Кафе-бардың соты құрылыс басында өтті

Балалар кітапханасы маңындағы құрылысқа қатысты көшпелі сот. Алматы, 17 шілде 2014 жыл.

Тұрғындар Алматыдағы балалар кітапханасы жанында салынып жатқан кафе-бардың «заңсыз құрылысын» тоқтатуды талап етті. Ал құрылыс компаниясы заңды құжаттары түгел екенін айтады.

Шілденің 17-сі күні Алматыдағы Төле би мен Достық көшелері қиылысы аумағында, Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасына жақын маңда салынып жатқан даулы кафе-бар құрылысына қатысты алғашқы көшпелі сот отырысы болды.

ҚҰРЫЛЫС БАСЫНДА ӨТКЕН СОТ

Сот кафе-бардың құрылысы басында өтті. Журналистерді құрылыс орнына – ғимарат қаңқасының ішінде өткен көшпелі сотқа кіргізбеді. Тілшілер соттың тек ғимарат сыртында өткен екінші жартысына ғана куә болды.

Көшпелі сотты Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлжан Оңланбекова жүргізді. Ол көмекшілерімен бірге құрылыс орнын аралап көріп, тараптардың арыз-тілектерін тыңдады.

Сот процесіне үш тарап – шағым иесі (Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті) мен жауапкер («Қамқор-центр» құрылыс компаниясы) және құрылыс маңындағы үйлер тұрғындары қатысты.

Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті сотқа «барлық құжаттары түгел болғанша құрылысты уақытша тоқтата тұру» туралы шағымданған. Алайда мекеме өкілі бүгінгі көшпелі сотта журналистерге түсініктеме беруден, қандай құжаттар толық емесін айтудан бас тартты.

ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Көшпелі соттағы негізгі дау «Қамқор-центр» құрылыс компаниясы мен тұрғындар арасында өрбіді. Тұрғындар судьяға «компанияның құрылысты заңсыз бастағанын, санитарлық-экологиялық талаптарды орындамай отырғанын» айтты.

Кафе-бар құрылысы тұрғындардың көшеге қараған терезелерін жауып тұр.

– Кафе-бар құрылысы тұрғындардың үйлерінің көшеге қараған терезелерін жауып тұр. Құрылыстағы гуілдеп тұратын жүк көтергіш лифтіні темірмен қаптап қойды – ол қатты қызып, жүректі айнытады. Бұған қоса мұржадан ылғи су ағады. Өрт сөндірушілер алда-жалда бір оқиға болса, бізге көмектесе алмайтынын айтты, – дейді тұрғындардың бірі Людмила Калинина.

Ол кафе-барға жақын жерде Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасы барын айтып, құрылыс компаниясы «ішімдік ішетін орындар ондай ғимараттардан 100 метр алыс болуы керек» деген талапты да орындамай отыр деп біледі.

ВИДЕО: Құрылыс басындағы көшпелі сот, 17 шілде 2014 жыл

Your browser doesn’t support HTML5

Кафе-бар соты құрылыс басында өтті

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ УӘЖІ

Сот барысында судьяның көмекшісі жауапкер «Қамқор-центр» компаниясының өкілі Азамат Асылбековтен: «Неге рұқсатсыз құрылыс бастадыңыздар?» деп сұрап еді, ол барлық құжаттарды сотқа өткізгендерін мәлімдеді.

Құжаттар түгел, санитарлық-экологиялық талаптарды орындап жатырмыз.

Азамат Асылбеков құрылыс бастауға рұқсат ететін заңдық құжаттары түгел екенін, санитарлық-экологиялық талаптарды орындап жатқандарын айтып, тұрғындардың шағымдарын жоққа шығарды. Ол «не болса да дауға сот нүкте қояр» деп біледі.

Шамамен жарты сағатқа созылған көшпелі соттың соңында судья Гүлжан Оңланбекова келесі сот отырысын шілденің 31-іне белгілеп, сот шешімі сол кезде шығатынын хабарлады.

Төле би көшесі бойындағы тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасында бір жылдан бері жалғасып келе жатқан дауға 2013 жылдың тамыз айында салына бастаған, қазір аяқталуға таяған кафе-бар құрылысы себеп болып отыр. Құрылыс маңындағы қоқыс пен шудан ығыр болғанын айтқан тұрғындар «бұл жерде түнгі клуб салынып жатыр» деп мәлімдеп, бұған дейін де наразылық танытқан.

ВИДЕО: «Түнгі клуб салуға» қарсылық, 18 маусым 2014 жыл

Your browser doesn’t support HTML5

"Түнгі клуб салуға" қарсылық