Алматының «Құлагер» базарындағы өрт

Азаттық тілшісі оқиға орнына жеткенде өртеніп жатқан базарларды сыртынан полиция қоршап тұр екен. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Құлагер» базарының алдындағы полиция тосқауылы. Алматы, 17 қараша 2013 жыл. 

Әуеге көтерілген қою түтін күннің көзін көлейгелеп, шұбатылған ізі қаланың екінші шетіне дейін созылып жатты. Өрт сөндіру техникалары мен әуеден тікұшақ су шашып жүрді. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметі өкілі Антон Кияткиннің айтуынша, базардан өрт шыққаны туралы хабар өртке қарсы қызмет кезекшісіне таңғы сағат алтыда түскен. «Ең жоғарғы» деген дәреже берілген өртті сөндіруге Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің 31 техникасы мен 250 қызметкері, Алматы облысының 10 техникасы мен 45 қызметкері, «Қазавиаспастың» 1 тікұшағы жұмылдырылған.

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өртті сөндіруге келген Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өртке қарсы күрес қызметінің адамдары. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өртке қарсы күрес қызметінің адамдары. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Жексенбі күнгі базардағы өрт салдарынан негізінен саудагерлердің контейнерлері, қоймалары, халық тұтынатын тауарлар өртенді.

Алматыдағы «Құлагер» базарында киім саудасымен айналысатын Рисәла есімді кәсіпкер әйел базардағы өрт туралы ести сала, таңғы сағат алты жарымда базарға жетіп, ертерек қимылдағанының арқасында тауарларын өрттен аман сақтап қалғанын айтады. Оның сөзінше, базардағы саудагерлерге ол жерді босату туралы ескерту айтылған. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Саудагерлер «Құлагер» базарындағы тауарларын базардың сыртына шығарып, одан ары арбаға тиеп, қапқа салып әкетіп жатты. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Базарда өрт болған күні арбамен жүк таситындарға жұмыс көбейді. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Құлагер» базарының саудагерлері сыртқа шығарған тауарларын қапқа салып жатыр. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Құлагер» базарында аяқ киім саудасымен айналысқан Нұрила өрт кесірінен тауарсыз қалғанын айтады.

- Бізден орын үшін алатын желтоқсанның ақшаларын  ерте жинап алды. Өрттің неден шыққанын білмейміз, жұрт әртүрлі қауесет айтады. Енді білмеймін не істейтінімді, бар тауарым өртеніп кетті, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өртті сөндіруге келген Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өртке қарсы күрес қызметінің адамдары. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Жексенбі күні әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ таратқан ақпараттарда «Базарды әдейі өртеген» деген қарапайым адамдар мен саудагерлер болжамы мен төтенше жағдайлар департаментінің «Құлагер» базарын бір апта бұрын тексеріп, ескерту жазып кеткені туралы хабарлар қатар шықты.

Ақпарат агенттіктері «Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті «Құлагер» базарындағы өрт қауіпсіздігін қарашаның 11-і күні тексеріп, базар басшыларына 13 түрлі заң бұзушылық туралы ескерту жазып кеткен. Одан бөлек, департамент Алматыдағы ауданаралық экономикалық сотқа «Құлагер» базарының жұмысын тоқтату туралы арыз түсірген» деп хабарлады.

Азаттық тілшісіне кейбір саудагерлер «Құлагер» және «Арал» базарларының өртеніп жатқанын айтса, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметі өкілі Антон Кияткин «тек «Құлагер» базарының өртенгенін» мәлімдеді. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Өртенген базардың алдында тұрған полиция тосқауылы. Алматы, 13 қараша 2013 жыл.

Өрт шыққан «Құлагер» базарына барар жолда тұрған полиция қызметкерлері мен көліктері. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Базардың алдына қойылған полиция қызметкерлері түтіннен қорғану үшін бетіне медициналық маска тағып алған. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Құлагер» базарындағы өрт салдарынан осы ауданда орналасқан басқа базарлар бұл күні жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. 

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрттен әуеге көтерілген қою түтін күннің көзін көлейгелеп, шұбатылған ізі қаланың екінші шетіне дейін созылып жатты. Өрт болған базардан бірнеше шақырым жердегі «Құлагер» ықшам ауданында түсірілген сурет. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметі өкілі Антон Кияткиннің айтуынша, 17 қараша күні «Құлагер» базары аумағының үш мың шаршы метрден астамы өртенген.

Азаттық тілшісі өртке қарсы қызметтің өкіліне бұған дейін қыркүйекте осы базарда болған үлкен өрттен кейін өрт қаупінің алдын алу үшін қандай қауіпсіздік шаралары атқарылғаны туралы сұрақ қойды. Кияткин оған «Бұл сауалға нақты жауапты Алматы қаласының өрт қауіпсіздігін бақылау қызметі береді» деді.

Соңғы екі айдың ішінде Алматының «Барахолка» базарында осымен екінші үлкен өрт болып отыр. Бұның алдында, 13 қыркүйек күні «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген еді. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, ол өрттің аумағы 5,4 мың шаршы метр болған.

Алматы қаласы әкімдігі мен «Барахолка» базарларының басшылығы арасында бірнеше жылдан бері жер дауы жалғасып келеді. Әкімдік 2013 жылы жазда «Барахолка» аумағынан өтуі тиіс жолды салу үшін «базарларды тәртіпке келтіретінін» мәлімдеген еді.