Астана мен Шымкентте доллар қат бола бастады

Ақша айырбастау пункті алдында тұрған жұрт. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.

Бірнеше ірі қаладағы ақша айырбастау орындарында доллар тапшылығы байқалды. Ұлттық банк «доллар қымбаттайды» деген қауесет негізсіз екенін айтып, жұртты «сыбыс таратпауға» шақырды.

Тамыздың 1-і күні Шымкенттегі «Ника» ақша айырбастау пунктінің иесі Станислав Бурдаков доллар сатып алғысы келген жұрт кенет көбейіп кеткенін, соның әсеріне қалада АҚШ валютасы тапшы болып жатқанын хабарлады. Ол қаладағы банктердің валюта сатуды тоқтатқанын да айтады.

– Банктер валютаны әкеліп үлгермей жатқан сияқты. Кеше доллар болған, ал бүгін келесі аптада әкелетінін айтып отыр. Соның салдарынан кішігірім дүрлігу болып тұр. Оның үстіне адамдар интернеттегі дүниелерді (доллар қымбаттауы мүмкін екені жайлы сөздерді – ред.) оқып алған. Сондықтан Шымкентте доллар жетпей жатыр, – деді Станислав Бурдаков Азаттық тілшісіне.

ҚАУЕСЕТТЕН КЕЙІНГІ АХУАЛ

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, қаладағы ақша айырбастайтын он шақты пункт сататын доллар жоқ екенін айтқан. Ал кейбір айырбастау пунктері 1 АҚШ долларын 186-187 теңгеге сататынын жазып қойған.

Ақша айырбастау орындарындағы доллар тапшылығы Астанада да байқалды. Азаттықтың бұл қаладағы тілшісі Республика көшесіндегі бірнеше ақша айырбастау пунктеріне барғанда «АҚШ доллары таусылып қалғанын» естіді. Кейбір пункт басшыларының айтуынша, «доллар қымбаттауы мүмкін» деген қауесет үдеген 31 шілденің кешінен бері АҚШ доллары мен еуроға сұраныс артқан.

ВИДЕО: Астанадағы ақша айырбастау орындары

Your browser doesn’t support HTML5

Астанадағы ақша айырбастау орындары

Бірақ Астана мен Шымкенттегі «доллар дүрбелеңі» елдегі ірі қала Алматыда байқала қоймады. Азаттықтың Алматыдағы тілшісі тамыздың 1-і күні қаладағы айырбастау пунктерін аралап көріп, олардан «доллардан тапшылық жоқ» деген жауап естіді.

Бірақ айырбастау пунктерінің бірінің иесі қала тұрғындары «доллар қымбаттауы мүмкін» деген қауесет шыққан шілденің 31-і күні сәл қобалжығанын айтады. Оның сөзінше, соңғы күндері Алматыда доллар сатып алғысы келген адамдар саны шамамен 50 пайызға ұлғайған.

– Кеше клиенттердің көптігінен әдеттегідей кешкі сағат 7-ге дейін емес, түнгі 11-ге дейін жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Доллар тапшылығы сезіліп жатыр. Сататын ештеңе жоқ. Ірі банктер бүгін де таблоларына бағамын жазып қойғанымен, көтерме саудагерлерге валюта беріп жатқан жоқ. Барсаң «әлі ақша әкелген жоқ, әне әкеледі, міне әкеледі» деп жатыр. Мен қазір банкте сол ақшаны күтіп отырмын. Бүгін болады деген. Жағдай әлі қалыпқа түскен жоқ, – дейді ол.

«ДОЛЛАР ҚЫМБАТТАЙТЫН НЕГІЗ ЖОҚ»

Елде валюта бағамына қатысты қауіп кеше, шілденің 31-інде әлеуметтік желілерде үдей бастаған. «Батыс санкцияларының күшеюі Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі Ресейдің қаржылық ахуалына әсер етуі мүмкін» дескен жұрт биыл ақпанда Ресей рублі құлдыраған соң бірден девальвацияға ұшыраған теңге тағы да құнсыздануы мүмкін деп қауіптенген.

Ақша айырбастау пункті. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.

Тамыздың 1-і күні «Қазақстан ұлттық банкі» доллардың қымбаттауына негіз жоқ екенін мәлімдеп, «тексерілмеген ақпарат мен сыбыстар таратпауға» шақырды. Бұл мәлімдемені ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Facebook-тегі парақшасында таратты.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, мамыр-маусым аралығында бұл банктің алтын валюталық қорының алты пайызға азаюы «девальвацияның негізгі дәйегі» ретінде көрсетілген. Алайда банк бұған дейін қордың деңгейі үздіксіз өсумен болғанын, сол себепті қазір қалыпты деңгейде екенін айтады.

Ұлттық банктің айтуынша, қазір кезде банкте екінші деңгейлі банктерге арналған, халықтың сұранысын қамтамасыз ететіндей валюта қоры да жеткілікті.

2014 жылдың 1 тамызына сәйкес, негізгі айырбастау пунктеріндегі АҚШ доллары мен еуроға қатысты валюта бағамының жағдайы қалыпқа келді.
Ұлттық банк.

«2014 жылдың 1 тамызына сәйкес, негізгі айырбастау пунктеріндегі АҚШ доллары мен еуроға қатысты валюта бағамының жағдайы қалыпқа келді. Айырбастау пунктері АҚШ долларын сатып алу-сату бағамын ұлттық банк тағайындаған аралықта белгілейді. Барлық аймақтағы айырбастау пунктеріндегі сатып алу мен сату бағамындағы айырмашылық 2 теңгеден, еуро бойынша 3 теңгеден аспайды» деп жазылған «Қазақстан ұлттық банкі» мәлімдемесінде.

Банк аймақтағы филиалдарында айырбастау пунктерінің жұмысында болған заң бұзушылықтар жайлы хабарлайтын шұғыл телефон желілері ашылғанын айтады.

Елдегі ірі банктердің бірі – «Қазақстан халық банкінің» баспасөз қызметінің өкілі Ермек Койчебаев та банкте валюта қоры жеткілікті екенін, айырбастау пунктері қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

– «Қазақстан халық банкі» валютаны әдеттегідей сатып жатыр. Мүмкін, кешегі ажиотаждың салдарынан, валютаның тасымалдауына байланысты қандай да бір сәттер болған шығар. Бірақ қазір барлығы да стандартты режимде жұмыс жасап тұр. Қазір 1 АҚШ долларын 182,01 теңгеге сатып алып, 183,01 теңгеге сатып жатырмыз, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Тамыздың 1-інде Қазақстан бас прокуратурасы да "теңге құнсыздануы мүмкін" деген қауесетке байланысты мәлімдеме жасады.

Бас прокуратура "аталған хабарлар халық арасында айтарлықтай шу шығарып, ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздану қаупін туғызғанын" айтады. "2014 жылғы 23 сәуірде еліміздің қылмыстық кодексіне көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік белгілейтін норма (242-1 бап) енгізілгенін еске салады. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми деректеріне негізделмеген теңге бағамын түзету туралы ақпараттың одан әрі таратылуына жол бермеу туралы ресми түрде ескертеміз" дейді бас прокуратура.

Соңғы бес жылда Қазақстанда теңге екі мәрте күрт құнсызданды. Ұлттық банк екі жағдайда да девальвацияның себебін әлемдік экономикадағы дағдарыс салдарына сілтеген. Теңге соңғы жолы, биыл ақпан айында бір күннің ішінде долларға шаққанда әжептәуір құнсызданған кезде ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов оны «әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықтан болды, Ресей рублінің арзандауынан болды» деп түсіндірген.