзеннің өзге жастарымен бірге қала әкімдігі алдында жұмыс сұрап тұр. 8 шілде 2022 жыл.

— Әкімнің қайда екенін білмеймін. Әкім ғимараттың артқы есігінен кіріп-шығады деседі. Екі айдан асты, осындағылардың ешқайсысы әкімді көрген жоқ. Облыс әкімдігінен де, басқасынан да ешқандай қолдау болмады, – дейді Бекзат.

Бекзаттың әйелі мейірбике болып, 90 мың теңге жалақы алады, онысы азық-түлікке де жетпейді, оның өзі қымбаттап барады дейді ол.

"МУРАВЕЙЧИК" ЖҮРГІЗУШІ АЛЫМБЕК САНСЫЗБАЕВ: "КҮНІНЕ 3 МЫҢ ТЕҢГЕ АЛАМЫН"

Жаңаөзенде жастар барып демалатын орын аз. Кездескен жастар үлкен қалалардағыдай сауда орталығы, саябақ, театр болса дейді. Былтыр тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Жастар театры ашылды деген ресми жаңалық болған еді. Бірақ ол мәдени іс-шара ұйымдастыратын драмалық ұжым екен, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық театр әртістері ара-тұра келіп, шара ұымдастырып тұрады.

Кеш батқанда Жаңаөзенде жұрт жиналатын жердің бірі бірі – Орталық алаң. 2011 жылы халыққа оқ атылған алаңда қазір субұрқақ салынып, абаттандырылған. Көк ту желбіреп тұр. Шулаған бала-шаға. Кешке қыз бен жігіт, достар кездесетін танымал орын бұл.

Политехника колледжінің студенті Алымбек осы алаңда "муревейчикпен" (сағатына 40-50 шақырымға дейін жүретін шағын электртіркеме) адам тасып, ақша табады.

– Осында екі жылдан бері "Муравей" айдаймын. Алаңда балалар тасимын. Кешкі 5-тен түнгі 12-ге дейін істеп, күніне 3 мың теңге аламын. Жұмыстың ауыры, жеңілі болмайды, өзіме ұнайды. Киім алып, тамағымды тауып, өзімді өзім асырағым келеді.

Политехника колледжінің студенті Алымбек Сансызбаев Жаңаөзен алаңында "муревейчикпен" адам тасып, ақша табады.

Алымбек архитектор мамандығына оқып жатыр, болашақта жеке кәсіппен айналысып, осы алаң сияқты ірі жобалар жасағысы келеді. Қалада демалатын орын аз дейді ол.

– Достармен алаңда, "Мұнайшыда" (Жаңаөзендегі мәдениет үйі – ред.), кинода кездесемін. Болды, басқа жоқ, – деп кейіді Алымбек.

МАТА САТУШЫ ӘСЕЛ ЖАЛҒАСОВА: "БІЗДЕ ЕРІНШЕКТІК БАСЫМ"

Жаңаөзеннің өз тұрғындары түсінетін қысқаша атау көп. Соның бірі – қала атауы. Мұндағы жұрт оны жай ғана "Өзен" дейді. Шағынаудандардың өз аты болса да, оларды "Бірінші", "Екінші" деп ретімен айтады. Ал "Бөкен-Жәнібек" базарын жұрт "Бірдің базары" дейді. Базарда қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркімен аралас сауда жасайды.

Қаладағы медицина колледжінде оқыған 26 жастағы Әсел осы базарда үш жылдан бері мата сатады. Кондиционер орнатылған контейнері салқын, жап-жарық.

– Көктемде көрістің кезінде мата саудасы жақсы жүреді (Қазақстанның батысында 14 наурызда болатын "Көрісу мейрамында" жұрт бір-бірінің үйіне барып сәлем береді – ред.). Әсіресе әйел адамдар бір-біріне сыйлыққа апаруға мата, көйлек, орамал іздейді. Тойларда әулеттің қыздары, келіндері бірдей матадан көйлек тіктіріп киюді үрдіске айналдырыпты. Сондайда матаға сұраныс арта түседі, – дейді Әсел маталарын көрсетіп.

Жаңаөзендегі медицина колледжінде оқыған 26 жастағы Әсел Жалғасова қала базарында үш жылдан бері мата сатады. 8 шілде 2022 жыл.

Кәсібіндегі басты қиындық – Маңғыстауда мата өндірілмейтіні екен:

– Матаны сырттан алдырамыз, оның да қиындығы жетеді. Тіпті Алматыда да мата тапшы дейді туыстарым. Маңғыстауда мата өндірілмейді ғой. Тауар бізге Бішкектен Алматы арқылы келеді. Бірақ мата сататын арнайы дүкендер дамымаған.

Әсел осы бизнесін ұлғайтып, сауданы көбейтуді көздейді. Бұған қоса тігіншілікті де меңгеруге ниетті:

– Былтыр қазақша ұлттық киім сататын дүкен аштым. Көйлекті басқа тігіншілерге тіккіземін. Ақшаны тігіншілерге төлеймін. Енді соны неге өзім тікпеске деп ойладым. Енді үшінші бизнесім қылып тігіншілікті үйренгім келеді. Бешпетті өзім тігіп, сатсам, тігіншіге төлейтін ақша өзімде қалады ғой.

