Дін жетекшілерінің съезінде Назарбаев интернеттегі желілік ресурстарды айыптады

Астанада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 4-съезі. Астана, 30 мамыр 2012 жыл.

Мамырдың 30-ы Астанада басталған әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 4-съезінде Қазақстан президенті діни төзімділік пен өзара сенімді нығайту үшін интернет портал ашуды ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев ақпараттық технологиялардың "қоғам мен адамдар арасын жікке бөлуге пайдаланылып жүргенін" айтты.

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты.

Назарбаев съезде ақпараттық технологиялардың адамдардың арасына жік салып, қоғамда жаңа проблемалар туғызуға жиі пайдаланылып жүргенін айта кеп:

- Желілік ресурстар білім таратудың орнына көргенсіздікті, адамдарды өлтіруді, жеккөрініштілікті насихаттауға жиі пайдаланылып жүр. Олар кез-келген қоғамның моральдық және адамгершілік ұстындарын бұзады, - деп мәлімдеді.

Астанада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 4-съезі. Астана, 30 мамыр 2012 жыл.


Съезде президент Назарбаев әлемдегі діни төзімділік пен өзара сенімді нығайту мәселелеріне арналған интернет портал құруды ұсынды деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. Назарбаев съездің діни жетекшілер кеңесі мен хатшылығының интерактивті отырыстары мен интернет қолданушыларға арналған онлайн форумдарды үнемі өткізіп тұру жағын қарастыру қажеттігін айтқан.

Қазақстан президенті бұған қоса Қазақстанның әлемде діни кітаптардың өртелуін қатаң айыптайтынын айтып, діндер жетекшілерінің ондай оқиғаларға қарсы тұруын қолдайтынын да білдірді.

Бұдан өзге, Назарбаев «Қазақстан ислам, православие, католик, иудаизм, буддизм және басқа да діндердің еркіндік және басқа да құндылықтарын әрқашан ұстанып келді. Сондықтан қоғамымызда 20 жылдан астам уақыт бойына діни ренессанс процесі жүріп жатыр: мешіттер мен храмдар салынып, 2016 жылға дейінгі дінаралық келісімді нығайту бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз» деп мәлімдеген.

Мамырдың 31-і, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, съез делегаттары аштық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, "Алжир" (Ақмола облысындағы "халық жауларының" әйелдері қамалған лагерь) мұражайына көреді. Сол күні саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына дұға бағыштайды.

Съезге барлығы 40 елден 87 делегат келген. Съездің тақырыбы - "Адамзат таңдауы - бейбітшілік пен келісім" деп аталады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі Астанада әр үш жыл сайын өтіп тұрады.