Махамбет «полицейдің қалтасын жыртқаны» үшін сотталуы мүмкін

«Шаңырақ» ұйымының жетекшісі Махамбет Әбжан. Астана, 8 мамыр 2014 жыл.

Астанада тұратын азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның үстінен үш қылмыстық іс қозғалды. Оны «билік өкілдерін қорлады, оларға бағынбады және күш көрсетті» деп айыптайды.

Махамбет Әбжан қамаудан 200 мың теңге кепілақы төлеп, жуырда босады. Ол «ұсақ бұзақылығы» үшін әкімшілік заңдарды бұзып ұсталғандарға арналған орында 10 тәулік отырып шықты. Бірақ енді оны «полицейдің қалтасын жыртып, полицейлерді қорлады» деп айыптайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық іс. Аудиоподкаст.

ЖЫРТЫЛҒАН ҚАЛТА

Махамбет Әбжанның Азаттыққа айтуынша, оны мамыр айында екі мәрте ұстап әкеткен. Екінші ретінде салық басқармасы қызметкерлері мен полицейлерді видеоға түсірген «ұсақ бұзақылығы» үшін 10 тәулікке қамау жайлы шешім шығарған.

Жер реформасына қарсы наразылық митингілері өтеді деген бірнеше қалада билік 20-дан аса азаматтық белсендіні «сақтықпен» қамауға алды. Заңсыз митинг өткізбек болды деген айыппен 15 тәулікке қамалған белсенділердің көбі жазасын өтеп, жуырда әкімшілік қамаудан шығуы тиіс. Бірақ кей белсенділер қамауда әлі де қалуы немесе жаңа әрі қатаң айыптаулар бойынша сотталуы мүмкін. Саяси астары бар айыптаулармен бұған дейін де талай мәрте түрмеге түскен Махамбет Әбжан енді полиция және прокуратурамен тіресуі тиіс.

Қарағандылық белсенді Ғалымбек Ақылбеков жер реформасына қарсы акция өткізіп тұр. Астана, 20 сәуір 2016 жыл.

Махамбет Әбжан биліктен ескертуді мамыр айының басында - «Алаш жолы» бастамашыл тобының Астанада өткен жиналысында алған. Ол кезде оны жеке басын анықтау үшін ұстап әкетіп, митинг өткізуге болмайды деп ескерткен. Кейінірек белсенді «Перископ» әлеуметтік желісінде трансляция жүргізіп, әлгі құжатты өртеген.

Қазір Махамбет Әбжанның үстінен қозғалған іске «қорлау», «бағынбау» және «билік өкілдеріне күш көрсету» қылмыстық баптары қосылған.

Махамбет абақтыда отырған кезде полицейлер беттестіру өткізгенін айтады. Олар ертіп әкелген алты полицейдің бірі «белсенді қалтамды жыртып тастады» деп мәлімдеген. Кейін белсендінің балағаттағаны жазылған видеоны көрсеткен.

Мен бұл айыпты мойындамаймын, өйткені олар мені заңсыз ұстап әкетті, ал заңсыз талапты орындамау - бағынбау емес. Олардың әрекеті заңсыз, өйткені маған повестка беріп, хаттама толтырған жоқ, шағымданушы да болған жоқ.

- Мен бұл айыпты мойындамаймын, өйткені олар мені заңсыз ұстап әкетті, ал заңсыз талапты орындамау - бағынбау емес. Олардың әрекеті заңсыз, өйткені маған повестка беріп, хаттама толтырған жоқ, шағымданушы да болған жоқ. Екіншіден, мен нақты біреуді балағаттаған жоқпын, бұл менің тарапымнан табиғи реакция болды, қолымды қайырып ауыртып, қытықтаған кезде еріксіз танытқан рефлексім. Мұны мен қасақана жасаған жоқпын, бар болғаны наразылық білдіруім, - дейді Махамбет Әбжан.

Белсенді істің саяси астары бар деп санайды, бірақ ол полицейлерге өзін айыптау үшін сылтау тауып бергеніне өкінеді.

