Шаруалар: «Малдан салық салатындай қи да шықпайды»

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Фермер Жарасқан Үмбетов мал қорасындағы қиды ойып жүр. Шілікті ауылы, Ақтөбе облысы, 15 ақпан 2014 жыл.

Ақтөбе шаруалары екі жыл бұрын қи салығын заңға енгізбей тұрып, әуелі ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру керек еді деп санайды. Салық қызметінің өкілі «бұл - салмақ түсетіндей сома емес» дейді.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шілікті ауылында тұратын Жарасқан Үмбетов – шағын шаруа қожалығының иесі. Жақында былтырғы табысы туралы декларация тапсыруға барған ол қи салығын төлеуге мәжбүр болғанын айтады.

«3 түйе, 10 қой мен 5 сиырымның қиы «ауаны ластап жатыр» деп 7372 теңге салық төлетті. Төлегім келмеген. Онсыз декларациямды қабылдамайтындықтан лажым қалмады» дейді Жарасқан.

Азаттық тілшісі үйіне іздеп барғанда Жарасқан қой қораның қиын ойып жатыр екен. Кесек-кесек қиды ауласының бір бұрышына текшелеп жинап қойған. Шағын, әрі мұнтаздай аулада түйенің құмалағы мен сиырдың жапасы бөлек жиналған. Мал иесі оны күн жылына кептіріп, өздері «тезек сарай» деп атайтын күркеде сақтайды екен.

«Бізде ауаны ластайтындай тау-төбе болып үйіліп, быршып жатқан тезек жоқ. Ауылымыз газдандырылмағандықтан малдың қиын кептіріп, отын қыламыз. Бір құмалақ та қалмайды. Мысалы, былтыр күзге салым Шіліктіде 1 машина қидың құны 15 мың теңге болды» дейді Жарасқан Үмбетов.

Қозы ұстап тұрған бала. Ақтөбе облысы, 15 ақпан 2014 жыл.

Шіліктінің тағы бір тұрғыны Жетес Елеусізов ұзын саны 53 бас ірілі-ұсақты малының қиы үшін 22 мың теңгеден астам салық төлеген. Оның сөзінше, Шалқар аудандық салық бөлімінің мамандары оған «мал қиынан ауаға төрт түрлі улы газ бөлінеді» деп түсініктеме беріпті. Жетес пен Жарасқанның сөзіне қарағанда, Шіліктідегі шаруалардың қазіргі «жыры» - осы.

Өзін «Амангелдімін» деп таныстырған Шілікті ауылының тағы бір тұрғыны қи салығынан жиналған қаржының экологиялық проблемаларды залалсыздандыруға жұмсалатынына күмәнмен қарайды.

«Біз газ құбыры тартылмаған шалғай ауылда тұрамыз. Негізгі отынымыз –малдың қиы. Сонда не үшін салық төлеп жатқанымызды түсіне алмай далмыз. Бізбен сөйлескен кейбір шенеуніктер «бір сиыр тәулігіне ондаған келі жапа тастайды» дейді ол.

«Еуропаның стандарттарын бізге телімесін! Олардың асылтұқымды сиырлары жем-шөптен бөлек витаминдерін жеп, жылы қорада тұрады. Ал қысы-жазы құмның ортасында жайылатын біздің сиырлардың жапасы ондаған келі тұрмақ, 4 келіге де жетпейді. Шіліктінің сиырлары ауыздары көкке тиген соң ғана жапалай бастайды. Қазір құмалақтап жүр» деп ашулана сөйледі фермер.

Кішіқұм ауылдық округінің ветеринарлық бас маманы Марта Ізмағамбетова. Ақтөбе облысы, 15 ақпан 2014 жыл.

Кішіқұм ауылдық округінің ветеринарлық бас маманы Марта Ізмағамбетованың айтуынша, бұрын-соңды қи салығы жиналмағандықтан ауыл әкімдігінде оған қатысты ешқандай статистика жоқ.

Ресми мәлімет бойынша, ауылдық округте 44 шаруа қожалығы, төрт жарым мыңға тарта ірі қара бар.

Ақтөбедегі салық басқармасының бас маманы Гүлжанат Байдәулеттің айтуынша, қи салығы аса қымбат емес.

«Біз салық кодексіне сүйеніп отырмыз. Онда «ауылшаруашылығы қалдықтарына 0,009 айлық есептік көрсеткішке тең төлем алынсын» деп көрсетілген. Қазір айлық есептік көрсеткіш – 1853 теңге. Демек шаруалар қидың әр тоннасы үшін жылына бір рет 16 теңге 67 тиын төлеуі тиіс» дейді салық маманы Азаттыққа.

Қазақстанның салық кодексіне енгізілген соңғы толықтыруларға сәйкес осы кодекстің 495-бабы бойынша 2012 жылдан бастап Қазақстандағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға тезектен шығатын табиғи газ мөлшеріне байланысты салық салына бастаған еді. Үкіметтің бұл ұсынысын жақтаушы кейбір экологтар мұндай шара шаруалардың фермаларына биогаз құрылғыларын орнатып, табиғи газ алуына, әрі тазалық сақтауына себеп болады деп ойлайды.