Кітап оқу сирек хобби болған

7-сынып оқушысы Дарын Дастанұлы кітап оқып отыр. Алматы, 10 маусым 2014 жыл.

Жасөспірімдер каникул кезінде кітап оқи ма? Кітап дүкені өкілдері «кітапқұмарлар көп» дейді. Бірақ жасөспірімдер арасында кітап оқуды жақсы көретіндер аз деген де пікір бар.
Алматыдағы №175 «Жаңа ғасыр» мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Дарын Дастанұлы жазғы каникул кезінде 20 кітап оқып шығуды жоспарлаған. Мектеп тапсырмасы бойынша жазда оқуға берілген кітаптардан бөлек ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романдарын оқығысы келеді.

– Көркем әдебиет пен тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Бұл қасиет маған бай кітапханасы бар нағашы атамнан дарыған. Бірақ менің құрдастарымның мүлде кітап оқығысы келмейді. Олар мұны «уақытты текке өткізу» деп атайды, – дейді Дарын Дастанұлы Азаттық тілшісіне.

Ол екі апта ішінде фантастика және тарихи жанрда жазылған бес кітап оқып шыққан.

КІТАП ДҮКЕНІНДЕ

Қазақ ұлттық университеті оқытушысы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Тұрғанжан Төлебаевты Азаттық тілшісі Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінде жолықтырды.

– Интернетте қазақ тілінде көркем әдебиет аз. Сондықтан қазақша оқитын жастар әдеби шығармаларды амалсыздан тікелей кітаптан оқиды. Ал орыс тілді бөлігі

Профессор Тұрғанжан Төлебаев. Алматы, 12 маусым 2014 жыл.

көбінесе интернеттен оқиды, – дейді Тұрғанжан Төлебаев Азаттық тілшісіне.

Оқытушының пікірінше, әдеби кітап оқитын жастар аз емес.

– Әрине, 1980-1990 жылдармен салыстырғанда, кітап оқу азайды, жастар оқыған кітаптары жайлы пікір таластырмайды, ойланбайды, дауласпайды. Мұның қынжылтатын жағдай екенін мойындау керек, – деген Тұрғанжан Төлебаев әлем және қазақ классиктерін оқуға кеңес береді.

«Кітаптар» дүкенінің сатушысы Раиса Ахмедуллинаның айтуынша, 15 жылда дүкеннің өз оқырмандары қалыптасқан. Мұнда көбінесе энциклопедия, тіл және тіл білімі туралы әдебиетті оқумен әуестенетін балалар мен жасөспірімдер келеді.

– Жастардың кітапқа деген қызығушылығы жоғалып кетті деп айта алмаймын. Кітапқа деген сұраныс азайған жоқ, азаймайды да. Жұрт «қазір балалар кітаптан

«Кітаптар» дүкенінің сатушысы Раиса Ахмедуллина. Алматы, 12 маусым 2014 жыл.

гөрі компьютер, планшетпен көбірек әуестенеді» деп жатады Бірақ кітапқұмар балалар әлі де көп, – дейді Раиса Ахмедуллина.

Сатушының айтуынша, кітап дүкеніне нағыз кітапқұмарлар, оқыған кітабынан ләззат алатын балалар мен жасөспірімдер жиі келеді.

МҰҒАЛІМ ПІКІРІ

Әдебиет пәні мұғалімі, «Шәкен Айманов» қоры президенті Ирина Айманова «қазір балалар көркем әдебиетті мүлде оқымайды» дейді.

– Балалар ақпаратты теледидар, радио, интернет сияқты түрлі жолдармен алады. Бұл кеңістікте кітап оқу дәстүріне сақтап қалған оқырман аз, – дейді Ирина Айманова Азаттық тілшісіне.

Әдебиет пәні мұғалімі «математиканы тереңдетіп оқытатын мектепте 11-сынып оқушыларына 20-ғасырдан бергі әлем әдебиетін оқуға небәрі 30 апта бөлінген»

Алматыда ұйымдастырылған мобильді кітапхана оқырмандары. 12 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

деп қынжылады. Оның айтуынша, кітап оқымайтын, мәтінге назар аудармайтын балалардың тілі жұтаң, өз ойын көркем жеткізе алмайды.

Мұғалім «сыныбымдағы 24 оқушының тек төртеуі ғана көркем әдебиет оқитынын білгенде қайран қалдым» дейді. Ол газет-журналды оқуға тұрмайтын көркемдіктен жұрдай, мещандық сарындағы сорақылыққа балайды.

Ирина Айманованың пікірінше, кітап оқу – ауыр еңбек, ал қиналып еңбектенгісі келмейтін жастар рухани тұрғыдан жүдеп барады. Әдебиет пәні мұғалімі «әйтеуір бұл құбылыс жаппай сипат алып кетпей, жастар әдебиет арқылы асқақ дүниелерге ұмтылса екен» дейді.

Азаттық тілшісі Алматы қаласынан жасөспірімдерге арналған оқырман клубтарын таппады. Тек Бегалин атындағы кітапханада ғана кітапқұмар балалар жиналатын орталық бар екен.

Алматылықтардың көбі «қалада кітап оқитын балалар мен жасөспірімдер өте аз, қазір кітап оқу сирек әрі жұртты қызықтырмайтын хоббиға айналды» деп есептейді.