Қазақстанға келетін ауған студенттері арнайы тексеруден өтеді

Масуд Ахмад Науахарри (сол жақта), Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің 1-ші курс студенті. Алматы, 11 шілде 2012 жыл.

Қазақстан мен Ауғанстан арасында жасалған білім саласындағы келісім-шарт аясында қазір елде жүзден астам ауған студенті оқып жатыр.

Олардың бір бөлігі Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде білім алады. Қазақстанға 2010 жылы келген студенттердің алғашқы легі биыл бірінші курсты бітірген.

30 МЫҢ ТЕҢГЕ

Медициналық университеттің 1-курс студенті, 20 жастағы Масуд Ахмад Науахарри – Қазақстанға 2010 жылы келген 70 студенттің бірі. Бір жыл бойы тіл дайындығынан өткен Масуд орыс тілін меңгеру қиынға түскенін айтады.

– Алғашқы семестрде бізге өте қиын болды. Орыс тіліндегі лекцияларды тыңдап, түсінуге тырыстық. Біз келген кезде тіпті орыс алфавитін де білмейтінбіз. Орыс тілі оқытушыларының арқасында пәндерді меңгеріп шықтық. Бірақ берілген білімді толық меңгердік деп айта алмаймын. Орыс тілінің өте күрделі тіл екенін білесіз ғой. Екінші семестрде кішкене оңайланғандай болды, - дейді Масуд Ахмад Науахарри.
Ауған студенттері мұнда оқу орнының жатақханасында тұрады. Мемлекет тарапынан айына 30 мың теңге көлемінде стипендия алатынын айтқан 1-курс студенті Махбубулла Хабиби бұл ақшаны аз деп санайды.

Масуд Ахмад Науахарри, Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің 1-ші курс студенті. Алматы, 11 шілде 2012 жыл.


- Алматыда 30 мың стипендиямен өмір сүру өте қиын. Мұнда азық-түліктің бағасы өте қымбат. Орталық қала болғанмен барлық заттар, нәрселер қымбат. Бірақ сонда да жеткізуге тырысамыз, - дейді Махбубулла Хабиби.

Студент Ахмад Фархад Сахибзаданың айтуынша, Қазақстанға келген ауған студенттердің арасында қыздар да бар.

– Бізбен бірге 11 ауған қыз келген. Олар да медицинада оқып жатыр. Бірақ олар басқа жатақханада тұрады. Ал келесі жылы тағы 30 қыз осы жаққа оқуға келеді деп естідім, - дейді ол.

СЕГІЗ ЖЫЛДЫҚ ОҚУ

Екі ел арасындағы келісім-шартқа сәйкес, медицина саласы бойынша мамандықтарды игеріп жатқан бұл студенттер елде сегіз жыл білім алады. Оның бір жылы дайындық курсына арналған.

Азаттық тілшісі әңгімелескен ауған студенттерінің айтуынша, олар еліне барғаннан кейін өзі игерген мамандықтар бойынша өз елінде екі жыл жұмыс істеуге тиіс. Тек содан кейін ғана қайда барып жұмыс істесе еркі бар.

– Біз оқуды бітіріп, елімізге қайтқан кезде бізден арнайы тест алады. Бұдан кейін мемлекет бізді қай жаққа жібереді, сол жерде шамамен екі жылдай жұмыс істеуіміз қажет. Тек содан кейін ғана қай жақта жұмыс істегіміз келеді, сол жерде жұмыс жасауға мүмкіндік бар, - дейді Масуд Ахмад Науахарри.

Студенттердің айтуынша, олар Қазақстанға келер алдында өз елінде арнайы сынақтан өткен. Бұл іріктеу кезеңіне Санжар Асфендияров атындағы медициналық университеттің ректоры да қатысқан.

АРНАЙЫ ТЕКСЕРУ

Жақында жергілікті ақпарат агенттіктері енді елге келетін ауған студенттерін арнайы орган қызметкерлері мен психологтар тексеретінін хабарлады.

Бұл турасында білім және ғылым министрлігіне арнайы сауал жолдаған Азаттық тілшісі екі аптадан кейін жауап алды. Онда ауған студенттерін тексеретін комиссия құрамына қатысты былай деп жазылған:

«Қазақстан республикасының үкіметі мен Ауғанстан ислам республикасының үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 12-ші бабына сәйкес, ведомствоаралық қабылдау комиссиясының құрамына ҚР білім және ғылым министрлігінің өкілдері – 3 адам (комиссия төрағасы, комиссия хатшысы, комиссия мүшелері), ҚР сыртқы істер министрлігінен – 1 адам (комиссия төрағасының орынбасары), ҚР денсаулық сақтау министрлігінен – 2 адам, ауыл шаруашылығы министрлігінен –1 адам, ішкі істер министрлігінен – 1 адам, ұлттық қауіпсіздік комитетінен – 1 адам кіреді».

Ауған абитуриенттер. Көрнекі сурет. Хост, 29 қаңтар 2012 жыл


Маусым айында елге келетін ауған студенттерін іріктеу мәселесіне тоқталған сенат депутаты Орынбай Рахманбердиев екі ел арасындағы келісім-шартты талқылау барысында:

«Біз бұл мемлекеттің жағдайын білеміз. Ол жақтан келетін азаматтарды кім іріктеп алып жатыр? Советтік кезеңде Қазақстанда ауған балаларына арналған интернаттар болды. Қоғам дегеннің не екенін білмейтін ол балалар ұжымға бейімделіп кете алмады. Мұндай жағдай қайталанбай ма деген қауіп бар» деп білім және ғылым министріне қарата сауал тастаған еді.

Бұған қатысты жауап берген білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Ауғанстандағы жағдайды білеміз, ол жақта әртүрлі ағымдар бар. Сондықтан өзіміздің азаматтар іріктейді» деген болатын.

Ресми дерек бойынша, екі ел арасында жасалған білім саласындағы келісім-шарт аясында 2021 жылға дейін Ауғанстанның 300 азаматын – кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында және 700 азаматын – жоғары оқу орнында оқыту» көзделген.