Имамдарды хиджабқа қатысты позицияларын анықтауға шақырды

Қазақстан дінтанушыларының бесінші форумы кезінде. Астана, 29 қазан 2015 жыл.

Қазақстанда дін мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мұсылман әйелдерінің жаулығы – хиджаб киюге қатысты бірыңғай позиция белгілеп, антитеррористік үгіт-насихат негіздері пәнін енгізу арқылы мектеп оқушылары мен колледж студенттерімен жұмысқа түзету енгізуді сұрайды.

Бүгін Астанада өткен Қазақстан дінтанушыларының бесінші форумында «елдегі имамдар мектеп-колледж оқушыларының хиджаб киюіне қатысты әр қилы көзқарас ұстанады» деген мәлімдемелер айтылды. Ақмола облысы дін істері басқармасы бастығы Сәуле Ибраева дін істері комитетін бұл мәселеге назар аударып, нақты шара қолдануға шақырды. Ол бұл нормаларды ислам діни басқармасы сайтында жариялауды ұсынады.

Үзіліс кезінде Азаттықпен әңгімелескен шенеунік бұл тақырыпқа қатысты әлдебір комментарий беруден қорқатынын айтты.

– Имамдардың көбі осылай ойлайды ғой… Олардың өздерінің жұбайлары да хиджаб киеді ғой. Мысалы, олар ақпараттық топ құрамына кіреді делік… Бұл жайлы бірдеңе деп айтуға мен мүлде қорқамын. Ақпараттық топ мүшелері мектепте хиджаб киюге қатысты бірыңғай көзқарас ұстануы тиіс. Бірыңғай киім формасы талабын мектеп оқушыларының бәрі орындайды емес пе? Қыз бала мектепке орамал тақпай келсе, [Құдайға] сенімін жоғалтты дегенді білдірмейді. Имамдар, міне, осы жайында айтуы тиіс, – дейді Сәуле Ибраева.

Оның айтуынша, имамдардың көпшілігі бұл позициямен келіскенімен, оны «біреулері насихаттайды, енді біреулері насихаттамайды».

Қазақстан дінтанушыларының бесінші форумында ішкі істер министрлігіне қарасты криминалдық полиция департаментінің экстремизммен күрес басқармасы басшысының орынбасары Дархан Разуев тағы бір ұсыныс айтты. Оның пікірінше, оқу орындарында дін негіздері сабақтарын ғана жүргізу жеткіліксіз, енді «террорға қарсы үгіт-насихат негіздері» пәнін де оқыта бастау қажет.

– Қазір қоғамда радикалдану азайды, бірақ террористік ұйымдар жұртты өз қатарына тарту үшін әлеуметтік желілер немесе жеке адамдарды тікелей үгіттеу әрекеттерін күшейтті. Бұған қарсы тұру жолдарын көрсететін арнайы басылым құрастыру туралы ойланатын кез жетті, – дейді Дархан Разуев.

Бірақ конференцияда «білікті теолог-мамандар барлық жерде тапшы, ал ақпараттық-үгіт топтарына дінтану негіздері оқытушылары, полицейлер мен әкімдік өкілдері ғана кіреді» деген мәлімдеме жасалды.

Қазақстан дінтанушыларының бесінші форумы кезінде. Астана, 29 қазан 2015 жыл.

Шенеуніктердің бұл ұсыныстарын діни басқарма өкілдері тікелей естімеді. Имамдар дінтанушылардың бесінші форумы сессиясының ашылуы мен кофе-брейкіне ғана қатысып, кейін залдан кетіп қалды. Сондықтан олар дін істері комитетіне қарасты ведомстволық ұйым шенеуніктерінің форум мінберінен өздеріне арнаған ұсыныстарын естімеді. Үзіліс кезінде діни басқарма өкілдері журналистерге әлдебір комментарий беруден бас тартты.

Қазақстанда билік өкілдерінің көбі хиджаб кию – жергілікті емес, шетелдік кейбір ағымдардан енген дәстүр деп есептейді. Бірер жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа шығарып, хиджаб киюге қатысты өз позициясын мәлімдеген. Ол пәтуаға сәйкес, «әлдекімді хиджабты шешуге мәжбүрлеу немесе оны шешуден бас тартқаны үшін сабаққа кіргізбеу заңды діни қызметке кедергі келтіру, азаматтардың дінге қатысты құқығын бұзу және олардың діни сезімін қорлау болып саналады». Мұндай кезде білім беру жүйесінің ресми өкілдері «оқу орындарының зайырлы сипаттағы өз дресс-коды бар» деп түсіндірген.