Азаттық тілшісі екі күн қатарынан ішкі істер департаменті өкілдерінен Махамбет Әбжанның ісіне қатысты комментарий беруді сұрады.

Астана орталығындағы полицейлер. 21 мамыр 2016 жыл.

Тергеуші Саят Әбішев ешқандай комментарий бермейтінін айтып, сауалды Астана ІІД басшылығына жолдауды ұсынды. Ведомствоның баспасөз қызметі Азаттыққа ақпарат беруге уәде еткенімен, кейін телефон қоңырауларына жауап бермеді. Келесі күні Астана ІІД-нің баспасөз қызметі жазбаша сауал жолдауды ұсынды.

Махамбет Әбжан 2006 жылы - «Патриот жастар одағы» жетекшісі ретінде саясатқа енді ғана араласа бастаған кезде Астана қаласы мәслихаты депутаты болып сайлануға тырысқан. Бірақ «сайлау компаниясы кезінде қаржылық алаяқтық жасады» деген айыппен үш жылға сотталған.

Түрмеден шыққаннан кейін де қоғамдық жұмысын тоқтатпай, саяси және әлеуметтік жобалармен айналысқан Махамбет Әбжан енді «қалта жыртты» деген айыппен сотталуы мүмкін. 2010 жылдың шілдесінде үш күнге созылған сотта Ақтөбе қаласында тұратын белсенді Айдос Садықов осыған ұқсас, яғни өзін ұстап әкеткен екі полицейдің «жейдесін жыртты» деген айыппен екі жылға сотталған болатын. Айдос Садықов мұны ойдан шығарылған айыптау деп атап, түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай әйелі әрі оппозициялық журналист Наталья Садықоваға сотталу қаупі төнген кезде бала-шағасымен Қазақстаннан кетіп қалған.

АРНАЙЫ ҚАМАУ ОРНЫ

Махамбет Әбжан өзге «митингішілермен» бір камерада болмағанымен, әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнында бірге отырғанын айтады. Ол «мамырдың 21-і митинг ұйымдастырғаны» үшін 15 тәулікке қамалған белсенді Еділ Мәкеннің көрші камерада отырғанын онымен терезе арқылы дауыстап сөйлесіп анықтаған. Ал жер реформасына қарсы митинг ұйымдастырмақ болды деп қамалған белсенді Мақсат Ілиясұлы тағы бір көрші камерада отырған.

Қарсылық шеруіне қатыспақ болған азаматтарды ұстап жатқан полицейлер. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

- Олар бүкіл «митингішілерді» біртіндеп біздің жаққа отырғызды, ол жерде камералар дәліздің екі жағында орналасқан ғой. Ол жерде барлығы сегіз адам отырғанымызды естідім. Еділ Мәкенді ғана әлдебір жігітпен бірге отырғызды, ал қалғандарымызды бөлек-бөлек қамады. 10 тәулікті екі кісілік камерада отырып шықтым, әуелі жанымда бір кісі болған, бірақ оны кейін басқа камераға ауыстырып жіберді. Қамалғандардың бәрін бір-бірден отырғызды, өзгелерді үгіттейді деп қорыққан болар,- дейді Махамбет Әбжан.

Eurasianet.org сайты дерегінше, аграрлық жерлерді жеке меншікке сату мен шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы жуырдағы наразылық акциялары кезінде Қазақстанда кемі бір жарым мың адам ұсталған. Қазір 30 шақты белсенді мен әлеуметтік желілерді пайдаланушы 15 тәуліктік әкімшілік қамауда отыр. Қамаудағылардың көбі әлеуметтік желілер арқылы жер реформасына қарсы наразылығын білдіріп, билік рұқсат бермеген митингілер мамырдың 21-і өтуі мүмкін деп жазған болатын.

Маусымның 1-і күні Астанада «мамырдың 21-і митинг ұйымдастырмақ болғаны» үшін қамалған алғашқы белсендіМақсат Ілиясұлы, ал маусымның 3-і қалғандары шығуы тиіс.