Әсел медицина колледжіндегі оқуы туралы сөйлесуге құлықсыздық танытып, жұмыс туралы көбірек айтты.

– Еңбектену керек екен. Бізде еріншектік басым. Ақшасын көбейткісі келсе, адам бәрін өзінен бастауы керек, — дейді ол.

МЕШІТТЕ КЕЗДЕСКЕН БЕКТҰР: "ДҰҒАДА БОЛСАҚ, БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ"

Қалада адамдар көп жиналатын жердің бірі – мешіт. Бірінші шағын аудандағы орталық мешіттен жастарды көп көруге болады. Егде жастағылар да аз емес. Ерекше көзге түсетіні – сақал. Селдір сақал, қаба сақал, ешкі сақал, төрт түйір сақал. Біз бұл мешітке 8 шілде күні, Құрбан айттың қарсаңында бардық. Көп адам келіп, сыймағаны сыртта отырды. Сол күні шектік шалынды.

Жұма күні адам көп болған соң ба, есік алдында екі-үш әйел қайыр сұрап тұр. Күн қатты ыстық болған соң, жайнамаздарын басына қойып алған адамдар көп.

Жаңаөзен қаласы Бірінші шағын ауданындағы орталық мешіт. 8 шілде 2022 жыл.

Бір кезде барлығы сапқа тұрып, намаз оқи бастады. Бір бөлігі іште, бір бөлігі сыртта. Оқып болғаннан кейін жан-жаққа тараған жұрттың сөйлеуге құлқы жоқ.

32 жастағы Бектұр Ақтауға көшіп, Өзенге қайтып оралған. Саудамен айналысады, компьютер жөндеп, бақылау камераларын қондырады. Бектұр өмірге риза, барлығына шүкіршілік етеді, келешекке үмітпен қарайды.

– Шүкір ғой, себебі бұрынғы жағдайдан қазір жағдай басқа, біршама жақсарған. Еліміз тыныш. Жұмыс жөніндегі қиындықтар елде бар ғой. Жұмыс жасаймын деген адамға табылады, иншалла. Шындығында, қазір Өзенде халық көп. Жұмыс орнының табылмау себебі осыдан да болар. Барлығына жеңілдік тілеймін, иншалла. Бұл мәселелерді жоғары жақтағылар (биліктегілер) шешпесе, біз секілді қарапайым халық жолдарын біле бермейміз. Ішкі саясатта не болып жатқанын білмейміз ғой. Еліміз үшін деп жүрген жастармыз. Артық нәрсені ойлағымыз келмейді. Дұғадамыз. Дұғада болсақ, иншалла, бәрі де жақсы болады, – дейді ол.

Жаңаөзен қаласы Бірінші шағын ауданындағы орталық мешітке келген адамдар. 8 шілде 2022 жыл.

МҰҒАЛІМ НҰРЗАТ ӘБІЛДА: БІЛІМ САПАСЫ ТӨМЕН, ӘЛЕУМЕТТІК АЛШАҚТЫҚ ҮЛКЕН

Тараздық Нұрзат 2018 жылы жас мұғалім ретінде Жаңаөзендегі Білім-Инновация лицейіне ауысып келген. Басқа қалаларда сабақ берген ол мұнда өзі көрген екі мәселені баса айтты. Біріншісі – білім сапасы төмен.

– Батыс аймақтарда, Маңғыстау облысында білім сапасы төмен екен. Статистика да соны растайды. Бұл балалардың қабілетсіздігінен емес, кейбір мүмкіндіктердің болмауынан деп ойлаймын. Негізі, балалардың білімді қабылдауы басқа өңірлердің балаларынан кем емес. Көздері жанып тұр. Кедергінің бірі – мектеп және мұғалім жетіспейді, мектептегі, сыныптағы бала саны көп. Бұл да білім сапасына кері әсер етеді. Мұғалім жетіспеушілігінен кейбір мұғалімдер тым көп жүктемемен жұмыс істейді, – дейді Нұрзат.

Тараздық Нұрзат 2018 жылы жас мұғалім ретінде Жаңаөзендегі Білім-Инновация лицейіне ауысып келген. 6 шілде 2022 жыл.

Жаңаөзенде жас мұғалім байқаған екінші мәселе – әлеуметтік алшақтық.

– Бір отбасының жағдайы тым жоғары, ал екіншісінікі тым төмен. Сол бірден байқалады. Тараз сияқты басқа қалаларда орташа табыспен күнелтетін орта тап көп, ал бұл жақта сол орташа табыс табатын халық аз да, тым аз және тым көп табыс табатындар көп. Біреу миллиондап табатын мұнайшы болса, біреу тым аз айлыққа қарап отырған қарапайым жұмысшы. Бюджеттік мекеме мамандары, мемлекеттік қызметкерлер 100 мың теңге айлық алады. Миллион мен 100 мыңның арасы өте үлкен айырма емес пе? Бұл енді өсіп келе жатқан оқушылар арасын шиеленіс тудырады, баланың өзіне сенімін азайтады. Сөйтіп балалар өзін қор сезініп, ата-анасын кінәлайды, байдың балаларына, қоғамға өкпе, реніші, қызғанышы оянады, – дейді Нұрзат.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасы бастау алған қалада наразылық күшейіп тұр