87-сінде үйленген қария

Рамазан Керімбайұлы, 88 жастағы Алматы тұрғыны. Алматы, 29 қазан 2012 жыл.

Бірге тұрып жатқандарына бір жыл толған қариялар «Жалғыздықтан қашып немесе құр түсіністікпен үйленген жоқпыз. Шынайы сезім жетегіне ердік» дейді. Рамазан Керімбайұлы - 88-де, Лидия Тұматайқызы 78 жаста.

– Кәрінің де, жастың да өз тұрғысындағы махаббаты, сүйіспеншілігі бар. Әйтпесе көшеден көрінген адамды сүйреп әкеп, менімен тұр демейсің ғой, - деді Рамазан қарт.

Рамазан ақсақалдың айтқан сөзін қостап, қасында отырған Лидия Тұматайқызы өзі туралы:

– Елу жетінші жылы Мәскеуден ет-сүт өндіру кәсіпорны мамандығы бойынша бітіріп келдім. Алғашқы қызметімді ауылдық партия комитетінің жетекшілігінен бастап, Талдықорған облыстық үгіт-насихат бөлімінің бастығы қызметіне дейін өстім. 1979 жылы Қонаевтың өзі қабылдап, «Қазақстан тұтынушылар одағы» төрағасының орынбасар қызметіне тағайындады, - деді мақтанышпен.

САНАТОРИЙДЕГІ ТАНЫСТЫҚ

Рамазан ақсақалдың бірінші әйелі осыдан он жыл бұрын бақилық болған екен.

– Төрт ұл, бес қызым бар. Барлығы белді қызметтерде, - дейді Рамазан Керімбайұлы.

Рамазан Керімбайұлы (сол жақта) мен Лидия Тұматайқызы (оң жақта). Алматы, 29 қазан 2012 жыл.


Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақсақал ардагер ретінде арнайы квотамен Алматыдағы санаторийлерге жиі келіп тұрады. Сондай бір ем-дом сапарында Лидия Тұматайқызымен танысқан. Бір санаторийде жатқан қарттар әңгімелесіп жүріп, көңіл жарастырыпты.

Рамазан Керімбайұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай өңірінде туып өскен. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Хабаровск қаласында мергендер мектебінен өтіпті.

– Қырық үшінші жылдың сәуір айында Қиыр Шығыста соғысқа кіріп, қырық бесінші жылы оңтүстік Сахалинде аяқтадым. Бірақ елге елуінші жылы бірақ оралдым, - деген Рамазан ақсақал соғыстан кейінгі ғұмырын өз ауылындағы шаруашылықты қалпына келтіруге арнағанын айтты.

ӘНШІНІҢ ТҰҚЫМЫ

Ақсақалдың айтуынша, әкесі Керімбай Семей өңіріне белгілі әнші, сері болса керек. 1938 жылы халық жауы ретінде ұсталып, атылып кетіпті.

– Елу бесінші жылы жазықсыз жала жабылғаны жайлы айтылып, ақталғаны туралы қағаз келді. Оған дейін халық жауының баласы ретінде теперіш көріп келдік. Әкемді «үндеместің» адамдары алып кеткенде он үш жаста едім. Бір отбасында бір ұл, бір қыз қалдық, - деді өткен күндерін есіне алған қария.

Рамазан Керімбайұлының өзі де домбырамен ән айтады екен. Ақан серінің «Әудем жерін» орындап берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Рамазан Керімбайұлы айтқан Ақан серінің "Әудем жер" әні


- Әкем Керімбай кезінде Әміре Қашаубаевпен қатар отырып ән сайысына шыққан. Ел ішінде әндері көптеп айтылатын еді. Бірақ мен айтудан қорықтым. Ұмытып қалдық. Мәселен, қазір Біржанның әні ретінде айтылып жүрген «Бурылтай» әкемдікі болатын, - дейді қария.

«НАЗАРБАЕВ САЯСАТЫНЫҢ КЕНЖЕ ҚАЛҒАН ТҰСЫ»

Дастархан басында қос қария бүгінгі саясатты да әңгімеге арқау етті. Рамазан ақсақал Қазақстандағы өнеркәсіптің де халықты қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамымай қалғанын емеурінмен білдіріп:

– Совет одағының тұсында қаланың халқын ауыл асырайтын еді. Қазір Қытай асырап отыр. Шет мемлекеттерге қол жайып қалдық. Егер іргемізде Қытай болмаса, тоз-тозымыз шығып қаңғып кетер ме едік, - деді.
Қазіргілердің неге сонша халықты сорудан қорықпайтынына таң қалмын.

СССР тұсында 140-қа жуық кәсіпорын қарайтын ведомствода басшылық қызмет атқарғанын ескерткен Лидия анамыз қазіргі шенеуніктердің жемқорлыққа құмар екенін айтты.

- Бізге 140-тай кәсіпорын қарады. Бірақ бір тыйын артық алмайтын едік. Әйтпесе бүгінгілер құсап қағып-соғып, басқа біреулердің атынан құжат толтырып, басып қалу бәріміздің қолымыздан келетін. Алайда оған ар-ұятымыз жібермеді. Қазіргілердің неге сонша халықты сорудан қорықпайтынына таң қаламын, - деді ол.

Ал Рамазан ақсақал қазіргі саясат туралы сөзін "Назарбаевтың саясатының ең кенже қалған, халыққа тиімсіз жағы - ауыл шаруашылығын жолға қоймағандығы" деп түйіндеді.

Қадірлі оқырман, мақаланы автордың Facebook-тегі жеке парақшасында да талқылай аласыз.