Төсек жалға берілетін қонақ үйлер пайда болды

Астанадағы хостелдің сыртқы көрінісі. 10 қаңтар 2013.

Азаттық тілшісі Астанада жуырда ашылған мини-отельді көріп қайтты. Әлемнің көптеген елдерінде «хостел» деп аталатын мұндай қонақүйдегі бір адамдық орын бағасы 2 мың теңгеден басталады.
Астанадағы шағын отель қожайыны Манас Сәкенов хостел ашу жайындағы идея ойда жоқта келгенін айтады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қытайда білім алған ол елге оралған соң қосымша табыс көзін қарастырады.

ТӨРТ БӨЛМЕЛІ ҚОНАҚ ҮЙ

Қымбат қонақүйді қалтасы көтермейтін адамдарға арналған ең алғашқы шағын отельді 1912 жылы неміс мұғалімі Ричард Ширманн ашқан. Оқушыларымен бірге қалаларды аралап саяхаттауды ұнататын мұғалім үнемі арзан қонақүй таба алмай қиналады. Сөйтіп демалыс кездерінде босайтын мектептерге қонуды әдетке айналдырады. Кейін арзан қонақүй ісін кәсіпке айналдырады. 1980 жылдарынан бастап Еуропада хостелдер көптеп ашылды. Қазақстанда мұндай қонақүйлер соңғы бірнеше жылдан бері жұмыс істей бастады.

Манастың сөзінше, ол YouTube-тен Ресейде алғашқы хостел ашып, миллионер атанған жиырма жастағы жігіт жайлы видеороликті көрген соң өзі де Астанада

Хостел қожайыны Манас Сәкенов. Астана, 10 қаңтар 2013 жыл.

мини-отель ашуды ұйғарады. Бірақ шағын қонақүй ашу үшін ең әуелі нысан керек.

«Оның да жолы оңай шешілді» дейді Манас. «Іздегенге - сұраған», сол жағалауда орналасқан «Номад» тұрғын үй кешеніндегі танысының төрт бөлмелі пәтері босайды. Жас кәсіпкер хостел туралы идеяны үй иесіне айтып, пәтерді жалға алады. Сөйтіп, 2012 жылдың қазан айынан бастап жұмысын бастайды. Манастың айтуынша, «бұл кәсіптен пайда табуға болады».

Оның хостеліндегі екі бөлмеге қос қабатты (екі адамдық) үш кереуеттен қойылған. Тағы бір бөлмеге екі адамдық төсек орнатылған. Алты кереуетті екі бөлме ерлер және әйелдер бөлмесі деп бөлінеді. Бұл бөлмелердегі кереует құны – 2000 теңге.

Ал екі адамдық бөлме ерлі-зайыптыларға арналған. Мұндағы төсек үшін 3500 теңге төленеді. Әр бөлмеде теледидар, тұрғындардың жеке заттарын салатын сейфтері бар. Интернетке кірем деген қонақтар үшін wi-fi да орнатылған.

Айта кету керек, мұндай бағаға Астанадан, әсіресе cол жағалаудан жатын орын табу мүмкін емес. Қаладағы ең арзан деген бір бөлмелі пәтердің өзін тәулігіне кемінде 5 мың теңгеге жалға береді.

КӘСІПКЕРЛІК ЖОБА

Азаттық тілшісі барған уақытта Манастың хостелінде үш адам жайғасқан екен. Олардың бірі Астанаға Алматыдан іссапарға келіпті. Ал Тараз бен Атыраудан келген екі жігіт осында жұмыс істейтін болып шықты. Екі жігіт хостел иесіне өздерінің ұзақ мерзімге тұрақтайтындарын ескертіп, төсек ақыны арзандатқан.

Соның бірі – атыраулық Бақыт Сәрсенов. Астанаға келгеніне жеті айға жуықтаған

Азаттық тілшісі (сол жақта) қонақ үй тұрғыны Бақыт Сәрсеновпен бірге. Астана, 10 қаңтар 2013 жыл.

ол бұл пәтерде қаланың орталығы және арзан болғандықтан тұрып жатқанын айтады. Бақыттың сөзінше, оған «қожайынның қонақжайлылығы ұнайды».

Үш айдам астам уақыт ішінде хостелге қазақстандықтардан өзге Ресей, Украина және АҚШ-тан қонақтар түскен. Осы үйде қонақтаған меймандар
лебіздерін жазбаша түрде де қалдырған.

Манастың сөзіне қарағанда, Қазақстанда хостел бизнесіне қатысты арнайы қабылданған заң жоқ. Мұндай жағдай көрші Ресейде де бар екен. Оның айтуынша, «хостел салық төлеу мекемесіне жеке кәсіпкерлік жоба ретінде
тіркелген».

Астана қаласында Манастың шағын отелінен өзге «хостел» атауын иеленген қонақ үй де бар. Бұл мини-отель жатақханада ашылған. Мұнда ең арзан бөлмедегі
төсекті жарты тәулікке – 1200 теңгеге, бір тәулікке 1400 теңгеге жалдауға болады.

Шағын отелдегі алты адамдық бір бөлме. Астана, 10 қаңтар 2013 жыл.

Ал бірінші және екінші категориялы бөлмелердегі (теледидар, душы бар) бір кереует үшін 3500-5000 теңге арасында ақы төлейсіз.

Әрине, сол жағалаудағы жаңа заман үлгісімен салынған үйдегі шағын отельмен «Жігер» қонақ үйін салыстыруға келмейді. Бірақ әркім қалтасы мен қалауына қарай көсіледі.

Азаттық тілшісі сөйлескен хостел иелері алдағы уақытта осындай пәтерлерді көбейтуді көздейтінін айтты. Олардың пікірінше, бұл ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді.

Астана қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, 2012 жылы Қазақстанның астанасын жарты миллионнан астам турист көріп қайтқан. Олардың 110 мыңнан астамы – шетелдіктер. Төрт жылдан кейін Астанада өтеді деп жоспарланып отырған «Экспо-2017» көрмесі кезінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өсуі мүмкін.