Қазақстанда күніне 100 адамнан рак табылады

Алматы хосписіндегі клиенттердің бірі. Көрнекі сурет.

Елде қатерлі ісік дертінің тері, өкпе мен асқазан рагы сияқты түрлеріне шалдыққан адамдар көп. Мамандар жұртты ауырмаса да, тегін тексеруден өтіп тұруға шақырады.

Қызылорда облысының тұрғыны, Алматыдағы қазақ онкология және радиология институтында емделіп жатқан Бақытгүл Бекмағамбетова қатерлі ісік ауруына шалдыққанын кеш білгенін айтып өкінеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаман ауру. Аудиоподкаст

– Өзім толық болатынмын. Біреулер «Сен азып кеттің, ішің үлкейіп барады» деген кезде «Қой, бұрыннан қарным осындай» дейтінмін. Сөйтіп кешігіп қалдым. Сосын ауруханаға барып жолдама алып, осында келдім. Ертерек білгенімде операция жасатудың да қажеті де болмайтін ба еді, – дейді 58 жастағы тұрғын.

Бақытгүл Бекмағамбетова «аналық безі ісігі» деген диагноз бойынша тоғыз күн бұрын операция жасатқан.

ЖЫЛЫНА 16 МЫҢ АДАМ РАКТАН КӨЗ ЖҰМАДЫ

Мамандар Қазақстанда қатерлі ісік дертіне шалдығушылар жыл сайын көбейіп бара жатқанын айтып алаңдайды. Қазақ онкология және радиология институтының дерегінше, қазір елде 156 мыңнан астам адамға «қатерлі ісік» диагнозы қойылған. Елде күніне 100-дей адамнан (ал жылына – 36 мыңнан астам адамнан) осы дерт табылады, жылына 16 мың адам рактан көз жұмады.

Алматы онкология орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова. Алматы, 4 ақпан 2016 жыл.

– Қатерлі ісіктің пайда болуы генетикалық, стрестік-гармональды ақау, вирустық этиология сияқты бірнеше факторға байланысты. Яғни әр қатерлі ісік өзінше дамиды. Алкоголь асқазан мен бауыр қатерлі ісігінің дамуына әсерін тигізеді, – деді Алматы онкология орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова 4 ақпан – халықаралық ракпен күресі күні өткен жиында.

Алматы онкология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Балтаевтың айтуынша, елдің әр аймағында қатерлі ісіктің әр түрі басым.

– Алматы өңірінде – тері және сүт безінің қатерлі ісігі, солтүстік аймақтарда – өкпе, Қызылорда өңірінде өңеш қатерлі ісігі жиі кездеседі. Қарағанды мен Өскемен аймақтарында ауа қатты лас болғандықтан өкпе ісігі көп. Экологиялық ахуал, тамақтану ерекшеліктері, дәрумендер құрамы – осылардың барлығы әсер етеді, – дейді Нұрлан Балтаев.

Онкология және радиология институты маңында жүрген дәрігерлер. Алматы, 4 ақпан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Мамандар тұрғындарға «өміріңізді қауіпке тікпей, қатерлі ісік бар-жоғын ерте білу үшін тексеруден жиі өтіп тұрыңыз» деген кеңес береді. Тұрғындар жергілікті ауруханалардан тегін тексеруден өте алады.Дәрігерлердің сөзінше, осылайша алдын-ала тексерудің арқасында қатерлі ісіктен көз жұматын адамдардың саны бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда 7 пайызға азайған.

Қазақстанда қатерлі ісік дерті Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында көбірек тараған. Ал Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында ракқа шалдыққан адамдар азырақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әлемде жыл сайын 15 миллионға тарта адам қатерлі ісік дертіне шалдығып, жылына 8 миллиондай адам осы дерттен көз жұмады. Ұйымның дерегінше, қатерлік ісікті әсіресе ауыр салмақ, жеміс-жидек пен көкөністі мардымсыз жеу, аз қимылдау, темекі шегу мен алкогольді ішімдік ішу қоздырады.